Ветеринария – халық денсаулығының кепілі

 Мал шаруашылығы – ауыл шаруашылығының маңызды саласы. Бұл сала халықты түрлі тағам өнімдерімен, жеңіл өнеркәсіпті құнды шикізатпен қамтамасыз етеді. Ет, сүт, жұмыртқа және олардан өңделген өнімдер калориясы жағынан жоғары биологиялық аса құнды азық болып ерекшеленеді. Малдың әртүрлі қауіпті кеселге шалдықпауын, олардан алынатын өнімдердің адам денсаулығына зиян келтірмеуін қамтамасыз ету бағытында тынымсыз еңбек ететін ветеринар мамандарының рөлі ерекше екені айтпаса да түсінікті.

Осы орайда облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетовпен болған сұхбат барысында салаға қатысты көптеген мәселелерді қамтуға тырыстық.


– Ерсұлтан Амантайұлы, өзде­ріңіз­ге жүктелген басты міндет – өңі­рімізде аса қауіпті мал аурулары­мен күрес, оның алдын алу жұмыстары қалай жүріп жатыр? Оны атқаратын ветеринар мамандар жеткілікті ме?

– Мал шаруашылығы саласының, оның мемлекеттік бағдарламаларының орындалуы ветеринарлық қызмет көр­сету сапасын жақсартуға, мал ауруларының азаюына тікелей байланысты екені түсінікті. Облысымыздағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау жергілікті атқарушы органдардың ветеринариялық қызметіне тиесілі. Оның құрамында облыстық басқарма және аудандық, қалалық бөлімдер мен 8 ветстанция жұмыс істейді. Облыстық бюджеттен 385,9 млн теңге қаржы бөлініп, 139 ауылдық ок­ругтегі ветеринариялық пункт­терге ғи­мараттар сатып алынып, то­лық жаб­дықталды. Барлық ауыл­дық ок­руг­терде 513 ветеринар маман жұмыс істейді. Сонымен қатар, мем­лекеттік ветеринариялық ұйым­дарға материалдық-техникалық жабдық­тау­ға бюджеттен 943,4 млн теңге қаржы бөлініп, арнайы автокөліктер мен техникалар және құрал-саймандар сатып алынды.

Біздің басты міндетіміз – облыстағы эпизоотиялық тұрақтылықты сақтап отыру және аса қауіпті экзоотикалық ауруларды болдырмау. Экзоотикалық аурулар деп шет мемлекеттерден ке­летін ауруларды айтады. Қазіргі кезде тағам өнімдерін қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты мақсат. Конс­титуцияның өзінде адам өмірі бірінші орында тұрады. Сондықтан да күн­делікті көже-қатығымызға пай­дала­нып отырған өнімдер – ет, ет өнімдері, сүт, сүт өнімдері, балық, балық өнім­дері, бал өнімдері вете­ринариялық қыз­меттің тікелей бақылауы мен қада­ғалауында.

Біздің басқарма мен жергілікті жер­лердегі ветеринария қызметтері облыс аумағында малдың аса қауіпті жұқпалы және энзоотиялық аурулардың алдын алу мен диагностикалау бойынша жоспарлы жұмыстар атқарып жатыр. Облыс көлемінде эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау үшін аса қауіпті 14 түрлі жұқпалы ауруларға қарсы бөлінген ветеринариялық препараттар толық жеткізіліп, алдын ала егу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қа­тар, ірі қара малының тейлериозы мен пираплазмозы, уақ малдың бауыр құрты, түйенің трипаносомозы, жылқының гастрофилезі мен сақауы секілді энзоотиялық ауруларға қарсы дәрі-дәрмектер сатып алуға соңғы жылдары облыстық бюджеттен тұрақты түрде қаржы бөлініп келеді. Биылға жоспарланған қаржы бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілді. Қажетті препарат­тар жеткізіліп, егу жұмыстары атқары­луда. Осылайша ветеринария сала­сында жүргізіліп жатқан жүйелі жұ­мыс­тардың нәтижесінде облыс кө­ле­мінде аса қауіпті аурулар тіркелмей, эпи­зоотиялық тұрақтылық сақталып отыр.

– Дегенмен, мал шығыны туралы ақпараттар жарияланып жатады. 

– Биыл алғашқы жарты­жыл­дықта энзоотиялық аурулардан, травма­тикалық жағдайлардан, уланудан, ас қорыту жүйесі, зат алмасу жүйесі ауруларынан, сонымен қатар, жол-көлік оқиғалары салдарынан, ауа райының қолайсыздығынан туындаған табиғи апатқа байланысты 104 ірі қара, 1491 бас уақ мал, 33 бас жылқы өлім-жітімге ұшырады. Бруцеллез ауруына қарсы диагностикалық тексеру нәтижесімен 76 бас ірі қара, 73 уақ мал ауру болып анықталып, ветеринариялық-сани­та­риялық ережелерге сәйкес сойылды. Ал негізінде аса қауіпті жұқпалы аурулар тіркелген жоқ.

– Біраз уақыт буферлік аймақта болып, оның зардабын көрдік. Қа­зір одан шығып, жағдайымыз жақ­сарып келеді. Жалпы буферлік аймаққа кіруімізге не себеп болды? Енді ондай жағдайға қайта ұрынып қалмас үшін не істелуде?

– Қырғызстан, Өзбекстан мемле­кеттерінде және Алматы мен Жамбыл облыстарында 2010-2011 жылдары аусыл ауруы тіркелген болатын. «Ветеринария туралы» заң бар, соған сәйкес аусыл ауруы пайда болған өңір қауіпті аймаққа жатқызылса, оған жақын өңірлер буферлік аймақ, бақылау аймағы болып есептеледі. Аталған мемлекеттерге шекаралас, жақын орналасқан бес облыс аусыл ауруы бойынша 2011 жылы буферлік аймаққа енгізілді. 2017 жылдың мамыр айында Халықаралық Эпизоотиялық бюроның Бас Ассамблеясында Қызылорда облысына вакцина қолданатын аусыл бойынша таза аймақ мәртебесі беріліп, буферлік аймақтан шықтық. Соған дейінгі кезеңде біз экспортқа ешқандай малды, оның ішінде аша тұяқты немесе жұп тұяқты деп аталатын ірі қара, қой, ешкі, шошқа секілді аусыл ауруына бейім жануарларды тірілей де, өнімдерін де шығара алмадық. Ал буферлік аймақтан шыққалы мал мен олардан алынатын өнімдерді экспорттауға жол ашылып, бұл бағытта біршама түсіндіру-ағарту жұмыстары жүргізілді. Араб әмірлігіне, Сауд Арабиясына, Иранға, Өзбекстанға мал экспортталуда. Жыл басынан бері Өзбекстанға 250 бас, Иран Ислам Республикасына 56 бас ірі қара және 789 уақ мал экспортталды. Сондай-ақ шет мемлекеттердің облысымызға 1133 бас ірі қара импортталды.

Ал жоғарыда айтып кеткен алдын ала егу жұмыстары жоспарға сай толық 100% орындалуда.

– Экспортқа шығарылатын үй жануарлары арнайы тексеруден өтетін болар?

– Әлбетте, ол міндетті түрде іске асырылады. Оларды әуелі карантинге қоямыз, онда бруцеллез, туберкулез және басқа да аса қауіпті ауруларының бар-жоғы анықталады. Клиникалық және лабораториялық зерттеулер жүр­гізіледі. Аурулардан таза, сау мал екеніне көз жеткізгеннен кейін ғана барып, экспортқа шығарылады. Бұл жағынан қателікке еш жол беруге болмайды. Егер ертең шет мемлекетке барып, ауру анықталып жатса, оның арты үлкен халықаралық дауға ұласуы мүмкін. Ондай жағдай орын алса мемлекетімізге, Сыр өңірінің беделіне қатты нұсқан келеді. Үлкен экономикалық шығындар болады. Сон­дықтан карантинде тұрып, бел­гіленген мерзімде клиникалық және лабораториялық зерттеулерден өткі­зіледі. Зерттеулердің оң қорытын­ды­сымен экспортқа рұқсат беріледі.

– Малды бірдейлендіру шаралары қалай жүруде?

– Бірдейлендіру – ветеринарияның негізгі әліппесі деуге болады. Мал иелерінің міндеттері қолдарындағы малға уақытылы вакцина еккізу, диаг­ностикалық тексерту жүргізу және бірдейлендіру. Заңда көрсетілген та­лап­тарға сай жылқы малына таңба, ал басқа малға сырға салынуы тиіс. Таңбалау мен сырға салу біздің міндетімізде. Ал чип, GPS қондыр­ғысын мал иесі келісімімен, өз қар­жысына салдырады. Мысалы, бір үйір жылқысының ішінен айғырға терінің астына GPS салып енгізіп қойса, олардың қайда жүргенін үйде компьютермен бақылап, координатын көріп отырады. Ал координаттан шығып кетсе, іздеу салады. Таңба, сырға салынған жануарлар ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқор (ИСЖ) базасына тіркеледі.

Малды бірдейлендіру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде. Жыл басынан бері 48,6 мың бас ірі қара, 231,4 мың бас уақ мал, 23,4 мың бас жылқы, 6,2 мың бас түйе, 1,2 мың бас шошқа малы бірдейлендіріліп, дерекқор жүйесіне енгізілді. Үстіміздегі жылдың 1 тамызына дерекқор жүйесінде 336,4 мың бас ірі қара, 749,7 мың бас уақ мал, 140,9 мың бас жылқы, 50,1 мың бас түйе, 3,1 мың бас шошқа тіркелген. Сонымен қатар, малдардың кірісі (төлі, сатып алынғаны) мен шығысы (сатылғаны, сойылғаны, өлгені) қатаң бақылауға алынған.

– Қолдарындағы малына жұқ­палы ауру таралмауы үшін тұрғын­дар, шаруашылық басшылары не істеуі керек?

– Мал ауруларын болдырмау тек ветеринар мамандарының ғана ісі емес. Жануарлар мен адамдарға ортақ аурулардың алдын алу және жою мақсатында әрбір жеке және заңды тұлға, әсіресе мал өсірумен, олардан алынатын өнімдер мен шикізаттарды өңдеу және сатумен айналысатын кәсіпкерлер ҚР «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабында көрсетілген талаптарға сәйкес, уақытылы вакцинация, диагностика жасатуға, ауыл шаруашылығы жан­уарларын бірдейлендіруді қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар, қора-жайларды таза ұстап, жемшөп сақтауда қоршаған ортаның ластануына жол бермей, зоогигиеналық талаптарды сақтауы тиіс. Сонымен бірге жаңадан мал сатып алғанда, сойғанда, немесе сатуға өткізгенде, сояр алдында, сойғаннан кейін ветеринариялық-санитариялық сараптама жасамай сатпау керек. Объектілерге ветерина­риялық тексеру жүргізуге кедергі келтірмеуге, сондай-ақ, төл алғанда, жануарлар ауырған жағдайда ветеринария саласындағы мамандарға хабарлауға міндетті.

– Мал сою орындары, мал қорымдары талапқа сай ма?

– Облыста 34 мал сою алаңы, 4 мал сою пункті бар. Олардың барлығы талапқа сай жұмыс істейді. Союға әкелінген үй жануарын кент, аудан орталығы болсын ветеринар мамандар барып көріп, тексеріп, рұқсат береді. Сойғаннан кейін сараптамадан өткізіп, таза өнім екеніне көз жеткізгеннен соң қоғамдық орындарға сатылымға жіберіледі.

Халықаралық Эпизоотиялық бю­роның қойып отырған талабына сәй­кес, барлық елді мекендерде тип­тік жобадағы мал қорымдары болуы қажет. Бұл бағытта басқарма тарапы­нан тиісті жұмыстар ұйымдасты­рылуда. Облыс бойынша мал қорым­дарының жалпы саны 146 болса, оның ішінде 75-і типтік жобада салынған, ветеринариялық-санитариялық талап­тарға сәйкес келеді.

Биылғы жылы типтік жобадағы 8 мал қорымын салуға облыстық бюджеттен 186,5 млн теңге, Қазалы ауданы бюджетінен 41,1 млн теңге бөлінді. Осылайша жыл сайын типтік жобадағы мал қорымдарын көбейте отырып, талапқа сай келмейтіндерін жабамыз.

Осы жерде жаңадан салынған қорымдардың темір қақпақтарын сындырып алып кеткен фактілердің ұшырасқанын айта кетейін. Бұл – барып тұрған қылмыстық әрекет. Оның материалдық шығынынан бөлек, қаупі зор. Оны қалпына келтіремін дегенше, ашық қалған жерден түрлі инфекция тарауы мүмкін. Тұрғындар осыған қатты мән беруі тиіс.

– Қаңғыбас иттерді аулауға қар­жы бөлініп, тиісті жұмыстар атқары­луда. Бірақ, осы мәселеде тұрғындар тарапынан наразылықтар туындап жатады...

– Қаңғыбас ит, мысықтар – үлкен проблемалық мәселе. Әлеуметтік же­лі­лерде де көп жазылады. Бұл мақ­сатқа 43,4 млн теңге қаржы бө­лінген. Соған сәйкес әртүрлі пара­зиттік аурулардың алдын алу мақса­тында 17814 бас қаңғыбас ит пен мысық ауланып, жойылды. Өлекселер ветеринариялық-санитариялық талап­тар­ға сәйкес, инсинератор пештерінде өртеліп, типтік жобадағы мал қорым­дарына тасталды.

Жылда жүргізілетін жұмыстарға Қызылорда қаласы мен барлық аудандарда жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Оларды аулау жөнінде облыстық мәслихаттың келісімімен бекітілген ереже бар. Үй жануарларын, ит пен мысықты қоғамдық орындарда серуендету сол ережеге сәйкес болуы керек. Қаңғыбас ит-мысықтар адамдар көп жүрмейтін таңғы сағат 5-6-лардың кезінде ауланады. Оған қарсы пікір, тіптен ауыр сөздер айтатындар кездеседі. Мысалы, біреу итін босатып жібере салады, ит біреуді тістеуі, зақым келтіруі мүмкін. Соларды ит аулаушылар аулайды. Көшеде жүргеннен кейін қаңғыбас ит-мысықтың есебіне кіреді. Иесі итке ие болуы керек. Енді біреулер «пи­томник неге салмайсыңдар?» дейді. Жанашырлық танытып, ит-мысық­тарды бір жерде асырау керек дейді. Оларға тамақ беріп, күтім жасау керек. Ол өзін-өзі ақтамайды. Тек аулау арқылы қаңғыбас ит пен мысықтың санын шектейміз. Бүкіл еліміз бойынша осы жұмыстар жүргізіледі. Ал ауламаса тез көбейеді. Олар жылына бірнеше рет балалайды. Бір туғанда бірнешеуін дүниеге әкеледі. Балаларымыз әуесқойлықпен оларды асырайды. Оның өзі көбейеді. Оларды азықтандыруға, күтім жасауға мүмкіндіктері болмайды да апарып қоқыс төгетін жерге, қоғамдық орындарға тастап кетеді. Олар аш болғаннан кейін адамға шабуыл жасайды. Зақым келтіреді, ауру тудырады. Эхинококкоз, сальмонеллез деген қауіпті аурулар бар. Өкпе, бауыр, бүйрек секілді органдарда құрт пайда болады. Онымен ауырғандарға міндетті түрде ота жасалады.

Енді бір өзекті мәселе – емі жоқ құтыру ауруы. Ол – адамдар мен жан­уарларға, ұшқан құс, жүгірген аңға ортақ ауру. Қоздырғышы орталық нерв жүйесін зақымдайды, соңы міндетті түрде өліммен аяқталады. Кеселді тудыратын негізінен жабайы және үй жануарлары. Сондықтан ит-мысықтарды есепке алып, құтыру ауруына қарсы вакцинациялау жұмыс­тарын жүргіземіз. Ал қаңғыбас ит-мы­­­сық­тардың санын уақытылы шек­­теп отырмасақ көбейіп кетіп, жоға­­рыда айтылған зардаптар орын алуы мүмкін.

– Ветеринарларды қандай проб­лемалар мазалайды?

– Мал иелері бірдейлендіруге қатты мән беруі керек. Осы мақсатта ветеринар мамандар үй мен қораны жағалап жүреді. Әркімнің жауапкершілігі әр­түр­лі. Келіскен уақытта үй иелері бол­май қалады. Үйлеріндегі алабай се­кілді дәу иттерден кіре алмай­ды. Кірген жағдайда қорадағы мал түгел болмай шығады. Сұраса өріс­те жүр дейді. Бір күнде бітіретін шаруаға екі-үш күнін жоғалтып жатады. Алыс ауылдарда құмның арасында жатқан малдарын жасырып, көрсетпей қалатындар болады. Одан оларға ешқандай пайда жоқ. Ертеңгі күні мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдіктер алу қажет болып қалады. Ол үшін мал басын түгел көрсету керек. Менің пәлен бас малым бар дейді, ал олардың бір бөлігі сырға салынбағандықтан есепте жоқ болып шығады. Бірдейлендіруден өткеннен кейін барып ауыл шаруашылығы саласындағы көмек, қолдауларды алуға толық мүмкіндігі болатынын ескерген жөн.

Көпшілік тұрғындар сатып алған немесе белгілі себептермен сойған малы туралы кезінде тұрғылықты жердегі ветеринар мамандарға хабар бермейді. Уақытылы кіріс-шығыс есебі жүргізілмеу салдарынан бүгінгі таңда, статистикалық мәлімет пен дерекқор базасындағы айырмашылықтарды бір жүйеге келтіруде қиындықтар ту­ындауда. Мал иелері малдарын уақытында, толық жинақтамау салдарынан аса қауіпті жұқпалы және энзоотиялық ауруларға қарсы алдын ала егу, диагностикалық тексеруге қан алу жұмыстарын жүргізу барысында қиыншылықтар орын алуда.

– Ауыл тұрғындарының ветеринармен сыбайластық әрекеттері кездесе ме? Ветеринарлар мал ұрлығына қарсы шараларға атсалыса ма?

– Сыбайластыққа қазір жол жоқ. Ветеринариялық пункттердің меңге­рушілері мемлекеттік қызмет көр­сетуге байланысты ветеринариялық анықтамалар, қорытындылар бере­ді. Өтініштер жазбаша түрде беріледі. Ол жерде барлығы бірыңғай автомат­тандырылған ақпараттық жүйе арқылы жүргізіліп отырады. Компьютерлік базаға енгізіледі. Осы уақытқа дейін сыбайластық фактілері орын алмаға­нын атап өткім келеді.

Мал ұрлығының алдын алу мақ­сатында мамыр айында «Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы жан­уарлары ұрлығының алдын алу, ветеринариялық ілеспе құжатсыз тасымалдау фактілерінің жолын кесу және ауыл шаруашылығы жануарларын ҚР АШМ «АШЖБ» дерекқор базасына енгізу іс-шаралары туралы жоспар» бекітілді. Қазіргі таңда осы жоспарға сәйкес жауапты мамандар бірлескен рейдтер жүргізуде.

Біздің мамандар түнгі рейдке шығып, жол полициясы қызметкерімен бірге тасымалданып жатқан үй жануар­ларының ветеринариялық ілеспе құ­жаттарын (ветеринариялық паспорты, ветеринариялық анықтамасы), құ­лағында сырғасын тексереді. Он­дай талаптарға сай келмей жатса айыппұл салып, уақытша ұстау тұра­ғында бақылауда болады. Жыл басынан бері ветеринария саласына қатысты бірқатар заң бұзушылықтар анықталды. Соған байланысты 426 нұсқама беріліп, жалпы сомасы 2,2 млн теңгеден асатын 93 айыппұл салынды.

– Мамандармен қамтамасыз ету жайы қалай?

– Қазіргі күні облыста 513 ветеринар маман жұмыс істеуде. Барлық ауылдық округ қажетті мамандармен қамтамасыз етілген. Бұл жағынан басқа өңірлермен салыстырғанда жақсы көрсеткіштерге иеміз. Зейнет жасына жеткендерді құрметтеп, демалысқа шығарудамыз. Олардың орнын жас мамандар басады. Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы аграрлық инс­титуттармен келісім бар. Өзі­міздегі И.Әбдікәрімов атын­дағы аг­рарлық колледжбен жобалық кеңсе шеңберінде былтыр және биыл 36 маманды жұмысқа тұрғызуға келісім жасалған. Ол үздік жоба болғандықтан, соған сәйкес жұмысқа қа­былдануда. Жыл соңына дейін орындап шығамыз. Оның бір артық­шылығы, колледж түлектері үшін өз­дерінің туған жерінде еңбек етуіне мүмкіндік туып отыр.

Осы сұхбатты пайдаланып, оқыр­мандарға келесі мәселені жеткізгім келіп отыр. Қазір мал доғдыры, мал дәрігері деген ұғым жоқ. Ондай атау­лар кеңестік кезеңмен келмеске кет­кен. Дүние жүзі бойынша ветеринар деп атайды. Өйткені, олар тек үй жануарларын ғана қарамайды. Зоо­­бақта арыстан мен маймылды бақы­лайтын, далада киік, көлде аққу, теңіз бен мұхитта дельфин мен кит өлсе, тексеретін тек ветеринар мамандар ғана. Сондықтан тек ветеринар деп атау керек.

Ветеринарлардың күндегі атқарып отырған жұмыстарының маңызы өте зор. Қазақтың саулық сұрасқанда ең бірінші «Мал-жан аман ба?» деуі тегін емес. Себебі, мал – халықтың тұрмыс-тіршілігі, күнкөріс көзі. Асырап отырған малының саулығы ол отбасының ғана емес, бүкіл халықтың саулығының негізі. «Ауру – астан» дегендей, адам денсаулығынан артық ештеңе жоқ. Сонымен бірге мал шаруашылығы экономиканы алға сүйрейтін салалардың бірі. Ветеринар мамандар осы саланың ақсамауына, қауіпті ауру түрлерінің тарамауына, мал өнімдерінің таза болуына күнделікті жұмыс жүргізеді. Олай болса, академик К.Скрябиннің «Медицина адамды емдесе, ветеринария бүкіл адамзатты емдейді» деген қанатты сөзін әрқашан да жадымызда ұстауға тиіспіз.

Әңгімелескен

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

 «Сыр бойы».

Cұхбат 12 қыркүйек 2019 г. 640 0