Бар баланың болашағын болмысына көшірген

Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан ҰҒА академигі, экономика ғылымының докторы, «Болашақ» университетінің ғылыми жетекшісі Бақберген Досманбетовпен сырласу.


– Соңғы кездерде «Болашақ» университетінің кампусы деген сөз жиі айтылып жүр. «Кампус» сөзі көпшілікке таныс емес-ті, сізге осы кампусты салу ойы қалай келді? Әрине, бұл жаңа оқу ғимаратының ірге көтеріп, есік ашуы қыруар қаржыны, алапат қажырды қажет еткенін біз де шамалаймыз.  Бесеу бірігіп, алтау жиылып атқара алмайтын осынша ауыр міндетті қалай іске асырдыңыз?

– Мен көп жыл Қорқыт ата атындағы университетте қызмет еттім, оның ректоры болдым. Кейін менің тікелей жетекшілігіммен бүгінде жұмыс жасағанына ширек ғасырға жуықтаған «Болашақ» университеті ашылды. Бүкіл өмірім білім-ғылым саласымен бітеқайнасып келеді. Осыған орай әлемнің көп елдерінде болып, олардағы білім беру ісімен жақынырақ таныстым. Шет елдегі білім беру де, білім алушыға жасалған жағдай да біздегі қалыптасқан жүйеден әлде­қайда дамып кеткен. Мәселен, ол елдерде жатақхана түнгі сағат 11-ден кейін тарс жабылмайды. Қайда жүрсің деп ешкім дікеңдемейді, сабаққа неге келмедің деп ұрыспайды.

Білім сатулы, дұрыс па, бұрыс па? Бірақ, бұл – нарық заңы. Қазір мемлекеттік оқу орындарындағы студенттердің әрі кетсе 20 проценті ғана тегін білім алады, қалғаны ақылы негізде оқиды. Сонда мұғалім – сатушы, шәкірт – сатып алушы. Ал, сатып алушыға қисынсыз талап қоюға болмайды. Мысалға дүкенді алыңыз. Ақшасы бар кісі өзіне ұнаған затты сатып алуы керек. Ал оған дүкеншінің: «Сен неге дұрыс киім киіп келмейсің, сен неге амандаспайсың?..» деген сияқты дүрсе қоя беруі қалай болады? Әрине, алушы шығып кетіп, керегін басқа дүкеннен алады. Оқу орны да осыған ұқсас. Мұғалімнің: «Кеше неге сабаққа келмедің, неге кешігіп келдің, тапсырманы неге орындамадың?» – деп тәртіпке шақыруы ескі әдістеме.Шәкірт сабаққа еркін қатысуы керек. Ол сатып алушы, егер сіздің біліміңіз ұнамаса, онда ол білімді кітапханадан іздейді. Сіздің тапсырмаңызды орындамаса, онда ол сабаққа қатысты түсінікті басқа амалдар арқылы алуға құқылы. Өкінішке орай, шәкірттердің көбі сол ескі әдістемеге тәуелді. Оқу кестесімен, тапсырмамен, яғни, тар шеңбермен шектеледі. Содан барып сынақ кезінде сүріндірмей өткізе гөр деп оқытушыға тәуелді болады. Бұл дүкеннен ақшасына зат сатып алып, сол затты сөреден тауып бергені үшін үстіне тағы да ақша қосып берген тұтынушыға ұқсайды. Сонда шәкірт ескі әдістемеге неге тәуелді болып жүр? Өйткені онда өзіндік ізденіс жоқ. Ізденіс болу үшін еркіндік керек. Оған дағдыланбаған. Өзіндік ізденіс қай кезде де бағалы.

Мен қазақ балаларының да сол елдер­дегідей еркін, ерекше жағдайда білім алуын қаладым. 2017 жылдың ақпанында Сырдарияға салынған жаңа көпірдің үстіне шығып тұрып, «мына жерден кампус саламын» деген ой келді. Үлкен қалаларда әдемі, көрнекті ғимараттар өзеннің екі бетінде тұрады. Туған қаламызда да сондай сәні асқан биік ғимараттар бой көтеруі тиіс.

Жаңакампустың дарияның батыс бетіне түсетінін көзіме елестеттім. Ол кемі 14-15 қабатты болады, дарияның жиегіне баспалдақтар орнатылып, кешкілік студенттер «тамаша жексенбі күн көл басында, тұнықтан балық аулап бала отырса» дегендей, су жағалап қызыққа батады. Жатақханалары өз үйіндей, қай кезде барса да есігі ашық. Киноға кірем десе, театры тұр, әткеншек тепсе, жұп-жұп боп анау баққа барады. Бұл менің қиялым ғана емес еді. Кампус дегеніміз – осындай жағдайдың бәрін қамтитын қалашық. Сол оқу қалашығын салу Сырдарияның сол жағалауына жаңа қаланың іргетасын қалаумен байланысты іске асты.

Әр жылы университет қорына ақша қалдырып отыратын дағдымыз бар-ды. Осы ақшаға қол салдық, бірақ ол қап түбіндегі тарыдай-ақ болып қалды. Сосын «Даму» бағдарламасы арқылы «АТФ» банктен 7 % жеңілдікпен несие рәсімдедік. Бұл ақшаның жартысы «Даму» арқылы төленеді, жартысын өзіміз жабамыз. Үкіметтің осы бағдарламасы біздің басты тірегіміз болды.

Сонымен құрылысты қолға алдық. Негізі менің мамандығым – «құрылыс және қала шаруашылығы экономикасы мен оны басқару». Сондықтан өз тарапымнан не құрылыс бастасам да, күндіз-түні соның басында өзім жүремін. Университет ғимаратының құрылысын да тікелей өзім бақы­ладым, күнде таңертең келем, кеш батырып қайтам. Әуелде жобалаушылар оқу ғимаратының бейнесін 120 градус қалыппен салу қажет деп тапқан. Бұл  парағы қаусырылып ашылып жатқан кітаптың сипатын береді, яғни, ғимараттың екі қанаты қабысып тұрады. Мен оны 150 градусқа кеңейтіп салуды тапсырдым. Әрине, оған бұрындағыдан көп қаражат кетеді, бірақ әсемдене түседі. Қазір қала жұртшылығы жаңа университеттің осы қас бетін күнде көріп жүр. Алдағы уақытта бас ғимараттың екі жағына екі колледж орналасады.

Ең бастысы, жаңа оқу орны алыстан көргенде де, ішіне енгенде де ерекше бет-әлпетімен қызықтыратын болады. Мысалы, студенттер дәрісханаларда бұрынғыдай бір-біріне арқасын беріп отырмайды, бетпе-бет отырады. Демек, олар ашық пікір алысуға, бір-бірін бақылауға дағдыланады.

Қаржы, қажыр дедің ғой. Жаңа да айттым, «Даму» арқылы ісіміз алға басты. Өзім салып жатқан соң барлық затты алуға өзім араластым. Мәселен, бағасы 150 мың доллар тұратын лифтіні 48 мың долларға таптым. Оқу ғимаратында осындай 3 лифт бар. Қызылордада бұрын болмаған аспалы шамдарды Испаниядан алдырттық. Басқа құрылыс заттарын да 3 есе арзан бағаға іздеп, тауып жеткізіп беріп отырдым. Құрылыспен айналысатын кейбір азаматтар келіп: «Аға, мына жердің жұмысын бізге беріңіз, біз сізге қаражаттың 10 процентін берейік» – дейді. «Не айтып тұрсың, өз ақшамды өзіме бермексің бе?» – деймін мен. Өкінішке орай, бұл қоғамда бар дерт. Егер осы оқу ғимараты мемлекет ақшасына салынса, сол құқықты иеленген пысықайлар 7-8 миллиард теңге ақша жұмсалды деген болар еді. Ал, біз бұл жұмыстарды 2,5 млрд қаражатпен бітіріп отырмыз, әлі бітпеген жұмыс қанша...

– Шынында кампус дәрежесіне жету үшін әлі қанша жұмыс жасалуы керек?

– Жақында 400 орындық жатақ­хана құрылысы басталды. Ақысын сұра­ғанындай алып отырған соң құры­лысшылар да тез әрі сапалы жұмыс істейді. Екі айда сыртқы жұмысын бітіреміз деп отыр. Мұнан соң тағы бір 400 орындық жатақхана салынады. Келесі жылы оқытушыларға арналған 60 пәтерлі тұрғын үй мен 60 орынды балабақша бой көтереді. 1100 орындық конгресс орталығы салынады, бұл – бұрынғыша айтсақ, студенттер сарайы. Мұнан кейін стадион салуды бастаймыз.

 Оқу қалашығының аймағында – шаштараз, сән салоны, ұялы телефон операторлары, ХҚК филиалы сияқты барлық қажеттіліктер орналасады. 2,5 гектар аумақтық дендропарк ашылады. Қалашықта фонтандар, гүлзарлар, демалыс-сауда орындары сап түзейді. Орталықтан бері шыққан студенттер, басқа да келушілер көпірден түскен соң бас ғимаратқа дейін екі жағы көмкерілген бақ ішімен жүретін болады, осы аяқжол қазір салынып бітіп тұр.

Міне, кампус дегеніміз – осы.

–  Жалпы, университеттің әлеуеті, заманауи артық­шылық­тары туралы тағы бір еске түсіріп өтіңізші. Қандай жаңалықтарды ерекше айтар едіңіз?

– Білім мен ғылым саласы дамуының басты бағыты – оның сапасы мен қолжетімділігі. Осы тұрғыда ширек ғасырға жуық тарихы бар Қызылорда «Болашақ» университеті жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арт­тырып, студент жастардың жатақ­ханадағы жағдайын жақсарту, бәсе­кеге қабілетті ортаны қалып­тастыру бағытында жүйелі жұмыс­тар атқарып келеді.

Биылғы 2019-2020 оқу жылында университет студенттері Оксфорд бизнес колледжінің бағдарламасы бойынша арнайы портал арқылы білім алу мүмкіндіктеріне ие болып отыр, курс соныңда олар Оксфорд бизнес колледжінің арнайы халықаралық сертификатын алатын болады. Сонымен қатар, 600 тыңдаушы сол портал арқылы білім алып жатса, солардың ішінен ең жақсы жетістікке жеткен 20 тыңдаушы Оксфорд колледжіне (шақырушы жақ есебінен) барып, оффлайн режимде білім алуға қол жеткізеді.

Университет жанындағы «Бола­шақ» колледжі мен «Болашақ» меди­ци­налық колледждері «жоға­ры колледж» статустарын алды.

Педагогикалық бағыт бойынша мамандар даярлау сапасын арттыру, Назарбаев университеті мен зияткерлік мектептері тәжіри­белерін трансформациялау мақса­тында НЗМ-мен, ҚР жас педагог-ғалымдар ассоциациясымен тығыз жұмыс жасап және қыздар ұлттық педагогикалық университетімен бір­лескен кафедра филиалдары (қа­зақ тілі мен әдебиеті кафедрасымен) ашылуда.

– Жаңа университет биыл қанша студент қабылдап отыр?

Білім берудің ақылы негізде жүретіні түсінікті. Қандай жеңілдіктер бар?

– Биылғы оқу жылында университетке ақылы негізден бөлек 50 мемлекеттік грант және 19 облыс әкімі грантының иегерлері, ақылы негізде 458 білім алушы қабылданып отыр. Сонымен қатар, «Болашақ» жоғары колледжіне 175 білім алушы грант негізінде қабылданса, 120 оқушы ақылы негізде оқуға түсті. Ал, жоғары медициналық колледжіне 75 білім алушы тегін білім алуға мүмкіндік алса, 310 оқушы ақылы негізде қабылданды. Университет  ата-анасы жоқ күндізгі оқу бөлімінің студенттеріне; «Болашақ» универ­ситетінің колледж­дерін бітіріп, оқуын университетте жалғасты­рушыларға 20% жеңілдік бекіткен; Оқу ақысының 50%-і көлеміндегі жеңілдікпен 10 грант тағайындады.

Сонымен бірге университет  студенттеріне арнап құрыл­тай­шылық грант, ректор гранты бөлінбек. Мұның бәрі − сапалы білім алуға ұмтыл-ған талантты жастарды сапалы кадр болуға үндейтін қадамдар.

– «Болашақтың» қала орталы­ғындағы оқу орны жаңа ғимаратқа түгел көшіріле ме, әлде студенттер ол жақта да оқи бере ме?

– Биылғы жаңа оқу жылын жаңа ғимаратта бастай алмадық. Бірақ, сту­денттер 1-ші қыркүйекті сол жаға­лаудағы «Болашақта» қарсы алайық деген соң білім күніндегі салтанатты жиынды осы жерде өткіздік. Ал, биылғы бітірушілер болса, «бізге жаңа ғимаратта оқу бұйырмады, дипломды сол жерден табыстаңызшы» деп өтініш айтқан еді.

«Кедей болсаң көшіп көр» де­мекші, ескі ғимараттан керек-жара­ғымызды жеткізудің өзі біраз уақы­тымызды алды. Әрине, ол жақта енді ешкім қалмайды, осы қазан айында толық көшіп келмекпіз. Сосын ескі ғимаратты сатып, ол ақшаға жоспарда тұрған құрылыстарды сала бастаймыз.

– Көш оң болғай! Сізді, «Бола­шақтың» барша ­ мен студенттерін сол жағалаудағы сәні мен салтанаты жарасқан кампустың бой көтеруімен құттықтаймыз!

Ол Қызылорданың көркін ға­на арттырып қоймай, жаңа ұр­пақтың білім ұстаханасына айналатын ақ орда болсын!

Әңгімелескен

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

Cұхбат 12 қыркүйек 2019 г. 620 0