2022 жыл: Облыс халқының 70 проценті газ тұтынады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың тұрмыс сапасын жақсарту бойынша міндеттер белгіледі. Әлеуметтік жағдайды жақсартуда тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымның тиімді жұмысына баса назар аударылатынын айтқан болатын. Сыр өңірінде инфрақұрылым жүйесін жақсарту бағытында ауқымды тірліктер атқарылуда. Соның ішінде газдандыру жүйелі жалғасуда. Қарқынды жұмыс нәтижесінде 2022 жылға қарай облыс халқының 70 проценті «көгілдір отынға» қосылу мүмкіндігін алады. Бұл жаңалықты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин сұхбат барысында айтты.

– Бір кездері «көгілдір отын» игілікке жарай­ты­нына күмәнмен қара­ғандар енді шалғай елді ме­кендерге қашан келер екен деп та­ғатсыздана кү­тіп жүргені рас. Биылдың өзінде қалаға қарасты Қа­рауылтөбе елді мекеніне және бірнеше аудан орта­лығына көгілдір отын жет­ті. Облыс бойынша газ­дандыру жұмысы жай­ында айтып өтсеңіз...

– 2015 жылға дейін Қы­зылорда қаласы ғана газ­дандырылған болса, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» ма­гист­ральды газ құбыры құры­лысы аяқталғаннан кейін аудандарға «көгілдір отын» жеткізуге мүмкіндік алдық. Осыған орай 2015 жылы «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен меморандум жасап, нәтижесінде Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудан орталықтары мен Байқоңыр қаласын газдандыру жұмысы жүргізілді. Сол жылы газдандыру үлесі халық санымен есептегенде 34 процентті құраса, 2016 жылы 63 процентке жетті.

Аймақты газдандыру бағ­дарламасын жүзеге асыру мақ­сатында республика және облыс бюджетінен қаржы бөлініп, қалған 3 ауданды газдандыру жұмысы жүргізілді. Қармақшы ауданында  автоматтандырылған газ тарату стансасының құры­лысы өткен жылы аяқталса, Сыр­дария, Жалағаш аудандарын көгілдір отынмен қамта­масыз ету жұмыстары жалғасын табуда. Сырдария ауданында ав­томаттандырылған газ тарату стансасының құрылысы өт­кен жылы басталып, бүгінде қабылдау жұмысы жүргізілуде. Әрі қарай кентішілік газ құ­бырларын жүргізуге респуб­ли­калық бюджеттен қаржы бө­лінді.

Атап айтқанда, Жосалы кен­тіне ішкі газ құбырларын жүр­гізу жобасының жалпы құ­ны 3 млрд 730 млн теңге құраса, оның 718,9 млн теңгесі республикалық бюджеттен, ал облыс қазынасынан 79,9 млн теңге бөлінді. 2020 жылға осы жұмыстарды жалғастыруға рес­публикалық бюджеттен 2 млрд 638 млн теңге бөлінсе, облыстық бюджеттен 293,1 млн теңге қаржы қаралды. Бұл жоба 2020 жылы толығымен аяқталады.

Сонымен қатар Тереңөзек кентіне ішкі газ құбырларын жүргізуге жұмсалатын қаржы 2 млрд 442 млн теңгені құраса, биыл республикалық бюджеттен 525,6 млн теңге, облыстық бюджеттен 58,4 млн теңге бөлінді. Келер жылға республикалық бюджеттен 1 млрд 672 млн теңге қаралды. Жалағаш кенті бойынша жобаның жалпы қаржысы 3 млрд 592 млн теңге, биыл рес­публикалық бюджеттен 1 млрд 369 млн теңге, облыстық бюджеттен 152,1 млн теңге бөлінді. Келер жылға 1 млрд 863,9 млн теңге республикалық бюджеттен және 207 млн теңге облыс бюджетінен қаралып отыр. Аталған аудандарда жыл соңына дейін бірінші әлеуметтік нысандар газға қосылатын болады. Ал, толығымен газдандыру 2020 жылы жүзеге асады.

Облысымызда тіректі елді ме­кендерді газдандыру жұмыстары жүргізілуде. Арал ауданы Жақ­сықылыш елді мекеніне газ жеткізуге жұмсалатын қаржы 765,9 млн теңгені құраса, би­ыл рес­публикалық бюджеттен 389,3 млн теңге бөлінді, ал ке­лер жылға бұл жобаға рес­публикалық бюджеттен 300 млн теңге қаралып отыр. Мұның бар­лығы Үкімет басшысы бе­кіткен «Қызылорда облысын әлеу­меттік-экономикалық да­мы­тудың 2019-2022 жылдарға арналған» кешенді даму жоспарында бар. Сондай-ақ кешенді жос­парға қала маңындағы Ж.Махамбетов ауылы мен «Нау­рыз» шағын ауданы, Қармақшы ауданынан Төретем, Ақай, Арал ауданынан Сексеуіл кенті және Қазалы қаласын  газдандыру да енген. Бұл 2019-2022 жылдар аралығында жүзеге асырылады.

2022 жылы жоба толығымен жүзеге асқанда облыс халқының 70 проценті табиғи газға қосы­лады.

– Қала іргесіндегі «Наурыз» шағын ауданы тұрғындары да газ қашан келер екен деп елеңдейді...

– «Наурыз» шағын ауданы мен Ма­хамбетов ауылын газ­дандыру үшін жоба-сме­талық құжаты мемлекеттік сарап­та­маның қа­рауында. Бұл жобаның техни­калық ерекшелігі бар. Бізде газ құбырларының барлы­ғы Сыр­дария өзенінің оң жақ жаға­лауында. Биыл оң жағалаудан сол жағалауға дарияның астымен газ өткіздік. Ең алдымен бұл аумаққа газ жеткізу үшін қаланы «көгілдір отынмен» қамтамасыз етіп отырған «АГРС-1» газ тарату станциясын кеңейту жобасын қарадық. Сонымен қатар Шиелі ауданында 5 елді мекен, атап айтқанда, Бекежанов, Қодаманов, Алғабас, Байсын, Бидайкөл елді мекендерін және Қазалы ауданы Ғ.Мұратбаев ауылына «көгілдір отын» жеткі­зуге мемлекеттік сараптама қо­ры­тын­дысы алынды, мұны 2020 жылы жүзеге асыру жоспарлануда.

– Соңғы кездері «көгілдір отын» сапасы жайында түрлі пікірлер бар. Әдепкідей емес, жылуы азайды, ауа айдайды дегендей. Жалпы, газ сапасы туралы не айтасыз?

– Тұрғындар тарапынан мұндай пікір­лерді естіп жүрміз. Бір ескеретіні, газға еш­қашан ауа айдамай­ды. Ауа қосылса, жа­­ры­­лыс болады. Қы­зылорда қаласына газ «Ақшабұлақ-Қызыл­орда» магистральды газ құбыры арқылы келді. Бұл магистральдан қа­лаға сағатына 50 мың текше метр газ береді. Ал қыс мез­гілінде қалаға қажетті көгілдір отын сағатына 110-120 мың текше метр. Яғни, бұл жет­пегендіктен «АГРС-2»-ні салдық. Бұл газ тарату станция­сына «кө­гілдір отын» «Бейнеу-Бо­зой-Шым­­кент» магис­тральды газ құ­бырынан ке­леді. Екеуінің айыр­­­машылығы – Ақша­бұ­лақ­тан келе­тін ілеспе газдың құра­мында пропан көп, ал батыстан келіп жатқан табиғи газдың құрамында пропан аз. Жалпы, стандартқа сәйкес ке­леді. Әдепкіде ілеспе газды пай­даланған тұрғындар та­биғи газ құрамындағы сәл айыр­машылықты байқап, түрлі пікір­лердің туындауына себеп болса керек. Бір сөзбен айтқанда, «көгілдір отын» сапасында еш­қандай мәселе жоқ.

– Сол жағалауды газдандыру жұмысына тоқталып өтсеңіз...

– Сол жағалауды газдандыру жаз мезгілінде толығымен аяқталды.  Мұндағы әлеуметтік нысандар орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Ал,  алғашқы көпқабатты 14 үй­ге жеке газ пештері орна­тыл­ды, қалған үйлер орталық­танды­рыл­ған жылу жүйесіне қосыл­ған.

– Әдетте көпқабатты үй­лерге газ пешін орнатуға рұқ­сат берілмейді, жаңа үйлерде бұл қалай жүзеге асуда және қаншалықты қауіпсіз?

– Көп көкейіндегі сұрақ еке­нін білемін. Бұл көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Са­лыс­­тырмалы түрде айтайын, оң жағалаудағы көпқабат­ты үй­лер уақытында орталық­тан­дырылған жылумен қам­та­­масыз етуге есептеліп са­лын­ған. Сол себепті бұл үйлер­ге газ пешін орнату қауіпті екені анық. Ал сол жағалаудағы  үйлер әр пә­терге жеке газ пешін орнатуға арналып салынған. Мәселен, мұнда әр үйде жел­деткіш шахта бар. Бір сөзбен айтқанда, үй құрылысын жобалау барысында газ пешін орнату үшін тиісті қауіпсіздік талаптары толығымен сақталған.

Әңгімелескен

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА,

 «Сыр бойы».

Cұхбат 14 қыркүйек 2019 г. 529 0