Мұрат ЕРГЕШБАЕВ, Қазалы ауданының әкімі: «Елдік мүдде – ең бірінші орында»

«Халықтан асқан – сыншы жоқ». Әрбір істің жай-жапсарын, атқарылу деңгейін, алдағы бағыт-бағдарды бағамдауда да ел лайықты бағасын беріп отырады. Бұл ретте аудан әкімі лауазымына тағайындалғанына екі жылға жуық уақыт болған Мұрат  Ергешбаевтың Қазалы өңіріндегі шаруа жайын, халқының тыныс-тіршілігін жете меңгеріп, елдік мүдде жолында көптеген игі істердің жүзеге асып жатқанын көпшілік көріп те, айтып та жүр. Күз айы – молшылық пен берекенің  бастауы, сан салалы жұмыстың қыз­ған шағы. Осынау мәуелі маусымда қат-қабат еңбектің атқарылу барысы мен алдағы жоспарлар жайында газет тілшісі аудан әкімімен әңгіме-сұхбат құрған еді.

– Мұрат Нәлхожаұлы, сөзі­мізді ел көкейінде жүрген сауалдан бастасақ. «Жол азабын жүрген біледі». Аудан көлеміндегі жолдар жайы, Әлсейіт көпірінің  құрылысы, кент пен  Қазалы қаласының аралығын қосу сынды ел  назарында тұрған мәселелер бар. Алдымен осыны таратып айтып берсеңіз. Қаржылық мүмкіндіктер қалай болып жатыр?
– Дұрыс айтасыз. Ауданның қан тамыры бюджет екенін ескеріп алдымен осы тақырып­қа тоқталсақ. Аудан  бюджеті жыл санап өсіп келеді. 2018  жылдың  бюджеті 18 млрд теңге болып бекітілсе, жыл ішінде 24 млрд теңгеге,  2019 жылы 18 млрд-дан 22 млрд-ға жетті. Басым бөлігі, нақтысы, 60 проценті әлеуметтік салаға (білім, мәдениет, әлеуметтік саласының жалақысы, оларды ұстап тұру, т.б) бағытталған.  
Біздегі жол мәселесі – күн тәртібіндегі жайттың бірі. Әсіресе, елді мекендер арасындағы жолдардың сапасы көңіл көншітпейді. Соған орай, шешім қабылданды. Былтыр құны 4,9 млрд теңгені құрайтын 5 жоба жасалған еді. Биыл 1,6 млрд теңгеге 7 жоба іске қосылды. Оның қаражаты ауыспалы. Жұмысы өте ауқымды болғандықтан  келесі жылы  да жалғасады.  Басты мақсат – шалғай ауылға дейін адамдардың аман-есен, қауіпсіз жетуін қамтамасыз ету. Мәселен, Америка Құрама Штатын дамытқан көлік қатынасы, яғни, жол екені тарихтан мәлім. Бұл – әлемдік экономикадағы тәжірибе. Әлеуеті дамыған елдердің «байығың келсе, жол сал» деген ұстанымы да бекер болмас.
Аудан көлемінде  Бекарыс­тан би-Әлсейт көпірі салынып жатқаны баршаға аян. Осы жылы нәтижесін береді деп күтудеміз. Толық іске қосылғанда көптеген түйткілдің шешуі табылатын болады. Ондай жағдайда жол азабынан құтылып, кәсіпкерлік те қарқын алады. Әлсейттегі көпір құрылысының іске қосылуын тұрғындар тағатсыздана тосуда. Бұған дейінгі қалқымалы көпір күзгі және көктемгі су тасқыны кезінде елеулі қиындық туындатып келді. Осы  жерден Бекарыстан, Майдакөл, Түктібаев ауылдарына қоса көршілес Арал ауданының де бірнеше елді мекендерінің тұрғындары ауылдарына қатынайды. Содан-ақ көпірдің маңызы зор екенін аңғаруға болады. Сең жүргенде көпір жұмысы уақытша тоқтайтыны ешкімге құпия емес. Мұндайда жолау­шылар аудан орталығына жету үшін дария бойын жағалап, Басықарамен айналып жүруге мәжбүр болатын. Енді, бұл қиындықтан құтылатын күн де жақын.
 Қазалы қаласы мен кент аралығын қосу – маңызды мәселенің бірі. Қырымбек Елеуұлының бастамасымен қаржы қаралып, бастау алған игі істі облыс әкімі Қуанышбек Досмайылұлы жалғастырып жатыр. Биылғы жылдың соңы не келесі жылдың басында ресми түрде қосылады деп күтілуде. Атқарылуға тиісті жұмыстардың 90 проценті дайын. Толық іске асқанда қала мен кент аралығынан 1500 адамға дейін жер телімін беруге мүмкіндік туындайды. Ал бізде 6 мыңнан астам  адам жер кезегінде тұр. Әр отбасы жеке тұрғын үйі болғанын қалайтыны түсінікті жайт.
– Қазалыны ел ішінде кіші Түркістан деп атайтынын білесіз. Кәсіпкерлік саласындағы келешекке беталысымыз қалай?
– Қазалыда сауда-саттықтың ежелден қарқынды дамығаны тарихтан да мәлім. Шөл даланың ыстық-суығына төзімді түйелерге жүктелген керуен шартарапқа ағылған дағды қазірде бәсеңдеген жоқ. Тек, замана ағымына бейімделіп, темір жол торабына қоса алып автокөліктерге ауысты. Дәл іргемізден өтетін «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» автожолы кәсіпкерлік саласының алға басуына үлкен септігін тигізуде. Дерекке жүгінсек, қазалылық кәсіпкерлер бес бірдей  теміржол тұ­йығын пайдаланып, жүзге тарта алып жүк көліктерімен өзге жерден зат әкеліп, өздері өндірген өнімдерін сыртқа тасымалдайды екен. Шалғайдағы аудан үшін үлкен жетістік. Көршілес Арал, Қармақшы ауданы, Байқоңыр қаласының тұрғындары Қазалының базарларынан азық-түлік, өзге де қажетті бұйымдарын алады.
Аудан кәсіпкерлерінің  базар, сауда орындарының ауқымын ұлғайтып, жаңадан салып жатқандарынан сұраныстың барын пайымдайсың. Қазалы өңірінде сауда-саттық мұнан екі ғасыр бұрын  дамыған. Қалыптасқан дәстүр   жалғасын табуда. Қысы қытымыр, жазы аптап, көктемі кеш келіп, күзі ерте түсетін аймақта кәсібін дөңгелетіп отырған іскер жандарға еріксіз сүйсінесің. Аудандағы Самұрат Имандосов, Қасқырбай Әлімбаев, Мінажадин Өтеев, Мерей Есхожаев сынды кәсіпкерлер көпке үлгі болуда. Ауыл шаруашылығын өркендету – ел экономикасының дамуына қомақты үлесін қосары хақ. Кіші кәсіпкерліктің  болашағы кемел деп түсінемін.
Самұрат Имандосов басшылық жасайтын «РЗА» акционерлік қоғамының жетістігі мақтауға лайықты. Қуатты техникалық, өндірістік базасы, кәсіби шеберліктері жоғары мамандары, бай материалдық ресурстары бар акционерлік қоғамның өнімдері тұтынушы талғамынан табылып тұр. Көптеген адам жұмыс істейтін  ұжым –  бірнеше  ауылдың  бас­ты инвесторы. Акционерлік қоғамда өндірілген өнімдерді облыс көлемінде, өзге өңірлерге    шығару   жолға қойылған.
– Ел ішін жиі аралаймыз. «Қазалының келбеті көрікті. Ауылдардың өзінде еңселі нысан, әсем тұрғын үйлер жиі кездеседі» дегенді келген қонақтардан да естіп жатамыз. Әлі де қандай мүмкіндіктерді жүзеге асыр­ған абзал болар еді?  
– «Халық айтса, қалт айтпайтын» шығар. Елдің тұрмыс-тіршілігінің  деңгейін  салынған құрылысынан да байқайсың. Қазалы ауданында бұл бағытта атқарылған шаруалар баршылық. Әйтеке би кентінің аумағы ұлғайып, сәулеттене түскені, шет аймақтағы бөліктер іргелі көшелерге айналғаны  айтылып жүр. Қала мен кент аралығына бой түзеген әлеуметтік нысандар, еңселі ғимараттар, тұрғын үйлерді көргенде кеудеңді қуаныш кернейді. Баршасы ел-халықтың жұдырықша жұмылған ауызбіршілігінің, мемлекеттен қаралған қаражаттың арқасы. Кең көшелерді, сәулетті нысандар, әсем үйлерді көргенде өзіңді  ірі қалада жүргендей сезінесің.
Бір ғана Жанқожа батыр ауылындағы спорт кешенін мысалға ала­йықшы. Шалғай елді мекендегі нысан алыстан көз тартады. Сапалы да көркем салынған. Тұрғындар жиі баратын орынға айналды. Осындай қолайсыз табиғатта ауласы жасыл желекке көмкерілген мұндай көрікті спорт кешенін көп жерде кездестіре алмайсыз. Мемлекет қамқорлығының көрінісі.
Алайда, біз келтірген деректер Қазалыда бәрі жіптіктей дегенді білдірмейді. Шешімін күткен шаруа да баршылық.
Биылғы жылға 11 нысанның құрылысын жүргізуге респуб­ликалық, облыстық, аудандық бюджеттен қаралған 3698,6 млн теңгеге тиісті құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылуда. Олардың ішінде аудандық әкімшілік ғимараты, кент пен Қазалы қаласынан салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, құрылысын жалғастыру, Қазалы қаласынан салынатын тұрғын үйлерді газбен,  электрмен жабдықтау, жолдар салу,  кенттегі  18 пәтерлік 6 жалдамалы көпқабатты тұрғын үй құрылысы, өзге де нысандар  бар. Мұнан бірнеше жыл бұрын озық үлгідегі ауданаралық аурухана ғимараты пайдалануға берілсе, алдағы уақытта ауысымына 250 адам қабылдауға арналған емхана салынады деп күтілуде.
Әйтеке би кентінде мекемелер үйінің жобасы іске асырылуда. Аталған ғимаратты салудағы мақсат – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін аудан әкімдігі мен дербес бөлімдерді бір жерде шоғырландыру. Мұның өзіндік себебі де бар. Дербес бөлімдердің бірқатары кент әкімдігінде болса, кейбірі ескі аурухана ғимараты бөлмелерін пайдаланып отыр. Әйтеке би кентінің түбегейлі жоспарлау жобасына сәйкес мекемелер үйі ғимараты мектеп, аурухана, халыққа қызмет көрсету орталығы, сот, мәдениет үйі ғимараттарымен бір аумаққа орналастырылған. Бұлай жасау халыққа  ыңғайлы болмақшы. Қазіргі таңда аудан әкімдігі орналасқан ғимарат өткен ғасырдың 1963 жылы бой көтерген. Арада өткен уақыт нысанға өз ізін салғаны  байқалып тұр.
– Мұрат Нәлхожаұлы, өзі­ңізге мәлім, ауыл шаруашы­лығына бетбұрыс жаңа сипат ала бастады. Несібесін осы саладан терген аудан еңбеккерлері шешуші науқанға қандай әзірлікпен келді? Жалпы, түлік өсіріп, егін еккен елдің ырысын молайтуда қандай тың бастамалар бар?
– Біздің аудан ауыл шар­уашылығына бейімделген. Аталған сала да мемлекеттің қолдауымен жақсы дамып келе жатыр. Осы жылы  17 508 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде басты дақыл күріш 6225 гектарды құрады. Күріштің  көлемі өткен жылмен салыстырғанда 575 гектар кем егілгенімен, есесіне суды аз қажет ететін, әртараптандыру бағытындағы дақылдар көлемі артып отыр. Биылғы жылдың өзінде шаруа­шылықтар машина-трактор паркін жаңалау мақсатында ауыл шаруашылығы техникасымен толықтырылды. Күріш орағына «Джон-Дир», «Клаас», «МакДон» маркалы шетелдік жоғары өнімді, сапалы, жатка, комбайндар қатысуда. Егін жинауда жүрген техникаларға қажетті қосалқы бөлшектер, қою май және жанар майдың қорлары жеткілікті көлемде қамтамасыз етілген. Осы жылдың 7 айында ауыл шаруашылығы саласында өндірілген өнім өткен жылдың осы кезеңімен салыс­тырғанда 101,9%-ды құрағанын атап кеткен ләзім.
Әрбір талапты бастарда сәттілік тілеу халқымыздың қанына сіңген дағды. Жуырда ауданда егінге алғашқы орақ түсер сәтте бізде осындай қадам жасадық. Шараға «РЗА» АҚ президенті, Қазалы ауданының құрметті азаматы Самұрат Имандосов, аудандық, облыстық мәслихат депутаттары, мекеме-кәсіпорын мен шаруашылық басшылары, еңбек ардагерлері қатысып, егіншілердің қуаныштарымен ортақтасты. Ең алдымен Жанқожа баба кесенесіне барып, әулие рухына арнап құран оқыттық. Мұнан соң Ақтан батыр ауылындағы «Сыр маржаны» ЖШС егістік алқабындағы күрішке алғашқы орақ түсу рәсіміне  қатыстым. Бұл жердегі жүздесуде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай, «Серіктестік»  директоры, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев егіннің жай-күйіне тоқталып, астықты ысырапсыз жинап алу туралы ойын білдірді. Еңбек ардагері Сақыбай Нармағамбетов ағамыз  бата берді. ­Ауа райының қолайлы сәтін тиімді пайдалануды көздеген диқандар уақытпен санаспай қарқынды қимылдауда.
Қазір азық-түлік бағасын тұрақтандыру басты назарға алынған. Аудан көлемінде жыл басынан бері бірнеше мәрте жәрмеңке өткізілді. Оған  облыстық тұрақтандыру қорынан азық-түлік өнімдері әкелініп,  нарықтан төмен бағада сатылымға шығарылды. Жәрмеңкеде қауын-қарбыз, қой-ешкі, жем-шөп, бақша дақылдары басқа да өнімдерге сұраныстың жоғары болуы мұндағы өнім құнының қолжетімділігін аңғартады.
Облыс әкімі бекіткен кестеге сәйкес, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер Қызылорда және Байқоңыр қаласында ұйымдастырған жәрмеңкелерде азық-түлік өнімдерін нарық бағасынан 10-15 процент арзан бағада ұсынды. Жеке кәсіпкер «Шолпан Бәйменова»  Қазалы қаласында «Талап және К» ЖШС алдында, кенттегі «Нұршуақ» автостанциясы алаңында картопты төмен бағада сатты.
Бүгін және ертең Нұр-Сұлтан қаласында Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі. Жәрмеңкеге ауданнан 20 тоннадан астам жергілікті тауар өндірушілер мен ауылдық округтерден өнім апару жұмыстары ұйымдастырылуда.
Егін және мал шаруа­шы­лығы үшін басты қажеттілік – жер. Жасыратыны жоқ, нақты кезеңде аудандағы ауыл шаруашылығы жерлері түгел  айналымда емес. Алдымызда пайдаланылмай тұрған жерлерге су апару арқылы қайта айналымға қосу міндеті тұр. Ол үшін бірінші кезекте олардың бойындағы каналдарды құжаттандыр­уымыз керек болатын.
Облыс бойынша «29 мың гектар суармалы жерлерді қайта айналымға қосу» жобасына енгізілген шаруашылық және ішкі шаруашылық каналдарының құжаттарын жасату үшін облыс­тық бюджеттен қаржы бөлініп, құжаттандыру жұмыстары толығымен аяқталып, республикалық меншікке өткізуге тапсырылды. Карталық су арықтары мен карталық су тастау жүйелеріне де ақша қаралып, жер актісі, техникалық құжаттары әзірленді.
Қазалылық кәсіпкерлердің белсенділігі жоғары екенін жоғарыда атап кеттім. Оған мына жайттар дәлел болады. Облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев басшылық жасайтын «Сыр маржаны» ЖШС 2015 жылы «Ірі қара мал етінің экспорты  әлеуетін арттыру» жобасы аясында Шеңгелді учаскесінде 500 басқа арналған мал бордақылау кешенін іске қосқан еді. Қазір алаңның қуаттылығы 3000 басқа дейін ұлғайды. Бірқатар тұрғын жұмыс істейді. 2019 жылы «Сыр маржаны» ЖШС Иран Ислам Республикасына 56 бас ірі қара малын экспортқа шығарды.  Серіктес­тіктің   бордақылау алаңында өлшенген ірі қара шетелдік «Inchen Broon CooperativeInc» компаниясына жөнелтілді. Бұған дейін «Сыр маржаны» ЖШС мал бордақылау алаңы арқылы Өзбекстан мемлекетіне 250 бас мүйізді ірі қара жіберген еді.
Есет Серімов басқаратын «Жеңіс» шаруа қожалығы өткен жылы Біріккен Араб Әмірлігіне түйе малын экспортады. Араб елінен келген меймандарды қазақтың айыр өркешті түйе­сін түркімендердің түйесімен будандастырып алынған «Біртуған нар» аталатын түйе тұқымы қатты қызықтырды. Жазы аптап ыстық, сусыз шөл дала қоршаған БАӘ-нің жергілікті тұрғындары өзге жануарларға қарағанда  түйе түлігін өсіргенді қолайлы санайды. «Жеңіс» шаруа қожалығында қазіргі таңда түйе мен қазақтың жабы жылқысы өсіріледі. Аудан орталығындағы базарда шұбат, қымыз сататын дүкендері жұмыс істейді. Алдағы уақытта шаруа қожалығы ауқымын кеңейтуді көздеп отыр.
Сондай-ақ, биыл «Наурыз» шаруа қожалығы Чехия Респуб­ликасынан 280 бас «Ангус» тұқымды МІҚ сатып алса, «РЗА» АҚ ірі қара малын өсіру кешенін және 1200 басқа кеңейту жұмыстарының  екінші кезеңі басталып, Германиядан  300 бас Голштинфриз тұқымды МІҚ малын сатып алуға «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ арқылы қаржыландырылып, қыр­күйек айында 167 бас сиыр жеткізілді. Қалғаны қазан айын­да келуі керек. Осы жылы ауыл шаруашылығы саласының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 11,3 млн теңгені құраса, шаруа­шылық құрылымдарына биыл 257,6 млн теңге тиісті мемлекеттік қолдау көрсетілді. Мұның дала перзенттеріне үлкен демеу екені аян.
– Қазалы ауданы спорт, өнер, білім денсаулық саласында, жастарды қолдауда жақсы жетістік көрсетіп отыр. Бұл орайда қандай ой  бөлісер едіңіз?
– Дана халқымыздың «болатын баланың бетін қақпа, белін бу» деген қанатты сөзі бар. Шыңға шығамын, белес­ті бағындырамын деп тұрған өренді неге қолдамасқа? Талабы тау­дай ұл-қызымыздың қолтығынан  демеп, топ жарғанда арқасынан қақпасақ ағалығымызға сын. Аруақты Жанқожа бабаның ұрпақтары, кешегі өткен Роза мен Мәдинаның ізбасарлары сынақта шашасына шаң жұқтырмай, дара шапса таңдануға да болмас.  
Жуырда Болгарияның Варна қаласында өткен Халықаралық «Stars of the world» байқауында Гран-При иеленіп, үш турынан  үш алтын медаль иеленген № 94 мектеп оқушысы Мадияр Серікті қабылдадым. Қаршадай  қара баламыздың орындаушылық шеберлігіне сүйсінген әйгілі әнші Филипп Киркоровтың әкесі Бедрос Киркоров бастаған қазылар алқасы орнынан тұрып, құрмет көрсеткенін білгенде қатты толқыдым. Алыс ауылда ел қатарлы  тірлік кешкен қарапайым отбасының перзенті саф өнерімен шет елдегі талғамы жоғары көрерменді, бәсі биік қазылар алқасын мойындатса одан асқан қуаныш болар ма?!
Мына жағымды жаңалықты көп­шілікке жеткізе кетсем. Кім-кімге де денсаулығынан қымбат ешнәрсе жоқтығы белгілі.
Қазалы ауданаралық ауруханасында алғаш рет жаңа технологиялармен жабдықталған «Ангиограф» аппаратының кө­мегімен жүрек қан тамырларына ота жасалды. Бұл күні жергілікті дәрігерлер облыстық медицина орталығының рентген-эндоваскулярлы хирургия бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Исмаиловтың жетекшілігімен 4 науқасқа ота жасады. Операция жасаудың қыр-сырын білікті маман, аудандық аурухана дәрігерлері Кенесары Баспаев, Аян Қазиұлы, фельдшер Қаскырбай Молдабаев, мейіркеш Әлия Сүлейменова, рентген лаборант Ғалымжан Жайыл­қановқа үйретіп, мол тәжірибесімен бөлісті.  
«Ангиограф» медициналық аппараты «Medtronik» ЖШС арқылы мемлекеттік-жеке серік­тестік бағытында алынды. Бұл заманауи құрылғы елімізде аудандық деңгейде алғаш рет Қазалыда орнатылып отыр. Осы аппараттың көмегімен енді біздің дәрігерлер Арал, Қармақшы аудандары мен Байқоңыр қаласының тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді.
Ол үшін тиісті құжаттар да­йындалып, ауқымды жұмыстар жүргізілді.  Дәрігерлер Нұрлан Алмат, Кенесары Баспаев, Аян Қазиұлы А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық хирургия ғылыми орталығынан қайта даярлау курстарынан өтіп, білімдерін жетілдірді. Мұнан соң олар облыстық медицина орталығының жұмыс орны есебінен тәжірибе алмасқан болатын.
Спортшыларымыз да сенімді ақтап жүр. Жыл басынан бері жерлестеріміздің арасынан Азия чемпионы, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері шықты. Мәселен, қазалылық дарынды спортшы Мұқағали Сансызбаев көгалдағы хоккейден Қазақстан Ұлттық құрамасы сапында орталық Азия кубогын жеңіп алғанын айта кету керек.
Сонымен қатар үш адам Қазақстан Республикасының спорт шебері, 39 адам спорт шеберлігіне кандидат нормативін орындады. Облыстық, рес­пуб­ликалық, халықаралық жарыс­тарға қатысқан аудан спортшылары  18 алтын, 23 күміс, 38 қола медальға қол жеткізді.
«Адамның мінез-құлқы ту­ған жерінің табиғатына қарай бейімделеді» деседі. ­Қасиет қонып, құт дарыған Қазалы өңірінің алар асуы асқақ екеніне сенім зор. Біз үшін елдік мүдде – ең бірінші орында.  
– Мұрат Нәлхожаұлы, әрине, бір сұхбатта бір ауданның бар тіршілігін баян ету мүмкін емес. Әйтсе де, Қазалыдағы қарымды іс пен алға жоспарланған шаруаның негізгі өзегінен оқырманға олжа болар ой айтылды деп білеміз. Әңгіме-сұхбатыңызға рахмет.

Әңгімелескен  
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
«Сыр бойы».
Қазалы ауданы.
Cұхбат 21 қыркүйек 2019 г. 901 0