Мұғалімге сенім арту керек

Серік ЖАЙЫРБАЕВ, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушысы:

Мұғалімге сенім арту керек

‒ Қазір экономика және жаһандық перспективалар мен жобалау жұмыстары пәні бойынша сабақ беретініңізден хабардармыз. Бірақ ең алғашқы еңбек жолыңыз ауылдан басталған екен...

‒ Бүгінде отбасыммен бірге қалаға қоныс аударғаным болмаса, негізі Тереңөзек ауданындағы А.Тоқмағамбетов ауылының тумасымын. Сол жердегі №135 орта мектепте білім алып, кейін Қорқыт ата атындағы ҚМУ-ды тарих, география мамандығы бойынша жалғастырдым. Университетті тәмамдаған соң ауылға қайта оралып, өзім оқыған мектепте мұғалім болып қызмет еттім. Мектептегі төрт жыл уақыт менің біліктілігімді шыңдады, облыстық, республикалық жарыстарға жиі қатысып, жаңашылдыққа ұмтылуыма себепкер болды. Бірақ көп ұзамай  жаңа заманға бейімделу үшін  өзге ортада білімімді қайта жалғастыру керегін түсіндім. Өзіңізге белгілі, ауылдық жерде көп нәрсе шектеулі. Адам толыққанды жетілу үшін араласатын ортасы креативті болу керек. Сол себепті «Болашақ» бағдарламасына оқуға тапсырып, алдымен Канадада дайындық курсынан өттім. Кейін Ұлыбританиядағы Лестер университетін халық­аралық  білім саласы және оны басқару мамандығы  бойынша бітірдім.

‒ «Болашақ» бағдарламасына дайындық ұзақ уақытқа созылған болар... Географиядан экономикаға ауысу қиын болмады ма?

‒ Байқасаңыз, екеуі де күрделі ғылым, бірақ маған айтарлықтай қиындық тудыр­мады. Егер адамның өзінде ықылас пен қызығушылық болса кез келген салаға бейімделуге болады. Менің ағылшын тілін үйренуім сізге ертегі тәрізді естілуі мүмкін. Себебі ауылда жұмыс істеп жүрген сәтте ағылшыннан базалық деңгейім өте төмен болды, тіпті  жоқтың қасы еді. Сол уақытта өзімді «ағылшынды үйрену қиын, ол үшін орталыққа бару керек» деген түрлі сылтаумен алдарқатып жүрдім. Бір күні мынадай қызық жағдай болды. Менің жақын досым Президент жанындағы академияны бітіріп, диплом алу салтанатында құттықтау үшін Астанаға бардық. Сол арада  досымның бірге оқыған жолдастарымен таныстым, олар өте қарапайым еді, бірақ білімі жоғары. Қызылордаға келген соң, мен де қайта оқимын деп шешім қабылдадым. Ауылда түске дейін жұмысқа барып, түстен кейін қалаға келіп ағылшын тілін оқуға бекідім. Сол үшін қаладағы ағылшын тілін үйрететін жеке оқытушымен келістім. Ауылда анам жалғыз болған соң түнделетіп үйге келіп, ертеңіне қайта жұмысқа баратынмын. Таңертең 4.00-де тұрып, мұздай су құйынып, ағылшынға дайындалушы едім. Себебі уақыт өте тапшы, күніне 50 жаңа сөз жаттау міндетті еді. Қазір ойлап қарасам, ағылшын тілінен тапсыратын IELTS (International English Language Testing system) тестіне небәрі 3 ай ішінде дайындық жүргізіппін.

‒ Шетелдегі білім жүйесі біздегіден өзгеше екені белгілі. Ол жақта үйренген сабақ беру әдісін қазір мектепте қолданып жүрсіз бе? Сіз үшін Ұлыбританиядағы университеттен үйренген ең жақсы тәжірбие қандай болды?

‒ Ұлыбританиядағы білім берудің ең озық тұсы ‒ студентке өздігінен білім алуды үйретеді. Сен ешкімнің көмегінсіз жаңа дүниені игеріп, ізденуің керек. Мәселен, біздің елде мұғалім оқушыға жаңа сабақты түсіндіреді, көрсетеді. Келесі күні оқушы оны мұғалімге қайталап береді. Білім беру, тәжірибе алмасу сол деңгеймен тоқтайды. Ал шетелдегі жүйе мүлде басқаша. 

Кез келген дамыған мемлекеттің жаңашыл жүйесін алып келесі бір елге енгізу өте қиын. Мысалы, қазақ әдебиетінде қолданатын үздік тәжірибені ағылшын қоғамына апарсаңыз олардың бірден қабылдамайтыны белгілі. Сол секілді олардың қоғамында жылдар бойы қалыптасқан дүниені  өзімізге сіңіру үшін де ұзақ уақыт керек. Бірақ көп ұзамай шетелдің ғылыми жаңалығын мектепте қолданатын боламыз.

‒ Сонда біздегі кемшілік ескі жүйе мен еркіндіктің жоқтығы ма?

‒ Ең басты мәселе ‒ «ұстаз – мектептің жүрегі» деп қанша қайталасақ та, мұғалім мәртебесі толыққанды жүзеге асқан жоқ. Қазір мұғалімге өзін-өзі дамытатын шығармашылық уақыт жетіспейді. Қағазбастылықпен қатар, оқытушының уақытын ұрлайтын есеп беру жұмысы өте көп. Мұғалім үшін сенім бәрінен маңызды. Себебі, сіз оған жауапкершілікпен жұмыс тапсырып, алайда оны жиі-жиі тексеретін болсаңыз, ол міндетті түрде сізге толтырған қағазын көрсетеді. Ал нәтиже сіз күткендей болмауы мүмкін. Канада елін алып қарасақ, бұл елде мұғалімге жоғары сенім артылады, яғни өзіне берілген мүмкіндікті сезіне отырып оқытушы сабағын береді, шығармашылығын уақытылы дамытады.

Оның үстіне қазір мұға­лімнің бармайтын жері жоқ. Олар көше аралайды немесе көпшілік шарада жүреді. Жапонияда мұғалім барған кез келген жер құрметті деп есептеледі. Мәселен, оқытушы бір дүкенге кірсе, ол орын сыйлы саналады. Бізде осы мәселе әлі де өзекті.

‒ Оқытушылықпен қатар, халықаралық деңгейде мақала дайындап жүр екенсіз... Мақалаға қандай тақырыпты арқау еттіңіз?

‒ Иә, Германияда әлемнің 75 елінен 3000-ға жуық ғалым мен зерттеуші қатысқан ECER атты білім беру саласындағы зерттеушілердің халықаралық конференциясы өтті. Оған елімізде өзекті саналатын екі тақырыпта зерттеу жұмысын дайындадым. Бірі ‒ экономика, білім, инновацияны біріктіре отырып, жаңа жүйені дамыту. Екіншісі, студенттердің ұтқырлығы (мобильділігі) жөнінде, яғни «Білімді жастар неге шетел асады?» деген тақырыпты көтердім. Жалпы конференцияда жаһандық даму ғасырында мектеп қандай болу керек, ұстаз нені оқыту керек деген сынды мәселелер кеңінен талқыланды.

‒ Ал мұғалім ретінде сізді не алаңдатады?

‒ Қазіргі уақыт ‒ ақпараттың алақұйын дәуірі. Ғылым тың жаңалықпен күн сайын толығып, адамзатқа оны игеру үшін уақыт жеткіліксіздігі сезілуде. Осындай жаһандану сәтінде «оқушыларға сапалы әрі керекті білім беріп жатырмын ба?» деген сауал мен үшін әрдайым маңызды.

‒ Әйгілі педагог Рон Кларк­тың «Үздік ұстаздың әр баладан керемет оқушы шығара білу ережесі» кітабында жазылған 55 ережеге сіз қандай кеңес қосар едіңіз? 

‒ Оқытушы келесі бір ұстаздың сабақ беру қағидасын қайталауға міндетті емес. Мысалы, Кларкта 55 ереже болса, мен сабақ барысында 105 ережені қолдануым мүмкін. Жалпы сабақ барысында мен оқушылардан 3 маңызды нәрсені талап етемін: сабақтан кешікпеу, бір-бірін құрметтеу және өтірік айтпау.

‒ Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Гүлдана ЖҰМАДИН,

журналист.

Cұхбат 08 қазан 2019 г. 1 017 0