«Кәсіподақ тек курортқа жолдама беретін ұйым емес»

10 қазан – Қазақстан кәсіподақтары күніне орай ұйымдастырылған бүгінгі сұхбат ұйымның еңбек адамдарының

мұң-мұқтажын шешудегі ролі мен жұмысын жандандырудың маңызы жөнінде өрбіді.


Серік Сермағамбетов,

«Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы»

аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы:


– Кәсіподаққа ай сайын жарна аударғанымен, оның қайда кетіп жатқанын көбі білмейді. Ара-тұра курорт, санаторийге жолдама берілетінін ғана естиміз...

– Жарғы бойынша әрбір кәсіподақ мүшесі өз ұйымына ай сайын жалақысының 1 процентін аударып отырады. Жиналған жарнапұлдың 10-нан 30 процентке дейінгі бөлігі келісім-шартқа сәйкес республикалық және облыстық салалық кәсіподақтың үлесіне тиеді. Тиісінше, салалық кәсіподақтар қызметкерлерді толғандырған мәсе­лелерді шешу бағытында жұмыс істейді. Оларға әдістемелік материалдар, заңнамалық өзгерістер, әлеуметтік қорғау шаралары, ұжымдық шарттың жасалуы бойынша көмектеседі.

– Кәсіподақ ұйымдарының маңыз­дылығы мен міндеттерін тарқатып айтып берсеңіз. Әйт­песе, жұрттың одан хабары аз...

– Негізгі мақсаты – елдегі тұ­рақтылықты, азаматтық үйлесім­ділікті қамтамасыз ету болса, мін­деті – жұмысшы құқығын қор­ғау, еңбек заңнамаларының сақ­та­луына қоғамдық бақылау жасау, еңбек қауіпсіздігін, жұмыс­шылар арасындағы тепе-теңдіктің сақталуын, жалақының уақытылы төленуін қамтамасыз ету. Маңызды мәселе көп. Біз – кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік жағдайына да жанашырмыз, еңбеккерлердің демалысын ұйымдастыру бағытында да жұмыс атқарамыз. Дегенмен, кәсіподақ кейбіреулер айтып жүргендей, тек курортқа жолдама беретін ұйым емес.

– Кәсіподақ мекемелер мен кәсіпорындардың бәрінде бола ма? Олардың қатарын арттыру жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Біздің бірлестік 11 салалық кәсіподақта 1035 ұйым мен 96080 адамды біріктіреді. Аймақта 7 мыңнан астам жұмыс жасап тұр­ған мекеме барын және 330 мың­нан астам азамат жұмыспен қам­тылғанын ескерсек, бұл – соның 28 проценті ғана кәсіподаққа біріккен деген сөз. Кәсіподақ қатарын көбейту бойынша біршама жұмыс жүргіздік. Нәтиже де бар, бірақ бұл жеткілікті емес. Көбінесе кәсіп­орын­дар басшылығы тарапынан қол­дау таппайтын бұл мәселенің маңызын жұмыскер проблема туын­дағанда ғана сезінеді. Өткен жылы денсаулық сақтау жүйесі мен шағын және орта бизнес жұмыс­керлерінің салалық кәсіптік одағы бірлестігінің филиалы құрылды. «Сенім» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлері кәсіподағы бір жылда қыруар жұмыс атқарды. Бүгінде облыстық филиалдың 40 бастауыш ұйымындағы кәсіподақ мүшелерінің саны 18 мыңнан асты. Шағын және орта бизнес өкілдері кәсіподақ қозғалысынан мүлдем жырақта болып келген еді. Осы орайда сала қызметкерлерінің «Ынтымақ» бірлестігі жүйелі жұмыс жүргізе бастады. Құрамында 7 бастауыш ұйым құрылып, 683 адамның басын біріктірді. Оның ішінде «Қызылорда автобус паркі», «Энергосервис» серіктестігі секіл­ді белгілі кәсіпорындар бар. Мұнай саласы бойынша аумақтық кәсіподақтар бірлестігі мен салалық кәсіподақтардың жүйелі жұмысы нәтижесінде «Қуат Амлон Мұнай», «СНПС АйДан Мұнай» компанияларында кәсіподақ ұйымдары құрылды. «Шалқия Цинк», «Сибу-Кызылорда», «ҚОР», «Гежуба Шиелі Цемент» компания­ларында кәсіподақ құру үшін жұмысшылармен кездесіп, түсін­дірме шараларын жүргіздік. Жаңа жұмыс орындарының ашылуына байланысты алдымызда көрсеткішті арттыру міндеті тұр.

– Мұндай ұйымды құру үшін не керек?

– Қызметкерлердің санына байланып тұрған ештеңе жоқ. Ынта болса, жетіп жатыр. Өйткені, тарихқа көз жүгіртсеңіз, еліміздегі ең алғашқы кәсіподақ ұйымы 1905 жылы Қарағанды облысының Өспен мыс кенішінде 5 шахтердің бастамасымен құрылған болатын. Ондағы жұмысшылардың еңбек шарты ауыр болған. Өндірісте қауіпсіздік шаралары сақталмаған. 10-12 сағаттан артық жұмыс істесе де, тым аз жалақы алған кеннің санаулы жұмысшысы бірігіп, басшылыққа еңбек шарттарын жақсарту туралы талап қояды. Нәтижесінде талап қабылданып, бәрі өндіріске енгізіледі. Елімізде кәсіподақ ұйымы осылайша пайда болған еді.

– Еңбек ету кезінде адамдардың жарақат алу, мертігу жағдайлары болып тұрады. Оларға сіздердің ұйымнан қандай көмек бар? Жазатайым оқиғалар қай салада көбірек кездеседі?

– Жазатайым оқиғалар негізінен коммуналдық шаруашылықта, мұнай және құрылыс салаларында кездеседі. Осы жылдың 9 айында 49 жазатайым оқиға тіркелсе, оның 28-і қызметімен байланыс­ты. Салдарынан 30 адам зардап шекті, 19 адам ауыр жарақат алып, 6 адам қаза тапты. Жұмыс барысында болған қандай да бір келеңсіз оқиғаның ақ-қарасын анықтауға біз міндетті түрде араласамыз. Жұмысшы мүддесін қорғауда аянып қалмаймыз. 2017 жылы «Қызылорда су жүйесі» кәсіпорнының 5 жұмысшысы көмірқышқыл газынан уланып, қаза тапты. Қайғылы оқиға жұмысшыларда жеке қорғану құралдарының болмауынан тіркел­ген. Сол кезде кәсіподақтың ықпалымен марқұмдардың отбасыларына толығымен өтемақы төленді. Бұл көп мысалдың бірі ғана. Еңбек кодексінің талаптарына сәйкес әр кәсіпорында еңбек қауіпсіздігін бақылайтын өндірістік кеңес құрылуы тиіс. Оның құрамына кәсіподақтар ұсынатын техникалық инспектор міндетті түрде кіреді. Қазір облыста осындай 628 кеңес құрылған. Онда 658 техникалық инспектор қоғамдық жұмыс атқарады. Біздің ендігі мақсат – кәсіподақ ұйымы бар мекемелер мен кәсіпорындарда өндірістік кеңестердің құрылуын 100 процентке жеткізу. Ал кәсіподақ ұйымы жоқ мекемелер қаншама, оны жоғарыда айтып өттім.

– Жасырып қайтейік, жұмыс істейтін жерімізде еңбек шарты жасалу керектігін көбіміз біле бермейміз. Жасалған күнде де оны тәптіштеп оқымай, қол қоя саламыз. Біз осы енжарлығымыздан опық жеп жүрген жоқпыз ба?

– Кез келген мекеме алдымен еңбек шартын жасауы тиіс. Оны жұмысқа тұрып жатқан азамат та талап етуі керек. Өкінішке орай, еңбек шартын жасауға, жұмысшылар құқығын қорғайтын кәсіподақ ұйымын құруға кейбір мекеме басшылары селқос қарайды. Бұл дұрыс емес. Егер жұмыс беруші мен жұмыскердің арасындағы келісімшарт толық орындалса, қоғамда еңбек дауы туындамас еді.

– Елдің бірнеше өңірінде әлеу­меттік теңсіздікке байланыс­ты наразылық шерулері өтті. Енді облыс­тағы ахуалды бағамдасақ. Біріккен кәсіпорындарда қазақ­стан­дықтар мен шетелдіктерге қатысты бөліп-жару байқалмай ма?

– Айлық жалақы бойынша алалау немесе басқа да теңсіздіктерге байланысты қандай да бір толқудың болу қаупі туындаған емес. Облыс әкімдігі, кәсіпкерлер палатасы – біздің еңбек саласындағы әлеуметтік әріптестеріміз. Жұмысшылардың көңілі толмайтын кез келген мәселені солармен бірігіп шешуге мүдделіміз. Мысалы, «Қызылорда су жүйесі» мекемесіндегі қысқартуға байланысты туындаған мәселеде аумақтық кәсіподақ бірлестігінің бақылауымен еңбек заңнамалары мен мекемедегі ұжымдық шарт ережелерінің бұзылуына жол бе­р­ілген жоқ. Қысқартылуы тиіс бол­ған 85 штаттық қызметкердің 73-не жұмыс орындары қарастырылды. «ҚуатАмлонМұнай» компаниясында қысқартудың алдында тұрған 25 адамның еңбек құқықтарының толық сақталуына қоғамдық бақылау жүргізілді. Кәсіпорын басшылығымен арадағы келіссөздер нәтиже берді. Соның арқасында жұмыстан босайтын қызметкерлер мердігер мекемеге жұмысқа қабылданды.

– Осы орайда ұжымдық шарттың маңыздылығын атап өтпеуге болмас...

– Ұжымдық шарт – кез келген мекеме мен кәсіпорынның Конс­титуциясы, кәсіподақ ұйымының ең қуатты құралы. 1 қазандағы мәліметке қарағанда, облыста 6005 мекеме мен кәсіпорынның ұжымдық шарттары тіркелген. Бұл – барлық мекеменің 89 проценті. Кәсіподақ ұйымдарының санына шаққанда 17 процентті ғана құрап отыр.

– Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосуда үлгі етуге тұрарлық қандай ұйымдар бар?

– «Жаңақорған» шипажайы әлеуметтік қорғау шараларымен дараланады. Кәсіподақтар күніне орай жыл сайын көпбалалы, жалғызбасты аналарға жалақының ең төменгі мөлшерінің екі еселенген бөлігін беріп тұрады. Шипажай қызметкерлері әрбір жаңа туған сәби үшін жалақының ең төменгі мөлшері көлемінде көмек алады. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясында зейнеткерлікке шыққан адамға 1 миллион теңге өтемақы, балалы болған отбасыға бір реттік жәрдемақы төленеді. Туы­сы қайтыс болған мұнайшыларға үшкүндік ақылы демалыс бері­леді. Жұмысшылардың балаларын оқытуға қаржылай көмек көрсетіледі. Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің «Senim» салалық кәсіптік одағы да Жас­тар жылында игі бастамаға үн қосты. 7 маманға 500 мың теңгеден біржолдық жәрдемақы берді. «7-20-25. Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» бағдарламасы аясында тұрғын үйдің алғашқы жарнапұлы – 20 процент көлемінде 1 миллион теңгеден 2 маманға, 1 миллион 500 мыңнан 4 маманға сертификаттар табысталды.

– Сөз соңында мерекелік лебізіңізді білсек. Қалай ойлайсыз, кәсіподақ қайткенде қуатты күшке айналады?

– Үкіметтің 2019 жылғы 22 мамырдағы №303 қаулысымен мерекелік тізбеге Кәсіподақтар күні қосылды. Бұл – кәсіподақтар қозғалысына үлкен мән беру, қоғамдағы ролін мәртебелеу деп есептеймін. Кәсіподақ ешқашан жоғалмайды және маңыздылығын жоймайды. Ол елімізде ғасырдан астам уақыт бойы жасап келе жатыр. Әлемдік экономиканы қалыптастыратын да, қоғамдық тұрақтылықты реттейтін қозғаушы күш – еңбеккерлер екенін ескерсек, кәсіподақтың қажеттілігі уақыт өткен сайын артпаса, кемімейді. Мерекеге орай әріптестерімді, кәсіподақ қайраткерлері мен мүшелерін құттықтаймын. Еңбек адамының мүддесі жолындағы жұмысқа жетістіктер тілеймін.

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!

Әңгімелескен

Назерке САНИЯЗОВА.

«Сыр бойы».

Cұхбат 12 қазан 2019 г. 1 049 0