Жақсылық РАХМАТУЛЛА: «Журналистер бір-бірімен бауырдай жақын болды»

 «Сыр бойы» бұл бас редактор басшылық жасаған тұста ротация жүйесінен офсеттік басылымға ауысты. Осылайша қағаз бен қолдан май тамшылатып, бар уақытты алып, жүйкені жұқартқан газет шығару жұмысы жеңілдеді. 

Ал, 2005 жылы «Сыр бойы» Қазақстан журналистер академиясының ең мәртебелі жалпыұлттық журналистік сыйлығы – «Алтын жұлдыз» белгісімен марапатталды. Бұл – 1979 жылы кеңестік жүйенің ірі марапаты «Құрмет белгісі» орденінен кейінгі алған айтулы жетістік. Мұнда да бас редактордың жанкешті еңбегі бар. 

Бастысы «Сыр бойына» ол жетекшілік еткен уақытта қызметке жаңа орналасқан тілшілер қазір ақпарат саласының үздіктеріне айналды. Олардың бәрі де журналистикаға жанымен, жүрегімен қызмет еткен Жақсылық Рахматулланы аузынан тастамайды. Иә, баспасөздің брендіне айналған бас редактордың «Сыр бойы» газетінің тарихындағы орны бөлек. Елордаға сапарымызда 74 жастағы Жақсылық ағаға арнайы барып, газеттің бұрынғысы мен бүгіні туралы сөз қозғадық. Жазушымен әңгіме барысында жары Айжамал апаны да сөзге тарттық.

– Жақсылық аға, «Сыр бойы» басылымына 12 жыл жетекшілік жасап, қажырлы еңбек, қалтқысыз қызметті серік еткеніңізден хабардармыз. Сол жылдар туралы өзіңіз айтып беріңізші...

– «Сыр бойына» бас редактор болып келместен бұрын Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы», Сырдария аудандық «Сырдария» газеттерінде қызмет етіп, ақпарат әлеміне аяқ бастық. Кешке дейін машбюро мен карбюроның ортасында жүріп, түн қатып газет шығарған талай күндер өтті. Баспахананың жұмысы тоқтап, газет тіпті Шымкентте басылды. Сол кездегі жанкешті жұмыстар әлі есімде. Бірде «Қызылорда облысында экологиялық ахуал күрделі емес, мұндағы жағдай жақсы» деген пікір айтылып, соған орай жиналыстар өте бастады. Әрине, мұндай негізсіз әңгіме айтылғанда журналистер қарап қалмайды, бір топ тілшілер қарсылық танытты. Сол күнгі газет дайындалып қойған, ал оның ішінде бұл жиналыс туралы бір материал жоқ. Не істейміз? Мен де сонда жүрмін. Сонымен газеттің негізгі бөлігі Шымкенттен шыға берсін, ал жиналыс бар бетін Қызылордадан, үйден шығарайық деген шешімге келдік. Біздің үйде аурухананың бланкасын, брошюра шығаратын шағын ғана баспахана бар еді. Әлгі бетті тәуекел етіп, сонда шығаруға бел будық. Уақыт тығыз. Бір түннің ішінде, басылым Шымкенттен келем дегенше әлгі бетті дайындап, пош­таға барып, мыңдаған газеттің ортасына салып   шығу керек. Сонымен көп созбай іске кіріскен Оразбек мақаланы дайындап, бірден макетін сызып, беттің дұрыс шығуы үшін Бақытжан, Жанар есімді дизайнерлер, жарым Айжамал көмектесіп А3 форматтағы газет бетін басуға кіріседі. Бұл құрылғы қисық баспасын деп қарап отыру, қатесін қайта-қайта түзетіп, метриалды қағаздың екі бетіне де түзу басу қия­мет-қайым жұмыс. Түнімен қалғып-мүлгуге жол бермей, бір-бірін оятып жүріп, таң атпай газетті күтіп алып, пош­ташылармен жағаласып, әлгі материал басылған бетті газеттің ортасына салып үлгергені есімде.

Газет қорғасын әріптермен басылатын болғасын қағаз түгілі, қолдың, редакция есіктерінің де қара май болып қалуы таңсық емес еді. «Сыр бойына» редактор болып келгесін, журналистерді ой еңбегіне қоса қажытқан газет өндірісін ротация жүйе­сінен офсеттік басылымға ауыс­тырдық. Біртіндеп тілшілер интернет­ке қосылып, элек­т­р­онды пош­таны пайдалана бастады. Құрылғыны келісім-шарт арқылы шетелден алдыр­дық, бұл сол кез үшін үлкен жетістік еді. Ал, газеттің таралымы аз уақыттың ішінде елу мыңнан асып жығылды.

Қазіргідей пернетақтамен едел-жедел материал дайындайтын уақыт емес. Қази Данабаев, Оразбек Мақсұтұлы сынды журналистер диктовка жасайтын, мақала қаламмен жазылады. Қағазға жазған дүниемді машинкаға теру үшін Айжамалға әкелсем, қолтаңбамды түсінбей, қайта-қайта сұрағыштай береді. Сондайда «жұмыстағы теруші Жаңылған бір рет сұрамай жазушы еді» деп ренжитінім бар.

– Журналистердің бір-­біріне деген құрметі де жоғары болыпты. Сыр журналистикасында сіз баптаған шәкірттердің қазір осалы жоқ...

– Иә, қай жерде жүрсек те «Сыр бойының» атына сын айтқызбауға, қадірін түсіретіндей сөз келтірмеу­ге барымызды салдық. Тілшілер жұмыс күндерінен бөлек, мейрам мен демалыс­тарын да бірге өткізетін, бауырдай жақын болды. Кейде жұмыс барысында әріптес­тердің бір-біріне аңдамай ауыр сөйлеп, кейбір жағдайды ескермей қалатын кездері болады. Басымыз қосылғанда «Бауырларым, жұмыс кезінде аңдамай айтылған сөзді көңілге ауыр алмаңдар, бір-біріңді қадір тұтып, жанашырлық танытыңдар» деп жиі айтушы едім. Сол кездегі «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Өтеген Жаппарханмен қоғамдағы мәселелерді тілге тиек етіп, қай жағдайды да ақылдасып, істің шешімін тауып отыратынбыз. Газеттің бірнеше қосымшасын шығарып, жас журналис­терді бейімі, қабілетіне қарай соған жауапты етіп бекіттім. Айталық, «Махаббат» қосымшасын ақын Дүйсенбек Аяшұлы, «Жарнаманы» Айғали Қарабалаев, «Хан алшы» қосымшасын Нұрмахан Елтай жауапкершілігіне алды. Дүйсенбек керемет ақын, Айнұр Тұңғышбаева мықты маман болды. Мен редакторлық еткен тұста Гүлжазира Жалғасова, Қаныбек Әбдуов, Айнұр Батталова, Қуат Шарабидинов, Айнұр Тұңғыш­баева, Әділжан Үмбет журналистикаға қадам басты.

– Қызметкерлерге деген қамқорлығыңыз ерекше болғаны бір бөлек, сол кезде бірнеше журналистің үй алуына себепкер болыпсыз. Олар кімдер еді?

– Егемендіктен кейінгі елең-алаң уақыт халықтың жаңа тұрмысқа бейімделудің жолын таппай дағдарып, ел ерге, ер жерге қараған тұс еді. Қызметкерлер айлап жалақы алмайтын. Мұндайда не істеу керек, тілшілерге айлықты қалай тауып береміз? Сол кезде редакция жанынан «Дария» деген дүкен ашып, шағын баспахана жасадық. Қаражат жағы тапшы. Газетке басылған жарнамалардың өтеміне де тапсырыс берушілер мал әкеліп беретін. Басқа амал жоқ, дүкеннен түскен қаржы, әлгіндей жиылған төрт түлікті айлық есебінен журналистерге таратып беретін едік. Бұл сол кездегі қиындықтан шығудың бір жолы болды. Бірақ, бастаманы сынаушылар да аз болған жоқ... Сондай-ақ, арнайы келісім жасап, бірнеше журналистің Жаңақорған шипажайында емделіп, Меркеде демалуына жағдай жасадық. Журналистер ұйымының облыстық төрағасы болғанымда да, журналис­тердің кәсіби марапат иеленуі үшін қарап қалмадым. Соның арқасында Қази Данабаев, Оразбек Мақсұтұлы, Өтеген Жаппархан атақ алды.

Бірақ кейде әлі күнге де­йін Сыр елі журналистерінің «Құрмет», «Парасат» сынды жоғары марапаттарды иеленбегеніне көңілім түседі. Бір жылдары «Парасат» орденіне Әскербек Рахымбекұлын ұсынып, марапатты ол емес, ағаш ұстасы алғанда жаным ауырды. Ақпарат саласы мамандарының әлеуметтік жағдайына мән берілмейтіні бар, бірақ олардың тұрмысы қашанда назарда болуы керек.

– Биыл «Сыр бойы» 90 жасқа толды. Шәкірттеріңіз сіздің болмысыңызды, жана­шыр­лығыңыз­ды жиі айтып жүреді.  Өзіңіз туған жерге соңғы рет қашан бардыңыз?

– Жасым келген сайын сол бір жылдарға күн сайын ойша сапар шегіп, қиындығы мол кезеңді есіме аламын. Бауырымдай болған әріптес, шәкірттерімнің менің өмірімдегі орны бөлек еді. Елге бармағаныма да төрт жылдан асыпты. Егер сәті түссе «Сыр бойының»  90 жылдығына арнайы барып, елдегі қаламгерлерді, замандастарымды көрсем деймін.

– Аман болыңыз, аға!

Әңгімелескен

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

Қызылорда-Нұр-Сұлтан-Қызылорда.

Cұхбат 09 қараша 2019 г. 595 0