Желідегі балаға бақылау керек

Желідегі сөз бостандығын теріс пайдалану қоғамдағы агрессия деңгейінің асқынуына алып келуі әбден мүмкін. Зияны жоқ ақпарат алмасу интернет зорлық-зомбылық – кибербуллингке қалай айналады және одан бала қалай қорғануы керек? Бұл туралы «BilimFoundation» қоғамдық қорының облыс бойынша өкілдігінің жетекшісі, психолог Сымбат Әбдірахмановаға бірнеше сауал қойған едік. 

– Алдымен кибербуллинг ұғымының нақты анық­та­ма­сын білсек. Мәселе қанша­лықты өзекті және неден бас­тау алады?

– Кибербуллинг – интернет-технологияларды, компью­тер­лерді, гаджеттерді және бас­қа да электрондық девайстар­ды қолдану арқылы біреуге мақсат­ты және қайталамалы түрде кел­тірілетін зиян. Бұл термин бірінші кезекте балалар мен жас­өспірімдерге қатысты желі зорлық-зомбылығының сипаттамасы екенін айтып өткен жөн. Себебі ересектерге қатысты бұл ретте «киберхарассмент» деген танымал ұғым бар.

Балалар арасында топ мү­ше­лерінің бірін агрессивті қудалау не қорлау мәселесі бұрыннан бар болғанымен, интернеттің да­муына байланысты мектеп­тер мен өзге алаңдардағы клас­сикалық зорлық-зомбылық же­лі кеңістігіне өтіп, таралымы бүгінде бақылаудан шығып барады. Мәселен, әлеуметтік же­лілермен танысқан адам үшін бұл – бүгінгі күннің жаңа нормаларына лайық болу құралы. Жаңа заман баласы үшін интернет – қоғамға бейімделу про­цесінің үлкен бөлігі өтетін ке­ңістік. Өз кезегінде, баланың желіде қалыптастырған әлеу­мет­тік нормалары кәдуілгі өміріне өтіп, қарым-қатынасына тікелей әсер ете алады. Осыдан-ақ, ки­бербуллингтің, яғни желідегі қорлау, қудалау мәселесінің өзек­тілігін байқауға болады.

– Интернет зорлық-зомбы­лық­тың түрлері қандай?

– Бүгінде желі қолданушыла­ры­ның белсенділігінен туған ки­бербуллингтің сан түрлі жік­темесі бар. Олар: флейминг, трол­линг, жала жабу, адам құ­пияларын ашу, жаю, желіде тұл­ғасын ұрлау, остракизм, алаяқ­тық, киберсталкинг, секстинг және т.б. Мұның бәрі ба­лаға желіде телефон немесе СМС арқылы шабуыл жа­сау түрлері. Сондай-ақ, «кибер­­буллинг» ұғы­мы аясына бул­линг­тің тіке­лей және жанама түрлерін де жат­қызуға бо­ла­ды. Бұл, өз ке­зегінде, қуда­лау, зорлық-зом­бы­лық көрсету проце­сіне өзге адам­дардың тікелей қа­ты­су­ын білдіреді. Мысалы, бала­ның желідегі аккаунтынан оның достарына немесе мұға­лім­деріне агрессивті, қисын­сыз хабарла­малардың жіберілуі – соның айқын белгісі.

– Кибербуллинг қаншалық­ты қауіпті? Салдары қандай?

– Қауіп деңгейін білу үшін интернет зорлық-зомбылықтың белең алу себептерімен таныс болу жеткілікті. Біріншіден, же­­ліде шабуыл жасау өте ың­ғай­лы, адам арам пиғылын жа­­сырын және негізгі шаруаларынан бөлінбестен жүзеге асырады. Екіншіден, қудалаудың бұл түріне үлкен аудиторияны тарту оңайырақ. Бұл ретте, агрессорларға психологиялық тұрғыдан жеңіл, себебі желіде ешкім ешкімді тікелей көрмейді және әрекеттеспейді. Сондай-ақ, бақылаушылар саны да бірнеше есе артады, себебі, өзгені жә­бірлеген пікірге лайк қоя салу оны тепкеннен әлдеқайда жеңіл.

Балалардың көпшілігі қуда­лауға тап болғанын айтпайды, сәйкесінше, ешбір шара қол­дан­байды. Бұл, өз кезегінде, ки­бербуллинг қаупі мен салдарын одан бетер арттырады. Себебі, кері байланысы бол­мағандықтан, қарсыластың ин­тернет шабуылы ұзаққа созылуы мүмкін. Құрбанының реакциясын байқамаған агрессор қудалауға жұмсаған күшінің қайтарымын көрмейді. Бұл фактор жәбірленушінің жағдайын одан әрі қиындатады, себебі же­ліде агрессордың шын мәнінде қаншалықты қауіпті екенін бағалау мүмкін емес.

– Кибербуллингпен күресу, алдын алу мақсатында қандай жұмыстар атқарылып отыр?

– «Сандж» орталығының был­тырғы зерттеуіне сүйенсек, сауалнамаға қатысқан мектеп оқу­шыларының 66 проценті мектепте түрлі дискриминацияға (буллинг, бопсалау, қудалау, фи­зикалық және психологиялық қысым көрсету, кибербуллинг) тап болған. Мәселе өзек­­тілігін ескере отырып, облыстық бі­лім басқармасы «Bi­lim Foun­dation» қоғамдық қоры­мен күш жұмылдырып отыр. Тарап­тар­дың бірлесуімен арнайы ма­мандар мектеп оқу­шы­ла­рына кибербуллинг туралы про­фи­лак­тикалық тү­сін­дірме жұ­мыс­тарын жүргізіп, мұғалімдер мен ата-аналарға мәселенің алдын алу, тап болған жағдайда кү­ресу тұрғысында арнайы тре­нинг сағаттарын өткізуде. Сон­дай-ақ, қорлау-қудалауға тап болған балалар анықталып, оларға жүйелі психологиялық көмек көрсетіліп отыр. Одан бөлек, өңір оқушылары арасында арнайы сауалнамалар арқылы желі зорлық-зомбылығының ен­ді ғана басталған жағдаяттары анықталып, балаларды уақы­тында ақпараттандыру арқылы мәселені түбірімен жою амалдары жасалды.

– Желіде қорлау, қудалауға тап болған балалар мен жет­кін­шектер қалай қорғануы керек?

– Ар-намысқа тиетін электронды хаттар алып, әдепсіз бей­нероликтер мен суреттер, жал­ған аккаунттар арқылы тиі­судің құрбанына айналған жағ­дайда, бала оларға жауап берместен, қорлау белгілері бар хаттардың скриншотын жасап, сақтап қоюы керек. Жала жабуға тап болса, агрессорға бұл қадамның қылмыстық іс екенін еске салуы қажет. Интернетте жеке өмірге қатысты сурет, видео немесе өзге де жеке ақпаратты жарияламас бұрын жақсылап ойланған жөн. Әлеуметтік желідегі құпия сөздерді жиі ауыстырып, байланыстар тізімін тазалап тұру керек. Күмәнді онлайн-топтарға жазылмаңыз. Ұрыс-керіс, қор­лау, флейм бар чаттардан дереу шығып кету керек. Біреу қор­қытып, қауіп төндірген жағ­дайда, бала дереу ата-анасына не­месе өзге жақынына хабарлауы тиіс. Абзалы – қорлау-қудалау тоқтамаған жағдайда полицияға қоңырау шалу.

Әңгімелескен

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

Cұхбат 26 қараша 2019 г. 539 0