Бұл жетістік бізге оңай келген жоқ

Олжас АКИМОВ,

облыстық дене шынықтыру және

спорт басқармасының басшысы:


Жуырда ғана Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Altyn samǵaý-2019» Ұлттық спорттық жүлдесінің жеңімпаздары марапатталды. Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ұйымдастыруымен өткен шарада облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы «Үздік спорттық өңір» номинациясын жеңіп алды. Сондай-ақ, мәнерлеп сырғанаушы жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаева қысқы спорт түрлері бойынша «Үздік спортшы» атанды. Жыл бойына Сыр спортының даңқын асқақтатқан жеңісті күндер көп болды. Оның үстіне, биылғы басты жеңіс – «Қайсардың» жиырма жыл бұрынғы ерлігі қайталанды. Сүйінші жаңалықтың ізін ала бере облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Олжас Акимовпен сұхбаттасқан едік. 

– Республика бойынша үз­діктер көшін бастадық.  Рас, спортта ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз жетер­лік. Бұл марапаттың жауап­кершілігі қандай болмақ?!

– Қоғамның қайсыбір саласында болмасын, даму бар. Спорттағы алға жылжудың куәсі – өздеріңіз. Жетістіктеріміз өткен жылмен салыстырғанда едәуір артқан.  Жыл басынан бері Қазақстан, Әлем, Азия чем­пионаттары мен облыс­тық, республикалық және ха­лық­­аралық жарыстарда спортшыларымыз 6492 медальді об­лыс қоржынына салды. Бұл анағұрлым көп. Мәселен, 2017 жылы 3817 медальға қол жет­кізсек, былтыр 5418 медаль еншімізге тиді. Мұның өзі – ерекше айтып өтерлік нәтиже. Жоғарыда сіз атап өткен же­тіс­тік осындай жеңістеріміз үшін берілді.  

Жапонияның Сайтама қала­сында мәнерлеп сырға­наудан өт­кен чемпионат біраз уақытқа дейін ел арасында айтылып жүрді. Сол жарыста жерлесіміз Элизабет Тұрсынбаева Әлем чемпионатының күміс жүлдесін иеленді әрі төрт айналым элемент секірген әйелдер арасында тұңғыш рет тарихқа енді. Қаршадай ғана қазақ қызы әлем дәрежесінде Алаштың абыройын асқақтатты. Біз неге үздік атанбаймыз?

АҚШ-тың Лас-Вегас қала­сында ауыр атлетикадан жас­өспірімдер арасында өткен Әлем чемпионатында Сәпи Есенгелді мен Бекболат Рахат  жеңімпаз атанды. Бұл да дүние жүзінің алдындағы абыройымызды ас­қақтата түсті. Біздің үздік болуға лайық екенімізді айшықтайтын тағы бір себеп – осы.

Нұр-Сұлтан қаласында еркін күрестен өткен Әлем чемпионатында Дәулет Ниязбеков күміс жүлдені иеленіп, 2020 жылы Токиода болатын Олимпиада ойындарына жолдама алды. Ал мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында жеңіл атлетикадан Ислам Салимов Паралимпиада ойындарына жолдама алды. Ресейдің Екатеринбург қаласында бокстан өткен Әлем чемпионатында Қамшыбек Қоң­қабаев күміс, Тұрсынбай Құ­лахмет қола жүлдеге ие болды. Жақында ғана Алматы қаласында қазақ күресінен өткен «Әлем барысы» әлем чемпионатында Мақсат  Исағабылов қола жүлдені иеленді. Сыр халқы үшін бұл аты қола болғанмен, заты алтынмен пара-пар жүлде болды. Өйткені, отыз мемле­кет оғландарының арасынан жарып шығып, алғашқы үш­тікте болуға көп мемлекеттің мүмкіндігі де болмады. Біздің спортшыларымыз жарады. Ме­рейіміз үстем болып тұр. Осындай жетістіктеріміз үшін «Үздік спорттық өңір» атандық. Жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Үздік атанған екенбіз, соған лайық еңбек етуіміз керек. Енді бұрынғыдан бетер тер төгеміз. Мақсат – айқын, жоспар – нық. Облыс халқының қолдауымен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып әлі талай асудан асамыз.

– Жыл аяғына жақын­дадық. Әр жылды түйіндерде кейінге көз тастап, биыл не бітірдік деп жатамыз ғой. Халық арасында биылғы жыл­дың басты жеңісін «Қай­сармен» байланыстыратындар көп. Сіздіңше, басты же­ңі­сіміз қайсы?

– «Халық айтса, қалт айт­пайды» деген бар. Елден асып қайда барамыз? Еткен еңбегіміз, атқарған жұмысымыз жұртшылықтың көз алдында. Нәтижеміз де солай болмақ. Би­ылғы жылдың басты жаңалығы – «Қайсар» футбол командасының Қазақстан кубогы ойындарында жеңімпаз атануы. Команда араға 20 жыл салып, екінші мәрте финалға шықты. Алдағы мақсат – келесі жылы Еуропа лигасында лайықты өнер көрсету. Осы үдеден шығу үшін аянып қалмаймыз.

– Еуролига демекші, қа­зіргі дайындық қалай? Мүмкіндігіміз қаншалықты?

– Жыл өткен сайын нәтиже жақсарып келеді. Бұл  жолдама біздің биылғы басты табысымыз. Енді алдағы чемпио­натта жүлдеге қол созсақ де­­ген мақсатымыз бар. Сол үшін тыңғылықты әрі тынымсыз тіршілік етудеміз. Бастысы, қор­­ғаныста сауатты, шабуылда ширақ қимылдасақ, техникалық жағынан түсіністік, бір-біріне деген сенім жоғары болу керек. Оның үстіне «Қайсардың» жанашыр жанкүйерлері же­тер­лік, олардың қолдауы ко­ман­­даға жігер сыйлайды. Әри­не, қаламызға Еуропа лигасы алғаш рет келген соң «Қайсар» жанкүйерлерін жеңіс­пен қуан­тады деп ойлаймын. Оның үс­тіне командамыз Еуролигада Қазақстанның намы­сын қор­ғайды. Сондықтан футбол­шы­ларға үлкен жауапкершілік жүктеледі. Биыл команда ішінде бәсекелестікті арттырамыз. Бұл футболдың өрістеп дамуына септігін тигізеді.

– Біздің өңір күрестен ал­да келеді, бокстан да қалыс қалғанымыз жоқ, сырға­нау­дан да талай асудан астық. Ен­ді қандай спортты дамытуы­мыз керек?

– Облыста жоғары білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында Олимпиада резервін даярлау орталығы, спортта дарынды балаларға ар­налған мектеп-ин­тернат-кол­леджі, облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебі және балалар мен жасөспірімдерге арналған 21 спорт мектебі жұмыс істеп тұр. Бүгін­гі жас спорттың қай түрімен шұғыл­данамын десе де, мүмкіндік жеткілікті. Тек табандылық керек. Бұл мектептерде 21 мыңға жуық оқушы  спорттың 41 түрі бойынша жат­тығып жүр. Түптеп келгенде, біз спорттың барлық түрін дамытуға жағдай жасаудамыз. Қызылордада кенже қалған спорт түрі жоқ деп айта аламын.

– Олжас Азатұлы, Сыр­дағы спорт саласына басшы боп кел­генде алды­ңызға қандай мақ­сат қойып едіңіз? Қазір сол мақсатқа жете алдыңыз ба?

– Әр адамның алдына қойған мақсаты болады. Мақсатсыз ешқан­дай да жетістік болмайтыны анық. Оған жету үшін аянбай еңбек ету керек. Еңбек өз нәтижесін береді. Менің ең бірінші мақсатым – облыс­тың спортын дамыту, әлеуетін арттыру болды. Алға қойған жос­пар­лар спорт саласындағы әріп­­тестерімнің бірлесуімен ке­зең-кезеңімен атқары­лып жатыр.

– Мәселен... Нені атап өтер едіңіз?

– Ерекшелеп атап өтетін нәр­се көп. Халықтың спорттық нысандарға қолжетімділігін арт­тыру мақсатында, соңғы екі жылда аймақта 16 спорт ғимараты іске қосылды, оның 7-еуі облыстық бюджеттен, 9 спорт кешені мемлекеттік-же­кешелік әріптестік аясында пай­далануға берілсе, 18 жоба­ны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар, Ғ.Мұ­ратбаев атындағы орталық ста­дионға қайта жаңғырту жұ­мыс­тары жүргізілді, 5 дене шы­нық­тыру-сауықтыру кешені құ­ры­лысының жоба-сметалық құ­жаттамасы әзірленуде.

Сондай-ақ, «Мұз айдыны» спорт кешенінің жанынан ашық жүзу бассейні ашылды. Жа­лаңтөс баһадүр атындағы олим­пиадалық резервтің облыстық ма­мандандырылған мек­теп-интернат-колледжі күрделі жөн­­деуден өтті. Жоғары спорт ше­­берлігі мектебі, «Евразия» спорт кешені, №1, 2 және №5, аудандағы №8, 13 және №19 облыстық олимпиадалық ре­зерв­тің мамандандырылған ба­ла­­лар-жасөспірімдер мек­теп­тері­не, «Ев­разия» спорт кеше­нінің бассейніне жөндеу жұмыстары жүргізілді. Мұндай жұмыстар Қармақшы ауданы, Жосалы кен­тіндегі орталық стадион, Қазалы ауданы Әйтеке би кентіндегі орталық ста­дион жөндеуден өтті. «Нұрсәт» теннис орталығының 4 жабық тен­нис кортының құрылыс жұ­мыс­тары жүр­гізілуде, 2020 жылы пай­да­лануға беріледі. 2018 жылы спорт мектептерінің ма­териалдық-техни­калық базасын нығайту мақсатында қала, аудан мектептеріне 8 автокөлік берілсе, биыл 2 авто­көлікпен қамтамасыз етілді. Сон­дай-ақ, былтыр Қызылорда қала­сында ұлттық және ат спорты түр­лері бойынша спорт клубы, биыл  мү­гедектерге арналған спорт клубы құрылды. Жалаңтөс баһа­дүр атын­дағы облыстық мек­теп-интернат олимпиадалық ре­зерв­тің ма­ман­дан­дырылған мек­теп-интернат-колледжі аталымына ие болды. Мұның бәрі өңірдегі спорт сала­сының дамуына әкеледі.

– Жоғарыда сіз атап өткен жұмыстың барлығы аймақ спортшыларына жасалған жағдай десек те болғандай... 

– Біздің спортшылардың же­ңісі – салауатты өмір сал­ты­ның шынайы насихаты. Спорт­шылардың жеңісімен рухтанған балалар мен жасөспірімдердің спортпен айна­лысуға ықыласы арта түсетіні анық. Спортшының әрбiр жеңiсi құрметке ие. Әри­не,  оларға  қандай марапат көр­сетсек те жарасады. Өйт­кені, олар­дың әрбір жеңісі елі­міздің ұлы­лығын дәріп­теу­ге арналады. Ұлы даланың ұлан-­ғайыр атырабында ер­кін өскен дана халықтың бүгінгі ұр­пағының да осал емес екенінің көрінісі бұл. Тағы бір айта ке­терлігі, облыста 67 спортшы әртүрлі дең­гей­де стипендия алады.

– Олжас Азатұлы, тағы бір сұрақ. Бұқаралық спортты дамы­туға байланысты қандай жұмыс ат­қарып келесіздер? Алдымызға меже қойдық, соған жете алдық па?

– Бұл мәселе күн тәртібінен түскен жоқ. Бүгінгі көрсеткіш бойынша облыста дене шынық­тыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар қатары 29 процентке жетті. Бұл – 232 мыңға жуық адам. Осы мақсатта 138 елді мекенде 282 спорт нұсқаушысы жұмыс істейді. Рес­публикада дәл мұндай мүм­кіндік жасап отырған бірден-бір аймақпыз. Сондықтан бұл тақырыпта еңсемізді түсірген жоқпыз. Бүгінде 7 аудан орталығында және Қызылорда қаласында 8 дене шынықтыру-сауықтыру клубында 12 мыңға жуық адам спортпен тұрақты шұғылданады. Мұндағы негізгі мақ­сат – жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту. Жыл бойында қаншама шара өтіп келеді. Есептеп қарасақ, оларға 392 мың адам қатысыпты. Әртүрлі жас ерекшеліктеріне сәй­кес акциялар, жарыстар, эста­феталар жолға қойылған. Вело­марафонның өзі қаншама рет өткізіп жатыр. Нәти­жесінде біз бұқаралық спортпен шұ­ғыл­данушылар қатарын арттырып, спорттың денсаулық кепілі еке­нін көрсетеміз. Біз бұл межемен тоқтап қалмаймыз, әрі қарай да дамыту бағытында аянбай тер төгеміз. Сәл жетістікке жетсек, бізбен бірге қуанып, еңбегімізді елге көрсетуде еңбектеніп, саланы насихаттап жүр­ген сіздерге алғыс білдіремін.

– Жетістік көп болғай. Рақмет.


Әңгімелескен

Дәулет ҚЫРДАН.

«Сыр бойы». 

Cұхбат 10 желтоксан 2019 г. 1 156 0