Әлеуметтік салада әрбір мәселе маңызды

Әлеуметтік саланы кең қамтыған реформалардың басты мақсаты – халықтың тұрмыс жағдайын, өмір сүру сапасын арттыру. Бүгінде мемлекет тарапынан көрсетілетін халықты қолдауға арналған шаралар еліміздің ішкі саясатының басым бағыттарының бірі ретінде қалыптасып отыр. Мәселен, “Nur Otan” партиясының ХVІІІ съезі еліміздің жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетіп, алдағы 10 жылдың негізгі басымдықтарын көрсетті. Әлеуметтік саланың әлеуеті артқанымен, түйіні тарқатылмаған дүниелер жетерлік. Көкейдегі сауалдарға жауап алу үшін  облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаевпен әңгімелескен едік. 

– Талғат Тұрсынұлы, Ел­басы Н.Назарбаевтың Қа­зақстан халқына жыл са­йынғы Жолдауларында әлеу­меттік сала назардан тыс қалған емес. Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев та Қазақстан Респуб­лика­сының Президенті қызметіне кіріскен бойда осы бағыттағы жұмыстарға баса көңіл бөліп келеді. Осыған орай биыл бірінші рет елімізде атаулы әлеуметтік көмек беріле бас­тады. Біздің өңірде бұл кө­мекті қанша адам алды?

– Өзіңіз білетіндей, “Nur Otan” партиясының XVIII съе­зінде елдегі түйткілді мәсе­лелерге қатысты маңызды ше­шімдер қабылданса, басты на­зар көпбалалы отбасылар мен аз қамтылған тұрғындарды қолдауға бағытталды. Соған орай нақты тапсырмалар жүк­теліп, бірқатар жұмыстар ат­қарылды. Мәселен, биыл жа­ңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге бюджеттен 19,1 млрд теңге қаражат қа­ралды. Оған 31155 отбасы (154800 адамға) ілігіп, 16,7 млрд  теңге тағайындалды. Қазіргі күні 30874 отбасыға (151278 адамға) 15,4 млрд теңге төленді. Атаулы әлеуметтік көмектің 1 адамға орташа айлық мөлшері 9812,1 теңгені құрады. Сонымен қатар, облыс бойынша осы жылдың 1 желтоқсанына бюджеттен 157637 аз қамтамасыз етілген азаматтарға 15,7 млрд  теңгеге әлеуметтік көмек тө­ленді.

– Осы жәрдемақы таға­йын­далғаннан кейін әлеу­меттік жағдайлары бар­лар­ға да берілген деген се­беппен қаржыны қайтару жұмыс­тары жүргендігін білеміз...

– Өкінішке орай, атаулы әлеуметтік көмек көрсету барысында оң тенденциялармен қатар оның теріс жақтары да кездесті, яғни, әлеуметтік көмекті алу үшін әдейі ажырасу, жұмыстан өз еркімен шығу, табысын жасыру, отбасының табысы бар мүшелерін тіркеуден шығару жағдайлары орын алды. Бұл еңбекке жарамды халық арасында масылдық көңіл-күй қалыптастырды. Сондықтан, бізге бір емес, бірнеше рет тексеруге тура келді. Қазір облыс бойынша табысын жасырған және қайта есептеуге жататын 3637 отбасына қайта тексеру жүргізіліп, 1594 отбасына 1071 млн теңге тағайындалған әлеуметтік төлем тоқтатылды. Артық төленген 219,9 млн теңгенің 40,9 млн теңгесі бюджетке қайтарылды.

– Атаулы әлеуметтік кө­мек алдағы жылы қалай өзгереді? Оны кімдер алады?

– Келесі жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек беру тәсілі өзгереді. Көпбалалы отбасылар үшін жасы 18-ге толмаған бала санына қарай төленетін мемлекеттік жәрдемақы қол­данысқа енгізіледі. Бала санына байланысты жәрдемақы мөлшері әртүрлі болады. Бірақ отбасы табысы есепке алынбайды. Ол – әр бала үшін 10-11 мың теңге шамасында, яғни, 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған ұқсас жәрдемақы мөлшерінен 7-8 есе артық. Атау­лы әлеуметтік көмек табысы аз отбасыларға беріледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 проценті көлеміндегі шекті өлшем сақталады. 2019 жылдың үшінші тоқсанындағы есеппен ол біздің облыста – 28114 теңге болса, соның 70 проценті – 19680 теңге. Жан басына шаққандағы жиынтық табысы осы сомадан аспайтын отбасылар атаулы әлеуметтік көмек ала алады. Әйтсе де, балаға төленетін кепілдендірілген жәрдемақы 20789 теңге күйінде қалып отыр.

Жәрдемақы мөлшерінде өз­геріс жоқ екенін ескеру керек. Ол тек ересек адамдарға қа­тысты кедейлік шегі мен табыс айырмашылығында ғана болуы мүмкін. 18 жасқа дейінгі балалар, оның ішінде жоғары оқу орнында оқитын 23 жасқа дейінгі студенттерге кепілдендірілген жәрдемақы жыл соңына дейін төленеді.

– Кепілдендірілген әлеу­мет­тік пакетті түсіндіріп өт­сеңіз...

– Атаулы әлеуметтік көмек­тің жаңа механизмінде кепіл­дендірілген әлеуметтік пакет қарастырылған. Соған сәй­кес тұрмыс жағдайы төмен отбасылардың балала­рын қолдауға ерекше көңіл бө­лініп отыр. 1-6 жасқа дейінгі балаларға азық-түлік жиын­тығы, гигиеналық заттар, 6-18 жасқа дейінгі балаларға мек­тепте ыстық тамақ, оқу құралдары мен киім беріліп, оқуға барып-келу шығыны өтеледі. 18 жасқа толмаған ба­лаларға кепілдендірілген тегін медициналық көмек және міндетті әлеуметтік ме­дици­налық сақтандыру жүйесі аясында медициналық, оның ішінде стоматологиялық көмек көрсетіледі.

Өңірде тағайындалған атау­лы әлеуметтік көмектің 65 процентке жуығы балаларға тиесілі. Алдағы жылы көп­балалы аналардың үй жағ­дайында кәсіппен айналысуы үшін арнайы курстар ұйым­дастырылады. Ендігі жер­де еңбек етуге қабілетті адам уәкілетті орган ұсынған жұ­мысты істеуге міндеттеледі. Оған көнбеген жағдайда үй ішін­дегілер атаулы әлеуметтік көмектен қағылады. Сонымен бірге, келер жылдан бастап ол тоқсан сайын тағайындалмақ.

– Басқарманың тағы бір жауапты саласы – халықты жұмыспен қамту. Дәл қазіргі кезеңде өңірдегі жұмыссыздар саны қанша процентті құрайды? 

– Жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеуші ретінде 33030 адам хабарласып, олардың 18721-і тұрақты жұмыспен қамтылды. Сондай-ақ, нысаналы топтарға жататын 921 адамның (мүгедектер – 581, жазасын өтеп келгендер – 339, оралман – 1) 602-сі жұмыспен қамтылды. Жыл басынан бері 84 рет бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, 4425 адам жұмыспен қамтудың бел­сенді түрлеріне (3166 тұ­рақты) жолдама алды. Айта кету керек, биылғы  «Еңбек. Нәтижелі жұмыспен қамту жә­не жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасын жүзеге асыруға облысқа 9,7 млрд теңге қаралған, оның 8,3 млрд теңгесі игерілді. Бағдарламаға қатысушы ретінде 29649 адам енгізілді. Олар – жұмыссыздар, өз бетінше жұмыспен қамтыл­ғандар, жұмыс іздеушілер, оқу­шылар, студенттер, зейнеткерлер.

Бағдарламаның бірінші ба­ғыты  бойынша еңбек нары­ғының қажеттіліктерін ескере отырып, техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлауға 1515 адам оқытылды. Ал жұмысшы кадрларды еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптер бойынша қысқа мерзімді оқытуға 2177 адам жолданды. Оқу курстарын аяқ­­таған 1185 адамның 792-сі жұмыспен қамтылды. Демек, 379-ы тұрақты жұмысқа орналасса,  413 адам мемлекеттік грант алды.

Екінші бағыт – жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Бас­тау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 2752 адам жолданды, 2470-сі оқуды аяқтап, 206-сы  шағын несие, 707-сі  мемлекеттік грант алды.

Үшінші бағыт – халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту және еңбек ресурстарының ұтқырлығы аясында 25404 адам жұмыспен қамтудың шараларына қатысты. Оның ішінде 14353 адам бос жұмыс орындарына орналасса, 1254 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, мерзімі аяқталған 373 адамның 158-і тұрақты жұмысқа орналасты. Жастар тәжірибесі бойынша  3114 адам, қоғамдық жұмыстарға 6683 адам тартылды.

Сонымен қатар, бағдарла­маның шеңберінде екі жо­ба енгізілді. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жастардың жұ­мыспен қамту мүмкіндік­терін кеңейтіп, 2 жылға дейін жұмыспен қамтылып, алғашқы жылдың еңбекақысы бюджеттен субсидияланатын болады. Ал, «Ұрпақтар байланысы» жобасы  зейнеткерлік жасқа жеткен қызметкер-тәлімгердің қасына бағдарламаға қатысушы 18 айға тұрақты жұмысқа орналасады. Әрі қарай тәлімгердің орнына жас маман ауыстырылады. Оның  ережелері енді қабылданады.

– Әлеуметтік саладағы түйткілді мәселе деп нені айтар едіңіз?

– Әлеуметтік саладағы мә­селелердің маңызды емесі жоқ. Себебі, бізге жас баладан еңкейген қарияға дейін мә­селесін айтып келеді. Оның ішінде аз қамтылған отбасылар санатына жататындар, мү­гедек жандар, көпбалалы аналар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналар, қарттар бол­ғандықтан ол мәселеге өте ұқып­ты қарау қажет. Біз шешпеген күнде де басқа мекемелерге шығып, азаматтарды әуре-сарсаңға түсірмеу жолдарын қарастырамыз.

Жалпы, өтіп бара жатқан жылда басқарма атқарған жұ­мыстар нәтижелі болды деп айта аламын. Межелен­ген индикаторларға қол жет­кізілді. Сәуір айында басталған әлеуметтік көмектің жаңа форматы аясында тиісті жұ­мыстар жүргізілді. Ұлы Отан со­ғысындағы Жеңістің 74 жылдығы, Қарттар күні, мүге­дектер күні өз деңгейінде ата­лып өтті. Республикалық үздік әлеуметтік қызметкер бай­қа­уында Қазалы ауданындағы «Шапағат» қоғамдық қоры мен басқармаға қарасты №1 Қызылорда арнаулы әлеу­меттік қызметтер көрсету орта­лықтары үздік болып та­нылды. Еңбек әулеттерін анық­тап, ұлықтауды үрдіске айнал­дырған форумды 6-шы рет өткіздік. Осы жұмыстардың бар­лығы да алдағы уақытта жал­ғасын табатын болады.

Әңгімелескен

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

Cұхбат 28 желтоксан 2019 г. 673 0