Тұрғындар өтініші қараусыз қалмайды

«Nur Otan» партияcы облыстық филиалына қай кезде барсаңыз да партияның қабылдау бөлімі алдында тұрған халықты көресіз. Қоғамдық қабылдау бөлмелері – жұртшылықпен арадағы үздіксіз байланысты қамтамасыз ететін көпір. Осыған орай, біз азаматтардың арыз-шағымдарына талдау жасау үшін «Nur Otan» партияcы облыстық филиалы, қабылдау бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Әбдікәрімовпен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Нұрлан Әбілқасымұлы, бүгінде қоғамдық қабылдау бөл­мелері халыққа кәсіпқой мамандардан кеңес алып, жаңа бастаған істеріне бағыт беретін орынға айналды. Қабылдау қандай негізде жүргізіледі?

– «Nur Otan» партиясына бас сұққан адам бірінші Қоғамдық қабылдау бөлмесіне келеді. Біз көмек сұраған тұрғындарға құқықтық кеңестер береміз. Мемлекеттік орган басшылары мен депутаттардың қабылдауына жаза­мыз. Мәселені шешуге көмек­тесеміз. Жалпы «Nur Otan» партиясы аймақтық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қа­был­дау бөлмелері – азаматтарды қабылдау және өтініштерін қарау, партия басшылығы мен депутаттардың, сонымен бірге ла­уазымды тұлғалардың тұрғындарды жеке қабылдауын жүргізу, консультативтік көмек көрсету жолымен партияның халықпен өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін құрылымдық бөлімшелер.

Негізінен ол қызметін ҚР «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы» Заңына, партияның Жарғысы мен ережесіне, сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Орталық аппараты қоғамдық қабылдау бөлмесінің, аймақтық және аумақтық филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелері жұмысының нұсқаулығына сәйкес атқаруда. Осылайша, жұрт­шылықпен үздіксіз байланыс жүргізіп келеміз.

– Біздің білуімізше, қоғамдық қабылдау бөлмесінен көмек, қолдау алғандар саны жылдан жылға артып келеді. Өткен жылы азаматтардан қанша өтініш келіп түсті? Жылды қорытындылап үлгердіңіздер ме?

– Иә, «Nur Otan» партиясының орталық аппараты айқындап бер­ген міндеттер мен тиісті бағдар­ламалық шараларды жүзеге асыру бағытында қызмет жасап жатқан партияның облыс және аудандардағы, Қызылорда мен Байқоңыр қалаларындағы ау­мақ­тық филиалдардың, сон­дай-ақ, «Теміржол», «Тұран» фи­лиал­дарының қоғамдық қабылдау бөл­мелері былтыр атқарған жұмыстарын қорытындылады. Жал­пы, ұзаған жылдың есепті мерзімінде қоғамдық қабылдау бөлімдеріне 4632 өтініш түсті. Өтініштерді талдайтын болсақ, көбісі әлеуметтік қамсыздандыру саласына қатысты, яғни, осы сала бойынша барлығы 1564 өтініш келіп түссе, жұмыспен қамту, еңбек даулары бойынша – 1255, білім саласына қатысты – 112 шағым. Әрі қарай тұрғын үй мен жер телімдерін табыстау 758, денсаулық сақтау саласы 225, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және елді мекендердің инфрақұрылымы 315, бизнес және кәсіпкерлік саласы 126, несие, қаржыландыру саласы 66, халықты құжаттандыру және тіркеу 37, сот және құқық қорғау жүйесі 30 өтініш, шағымдар саны 72, білдірілген ұсыныстар мен пікірлер 60, ал агроөнеркәсіптік кешеніне қатысты 9 өтініш түсті. Барлық 4632 арыз-өтініштен оң шешімін тапқаны – 1918. Бұл барлық өтініштердің 41,5 процентін құрайды. Ал қалған 2664 өтінішке заң тұрғысынан тиісті түсіндірмелер, құқықтық кеңес берілді.

– Енді жеке қабылдаулар жөнінде айтып өтсеңіз...    

– Есепті мерзімде 1367 қабылдау өткізіліп, оған 1997 азамат келді. Олардың 896-сының мәселесі оң шешілді. Оның ішінде ҚР Парламенті Мәжілісі және жергілікті мәслихат депутаттары өткізген 527 қабылдауда 705 азамат өз өтінішін білдірсе, 393 азаматқа заң тұрғысынан түсіндірме берілді. 312 азаматтың мәселесі оң шешім тапты. Ал облыстағы орталық мемлекеттік органдар мен құқық қорғау орган басшылары, жергілікті атқарушы, басқа да құзырлы органдардың басшылары мен партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары өткізген 840 жеке қабылдауға 1292 азамат келді. 702 адамға заң тұрғысынан түсіндірме беріліп, 584 адамның мәселесі қаралды. 

Сонымен қатар, өткізілген 474 партиялық жоба, республикалық акцияға, тақырыптық, көшпелі қабылдауға қатысқан барлық 1380 адамның 1041-і қабылдауда болып, олардың 603-іне түсіндірме берілді. Ал адвокат, заңгер, медиа­торлар өткізген 81 қабылдауда 164 азамат өтініш білдіріп, 125 тұрғынға заңгерлік кеңес беріліп, 39 азаматтың мәселесі шешілді.

– Заманауи технологияның жетіс­тіктері халықты ақ­парат­тық қолжетімділікке дағ­дыландырып келеді. Жалпы жұрт­шылыққа ашық, кез келген азаматтың мұң-мұқтажын тың­дауға дайын партияға үміт артатындар, хабарласатындар қатары көп пе?

– Нақты кезеңде халықтық басым көпшілігі әлеуметтік желілерді пайдаланады. Сол арқылы партия филиалдарының ресми парақшаларына түрлі сауал жолдайды. Әрине, біз мүмкіндігінше жауап беруге тырысамыз. Кейбір азаматтар өзекті деген мәселесін айтады да, оны дереу шешіп беруді талап етеді. Бірі баспана сұраса, екіншісі көшеге жол салып беруді сұрайды. Тіпті, үйімізге газ кіргізіп бер дейтіндер де табылады.  Бұл жерде тұрғындардың барлық мәсе­лесі дереу шешімін табуы мүмкін еместігін де еске салғым келеді.

– Көшпелі қабылдаулар да жиі ұйымдастырылуда. Қанша өтініш-тілек түсті? 

– Былтыр шілде-тамыз айларында партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары А.Әлназарова мәслихаттар депутаттарымен бірлесе отырып аудандар мен Қызылорда қаласына қарасты ауылдық округтерде барлығы 23 көшпелі қабылдау өткізді. Оған келген 245 азаматтың 171-іне  заң тұрғысынан түсіндірме, тиісті құқықтық кеңестер берілді. Онда 32 тұрғынның мәселесі тиісті әкімдер мен уәкілетті орган басшыларының назарына жеткізілді.

«Nur Otan» партиясы орталық ап­паратының  тапсырмасына сәйкес,  барлық деңгейдегі мәс­ли­хат депутаттарының өздері са­йлан­­ған елді мекендерде, шал­­ғай ауылдарда,  жергілікті ат­қарушы органдардың  бас­шы­ларымен бірге көшпелі қа­был­даулар өткізу кестелері бекі­тіліп,  тиісті қабылдаулардың  өткізілуі тұрғындардың көтерген мәселелерімен жіті танысып, мүм­кіндігінше шешілуіне жұмыс жасауға ықпал етері анық.

– Қашықтықтан қабылдау жүргізіле ме?

– Иә, бүгінгі таңда  озық технологиялық  жүйелерді  қолдану арқылы жергілікті жерлердегі азаматтардың уақытын, келіп-кету жол шығынын үнемдеп,  облыс орталығындағы тиісті органдар мен құрылымдарға, басшыларына  тұрғылықты жерінен «Skype» байланысы арқылы шығып, өз өтінішін білдіруіне мүмкіндік жасалды. Аталған жүйе арқылы 16 қабылдау өткізіліп, оларға барлығы 19 адам жүгінді.

– Енді алдағы міндет-мақ­саттарға тоқталып өтсеңіз...

– Қоғамдық қабылдау бөлмелер жұмысының нәтижелі болуы – өзекті проблемаларды шешудің жолын мүмкіндігінше таба білуге байланысты.  Алдағы уақытта бұл бағытта атқарушы органдармен, басқа да құрылымдармен бірлескен жұмыс жасалады. Ол үшін алда өтетін қабылдаулар көпшілікке әлеуметтік желі, жергілікті электрондық және баспа құралдары арқылы кеңінен хабарланады. «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелерінде тақы­рыптық қабылдаулардың өткі­зілуін кеңейту және оған осы тақырыпқа байланысты мәселе­лер­мен кәсіби тұрғыда айналысатын мәслихаттардағы фракция мүшелерінің, жергілікті атқару­шы және мемлекеттік орган бас­шыларының, кәсіби маман­дардың қатысуы  қамтамасыз етіледі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен Д.АЙБОЛАТҰЛЫ.

Cұхбат 06 қаңтар 2020 г. 294 0