«Аймақтағы оң өзгерістерге қуанамын»

Қай қызметте де ел мүддесін биік қойып, адамгершілік ұстанымнан айнымаған Әбдіжәлел Бәкірдің есімі халыққа жақсы таныс. Кеңес үкіметінің тұсында да, ел тәуелсіздік алғаннан кейін де Сыр перзенті саяси, әлеуметтік мәселелердің шешім табуына ықпал етті. Саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір 80 жаста.

Осы орайда, қайраткермен сұхбаттасып, ғибратты ғұмыры мен қазіргі кезең мәселелері туралы әңгімелестік. 


– Әбдіжәлел аға, өмірбаян­дағы жолдарды оқығанның өзінен-ақ болмысыңыз, елге қызмет етудегі үлкен жауап­кер­шілігіңіз айқын аңға­ры­лады. Әңгімемізді бала­лық шағыңыздан баста­йық­шы...

– Мен соғыстың алдында дүние есігін ашыппын. Бұл 1939 жылдың 23 желтоқсаны екен. Сол күні  КСРО Жоғарғы Кеңесінің сайлауы болып, атымды Сайлау деп қою туралы да ұсыныстар болған көрінеді. Бірақ жеме-жемге келгенде көрші әрі ту­ысқан Тәжібай атты  молда атамыз «Әбдіжәлел» деген атты құлағыма азан шақырып қойыпты. Көп ұзамай жай «Жәлел» аталып кетіппін.

Менің туған анам Бибіпатима Рахменбердіқызы әкеден жастай айырылған.  Нағашы атам Айдарлыда мешіт ұстаған. Соғыс алдындағы саяси қуғын-сүргін кезінде мешітін, туған ауылын тастап, екі қызы мен әжем Бибісараны ертіп белсенділерден бой тасалап, Мақтаралға  көшеді. Ол ке­зеңді Мұстафа Шоқай «Атаме­кен жағдайы» атты мақаласында бы­лай суреттеген болатын: «Түркіс­танда жүргізіліп жатқан ашық террор, Кеңес өкіметінің қарапайым ха­лықты жаппай қуғын-сүргінге ұшы­­ратуы, азапқа салуы, аштыққа ду­шар етуі мен жүздеген-мыңдаған жа­зықсыз жандардың атып өлті­рілуі. Ең сорақысы ‒ партиядан шы­­ға­рыл­ғандардың, қамауға алын­ған­дардың, жер аударылғандар және өлім жазасына кесілгендердің бар кінәсі – олардың баяғыда өліп қалған атасының бай, саудагер, ғұлама, яғни кезінде іс басында болғандары немесе айыпталушының көне медреседе оқығандығы» еді. Ал менің атам мешіт ұстаған, балаларға дәріс берген. 

Елін, жерін танымайтын жаңа қонысқа барғанның не жақсылығы бола қойсын, бақылаушыдан таса демесе, баламалап айтқанда олар да битін сығып отырғандар ғой. Қоныс аударушылар қиыншылықтарға тап болып, атам мен інісі қаза табады да, елге «қыздар жетім қалды» деген хабар жетіп, Рахманқұл атам барып, келіні мен екі қызын елге жеткізеді. Жас әрі ажарлы Бибісараны алғысы келгендер туыстардан көп болған сияқты. Туған інісінің әйелі болғаннан соң Рахманқұл атам ке­лініне үйлене алмайды. Содан әжем Айдарлыдағы көзейдің үш атасының бір тармағы, Доске ұрпағынан Сопбек баласы, әйелі қайтыс болған Ахметке тұрмысқа шығады.

Осы отбасында бойжеткен екі қыздың үлкені Бибіпатымаға менің болашақ әкем Қошқар үйленеді. Анамның төлқұжатына қарасақ, мені он алты жас шамасында босанған. Көшіп-қонып жүргенде құжат дер кезінде алынбаған да болуы мүмкін.  Артымнан Тынысбек дүниеге келген соң, екіге қараған мені анамның екінші әкесі Ахметтің туған інісі Бәкірге береді. Меніңше, бірінің қайынағасы, екіншісінің ағасы он­шақты жыл баласыз болғаннан кейін әке-шешем осындай қадамға барған сияқты. Содан маған төлқұжат алған кезде туған жылымды 1940 жыл деген де, айы қойылмай кеткен.  Ал төлқұжат алғанда 1940 жылдың бірінші мамыры, бірде қаңтары болып жазылып жүрді. Осы құжатты ауыстырарда маған да ес кірді.  Елу бес жыл «Бакиров Жәлел Бакирович» болып жүрдім. Енді шындыққа қарай жақындайын, менің туған әкемнің не жазығы бар деп ойладым. Содан Сырдария ауданының архивінен сонау туғанда алынған төлқұжаттың латынша жазылған көшірмесі қолыма түсті. Онда «Оразов Әбдіжәлел Қошқарұлы және 1940 жылы 23-ші қаңтарда туған» деп жазылған екен. Осының көшірмесін алдым да республика ішкі істер министрлігіне хат жаздым. Тарихымды толық баяндадым. Тегіме байланысты мынадай шешім жасадым. Ораз атам баласына 55 жылдан кейін қайтып келдім ғой ренжімес, Бәкеңнің 55 жыл атын алып жүрдім енді ол кісіні мүлде атамай, аруақты қорламайын, ол тегім болып, тек Бәкір болып жазылсын деп арыздандым.  Өз атымды қайтарып,  Қошқарұлы деп жазуды өтіндім. 

Екі әкем де соғысқа кетіп оралмады. Мен Бәкір әкемнің туған ағасы Сопбектің Ахметінің қолында, тәр­биесінде  болдым. Ол кісінің маған деген көңілі ерекше еді. Ахмет атамнан өз шамама қарай біраз нәрсе алдым. Ол кісі ескіше оқыған болатын. «Шаһнама», «Рүстем-Дастан», Асқар Тоқмағамбетовтің алғашқы шығар­маларымен, Мұстафа Шоқай туралы да сол кісіден естідім.

Он үш жасымнан кейін өзімді асырап алған Бәкірдің әйелі Назираның тәрбиесінде болдым.  Ол кісі мен үшін ештеңеден аянған жоқ. 1978 жылы дүние салғанша бар өмірін мен үшін, менің балаларым үшін сарп етті. Туған анам Патымамен  1958 жылдан бастап бірге тұрдық.

‒ Биыл сексен деген асудасыз. Айтыңызшы, егер мүмкіндік болса, қай жылдарға қайта оралуды қалар едіңіз?

‒  Өз өміріме негізінен ризамын. Институтты бітіргеннен кейін бір жарым жылдай ғана мұғалім болып істедім. Содан тоғыз жыл ком­со­мол, он жеті жарым жыл облыс­тық партия комитетінде қызмет еттім.  Әкем мен ағайым болмады, ай­тар­лықтай қабілетті де емеспін, бірақ еңбек­қорлығымды байқаған алдымдағы басшы кісілерден көп жақсылық көрдім. Комсомолда Абылай Айдос­ов, Болат Қарғабаев, Садықбек Хангелдин, партияда Абдулла Дәулетов, Дәуірхан Айдаров сынды абзал жандардың жақсылықтарын ұмыта алмаймын.

Әрине, ғылымға кештеу келгенім көңілде тұрады. Мен кандидаттық диссертацияны қырық үш жасымда, докторлық жұмысты алпыс алтымда қорғадым. Алайда  қызметтер де із-түзсіз кеткен жоқ. Мұның ғылыми жұмысымда да өзіндік орны болды.

‒ Алғашында әдебиет факульте­тінде білім алып, кейінірек философия ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болдыңыз. Саяси тұр­ғыдағы ұстанымыңыз, ойлары­ңыз қоғамға игілік әкелді, діттеген нысанасына жетті. Ал, Алаш қозғалысын жүйелі зерттеуге не түрткі болды?

‒ Біздің тарихымыз қайта-қайта үзілген. Өмірде үзілген жіптің жал­ғау­лары түйін-түйін болады. Сол сияқты біздің тарихымыз да түйін-түйін. Бұл кейінгі дамуымызға да көптеген қиындықтар туындатты. Ал­дымен Ресей империясы отарлап, Ұлы даланы толық иемденіп, тіліміз, дініміз, сонымен байланысты ділімізге шабуыл жасады. Ондағы мақсат өздерінен де терең тарихы бар халықты жаппай орыстандыру болатын. Патшалық Ресейдің саяси жалғасындай болған кеңестік заманда біздің түп-тамырымыздан айы­ру үшін аянбады. Тіпті 1938 және 1978 жылдарғы еліміздің Консти­туцияларының бірде-бірінде ана тілі­міз туралы ешқандай бап болған жоқ.

Менің Алаш тақырыбына келуім­нің өзіндік себебі бар. 2007 жылы болу керек Алматыдан жазушы, Мем­лекеттік сыйлықтың иегері Оразбек Сәрсенбаев телефон шалып, Мұстафа Шоқайдың үш томдығы дайындалып жатқанын, соған алғысөз жазып беруімді өтінді. Мен бірден бас тартып, «Ореке, мен ондай ұлылардың кітабына алғысөз жазатындай ғалым емеспін ғой» дедім. Бірақ Орекең жазғандарымды оқып жүргенін айтты. Несін жасырайын, мұның үстіне өзіміз де жазайық десе болар ма? Мұнда негіз бар еді. Өскен әулетіме Мұстафа Шоқайдың қатысы бар болатын. Мен тәрбиесінде болған Ахмет атам Мұстафаны өзінің атасы Мәмбетәлінің (Баспақ батырдың) қарындасынан туған деп отыратын. Кейін Мұстафаның туған інісі Нұр­тазаның (өзі 1937 жылы ағасы үшін атылып кеткен) баласы Мадияр­мен Қызылорда қаласында, қазіргі Жар­қынбаев көшесінде көрші болдық. Сол кісінің анасынан да азын-аулақ әңгіме естігенмін.

‒ Биыл Мұстафа Шоқайдың туғанына – 130 жыл. Ұлт болашағы үшін аянбаған, қазақ халқы ғана емес, түркі халықтарының бірлігін аңсаған Мұстафа Шоқайды толық тани алдық па?

‒ Мұстафа Шоқай Отанына басқа  Алаш қозғалысының жетекші­леріне қарағанда кеш келді. Шығарма­лары­ның алғашқы томы шыққанына он жылдан енді асты. Қазақ оқырманы көбіне «Яш Түркістан» журналында жарық көрген Мұстафа Шоқайдың екі жүзден астам еңбегімен таныс. Орыс және француз тілдеріндегі жүзден астам шығармасы әлі қазақ тіліне аударылған жоқ. Өз шығармалары тоғыз тілде жарық көрсе, қазір Мұс­тафаның қызметі мен мұрасы туралы сегіз тілде жазылған мың жа­рым­дай еңбек бар.  Алайда біз Мұстафа тауының етегінде жүрміз.

‒ Ел арасында Мұстафа Шо­қайға қатысты, оның шетелге эми­грацияға кетуі, Алаш арыстарымен қарым-қатынасы турасында әртүрлі пікір бар. Бұл туралы не айтасыз?

‒ Ең бірінші, Алаш қозғалысы мен өзінің оң қанаты ‒ Түркістан ұлт-азаттық қозғалысының арасында стратегиялық принципті қайшылық болған емес. Тактикалық жайлар болды. Мұстафаның Алаш арыстарымен қарым-қатынасында әртүрлі пікір бар деп жүргендердің ойы әсте Әлихан бастаған топқа еш қатысы жоқ. Тіпті Мұстафа – шетелде жүріп Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлын шы­рылдап қорғаған жан. Шынына кел­генде, Мұстафа Әлиханды ұстаз санаған. Кейін «Өздерің Ташкентте оқып жүргенде Әлиханның «орыс қо­ныстанушыларының мәселесін зерт­теңдер, сонда сендер кейін біз­дің елімізге қауіп қайдан келерін білер­сіңдер» дегенін еске алуы тегіннен-тегін емес.

‒ Сіздің жетекшілігіңізбен «Сыр саңлақтары» атты үлкен концерт-кездесу ұйымдастырылып, ол Ұлт­тық арнаның «Алтын қорына» қабылданыпты. Концерттің қандай ерекшелігі болды?

‒ Өткен ғасырдың 80-жылдары Кеңес Одағы ыдырауға тікелей бет алды. Әрине, сыртқы себептер де болды. Алайда Кеңес көсемдері тиісті реформа жасай алмады, оған саяси һәм рухани күштері жетпеді.  Қайта құрамыз деп қайта қиратты. Мен он жеті жылдан астам уақыт жұмыс істеген партия органынан басқа қызмет іздей бастадым. Осылайша жаңадан ашылған  Қызылорда телекомпаниясына  жұмысқа орналастым.

Шынымды айтқанда, журналист емеспін. Мен мұнда көбіне ұйым­дастырушылық жұмысқа ден қоя­мын деп ойладым. Солай болды да. Келісімен «компаниямызды ай­қындайтын не нәрсе болуы керек» деген мәселе төңірегінде ұжым мү­ше­лерімен ақылдастым. Күн­делікті ақпараттарды бұрын ашыл­ған телекомпаниялар  сияқты бере береміз дедік. Халық арасында «Сыр елі ‒ жыр елі» деген ұғым көптен бар. Сондықтан телекомпа­ниямызды өзгеден ерекшелеп тұра­тын халықтың өнерін, өнерді көтер­ген азаматтарды насихаттау деп тап­тық. Осы бағыттағы ізденістерден   «Жас қанат», «Әнші балапан», «Таң­шолпан» бай­қаулары туындады. Об­лыстағы  ақын-жазушылар, әуесқой компози­торлар, әнші-термеші сынды өнер иелерін тікелей насихаттауға кірістік. Бірде Алматыға арнайы адам жіберіп, Роза Бағланова апамыз бастаған әнші, ақын, композиторларды ауылға шақырдық. Олардың жол қаражаттарын, өзге шығындарын өз мойнымызға алдық. Тіпті үздіктеріне қаламақы деп ақша төледік. Үлкен залымызда екі күндік концерт ұйымдастырдық, оны рес­публикадан екі сағаттық хабар етіп бердік. Айта кетейін, мұндай телехабарларымызды Алматыдан да бе­ріп тұрдық. Әрине, біз туралы әртүрлі сөздер болды. «Облыстық мәдениет басқармасының   жұмысын атқарып жатыр» деушілер де табылды.  Жұмысымызды көре алмағандар да болды. Мысалы, Роза апамыз басқарып келген өнер адамдарының екі күндік концертіне облыстық әкім­­шіліктен  келуге тиістілерден бір­де-бір адам бас сұқпады. Роза апам ұшақ­қа мінерде, сол кездегі облыс әкімі Сейілбек Шаухамановқа «мұндай жұмысты республикалық теледидар да ұйымдастыра алмайды, Жәлелдің қолын алшы» деді. Мұны мақ­таныш үшін емес, болған жайды баяндау үшін айтып отырмын. Бұл түсірілімдердің барлығы  алтын қорда бар. Әрине, ол кездегі техникалық қуатты бұл кезбен салыстыруға кел­мейді. Дегенмен, оның барлығы – тарих.

Компанияға жаңадан біраз кадр­лар келді. Кейбіреулері бірінен екін­­ші үйге көшіп жүрді. Ол кезде пә­тер мәселесі қиындау болатын. Мен ұжымдағы кейбір қарсылыққа қарамай, бұрынғы ақылы хабарларға беретін бес проценттік мөлшерді жиырма процентке көтердім. Осының есебінен ақылы хабарлар дайындаған тілші-қызметкерлердің табысы молайды. Ұжымда арнайы ереже жасап, несие беретін болдық.

Арада екі жыл өткенде телекомпа­ниямыздың арнайы тұсаукесерін өт­кізіп, көрші Шымкент, Жамбыл, Жез­қазған, Ақтөбе, т.б. облыстардан әріптестерімді шақырдым. Алматыдан Шерағаң – Шерхан Мұртаза біраз техникалық бұйым алып келді. Осы оқиғамен байланысты қаланың береміз деп жүрген екі пәтерін сұрап алдым. Теміржол басшылығынан екі бөлмелі бір пәтерді  сыйға алдым. Не керек, осындай жолдармен үш-төрт жылда 23 адамды үйлі еттік. 

‒ Латын әліпбиіне көшудің тиім­ділігі турасында қандай ой айтасыз?

‒ Мен латын әліпбиіне көшуді қол­даймын. Осы латын әліпбиі әң­гіме бола бастаған кезде қажеттігін айтқанмын. Көрші елдеріміз енгізді. Рас, біраз кемшілігі де бар.

Біз жалпы кеш қозғалатын қоғамда өмір сүріп отырмыз. Енді тәуелсіздік жылдары ана тіліміз көрмегенді көр­геннен кейін латын әліпбиін қолға алдық. Ең бірінші ана тілімізге деген көзқарасты жөндеп алуымыз керек еді.

Латын әліпбиін ендіру бағытын­дағы жұмысымыз нәтижелі болуы үшін халқымыздың бетін мемлекеттік мәртебесі бар қазақ тіліне шұғыл бұруымыз қажет. Өзгерістің өзі қо­ғамда мемлекеттік тілдің қолданыс аясының елеулі кеңеюіне жол ашады. Осы қадамға бара алмасақ, латын әліпбиі мәселесі ойлағанымыздай нәтиже бере алмайды. Онсыз қазірдің өзінде сан түрлі тілдік топқа бөлініп отырған қазағымызды тағы да латын әліпбилі, кириллицалы деп бөлуге көшеміз. Құдай оның бетін аулақ етсін!

‒ ҚР Парламентіндегі қызме­тіңізде астанада жалғыз ғана қа­зақ мектебі бар екенін мәселе етіп кө­теріп, қазақ мектептерінің ашы­луы­на себепкер болдыңыз. Жал­пы,  өмірлік ұстанымыңыз қандай? 

‒ Мен әкесіз өскен адаммын. Адам қоғамға тек өзі үшін келген болса, адам қатарына жатқызғым келмейді. Қазақтың бұл бағытта қатты сөзі бар. Оны қайталамай-ақ қояйын. Сол себепті маңайымдағы байқаған кемшін жайларға қалай болса, солай қарай алмаймын. Несін жасырайын, тіпті бөпелі бола алмай жүрген болашақ аналарға да бейжай емеспін. Ықыласы болса, өзім білетін  маман дәрігерлерді ұсынамын. Осылай бірнеше ата-ананы қуанттым.

Меніңше, адамға жақсылық жасау адам баласына Алланың берген бірінші тапсырмасы деп түсінемін. Абайдың «адам – адамға дос, бауыр» дегені де осыдан туған болар.

‒ Біраз уақыт бұрын қызмет бабымен елордаға қоныс аудар­дыңыз. Бірақ мұнан кейін де ел жағдайын ескеріп, бір жылдары туған ауылыңыз Айдарлыға су жеткізуге ықпал етіпсіз. Елге белгілі тұлғалардың аты ұмытылмас үшін есімдерінің орта мектептерге бе­рілуіне үлес қосыпсыз. Қазір туған жерге жиі келіп тұратын бо­ларсыз. Сыр еліндегі соңғы өзге­рістер туралы қандай ойдасыз?

‒ Соңғы кездері облыста болып жатқан оң өзгерістерге тек қуанамын. Елге жиі келетін себебімнің бір арқауы осында жатыр. Мен Сыр бойындағы мәселелерді Мәскеудің, Алматының алдына нақты қойып шешіп, ерен еңбек еткен бірінші хатшыларды білемін. Өзім өнегесін көрген, қажырлы қызмет еткен, тікелей басшыларым болған абзал азаматтар да жадымда.  Олар туралы мақалалар да жаздым. Реті келсе, еске түсіріп, айтып та жүрмін.

Ал өзім қызметіне куә болған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков туралы мақалалар жаздым. Сол кезден кейін Сыр бойына, өз еліне айтар­лықтай қызмет еткен Қырымбек Кө­шербаевтың еңбегін айтпай болмайды. Аймақтың жаңа басшысының алғашқы қадамдарына сүйсінемін. Лайым, азаматтар аман болып, еліне қызмет ете берсін!

Әңгімелескен

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

Cұхбат 16 қаңтар 2020 г. 201 0