Тату елдің тұғыры биік

Биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанына ширек ғасыр толады. Осы уақыт аралығында ол ұлттар арасындағы татулық пен бірліктің, қоғамдағы тұрақтылықтың алтын көпіріне айналды. Қиын жылдарда Сыр өңірінен сая тапқан сан ұлттың ұрпақтары бүгінде туған жерді түлетуге еңбек сіңіріп келеді. Мереке қарсаңында облыстық ҚХА-ның хатшысы Ләйлә Төрешовамен әңгімелескен едік.


– Ләйлә Бегалықызы, бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық бірегей институтқа айналды. Осы орайда  құры­лым­ның мазмұнын одан әрі арттыру мен дамытудың маңызы зор. Бұл туралы не айтар едіңіз?

– Бүгінде құрылғанына 25 жыл болған Қазақстан халқы Ассамблеясы – жалпыұлттық та­тулық пен қоғамдық келі­сімнің ерекше моделін қалып­тастыра алған мәртебелі институт. Елбасы атап өткендей, ҚХА зор біріктірушілік және зияткерлік әлеует жинақтап, еліміздегі тату­лық пен бірліктің ұйытқысы болып отыр.

Алаштың анасы атанған қасиетті Сыр өңірінде де Қа­зақ­стан халқы Ассам­блея­сының барлық құрылымдары қалып­тасып, жемісті жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде облыстық Ассамблеяның құ­ра­мына 11 этномәдени, аудан­дарда 6 этнобағыттағы бір­лестік, 118 аналар кеңесі, 165 қоғамдық келісім кеңесі, 1 ғылыми-сарапшылық топ, 1 медиация кабинеті, Қорқыт ата атындағы ҚМУ-да «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасы, депутаттық және кәсіпкерлер тобы, журналистер мен сарапшылар клубы, «Жаңғыру жолы» жас­тар қозғалысы кіреді.

Былтыр облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен түрлі форматта 200-ден астам шара өткізіліп, оған 100 мыңнан астам аймақ тұрғыны атсалысты.

– Әр ұлттың өзіне тән құн­­дылықтары бар. 130-дан астам ұлт пен ұлыс қо­ныс­тан­ған елімізде ұлт­тардың бірлігін сақтау, дос­тығын ны­ғайту – бас­ты мақсаттың бірі. Аймақтағы этномәдени бірлестіктер ту­ралы айтып өтсеңіз. Олардың ұлттық бол­мысын сақтауда қандай жұ­мыстар атқарылып жатыр?

– Облыстық ҚХА-ның қол­дауымен этномәдени бірлес­тіктер «Сыр елі – достық мекені» жобасы аясында 40-тан астам іс-шара ұйымдастырды. Атап айтқанда, «Славяне» этно­мәдени бірлестігінің «Масленица», «Дос­тықта жоқ шекара», «Почитай Пушкина», татар этномәдени бірлестігінің «Сабантуй», кәріс ұлтының «Сольналь» мерекесі, түркі халықтарының Наурыз мейрамы, еврей және неміс этнос­тарының «Рош-а-шана», «Остерн» ұлттық мерекелері, қайы­рымдылық акциялары, кон­церттік бағдарламалар, кездесу­лер және түрлі форматтағы шаралар өтті. Бүгінде «Достық үйінде» барлық жағ­дай жасалған. Атап айтсақ, үлкен концерттік зал, мәжіліс залы, би залы, кітапхана мен тіл оқыту кабинеті және т.б. бар.

Өткен жылы орыстың ұлы ақыны А.Пушкиннің 220 жыл­­дығына арналған «Пуш­кинді оқу және құр­мет­теу» театр­лан­дырылған қойы­лымы өтті. Кітап көрмесі ұйым­дастырылып, онда А.Пушкин атындағы қала­лық орталық кітапханасының қорында 118 жылдан бері сақ­талған, 1901 жылы Санкт-Петер­бургте жа­рық көрген «Русские поэты» кітабы, облыстық Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханасының қо­рындағы 1926, 1928, 1935 жылдары жарық көрген «Пушкин хаттары» кітабының түпнұсқасы мен көшірмелері қойылды. Сондай-ақ, жыл сайынғы дәстүр бойынша облыстық этномәдени бірлестіктер Байқоңыр қала­сын­дағы «Халықтар достығы» атты ұлттық мәдениеттердің ашық қалалық фестиваліне бел­сене қатысады. Жалпы, облыстық Ассамблея қазақ­стандық этнос­тардың мәде­ниеттерін, тілдерін және дәс­түрлерін әрі қарай дамыту жөнінде жұмыстарды толассыз жүргізе беретін болады.

– ҚХА-ның бастамасымен қолға алынған жобаның бірі – «Қазақтану». Жобаның мақсаты және оның аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтсаңыз. Бұл жоба бізге не береді?

– Жобаның негізгі мақсаты – біртұтас ортақ құндылықтарды қалыптастырудың негізі ретінде қазақ халқының тарихын, мәде­ниетін, философиясын, этикасын дәріптеуге, сондай-ақ, Қазақстан этностарының арасында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларын ілгерілетуге бағдарланған. Біз қазақ мәдениетінің, қоғамы мен мемлекетінің қалыптасу және даму үрдісін түсіну тұрғысынан алғанда бірегей қағидаттарды қалыптастыруымыз керек. Олар – өз ошағыңды құрметтеу, туған жерге деген сүйіспеншілік, ана тілге деген құрмет және сөз құдіретін кең мағынада түсіну, қонақжайлылық пен адамдар арасындағы қарым-қаты­настың маңыздылығын ұғыну, адамның ар-ожданына негізделген абыройы мен қадір-қасиетін сақтау, «үшкір бұрыш­тары жоқ шеңбер» өмір­лік философиясы және оның нышандарының киіз үй, ошақ, табақ, шаңырақ терең мағы­на­сына  басты назар аударылады. 

Аталған бағыттардағы жұ­мыс­тарды жүйелі жүргізу барысында түрлі форматта 25-ке жуық кешенді шара ұйымдастырылды. Атап айт­қанда, дәрістер, кездесулер, зият­керлік байқаулар, ұлттық-мәдени фестивальдар, ғылыми-танымдық конференция-форумдар, «Мәміле» пікір алмасу клубының отырыс­тары және тағысын тағы. Бұл шараларға 12 мыңнан астам адамды қамти алдық.

Дәрістер мен кездесулерде қазақ халқының салт-дәстүрлері, мәдениеті, әдебиеті, философиясы туралы терең ақпарат беріп, жалпыұлттық бірлік пен қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісін қалыптас­тырудың, оның қызмет етуінің және одан әрі жетілдірудің біріктіруші негіздерінің бірі ретінде маңызы түсіндірілді. Өткен жылдың қараша айында «Қазақы дүниетаным және XXI ғасыр» республикалық ғылыми-танымдық конферен­циясы ұйымдастырылды. Оған Т.Жүргенов атындағы қо­ғам­­дық қордың төрағасы, «Қазақтану» жобасының рес­пуб­ликалық лекторлар тобы­ның мүшесі С.Аңсатов, Алматы қаласынан өнертану кан­­дидаты, Ә.Қастеев атын­дағы Мемлекеттік өнер му­зе­йі­нің ғылыми хатшысы Е.Резникова, Түркіс­тан қаласынан филология ғы­лым­дарының кандида­ты, Қожа Ахмет Яссауи атын­дағы халықаралық қазақ-түрік университетінің қауым­дастырылған профессоры Ж.Исаева және Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың профессорлары қатысып, жоба маңызын баяндады. Сонымен қатар, жоба аясында Сыр­дария, Жалағаш және Қармақшы аудандарында ғалым­­дардың дәрістері, Ана­лар кеңесі мүшелерінің кезде­сулері, «Жаңғыру жолы» ЖҚ жастарға арналған оқыту семинарлары және этномәдени бірлестіктердің концерттік бағдарламалары өткі­зілді. Жалпы жобаның берері көп.

– Жастар саясатына қан­ша­лықты мән берілуде? «Жас­тар жылы» аяқталды. Осы тұрғыда Сіздердің тарап­тарыңыздан қандай жұмыстар жасалды?

– Облыстық ҚХА-ның «Жаң­­ғыру жолы» жастар қоз­ғалы­сының құрамында 50-ден астам белсенді жас бар. Қозғалыс жұмысын жүйелі әрі сапалы жүргізу мақсатында «Достық үйінен» арнайы кабинет беріліп, ол барлық қажет­тіліктермен қамтамасыз етілді.

Жастардың бастамасымен түрлі форматтағы мерекелік кештер, қайырымдылық акциялары, спорттық және интеллектуалдық сайыстар, ғылыми-танымдық шаралар өткізілді. Шаралардың негізгі дені жастарға патриоттық тәрбие беруге, олардың салауатты өмір салтын ұстануына бағытталды. Жастардың қоғам­дық өмірге белсене араласуға қызығушылығын туғызатын іс-шаралардың жаңа форматтары пайда болуда. Әсіресе, жастардың арасында кеңінен танымал болып келе жатқан хакатондар. Мысалы, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ковор­кинг орталығында «Ұлт­тық бірегейлікті сақтау» тақыры­бында әлеуметтік хакатон ұйым­дастырылып, жастардың ерекше қызығушылығын тудырды.

Өңірде жастар слетін өткізу дәстүрге айналды. Өткен жылы «Orda CAMP-2019» атауымен облыстық Ассамблеяның «Жаңғыру жолы» жастар қоз­ғалысы белсенділерінің слеті алғаш рет Жаңақорған ау­данындағы «Талдысу» жазғы сауықтыру лагерінде өтті. Жастарға қызықты семинар-тренингтер, коучингтер және мастер-кластар өткізіліп, ұлт­тық спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды. Сондай-ақ, жас­тар қозғалысының бел­сен­ділері Шығыс Қазақстан облы­сындағы «Бірлік-Единство» халық­аралық жастар лагерінде болып қайтты. Сонымен бірге жастарды ізденуге және бос уақыттарын өткізудің тиімді әрі белсенді формаларын із­деу­ге тарту мен ынталандыру мақ­сатында «Жаңа толқын жобалары» атты әлеуметтік жобалар байқауы өткізілді. Байқауда «IT еріктілік. Цифрлы Қазақстан – барлығы үшін!», «Онлайн тілдер мектебі», «Сыр балығын қолдан ұрықтандыру» секілді тың тақырыптар қорғалды.

Үшінші жыл қатарынан облыстық Ассамблея аймақтың тарихи-мәдени мұраларына экспедициялар өткізіп келеді. Өткен жылы «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы бойынша «Ұлы дала елі» тарихи-танымдық экспедициясының екі кезеңі өтті. Оның құрамына түрлі этнос­тардың аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың бала­лары енгізіліп, облыстың тарихи-археологиялық ескерт­кіштерімен таныстырылды.

Жастардың бастамаларымен бірнеше рет қайырымдылық концерт өткізілді. Оған Константин Луца деген белсендіміз бастамашы болып жүр. Евгений Демиденко Нұр-Сұлтан қаласында өткізілген ҚХА-ның ХХVІІ сессиясында сөз сөйлеп, сессия тарихында ең жас спикер атанды.

– Ұлттың, рухтың негізі – ұлттық тіл. Қазақы қаймағы бұзылмаған өңірдегі өзге ұлт­тардың мемлекеттік тілді меңгеруі қалай?

– Бұл бағытта облыстық Ассамблея тарапынан үздіксіз жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен, «Достық үйінде» тіл­дерді оқыту кабинеті жұмыс жасайды. Онда мемлекеттік және ағылшын тілдері оқы­тылуда. Осы уақытқа дейін 100-ге жуық дәріс алушы мем­лекеттік тіл бойынша білім­дерін кеңейтті. Этнос өкілдері арасында «Мәміле» қазақ тілі клубы арқылы сөйлеу шеберлігін арттыру жұмыстары қолға алынды.

Сонымен қатар, бірнеше жылдан бері этнос өкілдерінің балаларына мемлекеттік тілді үйретуге, танымын арт­тыруға бағытталған «Мың бала» республикалық мә­дени-ағартушылық жобасы жүр­гізіліп келеді. Жоба аясын­да аудан орталықтары мен Қызылорда қаласында комму­никативті тре­нингтер, «Sende bir kirpish dúnyege...» ұлттық ойындар бо­йынша жарыстар, мемлекеттік тіл­ді білу викториналары, латын графикасын қолдану арқылы мем­лекеттік тілде диктанттар өткізілді.

 Осы жылы ҚХА-ның құ­рыл­ғанына 25 жыл толады. Алдағы жылы қандай шаралар ұйымдастырылады?

– Тәуелсіз еліміздің бас­ты жеңісі – бейбітшілік пен тұрақ­­тылық. бұлар – қоғамның алға қарай дамуының, оның та­быс­ты­лығы мен бәсеке­лестігінің кепілі.

Биылғы жыл ел тарихындағы маңызды оқиғаларға толы болмақ. Олар – ҚХА мен Конс­титуцияның 25 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы, әл Фарабидің 1150 жылдығы. Осы орайда облыстық Ассамблея алдында атаулы күндерді мазмұнды түрде жүзеге асыру, ҚХА Төрағасы, Елбасы ұсынған бастамалар мен рухани жаңғыру аясында қойылған мақсаттарды орындау, ҚР Президенті Жолдауда айқындаған мәселелерді іске асыру міндеті тұр. Аталған бастамаларды орындау жолында ел бірлігін сақтай отырып, рухани жаңғырған, бәсекеге қабілетті қоғам қалыптастыруға үлес қосатын боламыз.

Бүгінде өңірлік Ассам­блея­ның төрағасы, облыс әкі­мі Қуанышбек Ысқақовтың бекі­туімен кешенді жоспар әзірленді. Жоспарға сәйкес түрлі форматтағы жұмыстар қолға алынды. Олар – мәдени-көпшілік шаралар, ғылыми-танымдық кештер, жастарға арналған оқыту семинарлары, қайырымдылық акциялары, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған сайыстар және т.б. Бұл шаралардан облыстың әрбір тұрғыны тыс қалмайды деп ойлаймын.

Әңгімелескен

Мейрамгүл Дауылбайқызы.

«Сыр бойы».

Cұхбат 23 қаңтар 2020 г. 701 0