«Тілге жетік адам құлашын кеңге жаяды»

3570

11

Сұхбат кейіпкері Эльвира Бердәулетова – талай жасқа әлемнің есігін ашқан халықаралық «Болашақ» стипендиясының иегері. Нидерландтағы ең ежелгі Лейден университетінің түлегі. Бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде оқытушы.


– Эльвира, «Болашақпен» оқуға қызы­ғушылық неден басталды?


– Алматыдағы Абай атын­дағы Қазақ ұлттық педа­го­ги­­калық универси­тетінің ха­­лық­аралық қатынастар фа­ку­­льтетін дипломатия маман­дығы бойынша үздік дип­ломмен аяқтадым. Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты немесе ҚМЭБИ университеті ма­гис­тратурасының мем­лекеттік басқару бағытында білімімді жалғастырдым. Жұмыс істей жүріп, «Болашаққа» неге тап­сырмасқа деген ой келді. КИМЭП-те оқығасын ағыл­шын тілінен менде мәселе болмады. Бірақ IELTS емтиханының нәтижесіне тезірек қол жеткізу үшін Лондонда үш айлық курста оқыдым. Таңнан кешке дейін дамыл тапқаным жоқ. IELTS-та 7,5 балл жинап, бағым жанды.


– Осы жерде енді IELTS, TOEFL дегендерді ажыратып алайықшы…


– Бұлар – шетелдіктерге арналған ағылшын тілін анықтау емтихандары. IELTS-тің General және Academic деген түрлері бар. Оның біріншісін ағылшын тілді мемлекеттерде тұру, жұмыс істеу, ал екіншісін жырақта жоғары білім алу үшін тапсырады. Academic IELTS тыңдау, оқу, жазу және сөйлесу тапсырмаларын қамтиды. Мақсаты айқын адам қарқынды түрде үш ай дайындалса, 6-6,5 балл жинай алады.


– Бұл керек көрсеткіш пе?


– Бір білгенім, универ­си­теттің мәртебесі жоғарылаған сайын талап ететін IELTS шегі де жоғарылай түседі. Мен оқыған университетте – 7-7,5 балл шамасында. Корея, Түркияда одан төмен.


– Неге Нидерландты таң­дадыңыз?


– Мен білімге құмар отбасыда тәрбиелендім. Үйіміз кітапқа толы. Бала күнімде күнделік жүргізетінмін. 12 жасымда соған «Өскенде Нидерландтың Гаага қала­сында оқып, жұмыс істеймін» деп жазыппын. Ол Лейден университетінде оқып жүргенімде есіме түсіп, таңғалдым. «Құдайдан түйе сұрасаң, бие береді» деген рас. Арман орындалады! Оның үстіне, Лейден әлемдік деңгейдегі жоғары оқу орындарымен, ғалымдармен тығыз байланыс орнатқан.


– Оқып жүріп елшілікте жұмыс істеген екенсіз…


– Нидерландтың астанасы – Амстердам болғанмен, саяси орталығы – Гаага. Елшіліктер осында орналасқан. Бірін­ші курста Гаагадағы Қа­зақстан елшілігінде үш ай тағылымдамадан өттім. Сол кезде қарым-қабілетімді бай­қаса керек, жазғы демалыс­тан барған бойда жұмысқа шақырды. Келісімшарт негі­зінде баспасөз қызметінде еңбек еттім.


– Эльвира, оқуға қалай уақыт таптыңыз?


– Екеуін қатар алып жүру оңай соққан жоқ. Күндіз жұмыс істеп, түнде диссертация жазуға тура келді. Ауқымды шараларды өткіздік. Абайдың 175 жылдығы аясында ақынның қара сөздерін голланд тіліне аудару жобасына бастан-аяқ атсалыстым. Жолым болғаны, «Абай жолы» романының авторы Мұхтар Әуезовтің немересі Зифа-Алуа Әуезова Нидерландта тұрады екен. Голландыққа тұрмысқа шыққан. Лейден университетінің профессоры. Кітап тәржімасына сол кісімен бірге үлес қосқаныма қуанамын.


– Ол кісінің қазақшасы қалай екен?


– Жолдасы да, өзі де жақсы біледі, сөйлей алады. Өкінішке қарай, пандемия жағдайында кітаптың тұсаукесерін онлайн форматта ұйымдастырдық.


– Голландияны «қызғал­дақ­тың Отаны» дейміз. Бірақ «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында Елбасы: «Асқақ Алатаудың баурайы алма мен қызғал­дақтың тарихи отаны екені ғылыми тұрғыдан дәлел­денген», – деп теріске шығарды. Осы туралы ойыңыз…


– Қызғалдақ – Голландия­ның экспорттағы бірінші нөмірлі тауары. Оның «Tulipa Turkestanica» («Түркістандық қызғалдақ») деген түрі Голландияға Қазақстаннан Ұлы Жібек жолы арқылы жеткен. Елбасы да өз мақаласында: «Қарапайым, бірақ бүкіл әлем үшін өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған», – деп жазды.


– Голландияның таби­ғаты қандай?


– «Құдай – Жерді, нидер­лан­дтықтар Нидер­ландты жаратты» деген тәмсіл бар. Территориясының 70 про­центін су алып жатқан­дықтан олар өмір бойы судан төнген қауіппен алысып келеді. Көбі білмеуі мүмкін, «дамба» сөзі голланд тілінен шыққан. Сол себепті жергілікті тұрғындар шағын аумақтың өзін өте тиімді пайдаланады. Нидерланд әлемде аграрлық өнім экспорты жөнінен екінші, ал тұқым экспорты бойынша бірінші орынға ие. Жылыжай шаруашылығы жақсы жолға қойылған.


– Тұрғындардың тұр­мысы, дәстүріндегі өзге­ше­лік неде?


– Ең бай голландықтың өзі қымбат көлік мінбейді, қымбат киінбейді. Дүние жинамайды. Ақшаны далаға шашпайды. Оның орнына саяхаттағанды, пайдалы іспен айналысқанды дұрыс көреді. «Голландықтар – әлемдегі ең сараң халық» деген түсінік бар. Мысалы, сізді қонаққа шақырса, ас-суыңызды өзіңізбен ала баруға тиіссіз. Мейрамханаға барған жағдайда әркім өз шығынын тиынына дейін өзі көтереді. Сізбен кездесуге жарты сағатын бөлсе, тура сол уақытта әңгімені үзіп, түрегеліп кете береді. Өте бірбеткей. Бұлар көңіліме түрпідей тигенмен, өмір сүрудің тиімді тәсілі боп көрінді. Бірақ дастарқанды кеңге жайып, арқа-жарқа боп отыратын қазаққа бәрібір ештеңе жетпейді! Бұл тек дарақылық пен ысырапшылдыққа ұласпаса екен.


– Голландықтардан да үйренетініміз бар сияқты…


– Голландық дипломатты білем. Елшілік қызмет атқарған. Сөйте тұра інісі фермер боп жүр. Бізде қалай, ағасы шенеуніктің інісі де – шенеунік. Еуропалық жастар диплом алу үшін емес, нақты мақсатпен оқиды. Негізінен өздері бітірген салада жұмыс істейді.


– Нидерландты «Голландия» деу қаншалықты орынды?


– Нидерланд корольдігі – ресми атауы, Голландия – географиялық аймақ. Орыс патшасы Петр Еуропаны ашқанда Голландиямен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Мен Оңтүстік Голландия аймағында тұрдым. Ол кісі сол жерге жиі барған. Ресейге оралғасын: «Мен Голландияда болдым», – дейді екен. Сол атау әлі күнге топоним ретінде қолданылады.


– Тіл үйренуге қызығу­шылықты қалай оятуға болады?


– Оның тиімді жолдарын қолдану керек. Жапон тілін үйренгенде иероглифтерін қолыма жазып алатынмын. Үй тірлігін істегенде жаттап жүрем. Көзіңіз жиі түсетін жерлерге күніне бес сөз іліп қойып, қайталап отырсаңыз, жеткілікті. Сөздік арқылы да осылай өз бетінше тапсырма орындау ыңғайлы. Телефон режимі ағылшын тілінде болсын. Әуелі қиналасыз, біртіндеп көз үйренеді. Мүмкін емес мақсат қоюдың қажеті жоқ.


– Неше тіл білесіз?


– Қазақ, орыс, ағылшын, жапон тілдерін білемін. Французша үйреніп жүрмін. Өйткені арманым – Біріккен ұлттар ұйымында жұмыс істеу.


– Эльвира, «Болашақты» армандап жүргендерге айта­рыңыз…


– 2016 жылғы статистикада Қызылорда облысы «Болашақпен» оқуға түсетіндердің саны жөнінен ең соңғы орында болды. Өйткені ағылшын тілін білу деңгейі төмен көрінеді. Сондықтан балаға ағылшын тілін мектепке барғаннан бастап үйрету керек. Қажетіне қарай курстарға қатыссын. Білімді, тілге жетік адам құшағын кеңге жаяды.


– Әңгімеңізге рахмет!


Сұхбаттасқан

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<