Жауынгер және жарқын із

 Ол 19 жасында өзі сұранып, майданға аттанған. Намыс пен күш-жігер қамшылыған қазақ баласы 1941 жылы Воронеж қаласындағы офицерлер курсында әскери дайындықтан өтеді. Содан тұп-тура бес жыл соғыстың бел ортасында жүріп, жеңісті жақындатқан. Сарбаздың алдында екі таңдау тұрады: берілу не қалайда беріспеу. Ол азапты болса да соңғысын таңдады, азаматтық борыш, перзенттік парызға адалдық танытты, абыроймен елге оралды. Бұл Ұлы Отан соғысының қайтпас қайсар сарбазы Кеңшілік Жылқыбаев еді.

Ол Жалағаш ауданының Мақпалкөл ауылында дүниеге келген. Елжіреген ата-ана, алқалаған ағайын, қалың елдің қандайлығы жастарына берген тәрбиесінен көрінеді. Байқасақ, бозбала Кеңшілік ағайынға жақын, батыл әрі өжет болыпты.

Соғыс бітті. Жеңіс жетті. Жауынгерлер туған жерге оралды. «Отан соғысы» ордені бастаған медальдар Кеңшілік атаның шинеліне сән берді, қолпаштаған көпшіліктің құттықтауы толастаған жоқ, қайда барса да торқалы той, думанды орта қарсы алды. Бірақ ол атаққа бар, амалға жоқ азаматтардың қатарын толтырмады. Есеңгіреп қалған елдің, балалық шақтың қызығын көрмей, қатал соғыстың қиындығына арқасын тосқан балалардың жағдайын есінен шығармады.

1947 жылы қалың елді қуантып, Еңбекші колхозында 4 жылдық мектеп ашылады. Озық ойлы, ділмар тілді, білімпаз азамат бірден мұғалімдікке  қабылданады. Содан 1953 жылға дейін «мектептің жүрегі», бала бағбаны болады. Онан кейінгі қызмет сатыларына қарасақ, «алмас қылыштың қын түбінде жатпағанын» аңғарамыз. 1953-1960 жылдары колхоз партия ұйымының хатшысы, 1960-1963 жылдары колхоз төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған. 1963 жылы жер-жерде совхоздардың қайта жасақтала бастағаны белгілі. Сол кезеңде құрылыс бөлімінің жұмыс жүргізушісі, бригадир болып, ауыл шаруашылығы саласында түрлі қызметтер атқарады. Ел ішінде  «Екінші Дүниежүзілік соғыста Сталин қай жақта майдан қиындаса, маршал Жуковты сонда жұмсаған» деген аңыздай әңгіме бар. Кеңшілік Жылқыбаев та ауылда сол Жуковтан кем болған жоқ. Қай салада қиындық тумасын, елеңдеп, қолдан келсе іске кірісіп, ағайынның кем-кетігін толтырып, сасқанға сая, асқанға тосқан бола білді. Жас шағында «жігіттің төресі» болса, пайғамбар жасына жеткенде «ұлы мұхиттың кемесіне» айналғанын, жақсылығын көп көрген аудан жұртшылығы жиі айтатын. «Жеті өзеннің сағасындай болып» дана қарттыққа жеткен соғыс және еңбек ардагері Кеңшілік Жылқыбаев 2006 жылы 84 жасында дүниеден өтеді.

Жауынгер Жылқыбаевтың соғыста – сертке, елге оралған соң еңбекке адал болғанын бағамдадық. Сенім – ердің серігі, ол ел сенімін ақтады. Қан майданда от кешіп, ел дегенде қара нардай қайыспай қызмет еткен Кеңшілік атаның артында жарқын із бар. Ол бүгінгі азаматтарға айнымас үлгі.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

ТАҒЫЛЫМ 06 мамыр 2018 г. 532 0