АСЫЛДАРЫМ, ЖҮРЕГІНДЕ КӨКТЕТКЕН ҒАСЫР ДӘНІН

 Бұрын ауыл көшелерінде қаз­дай тізіліп келе жатқан шалдарды көргенде жаяу былай тұрсын, көлік тоқтай қалып сәлем беретін.Қазіргі біз бір-бірімізге алыстан амандасамыз. Жылы жаққа қайтқан қаздардай шалдар да көрінбейді.

Олардың өн-бойынан өнеге тарап тұра­тын. Бірдеңе бүлдіріп қойған жас «балам, ұят болады» деген сөз естісе, енді қайтып сол шалдан ескерту алмауға тырысатын. Олар біз­ді «ұят болады» деген бір ауыз сөзбен тәрбиеледі. Жүрген-тұрғандарының өзі тәр­бие. Өткен жолдары тарих.

Артына қиындық қалдырмай, бар азап­ты өздері арқалады, бар бейнетті өздері көрді. Арпалыс пен күрестен тұратын жиыр­масыншы ғасырдың дәнін солдырмай, бақшасын бізге, бүгінгі күнге тарту етіп кетті.

Ұлы Отан соғысы деп аталған сұрапылдың оты мен оғынан аман шығып, туған жерін түлетіп, артына саналы ұрпақ қалдырған сол бір сүйегі асыл шалдардың арасында Ыдырыс Смайылов пен Сәмид Рахманбаев та бар еді. Бір топырақтың қос перзенті өмірде ағайын болды. Араларындағы жиырма жасты құдай құда қылып, тіпті жақындатып жіберді.

Жеңістің 73 жылдық мерекесінде осы кеудесі кенен, тұлғасы берен екі әкемізді тағы бір еске түсірдік.

Олар соғыс жайлы сұраған біреу болмаса әңгімелей бермейтін.  Көрген жақсылықтарын көбірек сөз қылатын.  Майдангермін деп маң-маң басқанын көрмедік. Қарапайым еді. Көрген, кешкен азапты тағдырларын кейінгі ұрпақтың бақыты үшін тәрк етіп, шүкіршіліктерін қайта-қайта айтып отыратын, жарықтықтар.

***

Ыдырыс Смайылов 1904 жылы қазіргі Шиелі ауданы Тартоғай аулының тұсынан өтіп жатқан Сырдарияның сол жағалауында өмірге келген.

Кәмпескелеу, колхоздастыру, қуғындау құқайларын бастан өткерген. Пәтима есімді ауыл қызымен бас қосып, 1938 жылы Айнаш есімді қыздың әкесі болады. Осылайша, қоңыр тірлігін кеше бермек еді. Бірақ, заман түзелмеді. Соғыс басталды. Әкесі Смайылды молда деп қудалаған өкімет өзін қырық жасқа шыққан шағында  майданға аттандырды.

Жаяу әскер қатарында болған жауынгер Смайылов соғыстың ең ыстық ошағы саналған Сталинград майданына түсті. Жерден көтерілген адам басының әп-сәтте денесін тастап домалап бара жатқан сұмдығын көруге қандай шыдамды жүрек керек екенін біз біле бермейміз. Қасыңда сөйлеп тұрған адамың бұрылып жауап берем дегенше жаһаннамға кетіп жатыр. Суша сапырылған топырақ, суылдаған оқ, сумаңдаған жалын.

Ыдырыстың бүйірінен тиген оқ бірнеше қабырғасын сындырып кетті. Сөйтіп, төрт ай госпитальда жатты. Бұл бейбіт күнде бір жыл ауырсынатын жарақат қой. Бірақ ол қолына винтовкасын кезене ұстап, тағы да майданға кірді. Бітіп болмаған сынығы сыздатып, сол бетімен 1945 жылғы 9 мамырды Берлинде қарсы алды.

Осыдан бір жылдан соң елге оралып, шаңырағының шаттығын еселеп, елдің еңсе­сін тіктеуге атсалысты. 1951 жылы Үміткүл дүниеге келді.

Елінің амандығын, екі қызының өмірін, бақытын тілеп, қарт жауынгер Ыдырыс Смайылов 1984 жылы мәңгілік сапарға аттанды.

*** 

 1925 жылы 6 мамырда Тартоғай аулында туған Сәмид Рахманбаев соғыс басталғанда 16 жастағы бозбала еді.

Жасынан өткір, өжет болып өскен Сәмидті 18 жасқа толысымен әскерге алып кетті. Әскерге емес, соғысқа кетіп бара жатқанын, топқа түсуге емес, отқа түсуге бара жатқанын жақсы түсінген жас жігіт ештеңеден сескенбеді. Кеудесінде жауға деген кек тұтанып үлгерген, жеңіспен ораламыз деген сенімі серпіліп тұрды.

Алдымен өзбек жеріндегі дербес байланыс полкіне түсті. Осы жақта байланысшылар курсында Морзе оқуын үйренді. Зерек жас бұл мамандықты тез меңгерді. Соғысқа кірген күннен бастап, 1-ші және 4-ші Украин майданының арасын байланыстыратын жауапты міндетті атқаруы  оның бұл мамандықтың техникалық сыры мен әскери құпиясын жетік меңгергендігін көрсетеді.

Негізі байланыс полкі қай кезде жаудың басты нысанасы болған. Жау күші мүмкіндігінше байланысшылардың көзін жоюды бірінші кезекке қойған. Сондықтан Сәмид өзінің жауынгерлік жорықтарында үнемі аса қауіпті аймақта болды. Сол азынаған ажалдың қасбетінде жүріп, ерлік үлгісін көрсеткен ол Киевті, Харьковті, Тернопольді, Тарнувты азат етуге қатысты. Осы жаннан кешкен шайқаста аяғынан, арқасынан жараланған байланысшы-жауынгер жан қиналысын жеңіп, сапқа қайта қосылды.

Соғысты жеңіспен аяқтаған соң, әскери қолбасшылық байланыс қыр-сырын жетік білетін Сәмидті әскерде қызмет етуге онан әрі қалдырды.

Осылайша жеті жыл әскер қатарында болып, омырауында орден-медалі жарқыраған жеңімпаз елге оралды.

Дүрия есімді көңілі жарасқан жаспен отау құрды.

Ферма меңгерушісі, жұмысшылар коми­тетінің төрағасы, егіс бригадирі болып, Тар­тоғай қой совхозын өркендетуге өз үлесін қосты.

Алты перзентін аяқтандырып, құрмет төрі­нен түспей, тоқсанға қараған шағында дүниеден өтті.

Бүгінде Сәмид әкейдің ұлы Өтеш пен Ыдырыс ақсақалдың қызы Үміткүлдің отбасы жеңіс күні келген сайын елдік пен ерліктің сипатын кеуделеріне қатар сыйдырып, бала­ларының бақытын тілеген қос ардагерге дұға бағыштайды.

Балаларының балаларына «сендердің екі жұрттағы аталарың да майдангер болған» деп, олардың жүрегіне отангерлік отын жағып отырады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы».
ТАҒЫЛЫМ 06 мамыр 2018 г. 558 0