БІЗ МАЙДАНГЕР ҰРПАҒЫМЫЗ

 Әке есімі әркімге де қымбат. Мен үшін де әкем қасиетті де қымбатты жан. Анамнан екі жасымда айырылған маған одан асқан мейірім иесі, қымбат асыл адам болған жоқ.

Әкем қазіргі Қызылорда қаласына қарасты Жақыпбек Махамбетов атындағы ауылда туып өскен.

Ардақты әкем жайлы ауылымыздың құрметті ақсақалы  Бабаш Жөкеновтің айтқан осы бір естелігі жүрегімде қалып қойыпты.

«...Ұзақ жылдар  ұжымшарда еңбек еткен ағамыздың ауырдан тартынғанын, жеңілге жүгіргенін көрген емеспін. Бетке келіп, меселіңді қайыратын мінезден ада кісі қайда қиын шаруа болса, сонда жүретін. Сабаз-ай, айтқан іске үндемей бас изеп, әбжіл  кірісіп кететін. Оған тапсырылған шаруадан ши шыққан емес. Қысқасы, қара бейнеттің адамы еді».

Осы бір сөздер есіме түскенде жаным тебіреніп, кеудемді мақтаныш сезімі кернейді.

Өз әкесінен бес жасында айырылған менің әкем қаршадайынан тауқымет тартып, буыны бекімей жатып еңбекке араласады. Анасы Зүбәйраның  иығына түскен салмақты арқасына салып ер жетеді. Бойына дара біткен қажырлылық, табандылық қасиеттерімен шаруашылықтың шаш етектен келетін жұмысын абыроймен атқарып, зейнет демалысына шыққанша тізе бүкпей еңбек етеді.

Әкем Әліарыстан екі соғысты көрген ардагер. Ол 1938 жылы әскер қатарына алынып, Шығыстағы Жапониямен  болған  Халкин-Гол ұрысына қатысқан. Одан елге оралғаннан кейін батыстағы  соғыс өрті тұтанады. Қиыр Шығыста жасақталған 58-ші атқыштар полкінің құрамында 1941 жылдың қыркүйек айында Украина майданына аттанады. Украина жерін фашистерден азат етуге «Максим» пулеметін сүйрете кірген  жауынгер кеңес әскерімен бірге Харьков, Полтава, Кременчуг қалаларын азат етіседі.

1943 жылдың қысында Старый  Лозовой  деген  жерде  үш мың   кеңес солдаты неміс қоршауына түседі. Қалың қамысты паналаған  жауынгерлер  бірнеше  күн  жауға берілмейді. Бес қаруы сай  фашистер  қамысты   өртеп, оларды қолға  түсіріп, тұтқындарды аяусыз жазалауды бастайды.

Бұл жағдайды еске түсіргенде әкемнің көңілі алабұртып, қабағын бұлт торлайтын. «Адамның жаны сірі ғой, өлетін хәлде өрге ұмтылып, небір азапты басымыздан өткіздік, қарағым», – деп отыратын еді, жарықтық. Тұтқынның басынан  кім сипасын. Аш-жалаңаш жүріп, бір қасық суға зар болған кездерді басынан кешіпті. Арғы атасының құны қалғандай фашистердің күніне  15 рет дүре соққанын естігенде денеміз мұздап кететін. Осы тұтқындағы  кезі туралы әкемнің бала кезімде айтқан мына әңгімесі жадымда  сақталыпты.

«Немістер  кеңес тұтқындарын Англияға алып бара жатты. Пойыз әр-әр жерге тоқтап жүреді, бірақ біз сыртты көре алмаймыз. Ағаш вагонның  іші ығы-жығы тұтқындар. Бір күні, қай жерде екенін қайдам, тоқтап тұрған вагонның сыртынан біреу «Араларыңда  қазақ бар ма?» – деп айқайлады. Жүрегім дүрсілдеп, «Бар» деп жауап қаттым. Кенет вагон терезесінен екі қап нан мен бір қалта қар топ етіп ішке түсті. Нанды жеп  жүрек жалғап, қарды жалап шөлімізді бастық. Сол қазақтың екі қап наны бүкіл тұтқындардың аш өзегін жалғап, ажалдан құтқарып қалды.

Алланың құдіреті, ауылдағы анамның көз жасы болар, бір күні жақсы хабар келді. Екі тараптан тұтқындарды айырбастау туралы келісім жасалыпты. 12 мың кеңес жауынгері Англиядан кемеге отырып, Финляндия арқылы елге қайттық. Бірақ елге келген соң да мойнымыздан тұтқын қамыты алынбады. Бізді Балтық жағалауындағы порт құрылысына салды. Бұл  жерде де азапты өмірдің кермек дәмін таттық».

Бұл әкемнің соғыста көрген сұмдығының оннан бірі болар, тағдырдың басына  салған небір тауқыметін көріп 1947 жылы елге  оралады. Бірақ сол келгенде тұтқын  деген қара  таңбадан құтылып,   әскери қолбасшылардың шешімімен «Отан соғысы» ордені  мен  бірнеше  медальдарын  тағып келеді.

Елге  аман-есен оралған  майдангер Кәдеш Қиянбекқызымен  отау құрады. Жасынан екбеккеш болып қалаптасқан анамыз  Кәдеш соғысқа кеткен  азаматтардың орнын  жоқтатпай, №43 Коммунизм мектебіндегі  үздік оқуын  үзіп, ертерек  ел ісіне  араласқан. Мектеп жасындағы тұлымшағы желпілдеген қыз болса да, ферма бастығының көмекшісі қызметін ұршықтай үйіреді. Кейін қала маңындағы «Кооператор» бірлестігінде  ашылған шағын сыра заводында есепші болады. 

Анам ажарына ақылы сай кісі еді. Қызметіндегі абыройына қоса ол бір шаңырақтың ғана емес, әулеттің қадірменді келіні атанады.

Жаспын демей, ерлермен бірге ел еңсесін  көтеруге  үлес қосқан анам өмірге  алты перзент әкелді. Әкемнің бір басын қара орманға айналдырды. Шаңырақ шаттығын еселеп, отбасын сәбилер күлкісімен көркейте түседі. Бірақ осы перзенттерінің қызығын көрмей, бұл  фәнимен ертерек бақұлдасты. Сол кезде өзім екі жаста  болғасын ана  келбеті, оның шуақты  жүзі көз  алдымда жоқ. Жүрегімдегі  анаға деген  махаббат, балалық сезім  кеудемді керіп,  перзенттерін жансыз бейнесі  аялап  тұрғандай  әсер  қалдырады. Алайда әкемнің кейінгі жары  Сағира Қыпшақбайқызы ана орнына ана болып, бізге жақсы қарады. Ол  кісіден мен балаға деген  аналық мейірім мен жылы ықыласты көріп өстім. Сағира  апамның  аруағының алдында мен  балалық  ризашылығымды  білдіремін.

Әкем Әліарыстанның туғанына  100 жыл толуына  орай, 2012 жылы туған атамекені  Махамбет ауылында өз ұрпақтары, яғни балалары үлкен ас берді.  Сонымен қатар  осы ауылдың   қақ  төрінен  «Әліарыстан мешіті» салынып, дүйім елдің  игілігіне пайдалануға берілді.

Тағдырдың талқысы қанша сынаққа салса да, мойымаған әкем Әліарыстан  мен аяулы анам Кәдештен тараған  ұрпақ солар салған сара жолмен өсіп, өркенін кеңге жайып келеді.

Әкемнің табандылығы мен ақыл-парасаты Шәрікүл апамыздың өн бойына дарыған. Қажы апамыз әке жолын жалғап, елге еңбегін сіңіріп келе жатыр. Білікті ұстаз, өнегелі ана. Ұядан ұлағат көрген балалары өздері құрған құрылыс компаниясы арқылы елордамыздың көркейе түсуіне үлес қосып жүр.

Мұнан кейінгі қыз Қарлығаш та ұстаздық еткен жалықпас деп, шәкірт тәрбиелеуде. Жаңыл ақ желеңді абзал жан. Рахымжан теміржол саласының майталманы, қара шаңырақтың отын жағып отырған Ғалымжан жеке шаруашылықпен айналысады. Мен де ұстаздық еңбегімнің жемісін татып отырмын.

Міне, майдангердің рухын бойға сіңірген ұрпақ деген атты биік ұстап, алтаумыз да өз хәл-қадерімізше тәуелсіз еліміздің баянды болашағына қызмет етіп келеміз.

 

Бақытжан   ИМАНБЕРДИЕВА,

   №43  Ж.Маханбетов атындағы 

орта мектеп директоры. 

Қызылорда қаласы.

ТАҒЫЛЫМ 06 мамыр 2018 г. 497 0