ЖАУЫНГЕРДІҢ ЖОРЫҚ ЖОЛДАРЫ

  Ол 1909 жылы Қармақшы ауданына қарасты №1 ауыл­дық кеңесі, қазіргі Қызылтам елді мекенінде өмір­ге келген. Соғысқа дейін Жосалы меха­никалық зауытында темір ұстасы болып еңбек еткен. Көзі тірісінде әкеміздің ай­туын­ша, Жосалы меха­ни­ка­лық зауытының стра­те­гия­лық мақсаттағы соғыс жабдықтарын шығаратын өн­діріс орны болуына бай­ланысты, әдепкі лектегі әскерге шақырылғандардың қата­­рынан оны босатады. Деген­мен, ол бірнеше зауыт жұмыскерлерімен бірге қайта-қайта соғысқа сұранып 1942 жылдың 15 маусымында майданға аттанады. Орынбор облысындағы Тоцкий жаттығу полигонында қысқа мерзімді әскери оқу-жаттығудан өтіп, әрі қарай соғысқа аттанған. Бірнеше ұлттың өкілдері жұмыс істейтін зауытта ең­бек ете жүріп, орыс тіліне машықтанған нағашы әкеме оқу-жаттығудың үздігі ретінде, 357 атқыштар дивизиясы, 1190 атқыштар полкі командирінің бұйрығымен ефрейтор әскери атағы беріледі.

Жауынгер Жалғасбай әдеп­­кіде Сталинград майда­нын­дағы жан беріп, жан алысқан қанқұйлы шайқасқа қатысып, жарақат алып, далалық гос­питальда емделіп шыққан  соң, 1 және 3 Прибалтика май­данындағы 245 атқыштар дивизиясының 411-ші дербес саперлік батальон құрамында  неміс фашистеріне қарсы ұрыс­қа түсіп, көрсеткен ерлік­тері үшін бірнеше рет жауын­герлік орден-медаль­дармен мара­пат­талады.

Бүгінде қолымызда әке­міздің  сол сұрапыл жылдардағы жауынгерлік жорықтағы ерлік­терін айғақтайтын бір­неше архивтік құжаттардың мәліметі бар. Ол 1946 жылы омырауына екі «Қызыл жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен «Жауынгерлік ерлігі үшін», «1941-1945 жылдардағы ҰОС-да Германияны жеңгені үшін» медальдарын тағып елге оралды.

Батыр тұлғалы жауынгер Жалғасбай әкеміздің алқашқы жауынгерлік-мемлекеттік ма­ра­паты – «Жауынгерлік ерлігі үшін» медаліне ұсынған  357-атқыштар дивизиясы, 1190 атқыштар полкі командирі под­полковник Жусяк пен штаб бастығы, капитан Счастнивцев қол қойған 1943 жылдың 24 қазанындағы ұсыныс-құжатты аудармасыз сол қалпында келтірсек...

«.... тов. Ж.Сыздыков  при форсирований переправы реки Еменка первым выдвинулся с пулеметом и открыл огонь вдоль большака «Невель-Великие Луки» по огневой пулеметной точке противника, которую и подавил, дав возможность стрелковым подразделениям переправится через реку и обладеть большаком. Под дер. «Червухино» тов. Ж.Сыздыков активно поддерживал насту­пающие части огнем пулемета, не давая возможности против­нику вести огонь, где и был ранен» делінген екен

Жанқиярлық ерліктерге толы жауынгерлік жорық жолы­нан өткен әкеміз қатаң тәр­тіптің адамы болған еді. Ол соғыстан кейін елімізде халық шаруашылығын қайта қалпына келтіруде де  қатаң тәртіптегі темір жолда еңбек ете жүріп, аудандық кеңестің депутаты болып сайланды, коммунистік  партия қатарына қабылданды, қоғамдық жұмыстарға да араласты. Біздер оның «мен сөйтіп едім» демейтін нағыз ерлік істің адамы екенін бала күнімізден көріп өстік.Әкемізді өз ұрпақтары мен жиендері бәріміз «папа» дейтінбіз. Сонау алыста қалған бала кезім­де ата-анаммен Жосалыға са­пар­лап барғанымызда оның жанында отырып, кеудесіндегі орден-медальдарын қызыға ұстап: «Папа, мына орден-медаль­дарыңызды қандай ерлігіңіз үшін алдыңыз», – дейтінмін.

Сонда  ол өзінің өн бойын­дағы салмақты да сабырлы  қалпында: «Балам,  ұрыста көп­пен бірге болдым,ерлікті сонда өлгендер жасады» деуші еді. Әкеміздің аузынан «соғыс» деген сөзді естіп көрмеппіз. Әрдайымда біз: «соғыс жай­лы әңгіме айтыңызшы» деге­німізде: «ұрыс ешқашан қызық бол­майды» дейтін. Ол ешқашан басқалардан айрықша құрмет күтпейтін-ді. Ұрпақтарын да осылай тәрбиеледі. Енді жауынгер рухты әкеміздің өзім білетін турашыл, әділдікті ту еткен адал адам ретіндегі бірер жағдайға тоқтала кетсем.

Ұлы Отан соғысында көп­­теген ерлік көрсеткен II топтағы соғыс мүгедегі ре­тін­де оған да Кеңес Одағы тұсында әрбір жеті жыл сайын мемлекет тарапынан жеңіл автокөлік беріліп тұрды. Әке­міздің өз балаларының бірінде жеке көлік болса, бірі көлік жүргізушісі еді. Ал, оның өзі ешқашан көлік мініп қыды­рыстамайтын. Өйткені, ол зейнеткерлік демалыста болса да, өз үйіндегі ұстаханасында тынбай еңбек етуші еді. Тек балалары демалыстарында ғана пайдаланатын. Ал, турашыл әке­міз болса көлігіне тоқсан сайын жанармайға берілетін өтемақыдан көбіне бас тар­татын. Сонда ол: «Далада шашылып жатқан дүние мем­лекетте де жоқ» – дейді екен. Ол сексен асқан шағында сырқаттанып жатқан әкемнің көңілін сұрай келген еді. Нағашымның аптап ыстықта автобуспен жүргенін білген әкем қайнағасы Жалғасбайға: 

– Жәке, Құдайға шүкір, көлі­гіңіз бар, оны жүргізетін балаңызда бар, күн ыстықта автобуспен жүріп шаршайсыз ғой деген еді. Сонда сәл ойланыңқырап:

– Әзір жүріп-тұруға шамам жетеді, баланы мекеменің жұ­мы­сынан қалдыруға бол­майды, – деді. Сонда да болса жасы келген нағашымның қамын жеген әкем:

– Жәке, қайтар жолыңызда мына жиенің көлікпен апарып салады деп, – мені иегімен меңзегенде ол тағы да:

– Жоқ, Болатжанның қыз­меті тіптен жауапты, өзім қалай келсем, солай қайтамын, – деп кесіп айтқан еді, жарықтық турашыл нағашым.

Тарих таразысында күні кешегідей күркірей өткен сұрапыл соғыста жанқиярлық ерлік жасап, көптеген мемле­кет­тік марапаттарға ие болған қармақшылық соғыс және еңбек ардагері, нағашы әкем Жалғасбай Сыздықов 2006 жылдың сәуірінде 98 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Ұлы Отан соғысында ерен ерліктің үлгісін көрсеткен қар­мақ­шылық жауынгер Жалғас­бай Сыздықовтың да өнегілі өмір жолдары кейінгі ұрпақ үлгі тұтар ғибратқа толы. 

Болатбек НҰРЖ ІІО ардагері, 

Әлем  халықтары Жазушылар

одағының мүшесі.                                              

ТАҒЫЛЫМ 06 мамыр 2018 г. 482 0