ӨМІРДІҢ АЛТЫН АРҚАУЫ

Қазақ отбасында әже орны ерекше әрі қадірлі. Олар – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, ағайын-туыстардың бірлігін, татулығын сақтайтын сыйлы ана, кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Тарихта бір рулы елге ана болған Айпара әже, Домалақ ана, Зере, Айғаным секілді әжелердің бейнесі аңыз-әңгімелерде, әдеби шығармаларда көркем сомдалған.

Әженің бауырында өскен баланың жөні бөлек. Әже дегенде көз алдыңа асыл бейне елестейді. Күн шуағындай шалқыған күлкіні, әдемі тірлікті көргендей боласың. Айналып келгенде, әже тәрбиесінің негізінде – ұлт тәрбиесі жатыр.

Менің асыл да ардақты әжем әулеттің ұйытқысы бола білген жан еді. Осыдан тура бір жыл бұрын дүниеден өтті.

Ақбалыш Жалғасова 1930 жылы Қармақшы ауданы, Қосарық ауылы, Ворошилов колхозында дүниеге келген еді. 1949 жылы Ворошилов мектебінде мұғалім болып, еңбек жолын бастаған. 1955 жылы Н.Гоголь атындағы жоғары оқу орнын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша сырттай бітірді. 1949 жылдан бастап Тұрмағамбет, Ақжар, Жаңақала ауылдарында мұғалімдік қызмет атқарған, тәжірибелі ұстаз, озат мұғалім. Еңбек жолының соңғы он жылында №183 Ү.Томанов атындағы орта мектепте қызмет етіп, құрметті еңбек демалысына шықты. Тылда атқарған еңбегі бір төбе. 

Ол білімді де тәжірибелі ұстаз болатын. Шәкірттерінің бірі Алтынша Кенжеева: «Қайран, менiң апайым, бiр әулеттiң ғана емес, Қармақшы елiнiң анасы едi ғой» деп еске алса, Рауа Әмитова «Сөзі алтын, өзі асыл кісі еді. Біз ол кісінің алдынан өттік. Мұны мен мақтанышпен айта алам. Соңғы кезде хабарласа алмай қалдым, өкініш кернейді» деген сөзін арнапты. Замандасы әрі жерлес бауыры Рыскүл қажы Тұрсынбайқызы Садықованың естелігінде мынадай жазбалар жазыл­ған: «Ақбалыш апамның «Ау, Бөдеш, жаным-ау, аман-сау жүрсің бе, бала-шағаң аман ба?» деген сөзін сағындым. Астана мен ауылдағы балаларымның жаңалықтарын, қа­шан кетіп, келгенімді, барлық әңгі­мемді айтып, оған апам өзімнен бетер қуанып, әрбір айтқан «құтты болсыны» сом алтынға тең еді. Намаз сабақтарына мән беріп, Алла Тағалаға деген құлшылықтарымыз бен шексіз шүкіршілігімізді айтып, бір жасап қалатын едім. Жақсы сөздері мен баталарына қанаттанып қалатынмын».

Бұл пікірлер, әжем тура­лы есте­ліктер мен үшін өте маңызды. Мейірімділігі сондай, оның жұды­рықтай жүрегіне бүкіл әулеттің балалары, немерелері, шөбере-шөп­шек­тері сыйып кететін. Ешкімді алаламайтын, барлығын бірдей көріп, бір отбасының емес, бір әулеттің ұрпағына қамқор болып отыратын.  Ерекше атап көрсететін қасиеті – шындықты бетке айтатын. Өтірік айтқан адамды жек көретін. Ешқашан ешкімді жамандамайды, «кез келген адамның жақсы қасиеті болады, соны көре білу керек» деп отыратын және соған тәрбиелейтін.

Біздің әулетте «бірлік» ұғымы өте жоғары тұрады. Әжем сол әулеттегі бірлік туын жоғары ұстап, шаңырақтың алтын босағасын берік қылып, берекелі қара қазанының құтын қашырмаған ардақты аналар­дың бірі еді. Ол – мектепте ғана ұстаз болмай, әулеттегі барлық балалардың бойына асыл қасиеттер дарытып, әлемді, өмірді сүюге үндеп, көңілге мейірім шуағын құйып, ұрпағын тәрбиелеген жан.

Мен осындай асыл да ардақты әжеммен мақтанамын, марқаямын.

Ол кісімен соңғы пікірлескенім әлі көз алдымнан кетпейді. Жаздың жаймашуақ күні болатын. Жексенбі. Апта сайынғы қалыппен әжемді аппақ қылып жуындырып, әдеттегідей әдемі киімдерін киіндірдім. Содан соң көтеріңкі көңіл күймен тамақтанып, ата-баба тарихынан әңгіме бастады. Мен қажет жерін қойын дәптеріме түртіп отырдым. Арасында «балам, осының бәрін тыңдап, көкірегіңе тоқып ал, саған қажет болады» деп ескертіп қояды. Үш сағатқа жуық уақыт өтті. Құнды деректерден ұзақ сыр шертті әрі ерекше көңілді отырды.  Мені жанынан жібергісі келмеді, шаршап қалар деген оймен үйге қайтуға ниет білдіргенімде «Әй, балам, әлі ерте ғой, отыра тұрсай» деді қимастықпен. Бұл сізбен соңғы сұхбатым екенін білмеппін, әже...

Әжем маған көзімнің қарашы­ғын­дай сақтап өтетін үш сарқыт қал­дырды. Тарихымды танытып, шежіре сызба сыздырды (бұл дүние сәтін салса, алдағы күндері кітап болып жарық көретін болады). Қара шаңырақ пен қара қазан ара­сын­дағы өсиет сөздерді терең ұғын­дырып, тәрбие кілтін тапсырды. Сағынышымды басуға мейірімін түйген ақ жаулығы мен тазалық майы сіңген көйлегін сыйға қалдырды. Бірақ, әжетайымның мейірімге толы жүрегі мен ерекше аналық махаббатын ешнәрсе ауыстыра алмайды.

Шахарбан НҰРТАЙТЕГІ,

немересі.

ТАҒЫЛЫМ 02 шілде 2018 г. 500 0