МАЙДАНГЕР ҰСТАЗ

Өмір – өзен. «Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер кезекпенен өлінер, бұрынғыдай көрінер» – деп хакім Абай айтқандай, осы ағыста әр адамның өз толқынымен өмір сүріп, артына өнегелі істермен саналы ұрпақ қалдыруы арқылы ұрпақ сабақтастығын жалғастыруы табиғаттың бұлжымас заңды құбылысы екендігі белгілі.
Тіршілікте біреулер ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп-ақ дегеніне жетіп жатса, енді біреулері өмір жолдарының ащы дәмдерін тата отырып, адал еңбек, маңдай терімен, өзінің азаматтық абыройына кір келтірмей, биік белестерден көрініп, ел жадында қалады.
Өмірдің осындай сан тарау бұралаңдары және қиындықтарымен қатар қуаныштарын да бір адамдай-ақ басынан өткізген азаматтардың  бірі де бірегейі, ақылшы да, көшбасшы да бола білген атпал азамат, Отан соғысының ардагері, майдангер ұстаз марқұм Бекпан Боранбаев ағамыз болатын.
Ол 1915 жылы сәуір айында Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, қазіргі «Алдашбай ахун» ауылында дүниеге келді.
Балалық шағы аса ауыр жағдайда, яғни, асыра сілтеу арқылы елді қолдан ашаршылыққа ұшыратқан уақытқа, жігіттік кезеңі Ұлы Отан соғысы кезімен тұспа-тұс келіп, осы зұлматтар оның ерте есеюіне ықпал етті.
1920-1930 жылдардағы ашаршылық және осы жылдардағы шолақ белсенділердің асыра сілтеу салдарынан әкесі Боранбай отбасымен «Халық жауы» ретінде жер аударылып, сол кеткеннен хабарын білмей әке-шешенің ыстық алақаны мен мейірімін көрмей өсті.
Сол жылдары ата-аналарынан тірідей айырылған бес жасар Бекпан Ташкент қаласындағы балалар үйіне тәрбиеленуге алынып, 18 жасқа толғанда ағайын-туыстарының іздестіруіменен туған жерге оралып, өзінің еңбек жолын 1933 жылы Ленин атындағы мектепте бастауыш сынып мұ­ғалімі болып бастап 44 жыл бойы, яғни, 1977 жылы зейнеткерлікке шыққанша білім беру саласында қатардағы мұғалімнен оқу ісінің меңге­рушісі, мектеп директоры сияқты қызмет атқарып, бүкіл саналы өмірін жастарға оқу-білім, тәрбие беру ісіне арнады.
Еңбек ете жүріп білімін жетілдіру мақсатында 1936-1938 жылдары Ташкент теміржол инженерлер дайындайтын институтының жұмысшы­лар факультетін (Рабфак), 1958 жылы Қызылорда педагогикалық институтының «Физика және математика» пәні мұғалімі бойынша бітіріп, жоғары білім алды.
1942-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына Батыс майданы құрамында зеңбірекші, байланысшы болып неміс фашистеріне қарсы соғысқа қатысты. Отан соғысы кезіндегі көрсеткен ерліктері үшін «Қызыл Жұлдыз», «І дәрежелі Ұлы Отан соғысы» ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталып, Берлинге дейін жетіп, елге ІІ топтағы соғыс мүгедегі болып оралды. Білім саласындағы жетістіктері үшін жоғары санатты ұстаз ретінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің және аудан, облыс басшылығы мен білім саласы орындарының бірнеше рет материалдық және моральдық марапаттауларына ие болып, аймақ көлемінде білімді де білікті, қазақ және орыс тілдеріне бірдей жетік, саяси сауатты ұстаз ретінде танылды. Оның оқытқан шәкірттері республиканың түкпір-түкпірінде жемісті еңбек етті.
Жағымпаздықты бойынан аулақ ұстап, кез келген ортада өз ой-пікірлерін жасқанбай, тіке айта алатын, кез келген кемшілікке жаны төзбей тиісті орындар алдына батыл қойып, оның дұрыс шешімі шыққанша күресетін.
Үлкен жүректі азамат 1986 жылы 71 жасында зобалаң жолдар мен соғыстан алған жарақаттар салдарынан туған ауылында дүние салды. «Адам өлген күні өлмейді, ұмытылған күні өледі» деген бабалардан қалған сөз бар.
Шүкір Ақтұрсын жеңгемізбен құрылған жарасымды жұптан тараған Нұрлыкүл, Зоякүл, Мұратбек Төребек сияқты таспа салса мұқалмайтын ұл-қыздары, олардан тараған 26 немере, 18 шөберелері, артында қара ормандай елі тұрғанда Бекпан ағамыздың аты ешқашан өлмек емес.
Майданда ел қорғап, ұрпақ тәрбиелеуде өшпейтін із салған оның есімін туған жерінде мәңгі қалдыру мақсатындағы Қармақшы ауданының белгілі азаматтары мен «Алдашбай ахун» ауылы тұрғындарының ауылдағы №3 мектепке Бекпан Боранбаевтың есімін беру туралы ұсынысы кеңінен қолдау табады деп санаймын.

Райымбай НҰРТАЗАЕВ,
еңбек ардагері.
Қызылорда қаласы.
ТАҒЫЛЫМ 21 сәуір 2019 г. 226 0