Әділ де табанды азамат едi

  Өмiрден көңілге түйгенiм, бiз қазір адамның кісілік пайымын, адами болмысын кадірлеп-қастерлеуде бұрынғы түсініктен өзгеше көзқараспен қарай бастадық. Сол көзқарас кейде жақсы, iзгi атаулының парқын елемеуге әкелгені жасырын емес. Сондықтан ізгіліктің шарапатын айтуда әріптес болған Дүзелхан Жансүгiров ағамыздың өнегелі өмірін үлгі етіп сыр шертуді парызым деп санадым.

Ол кісі 1932 жылы Қазалы ауданының Микоян атындағы колхозда (қазіргі Лақалы ауылы) кедей шаруаның отбасында дүниеге келген. Дүзекеңнің балалық шағы елiмiзде сол кезде халық жауын әшкерелеу деген нәубетпен басталып, жастық кезеңі Ұлы Отан соғысының ауыр жылдарына ұласты. Колхозда белсене еңбек ете жүрiп, жетiжылдық мектебiн бiтiрді. 1947-1949 жылдар аралығында Қызылорда қаласындағы педагогикалық техникумды «жақсы» деген бағамен аяқтады. Қазалы ауданының Микоян, Андреев колхоздарында мұғалім болып дәріс бердi. Ал 1952 жылы еліміздің алғашқы жоғары оқу орындарының бірі Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттiк университетінің заң факультетiне оқуға түсті. Сол оқу орнын 1956 жылы қызыл дипломмен бiтiрiп, Қызылорда облысының прокуратура саласына жолдама алды. Менің пайымдауымда, ауылдық жерде туып-өсiп, жо­ғары оқу орнын орыс тiлiнде үздiк бiтiру кез келгеннің басына қонатын қабілет емес.

Прокуратура саласында қызмет жасаған сегiз жылда Дүзекең өзінің еңбекқорлығымен, әділдігімен ерекшеленiп, халық арасында абыройы артып, тәжірибе жинақтады. 1963-1964 жылдары Қазалы аудандық прокуратурасына тергеушi болып тағайындалып, екі жыл көлемiнде жергiлiктi прокуратура органдары беделiнің жоғарылауына үлкен үлесін қосты. Тек жазалаушы орган ғана емес, сонымен қатар халықтың мұн-мұқтажын тыңдайтын, заңның өз дәрежесінде орындалуына жоғары қадағалау жүргізетін орган екендігі халық арасында кеңінен насихатталып жатты.

Ағамыздың заңдылықты қорғау жолындағы игiлiктi істері жергiлiктi басқару органдарының назарынан тыс қалмады. 1964 жылдың соңында Қызылорда облыстық кеңесінің шешiмiмен облыстық соттың мүшелiгiне бекiтiлдi. 1979 жылы облыстық сот төрағасының қылмыстық  iстер жөнiндегi орынбасарлығына жоғарылатылды. 1981 жылы Қазақ ССР Жоғарғы сотының мүшелiгiне үміткер (кандидат) қатарына енгiзiлдi.

Жауапты қызметтерді атқару барысында Дүзелхан ағамыз тек заң талаптарына сүйеніп, өзінің ішкі сезімімен әділдікті ту етіп, қандай жағдайда да заңды, әділ шешімдер қабылдайтын.

Қатарласы Н.Жұбанғанов көзі тірі кезіндегі әңгімелерінде ол кісінің бойында ақылдылық, парасаттылық сияқты үлгі боларлық тұлғалық қасиеттер мол болғандығын айтатын. Ол әрбір істі сана сүзгісінен өткізіп, қиянаттылыққа жол бермей, тек заң шеңберінде шешім шығарып отыратын еді. Әділдігі мен адамгершілігі мол қасиетін халық жоғары бағалап, «кіршіксіз таза сот» деп берген атағына лайықты болғандығын қайта-қайта айтып, еске түсіріп отыратын еді.

Дүзелхан ағамыздың ұзақ әділеттілік жолындағы ғұмырында адам тағдырына байланысты күрмеуін шешкен қылмыстық істер аз болған жоқ. Бұрынғылар Алладан «қызметімді, байлығымды алсаң да, абыройымда алма», – деп тілейді екен. Ол кісі де қасықтап жиған абыройының қадірін білді. Қызметтес болған П.Әбдірахманов, Ә.Досмайылов, Ә.Тәжімбетов, Ө.Қиязовтармен сыйласты, бірін-бірі құрметтеп, қадір тұтты. Судьялық қызметті жаңадан бастаған інілеріне адам тағдырын таразылайтын, мәртебесі биік қыз­мет екенін, сондықтан ол қызметте табандылықтың керектігі, оған лайықты болу үшін тек дипломның болуы жеткіліксіз екенін айтатын. Әділ төрелікке кепіл бола аламын деген асқақ мақсат болуы қажет екендігін Дүзекең жастарға ерінбей-жалықпай қайталап отыратын.

Сонымен бірге судья өзінің отба­сындағы, тұрмыстағы мінез-құл­қымен, теріс әрекеттерімен қоғамда өзі туралы жағымсыз пікір тудыратын болса, оның қабылдаған шешімдерінің заңдылығына қарамастан, халық арасында сотқа деген сенімсіздік тудыратыны туралы да жастарға ескертпе жасауды естен шығармайтын.

Ағаның өмір жолы тек қана адалдықтан, адамгершіліктің, биік өлшемдерінен тұратынын, жасынан өмірдің қиыншылығына кездесіп, тек өзінің күші мен талабына сеніп өскенін, өмір жолында оны көкке көтерген көкесі де, демеген қамқоршысы да болмағанын, қолтығының астындағы қос қанаты – адалдық пен тазалық болғанын, оны биікке көтерген де, тұлғасын тұғырға қондырған да осы қос қанаты болғанын байқаймыз. Өкініштісі, Дүзелхан аға 1986 жылы 54 жасында жүрек талмасынан қызметте жүріп қайтыс болды. Бұл табиғаттың бұлжымас заңы, адам баласының көнбеске амалы жоқ шара десек те, қайғылы оқиға барлығымыздың жүрегімізді сыздатты.

2017 жылы балалары сүйікті әкелерінің рухына арнап ас беріп, құран бағыштап, аруағын риза етіп, ел-жұртының ықыласын алып, перзенттік парыздарын өтеп, туысқандарының мерейін тасытты. «Жақсы адамның өлген күні болмайды, тек туған күні болады» дегендей, ағамыз бүгінде әлі ортамызда жүргендей сезіледі. Ағаның жалпы адамға деген адалдығы мен азаматтығы, қарапайымдылығы мен жоғары парасаттылығы білетіндердің жадында мәңгілік сақталатындығына сенімдіміз.

Өзінің саналы өмірін Дүзелхан ағаның жағдайын жасауға арнаған Назбике апай екеуі теңіз айдынында қатар жүзген қос аққудай 36 жыл тату-тәтті, сұлу да мағыналы ғұмыр кешті. Екеуі жеті бала тәрбиелеп, ұлын – ұяға, қызын қияға қондырып, бір әулет, бір ауыл-аймақтың ғана емес, көптің анасына айналған Назбике апайымыз былтыр 86 жасында дүние­ден өзды.

Қазіргі таңда, Дүзелхан аға мен Назбике ападан өрбіген ұрпақтары әрқайсысы өзінің несібесін теріп жеп, елге, жерге қызмет етіп жүрген жайлары бар. Құдайға тәуба, бұл да Алланың шаңыраққа сыйлаған бір бақыты болар деп ойлаймын.

Ұрпақтарының барлығы күнделікті өмірде қарапайым, бауырмал болып қалыптасты. Олардың әрбірінің өмір жолы басқаларға үлгі боларлықтай деңгейге шыққан.

Үлкен ұлы Ағымсалы елімізге белгілі суретші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мемлекеттік және көптеген халықаралық сыйлықтардың,  «Құрмет» орденінің иегері.

Жаратушының мол етіп берген дарынын аса ұқыптылықпен рухани материалдық дүние­ге айналдыра бiлген Ағымсалы ҚР ұлттық ақшасы – теңгені безендіруші авторлардың бірі. Туындылары Қазақстанның және шетелдердің өнер мұражайларына қойылған.

Ағымсалының жұбайы әрі өнердегі серіктесі – Гүлназия Қастеева атақты суретшi Ә.Қacтeeвтің қызы. Екеуі де ел игiлiгiне қызмет етуде.

Екiншi ұлы Алмастың да өнер саласында өзіндік дара жолы бар елге белгілі қайраткер. Елiмiздiң және бірқатар шетел мемлекеттерінің музейлерiн көркемдеумен айналысып, көп жылғы адал еңбегі бағаланып, «Парасат» орденiмен марапатталған.

Қызы Айнагүл тәрбиеші мамандығынан бастап, өз еңбекқорлығының арқасында балабақша меңгерушісі қызметіне дейін өсті. Әріптестері әлі күнге дейін адал, талапшыл, еңбекқор басшысын ортамызда болмаса да еске алады. Қызы Жайнагүл облысымызға белгiлi  ұстаздар қатарында, облыстың «Үздiк ұстаз» грантының иегерi атанып, казіргі уакытта «Назарбаев Зияткерлiк мектептері» педагогикалық шеберлiк орталығының маманы.

Ұлдары Жалғас, Аюпхан, Әділхан әкелерінің жолымен органда қызмет етуді таңдады. Жалғас Қызылорда ішкі істер департаментінің қалалық бөлімінде адал еңбек етіп, зейнетке шыққан. Аюпхан мен Әділхан қазiргi кезде Ұлттық Қауiпсiздiк комитетінде абыроймен қызмет атқаруда. Адал еңбегі бағаланған Аюпхан «Құрмет» орденiнің иегері.

Отбасылық құндылықты аса қадірлеген Дүзелхан әулетінде 7 баладан 18 немере мен 21 шөбере тараған. Соңында қалған ұрпақтары ата-аналарынан бойларына сіңірген қадір-қасиеттерін өсиет тұтып, халық игiлiгi үшін адал қызмет көрсетуде.

Ел боламыз десек, елге жан-тәнімен қызмет еткендердің есімін жастарға өсиет ету парызымыз деп білемін.

Қосжан ЖӘНИҰЛЫ,

ҚР Прокуратурасының құрметті 

қызметкері, еңбек ардагерi.

ТАҒЫЛЫМ 19 мамыр 2019 г. 112 0