Оқу – жүректің жыры

  Мектеп қоңырауының кезекті сыңғыры естілуде. Бітіруші түлектер үшін оқушылық күндердің соңғы рет сыңғырлайтын соңғы қоңырауының да уақыты жақындап келеді.

 Менің соңғы қоңырауым осыдан он бес жыл бұрын сыңғырлаған. Есімде... Соңғы қоңырау соғылуда, бітірушілер кеші салтанат құруда, бірақ мен жоқпын... Әдеттегі қиын баланың «қыңырлығы», орынсыз өкпесі мені соңғы қоңырауымнан да құр қалдырған. Менің  жоқтығым сынып жетекшіме түлектердің кезектесе оқитын төрт жолды өлеңдерін оқу сәтінде білінді.  Іздегенмен менің табылуым да қиын болатын. Солай «бүлінген» уақыт та өте шықты. Уақыт бүлінгенмен  жүрегімдегі, жадымдағы естелік боп қалған оқушылық күндерімді, әсіресе ақ самайы тағылымы мол  тәрбие берумен, білім беру жолындағы  шынайы еңбекпен ағарған ұлағатты ұстазым №91 Ғани Мұратбаев атындағы қазақ орта мектебінің тарих  пәні мұғалімі Жәлімбетова  Базаркүл апайымыз жайындағы естеліктерімді бүлдірмей,  санамда әркез жаңғыртып, бүгінде тағы да сол жайында ой толғамақпын.

Ол біздің екінші анамыздай еді. Таңертеңді ұйқымыздан көзімізді тырнап ашып, апыл – ғұпыл киіне сала мектепте жүгіре кіргенде ұшырасатын таныс бейне – ұзын бойлы, қара торы, қара шашын желкесіне түйіп, арасында ұзын етіп өріп, арқасына бос тастайтын, қоңырлау түсте киінетін қарапайым мұғалім.

 Ол қандай мұғалім еді? Ол өз пәнін риясыз сүйетін. Бала жанына ерекше бір жылылықпен ұя салып, оған бар мейрімін жинап келіп, мұғалім образына шынай еніп, мамандығын сезіне отырып, өз ролінде ойнап шығатын. Сондықтан да тарих пәнін бәріміз жақсы көрдік, жақсы оқыдық. ҰБТ да да жоғары көрсеткішті бердік.

 Мен әдебиетті сүйдім. Әдебиетке келуімде де ұстазымның ролі зор болды. Мен ауылдың шағын кітапханасынан шықпайтынмын. Ал мұғалімім мені «бүкіл кітапты оқып болған»  деп  оқушылар көзінше асыра мақтайтын. Ал, мен болсам ұстазды ұятқа қалдырмау үшін оқыған үстіне оқи түсіп, соңында әдебиетпен дос болдым.

 Бұл күнде әдебиет пәнінің мұғалімі,  бір кездегі  шәкірт ретінде айтарым, «Шәкірт -  ұстаз айнасы » дегендей өзімнен өзіңізді көруге тырасам. Мен қандай бір тәуекелге барып, ел асып, жер асып білім алсам, ол  сіздің маған артқан сеніміңіздің арқасы, мен жетістіктерге жетіп, биіктен көрініп жатсам, ол іргетасы өзіңіз қалаған, өзіңіз басы қасында жүріп берген сіздің біліміңіздің  арқасы деп білем. Сондықтан шәкірт жүрегінен орын ала білдіңіз. Бұл сіздің 40 жыл жаныңызды сала жүріп, әр жүрекке білім нәрін егіп, оны баптаған еңбегіңіздің ақталғаны. Бір шәкірт ретінде менің айтарым осы болса, сіздің алдыңызды көрген жүздеген шәкірттердің айтары қаншама... Зиялылыққа толы , білім мен тағылым тұнған, кемеңгер болмысыңыздың алдында мен - кешегі шәкірт, бүгінгі ұстаз шын жүрегімнен үлкен Алғыс айта отырып, құрметпен басымды ием!


Гүлзия Жұмағалиева,

Қызылорда қаласы

№43 Ж. Махамбетов атындағы қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

ТАҒЫЛЫМ 24 мамыр 2019 г. 70 0