Отты жылдар жаңғырығы

1941-1945 жылдары майдан даласына 1 млн 200 мың қазақстандық аттанды. Солардың тең жартысынан көбі соғыс даласында мерт болды, хабар-ошарсыз кетті. Бұл уақытта елдегілерде «Бәрі де майдан үшін, бәрі де жеңіс үшін» деген ұстаным болатын. Егін екті, шұлық тоқыды, қолда барын сарбаздарға салып тұрды. Тылда еңбек еткендердің бірі Жәмила Қайранбаева болатын.
– Соғыс басталғанда мен Жалағаш ауданындағы орыс мектебінде жетінші сыныпта оқитынмын. Бір-ақ сәтте келді де «Школа закрывается» деді. Ер балаларды әскерге әкетті, біз елде қалдық. Қолынан іс келсе болды, жұмысқа жө­нел­тетін. Мен ауылдық советте есепші болдым. Кейіннен мал шаруашылығы саласына ауыс­тық, – деді сол сәттердің қиын­дығын еске түсіріп, көзіне жас алған әже.
Соғыстың бел ортасына келгенде Жәмила Қайранбайқызы әскери комиссариатқа жұмысқа орналасты. Жас маманның мой­нына ауыр жауапкершілік жүктелген. «Қара қағаз» тасиды. Әдепкіде түк түсінбеген ол қолына басшылық ұстатқан қағазды алып барып, межелі жерге жеткізгенде жылаған дауыстан аза бойы қаза болатын. Мұның «қара қағаз» екенін кейін ұғынған екен.
– Мені көргеннен жұрттың бәрі саусағын шошайтып, «қара бәле» келе жатыр дейтін күйге жетті. Өзім әрең шыдап жүрдім. Кімнің қаралы хабар айтқысы келер дейсің?! Бір үйді баласынан, бір үйді отағасынан айырған майданның осы бір жағымсыз хабарын айтудан бас тарттым. Бір ай дегенде басқа тапсырманы әрең алып, ауысқанмын, – деді ол.
Кейін Житомирден эвакуа­ция­ланған бір топпен бірге Жә­мила Қайранбайқызы еріктілер тобын құрады. Көңілі құлазып, қажыған халықты бір сәт сер­гіту үшін түрлі концерттер ұй­ымдастырды. Украина, Қиыр Шығыс Кавказдан эвакуа­ция­ланғандарға ағеден елдің бірі ретінде төрт бөлмелі баспананың бір бөлмесін босатып берді. Бұл да қиындықта адамдығы мен адалдығын сынаған сәттер еді...
Осылай жылдар жылжи берді. Күн сайын радиоға құлақ түріп, Кеңес әскерінің қай қаланы азат еткенін, қай жерде шайқасқанын естіп, елдің амандығын тілеген халықтың қуанышты жаңалыққа да куә болатын кезі бар екен. «Жыртық үйдің құдайы бар» демеп пе еді бұл қазақ?! Түн баласында терезе ұрып, есік қағып, сүйіншілеген дауыстан оянған кез әлі есімде.
– Біз жеңдік. Біз жеңдік, – деп келесі үйге қарай жүгіріп кеткен туысқан ағасынан Жеңіс жайлы хабарды алғаш естіген. Оған да биыл –74 жыл.
– Арада көп уақыт өткен жоқ. Елдің бәрі ағылып барады. Қолдарында тегеш, қап, қолына ілінгенін ұстаған. Әкем барып көруімді сұрады. Сөйтсек, кәдімгідей тұтас эшелон ұн ке­ліпті. Жеңістің құрметіне бе­ріп жатыр екен. Ыдысыңды апарып, салып аласың. Бір алғандар қайта барып жатыр. Өлшеп жат­­қан, ақы сұрап жатқан еш­кім жоқ. Сонау Мәскеуден Жа­ла­ғашқа дейін жеткен сонша азықты айтсаңшы. Кейіннен кү­ріш те әкелді. Осылай «кедей­дің бір тойғаны – шала байы­ғаны» дегендей, ауылдағы ағай­ын тойып қалған еді, – дейді Жә­мила ана.
Сұрақ қойсаң, «талай қи­ындықты көрдік қой, қай­сыбірін айта берейік» деп алысқа көз тастап, қалың ойға шоматын Жә­мила ана сұрапыл жылдары ша­ңырақ көтерді. Құдай қосқан қо­сағы Серғали екеуі алты баланы өмірге әкеліп, жеткізді. Бұл күнде ақ шашты әзіз ана шө­беренің қолынан су ішіп отыр.
– Енді соғыс болмасын! Бар тілерім сол. Замандарың тыныш болсын, құлыным. Білім алыңдар, білім алыңдар. Сен­дерді биікке шығаратын сол, – деді қоштасарда.
Әріптесім Ержан екеуміз шығып барамыз. Жәмила ана қолын бұлғаған күйі жылы жымиып қала берді. Иә, оның жанарында отты жылдардың ұшқыны жарқылдайды...
Дәулет ҚЫРДАН,
"Сыр бойы".
Суретті түсірген
Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.
ТАҒЫЛЫМ 25 мамыр 2019 г. 1 398 0