Балбармақ, берен болмыс, кенен кеуде

Күлжан Әуезова 1929 жылы туған, 30 жылдай сауыншы болып, еңбек адамы есебінде ке­ңес­тік дәуірдің барлық жо­ғары атақтарына қол жет­кізген Батыр ана.

Тарихқа айналған баспасөз беттерін парақтаған кісі Би­бі­гүл Ерназарова, Шекер Қаң­тар­баева, Күлжан Әуезова се­кілді еңбек озаттары туралы жа­зыл­ған мақалаларды оңай табады. Өйткені, кеңестік идеология еңбек адамдарын насихаттап, олар­дың өмір жолын үлгі етуді өзінің басты тақырыбы санайтын. 

«1957 жылы социалистік жарыста жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіп, өзіне бекітіліп бе­рілген 20 бас сиырдың әр­қай­сысынан 3000 литр сүт сауғаны  үшін Сырдария ауданы Жамбыл колхозының сауыншысы Әуезова Күлжанды «Құрмет кітабына» тіркеу туралы об­лыс­тық партия комитетінің қау­лысы шықты». Бұл – сарғайған газеттердің сыры. Біз мұнан әлі жасы отызға толмаған қа­ра­пайым ауыл еңбеккерінің Қы­зылорда облысындағы санаулы саңлақтар қатарынан та­былғанын танимыз.

Колхоз сауыншысы К.Әуе­зова 1958 жылы қара­уын­дағы әр сиырдан 3150 литр сүт сауып, облыста рекорд орнатқан. Сөйтіп, облыстың «Ең үздік сауыншысы» атағын иеленген. Сол кезеңдерде сиыр қолмен сауылатын еді. Біздің білуімізде бұзаудың бас жібімен алысып, бес-алты сиыр сауған жең­ге­ле­рі­міздің тізесі жазылмай, белі айналып жатушы еді. Ал, 20-30 сиырды тіз тұрғызатын Күлжан аналарымыз мұнша күш-қуатты қайдан алған деп таңғаласың!

Колхоз-совхоздарға жаңа тех­­нологиялардың енгізіле бас­тауы біз айтып отырған ке­зеңнен кейіндеу келген. Сиыр саууды агрегат арқылы жүзеге асыра бастағанда да Күлжан анамыз қасындағылардың төрт-бес сағатта зорға сауатын сиыр­ларын бас-аяғы бір са­ғатта сауып, қалған уақытын сиырдың күтіміне арнайтын болған. Ол кісі сиырды жайылым шөбімен азықтандыруды аздық етеді деп санап, туралған жоңышқа, жүгері сүрлемі, қос­палармен байытылған құ­рама жем, күнжара жемімен қорек­тендірудің арнайы рационы бойынша жұмыс істеу тәсілін меңгерген. Сонымен бірге қораның, сиырдың жеке басының тазалығына, туған төлді айыру күтіміне де ерекше көңіл бөлген.

Осындай жанкешті еңбек арқылы жылма-жыл өзіне жүк­телген міндеттемелерді ар­­ты­ғымен орындап отырған Күлжан Әуезова 1960 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Пре­зи­диу­мының қау­лы­сымен, кеңес өкіметінің ең жоғары наградасы «Ленин» орденін омырауға таққан. Даңқты сауыншы арқылы осылайша  Ким Дин Ман басқаратын Жамбыл колхозының аты күллі елге жайылған.

1962 жылы Күлжан Әуезова Мәскеуде өткен КСРО тұтыну кооперациясы өкілдерінің VI съезіне шақырылған.

1963 жылы Қазақ КСР Жо­ғары Кеңесінің «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Ке­ңестік кезеңнің тағы бір жо­ғары марапаты «Еңбек Қызыл Ту» орденін алған. 1966 жылы наурызда КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының қау­лы­сымен «Құрмет белгісі» ор­де­німен марапатталып, өзінің де, ауылының да беделін тағы бір биікке көтерген.

1969 жылы қараша айында өткен Қазақ КСР кол­хоз­шы­ла­рының ІІІ съезіне Күлжан Әуезова мен жас механизатор Дәметкен Мәтенова қатысқан. Осы съезге барған сәтінде Қазақ КСР Коммунистік партиясының І хатшысы Д.А.Қонаевпен, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі Ыбырай Жа­қаевпен сұхбаттас болуы Күлжан ана өмірінің жарқын беттері еді.

1971 жылы 13 маусымда Күлжан Әуезова 8-ші шақы­рылған Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сай­ланған.

Ал, Қазақ КСР ­Жо­ғар­­ғы Кеңесінің 1973 жыл­ғы 19 қыр­күйектегі қау­­­лы­сы­мен «Қазақ КСР ауыл­шар­уа­шы­лығына ең­бек сіңір­ген» құр­метті атағы берілген.

1973 жылдан бастап Сырдария аудандық партия ко­митеті жоспарын артығымен орындаған жас сауыншы же­ңімпаздарға арнайы Күлжан Әуе­зова атындағы сыйлық тапсыру үрдісін қалыптастырды.

Атақ еңбек сүйген адамның артынан өзі іздеп жүреді екен. Жоғарыдағы К.Әуезоваға қа­тысты деректер осы сөзіміздің бек дәлелі.

Балбармақ сауыншы Күлжан анамыз сол атақ-дәрежелерін ауыл адамдарының мүдделерін шешуге, еңбекерлердің тұр­мы­сын жақсартуға да жұмсай білген. Жеке мәселелерімен келіп көмек сұрайтындарды арнайы қабылдап, олардың ауыл көлемінде шешілмейтін мәсе­ле­лерін жоғарғы орган­дарға депутаттық сауал етіп жолдаған.

Кеңестік кезең жекеменшік мүлікке қатаң  бақылау жасайтын. Жаңа салынған же­ке үй құрылысына қандай қаржы жұмсалғанының есе­бі сұралатын. Бүгінде бір үйдің ауласында екі-үшеуі тұ­ратын жеңіл автокөлік міну екінің бірінің қиялына кір­мейтін. Сол кездерде депутат Күлжан Әуезованың ық­па­лымен «Нива», «Москвич» жеңіл көлігін мініп, қызығын көрген кісілер өз ауылдарынан осындай атақты адамның шыққанына мың шүкір айтумен өтті. Институттан шығып қалған студенттерді оқуға қайта кіргізіп, тіпті ауылдастары үшін сот ісіне де араша түскен Күлжан ананы елжіреп еске алатындар бүгінге дейін табылады.

Бұрынғы Жамбыл колхозы аталған қазіргі Сырдария ауданының Бесарық ауы­лын­дағы музейде осы ауылдан шығып Кеңес Одағының ең жо­ғары марапаттарын ал­ған еңбек озаттарының арнайы бұ­рышы бар. Осы жердегі атақ­ты шопандар – Жұмабек Әбенов, Сейітбек Мінайдаров, Рабиға Іздіқұлова, даңқты сауыншы Күлжан Әуезова жайлы жәдігер деректер бүгінге өнеге, ертеңге мирас болып сақталып тұр.

Кешегісін ұмытпаған ел ғана келешектің даңғыл жолынан адаспақ емес.

***

Күлжан ананың баласы ақын Елубай Әуезовтің есімі бүгінде еліміздің әдеби ортасына жақсы танымал.

Болмысы берен, кеудесі кенен Күлжан ана туралы осы шағын естелікті Елубай ақын­ның анасына арнаған өлең шу­мақ­тарымен түйдік.

...Жүректен мұңлы жыры ағып,

Болды, апа, балаң сыралғы.

Жұмада иіс шығарып,

Үзбей-ақ келем дұғамды.

Түсіме жиі ен, өтінем,

Жүрем ғой күтіп әрдайым.

Арқалап алғыс өтіп ең,

Жақсы да шығар жағдайың...

Ия, ақын сезіміне бір бойлап көрсеңіз, біраз сырға қаны­ғарыңыз кәдік.

«Дінге сай қызметтерімен ата-анасын қуантқан адам Алла тағаланы қуантқан болады. Ал, оларды ашуландырған адам Алла Тағаланы ашуландырған болады» – дейді ислам ғұ­ла­малары.

Міне, бүгін Күлжан анамызды күллі елі еске алып, ас беріліп, ат шаптырылып жатыр. Жұма сайын иіс шығарып, үзбей дұға жасайтын ұлының да тілеуі осы. Анасының еңбегі кейінгілерге қашан да өнеге болып, «елім аман болса екен» деген арманы өмір жалғастығымен өрлей берсе...

Біз де соны тілейміз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ.

ТАҒЫЛЫМ 15 маусым 2019 г. 585 0