Ақ жаулықты қасиет тұтқан

Осыдан 20 жылдай бұрын ел арасына қатынайтын автобус ішіне енгенімде, басына таққан орамалы мен жеңіл жұқа ақ түсті матадан тігілген жаздық көйлегі үйлесіп отырған анаға көзім түсті. Аққұба өңді ананың салалы ұзын саусақтары талай бейнеттің басын қайырып, қара  жұмыстың кәрін қайтарған нағыз еңбекқор қол екендігі бірден байқалады. Бәрінен де бұрын менің екі көзім ол кісінің құлағындағы алтын сырғасынан кетер емес. Сырғаның ашық күлгін түсті көзі автобус шайқалған сайын әрі-бері жарқырап, ананың аққұба келген жүзін ажарландырып тұрды. Сірә, жас кезінде өте сұлу болғанға ұқсайды ғой деп ой түйдім... 

Иә, өмір деген тосын сыйларға толы екен, осыншама жылдардан соң жоғарыда айтқан айналасына сәуле шашып отырған, өзім сүйсінген ақ жаулықты анаға келін болармын деп кім ойлаған?! Мақалама арқау болып отырған Батыр ана Зоя Ізбасарқызы Нұғманова. Арада 20 жыл өткен соң ел анасы атанған  Зоя ананың  отбасына келін болып түстім және сол кезде көзіме оттай басылған анамның құлағындағы сол сырғаны маған «Келінім, енді сен осы шаңырақтың ұйтқысысың, мен осы сырғаны саған берейін» – деп сыйға тартқанынан маған жауапкершілік артатынын түсіндім.

«Балам, әйел – үйдің берекесі, ба­сыңдағы жаулығыңды қадір тұт, ол киелі. Әйелдің иманы мен қадірі – ақ жаулық, басыңнан тастамай тартып жүр». Анамыздың мен алғаш келін болып түскенде айтқан алғашқы өсиеті  де осы болды. Жаулық, орамал ұғымын ерекше қадір тұтып ата салтын дәріптеген анам: «Ақ жаулық ажарыңды аша түседі, боя­малы болмысқа үйір болма, өзің мұғалімсің. Мұғалім ұстаздық дәре­жеге жетуі үшін үлкен ізденіс пен төзімділік қажет. Тақта алдында тұрып кезекті тақырыпты түсіндіру жет­кі­ліксіз. Әріптестерің мен шә­кірт­терің алдында сен күнделікті сы­нақ­тасың. Ұстаздық, үлкендік сияқ­ты үлкен сын» дегенді үнемі айтып отырады. Үлкендікті сын деп ұғынған менің анам (енемді осылай атаймын) құрғақ уағыздың немесе тыйып-жиюдың адамы емес. Айтқан ақыл-кеңесіне сай өнегелі болмысы бар, – «олай емес, былай емес, оның не?» деп сұсты кейіп танытудан аулақ, барлығын байыппен түсіндіретін.   

Анамыздың өмір жолына көз жүгіртетін болсақ, 1961 жылы 17 жасында ауылдағы Нұғымановтар отбасына келін болып түскен. Отағасы Нұғыман соғыстан қайтпай қалған бұл отбасында Мырзагүл әжеміз бес баланы өзі тәрбиелеуде еді. Әжеміз қылышынан қан тамып тұрған кеңес үкіметі тұсында бес уақыт намазын қаза қылмаған жан екен. Құранды ашып қойып, судыратып оқи алатын, ау­зы дуалы кісі болған. Мырзагүл әжеміз келіні, яғни анам туралы «бойында пы­шақтың қырындай арам­дық жоқ қой», – деп үне­мі айтып отырады екен. Анамыз  осындай ілімдар, мінезді енеге жағып, оның ойынан шыға білген. Отбасында  он перзентті дүниеге әке­ліп, тәрбиелей жүріп ауылдың құрылыс са­ласында еңбек еткен. Атамыз Зейнулла еңбекті меха­ни­заторлықтан бастап, ауыл ша­руашы­лы­ғы сала­сындағы абыройлы еңбегі үшін «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері атанып, «Лениннің 100 жылдығы» медалін алған. Кейіннен совхоздың егін бригадасын 15 жылдай бас­қарып, 40 жыл еңбек етіп, абыроймен зейнетке шықты.  Сол кезде анамыз да ата­­мызбен бірге осы бригадада егін егіп, диқаншылықпен айналысты. Қызыл­құмнан жер ашып, еккен қауын-қарбыздары вагон-вагон болып Ресейге асып жататын. Осылайша мерзімдік жоспарын орындауда талмай тер төккен анамыз 1988 жылы аудан диқандары арасында үздік атанады.

Атамыз екеуінің Құдай берген перзенттерінен тараған 23 немере, 13 шөбересі бар.

Бірде  анамнан ақ жаулық қасиеті туралы жиі айтатын әңгімесінің мә­нісін сұрадым. Анам: – Өткен ғасырдың 60-70 жылдарында сов­хоз­дың әр үйінде ертеден кешке дейін радио сайрап тұратын. Бір кү­ні радиодан ақын Дүйсенбек Қанат­баевтың «Ақ жаулық туралы әпса­насын» есіттім. Тілмен айтып жеткізе алмайтын ғажап әсерде болдым, – деді. Әпсананың қысқаша мазмұны былай:

...Елдің қамын ойлап ереуілге шық­қан жас ноян өлім жазасына ке­сіліп, абақтыға қамалады. Жо­лығуға келген анасына «Өлімнен қорықпаймын, бірақ менің өлі де­немді жұрт көреді-ау» деген өкінішін білдіреді. Ұлының халін түсінген анасы «Қалтырама, қорықпа, бір кезде хан әкеңмен дос болатын. Талай қанды жорыққа бірге шыққан. Ханға барам... Ертең дар ағаштың қасына келемін. Үстімде қара киім болса, онда ханның кешірім бермегені. Ал егер басымда ақ желең болса, ханнан сауға алғаным деп түсінгейсің. Қас тұлпардың тұяғысың, қасыңдағы жендеттерден қорықпа, дар алдына жақындарсың жадыраңқы жү­зің­мен» дегенді айтып, ұлымен қош­тасады.

Ертеңіне ұлы дар алдына да еш қиналыссыз, өр қалпында келеді. Айналасына көз салғанда, анасының ақ желеңі көрінеді. Тірі қалам, деген оймен дар алдында, биік өр қалпын ұстап жендеттерге бас ұрмайды. Шындығында, анасы жалғыз ұлы­ның ақтық демі шығар сәтінде дұш­пандар алдында жасымаған қал­пын көргісі келгеннен осындай өті­рікке барған. «Сол ақ желең – ана­лардың басына, ақ жаулық боп қалған мәңгі оралып», дейтіні бар ақын Дүй­сенбектің, – деп апам сөзін аяқтады.

Аналардың ақ жаулығы... Олар тек ақтықтың, пәктіктің ғана емес, ар мен намыстың да айбыны, айбары екен-ау, деген ой түйдім.


Мәрия ЕСІМОВА,

№130 Абай атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі.

Сырдария ауданы,

Ақжарма ауылы.

ТАҒЫЛЫМ 15 маусым 2019 г. 84 0