«Ленин» орденді ұстаз

Бала күніміздегі ауыл көрінісі көз алдымда. Ауыл ортасын ойып ағатын «Қосапан» каналының екі жағын  жағалай   қам кесектен соғылған қоржын тамдар жайлаған. Әр-әр жерге шоғырланып орналасқан үйлер бір бірінен алшақ болмағанымен, аралары тым жақын да емес-ті. Дегенмен, сүт пісірім уақытта барлығын дерлік аралап шығуға да болатын. Сонысына орай олар тұрған аумақ атауы да әртүрлі еді. Қарашоқы, Сатыпалды, Иіркөл, Зіңкетер, Бестөбе, Калинин, Ленин, Қосапан ... солай жалғасып кете беретін.  Сол қоржын тамдардың бірінде қырық жыл ұстаздық еткен, Кеңес үкіметінің ең жоғары  наградасының бірі саналатын «Ленин» орденін иеленген Имаш мұғалімнің өмір сүргенін кім білген...
Имаш Нақыпұлы 1893 жылы Қара­өзек болысы Айнакөл ауылында елге танымал Нақып жыраудың отбасында дүниеге келіпті. Имаш алғашқы діни сауатын өз әкесінен алып, ол білімін одан әрі жетілдіруді көздейді. Нақып жырау баласын Бұқара қаласындағы Көкілташ  медресесіне  оқуға жібереді. Көне деректерге сүйенсек, кезінде Бұ­қа­рада 103 медресе болған екен.  Олардың көпшілігі өз кезінде  сәулет өнерінің  ең озық үлгілерімен  салынып, әлі күнге дейін  ерекше әсем  әдемі  ансамбль құрап, қалаға сән беріп тұр. Солардың арасында Көкілташ медре­­сесі де бар. Осы медресеге оқуға түсіп, оны 1913 жылы өте жақсымен бітірген Имашты Досжан хазіреттің адамдары Ақтөбеге алып кетеді. 1913-1918 жылдары Имаш Досжан хазірет медресесінде дамолла дәрежесінде дә­ріс береді. 1918 жылғы ақ пен қызыл айқасқан  аласапыран кезеңде Имаш елге оралады. Иіркөлдегі Сейітназар Му­сан­ниб мектеп-медресесінде мұға­лім болады. Ал 1928 жылы елдегі кәмпес­келеу ойранынан қашқандай бо­­лып, жазушы С.Сейфуллин мен ау­дандық оқу бөлімінің меңгерушісі С.Ай­зоновтың көмегімен Қазақ халық ағарту  институтына оқуға түседі. Араға уақыт салып барып, Имаш Нақыпұлы 1923 жылы Абдолла Ағайдарұлы не­гі­зін қалаған Зіңкетердегі бастау­ыш мектепке мұғалім болып зорға орна­ла­сады. Өйткені, оған Досжан хазірет медресесінде біраз уақыт дамолла дәрежесінде дәріс бергені, балалардың діни сауатын ашқаны пәле болып жабысқандай еді. Дін жолын насихаттағандарға, мешіт пен медреседе қызмет еткендерге деген Кеңес үкіметінің көзқарасы белгілі-тұғын. Өмірден көп тепіреш көрген Имаш көптің бірі болып, елеусіздеу жүруге де үйренді. 1936 жылы Иіркөлдегі Зің­кетер мектебі 7 жылдық мектепке айналады. Оның алғашқы директоры болған Қайырхан Қайырлапов Ұлы Отан со­ғысында қаза табады. Одан кейін Қал­мақ Сексенбаев мектеп директоры болады. Міне, осы мектепте Имаштың ұс­таздық жолы қалыптасып, ауыл ба­лаларының бастауыш білім алуы­на өзіндік үлес қосады.
Қырқыншы жылдардың соңы  мен елуінші жылдардың бас кезінде қа­зіргі Аманкелді, Жетікөл, Айдарлы ауыл­дарының табанында 11 шағын  колхоз болыпты. Имаш мұғалім осы ауыл балаларын оқытуды міндетіне алса керек.
– 1944 жылғы жазда үйіміз Жаңарық деген жерге көшіп барған болатын. Сол жылғы 1 қыркүйекте алғаш рет «Қызыл ту»  мектебіне бардым, – деп еске алады қазіргі зейнеткер, ұзақ жыл мұғалім болған Мүкаш Жүсіпова.– Мектеп дегеніміз Дүйсен молданың мешіті болған, екі бөлмелі домалақ етіп салынған шағын ғимарат еді. Орындық аз, екі-үш баладан отырдық. Бізді қарсы алған ұстаз осы Имаш ағай екен. Алдында ғана қасында ақын Қуаныш Баймағанбетов бар, екеуі үй-үйді жағалап, балаларды мектепке оқуға шақырған болатын. Соғыстың уақыты, жоқшылық, киім-кешек тапшы, мектепке жалаңаяқ келгеніміз есімде. Қағаз-қалам тапшы, бір қаламды үшке бөліп, ұштап бергені, әрқайсысымызға екі парақтан бергені әлі күнге дейін көз алдымда.
Имаш мұғалімнен сабақ алып, әріп таныған ауылдың көнекөз қариялары Әбсаттар Әбдірәсілов, Серікбай Тәші­мов пен Дүйсен Смағұлов ұстаздары туралы жылы пікірлерін білдірді. Өздерінің  бір ауылдан екінші ауылға көшіп жүріп оқығандарын, парта, тақ­таны екі бала екі жағынан көтеріп кете беретінін, қайда барса да Имаш ағайдың өздерінің қасынан табылатынын айтты.
Ұзақ жылғы ұстаздық қызметі үшін «Қызыл ту» орта мектебінің мұғалімі  Имаш Нақыпұлы 1951 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің  бұйрығымен «Ленин» орденімен марапатталған.
– Ағайға орденді салтанатты жағ­дайда тапсырылған сәті әлі  көз алдымда,– деп еске алады М.Жүсіпова.– Бойы қысқа, шағын денелі кісі еді. Отыратын орындықтың үстіне тұрғызып қойды. Аты-жөнін білмеймін, әйтеуір ауданнан келген-ау шамасы, денелі кісі сөйлеп, бұл награданың  кез келген адамға бұйыра бермейтінін, аудан ұстаздарының арасында «Ленин» орденін алғандар саны тым аз екенін айтып, ағайдың  омырауына тағып жатты. Сонда орындық үстінде тұрған  ағайымыздың ана кісінің жанында сондайлық кішкентай екенін аңғардық.
Шәкірттері Нақып жыраудан өр­біген Имаш мұғалімнің ақындық қа­сиеті болғанын еске түсіреді. «Кейде сабақ түсіндіріп тұрып, төгілдіріп жыр оқитын, өлең де айтатын. Сабаққа нашар кей балаларды мысқылдап өлең құрастыратын. Сол кісінің мысқылына ұшырамайық деп тырысып оқитын ек» деп еске алады Серікбай Тәшімов.  Имаштың бірге туған інісі Барат көзі тірісінде  жыраулықпен аты шыққан жан екен.
Имаш ұстаздың жалғыз ұлы Омар Нақыпов соғысқа дейін атасы Нақыптың тәрбиесінде болған. Бала жасынан жырау атасының жыр-дастан­дарын тыңдап өскен Омар Ұлы Отан соғысына қатысып, Невель-Псков қа­ласы үшін жан алып, жан беріскен соғыста жараланып, госпиталға түседі. «Қызыл Жұлдыз» орденін иеленген Омар соғыстан 1944 жылы оралып, ішкі істер бөлімінде қызмет етті.
«Ер есімі ел есінде» дейді халық даналығы. Еске алатын ұрпағы, еске түсіріп отыратын ұжымы болса, ер есімі ескерусіз қалмайтыны анық. Бүгінгі мақаламызға арқау болған мұғалім Имаш Нақыпұлы оның немересі Зағипа Имашева  мен күйеу баласы Қуанышбек Мырзахметовтің ізденуімен жазылып отыр. Өкінішке орай қазір ақын Қуаныш Баймағанбетовтың атын иеленген №42 мектеп тарихында Имаш мұғалімнің аты кезікпейді. Демек, мектепте қызмет еткен қарапайым, қатардағы пән мұғалімдерінің аты-жөні тарихқа іліге бермейтіні ғой. Соңында ұрпағы болып, үнемі аты аталып тұрса бір жөн, егер іздеушісі болмаса ше?! Біздіңше, әр отыз жыл көлемінде  мектепте қызмет еткен мұғалімдер жайлы арнайы кітап, болмаса альбом шығарылып, олар жайлы деректер жинақталып  тұрса, ұрпақтары бірігіп, ас берсе, оларды білетін жандардың естелігі ескерілсе, осының өзі ұрпаққа үлгі-өнеге болары хақ.
Шындығында да, Имаш Нақыпұлы ел басына күн туған ауыр кезеңде ұстаздық етті. Майдан үшін еңбектене жүріп, өмірден тепіреш көре жүріп  балаларды біліммен сусындатуға белсене араласты. Қиындықтан қиындыққа кезігіп,  бір жерден екінші жерге көшіп жүріп, мұғалім деген ардақты атты қастерлеп өтті. Ол жайлы оны білетіндердің пікірі көңіл сүйсінтеді. Сондықтан  ел болашағы үшін бел шеше еңбек еткен  жанның есімін ел есінде қалдыру қажет-ақ. Өзі тұрып, еңбек еткен ауылдың бір көшесіне атын берсе, алдағы үш-төрт жылда келетін 120 жылдығын ауыл, аудан көлемінде атап өтсе, несі мін?! Қайта ол бүгінгі ұрпақтың аталар алдындағы міндетінің өтелгені емес пе?! Ауылдың өткені мен келешегін саралап отыратын ауыл жанашырлары,  ардагерлер кеңесі бұл жайында не ойлайды екен?!

Жұмагүл  ОРАЛБАЕВА,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
ТАҒЫЛЫМ 22 маусым 2019 г. 165 0