Жиғаны жан дүниесінің тереңінде

Сыр еліне танымал есім, ҚР Ұлттық банктің еңбек сіңірген қызметкері Ниязбек Маханжанұлы жайында сөз сөйлер болсақ, әрине, әңгімені өзі елу жылға жуық қызмет еткен банк саласынан бастаған абзал. Біз бүгін бұл жүйеден шығайық. Қазір ақсақал атанып, алқалы жиында орны төрден тиген ағаның алдымен ішкі әлеміне зер салып көрейік.

...Соғыстың соңын ала туған балалар ерте есейді. Асық шиі­ріп, асыр салып алаңсыз ой­наған жоқ. Үлкендердің ауырын арқаласып, терідей иленіп, иін­ағаштай майысып өсті. Қыр­қыншы жылдардың төліне ортақ бұл тағдыр бала Ниязбектің де басынан өтті. Әкесі Маханжан соғыстан бұрын Аманөткел ау­ыл­дық советінде қызмет етіп жү­ріп, жойдасыз жаламен алты жылға сотталды. «Үй артында кісісі бар» ол кезде біреудің сыртынан біреу сұқ саусақ шошайтса, айдап алып кете беретін. Жәбірейіл сұқ саусағын безеген Ібілістің періште сипаты ағып түсіп, маңдайына мүйіз, жам­басына құйрық біткен. Қа­сиетті кітаптағы осы қисса сол за­манның мысалындай.

Қапас көрген әке томаға тұйық жүретін. Бір күні үйге Жәмедті ертіп келді. Сол-ақ екен, әнеу үй, мынау үйдің адамы да ағыла бастады. Қазан көтерілді, жырау домбырасын қолға алды. Даусы тамаша, Жәмед сөйлеп отыр ма, домбыра сөйлеп отыр ма, айыру қиын. Бір жырдан кейін бір жыр төгілді – «Едіге», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Ақкете Шернияз»... таң атқанша Жәмед те талмады, жыр да таусылмады. Сонда әкесі абақтыдан жаңа босағандай бойы бусанып, ерекше күй кешті.

Себебі... баяғыда әке-ше­шеден жастайынан жетім қалған ағайынды екі бала байдың жалшылығында жүріп күн көріп еді. Сонда он жастағы Маханжан ағасы Нұртуғанның алдындағы малды «мен бағайын» деді, оның молдадан дәріс алып, домбырамен өлең айтуына мұрсат қылды. Міне, енді ағасы шығарған дас­тандар қырық мақаммен құ­былып, дүйім жұрттың құлақ құрышын қандырып отыр.

Қазақ эпикасына, жаңа біз атап өткендей, тамаша жыр-дас­тандар қосқан шаһбаз шайыр Нұртуған Кенжеғұлұлы мен Нияз­бектің әкесі Маханжан бірге туған. Ал, Жәмед жырау – осы екеуінің апасы Үбіштің баласы. Бар-жоғы қырық үш жыл ғұмыр кешкен Нұртуған шайырдың артында қалған жалғыз перзенті Отан соғысында қаза болған, ал, одан қалған екі бала шешектен шетінепті. Сөйтіп, жазмыш Нұртуғанды өз кіндігінен ұрпақсыз қалдырған, алайда, оның өлмес мұрасы, өшпес ізі сай­рап жатыр.

Осындай тағдырлы әулеттің тумасы Ниязбек те арқасүйер әкесінен ерте айырылып, он сегіз жасында отбасының қамқор­шысы болып қалды. Қазалы ауыл шаруашылығы технику­мын бітіріп, колхозаралық құ­ры­­лыс мекемесінде жұмыс істе­ді. 1965 жылы Мемлекеттік банк­тің Қазалы бөлімшесінде қызмет етті. Жасынан жыр-терме тыңдап, небір сөз асылын санаға сіңіріп өскен ол қызметте де өте алғыр болды. 1970 жылы еңбектен қол үзбей жүріп Ташкент халық шаруашылығы инс­титутын бітірді.

Сол жылдары КОКП ОК-нің ауыл шаруашылығын көтеру жө­нінде қаулысы қабылданып, жаңа кеңестік шаруашылықтар ашыла бастады. Мемлекеттік банк ауыл шаруашылығының қар­жылық жағдайын жақсарту үшін несие берудің жаңа тәр­тібімен жұмыс жасады. Арал, Қазалы тұрғындарына мал алу үшін 300 сомнан, үй салу үшін 1500 сомнан қаржылық қолдау көрсетілді. Оның 500 сомы мемлекет тарапынан қайтарылып, қалған ақша тұрғындардан 0,75 процент үстемемен алынды. Осы жұмыстарды ұйымдастыруда Ни­язбектің халықшылдығы, бі­лік­тілігі бірден-ақ байқалды.

Мемлекеттік банктің аудан­дық бөлімшесінің бастығы соғыс ардагері еді. Жоғарыдағыларға жа­сы келген осы кісіні орнынан алу қиын іс болды. Ақы­рында ол «Егер менің орныма Ниязбекті қойсаңдар, өз ер­­кім­мен кетемін» деп бір-ақ кесті. Себебі қарамағындағы қыз­­меткердің өз ісіне деген жау­ап­кершілігін бағалады, жас кадр­дың болашағына зор үміт арт­ты. Бірақ, бастықтардың өз білгені бар екен, шалмен ке­лі­сімге келе алмаса да, 1978 жылы қатардағы қаржыгер Нияз­бек Маханжанов Мембанктің об­лыстық бөлімшесіне қызметке ша­қырылды. Облыстық банк бө­лімшесінде бөлім бастығы болды.

Сол кездері банк қаржысы негізінен Түгіскен массивін игеру және совхоз орталықтары мен Қызылорда қаласында тұр­ғын үйлер мен мәдени кешен­дер салуға бағытталды. Ауыл шаруашылығының айтарлық­тай алға жылжып, облыс орталы­ғындағы көпқабатты үйлердің көбеюі осы кезеңдердегі игі­лік. Мұнан соң ол жеті жыл Мем­банктің Қармақшы аудан­дық бө­лімшесінде абыройлы еңбек етті.

Бірақ, сол бір қарқынды еңбек ырғағы өткен ғасырдың 80-ші жылдарының аяғы, 90-шы жылдардың басында солығын басып, соқтыға тоқтап табандап қалды. Кеңес одағында сая­си дағдарыс басталды. Қаржы жүйесі шын мәнінде күйзеліске ұшырады. Көп ұзамай Кеңес одағының өзі де тарих сахнасынан кетті. Ол онсыз да күрделеніп тұрған ақша рыногындағы жағ­дайды ушықтырып жіберді. Сон­дықтан елімізде тәуелсіз ақша несие саясатын жүргізу керек болды. Ең алдымен күн сайын құнсызданған Ресей рублінен құтылу қажеттігі туды. Құнсыз ақшаның Қазақстан рыногына тасқындай ағыла бастағаны соншалық, оны тоқтатудың жал­­­ғыз жолы ұлттық валютаны ен­­гізу ғана болатын. Осы ұлан­ғайыр мақсаттың ұйтқысы бол­ған Елбасы теңдессіз тірлік ат­қарды.

Бұл кезеңнің қиыншылығы естіген адамға ертек, көрген адамға көренеу қиянат шеккен­дей бір іс еді. 1987 жылдан Мембанктің облыстық басқар­ма бастығы болған Ниязбек Маханжановтың бұл саладағы от үстінде отырғандай қызметі дәл осы кезеңге сәйкес келді. Өнді­рістің құлдырауы, экономикалық байланыстың үзілуі бұрынғы одақтас республикалар арасын­дағы ақша-кредиттік қатынас­тарды тоқырауға ұшыратты. Тауар айналымдары қысқарды, халықты азық-түлікпен қамту карточкалық жүйеге көшірілді. Мекемелер арасындағы есеп бар­терлік әдіспен жүргізілді, өнім өндірілмеді. Бағаның өсуі мен ақша эмиссиясы тез көтерілді. Еңбекші халыққа айлық-жалақы алу мұң болды. Бірнеше айлап қолына ақша ұстамаған адамдар топ-тобымен банктің алдына келіп тұратын. Өйткені нақты жағдайды болжай алмаған жұмыс орындары «бізде кінә жоқ, банк ақша бермей жатыр» деп басын арашалайтын.

Банк бастығы Ниязбек Маханжанұлының сол қиын кезде «кішіні аға деп, үлкенді әке деп» айына үш-төрт рет Алматыдан ақша алдырып отыруға қол жеткізуі ерлікке пара-пар болатын.

Бірде Сексеуіл стансасының теміржолшылары шойын жолға отырып алып, пойыздардың қоз­ғалысын тоқтатып тастапты деген хабар жетті. Осы кезде де шұғыл шара қабылдаған банк бастығының шешімі арқылы Сексеуілге ақша жеткізіліп, жұмысшылардың наразылығы басылды. Шындығында сол кезде ақша алып жүретін арнайы көлік те тапшы, болса оның жа­нармайын тауып құюдың өзі бір мәселе. Банк бастығы те­міржол басшылығымен келі­сіп, ақшаны облыс көлемінде пойыз купелеріне салып тасыды. Қауіпсіздік шаралары сақ­талғанымен, бұл өте тәуекелді әрекет еді. Егер жолай төтенше жағдай орын алғандай болса, онда кімнің жауапқа тартылатыны түсінікті. Сонда таразының бір басында жұмысшы тағдыры, бір басында банк бастығының тағдыры тұрды.

1993 жылдың 14 қарашасы күні Н.Маханжанұлы түні бойы өзінің жұмыс орнында болуын талап еткен жеделхат алды. Таң алдында қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері хат әкеліп берді. 15 қараша күні ұлттық валютаны енгізу туралы Президент жарлығы шықты. Ұлттық банктің ақша айырбастау туралы ережесі бекітілді. Онда екі күн ішінде Ұлттық валюта мен Ресей рублі айналымда қатар жүріп, 18 қарашадан бастап теңгенің Қазақстан Республикасы ау­ма­ғында заңды төлем құралы болып табылатыны, айырбасты 20 қараша күні кешкілік аяқтау қажеттігі айтылған болатын. Ақша айырбасы Ресейдің 500 рубліне 1 теңге арақатынасы бойынша жүргізілді. Осы жұмыстар өте қауырт атқарылды. Сала қызметкерлері тынымсыз жұмыс істеді. Банк бастығының өзі бір-екі сағат ғана кабинетінде көз шырымын алып, келесі күннің жұмысын бастап кететін.

Осындай қиын-қыстау кезең­дерден өтіп, ақыры рубльді Ұлт­тық валюта ығыстырып шы­­ғарды, төл теңгеміз төрге озды. Сол бір тарихи кезеңде Ұлт­тық банктің облыстық бас­қар­масын басқарған Ниязбек Маханжанұлының осы халықтық іске қосқан орасан зор үлесі барын бүгінгі ұрпақтың бірі біліп, бірі білмеуі ғажап емес. 

 Әрине, теңгенің енгізілуімен ере келген қиыншылықтар да аз болмады. Бұл жағдайдың тууына құлдырап құлаған өндірістің салдары, жекешелене бастаған салалардың нарық жағдайына бейімделе алмауы әсер етті. Ақша құнсызданды, инфляция шарықтады. Сөйтіп, банк саласын басқарған Ниязбек Ма­ханжанұлы қаржылық қағажу көрген он жыл көлеміндегі бар ауыртпалықтың астына арқасын тосты.

Ел тәуелсіздігіне дейін-ақ мамандандырылған және ком­мерциялық банктер ашыла бастаған-ды. Ұлттық банк ма­ман­дарының біразы сол банктерге қызмет ауыстырды. Н.Ма­­­ханжанұлы олардың орнына басқа мамандық иелерін, тіпті мектепті жақсы бітірген оқушыларды қабылдап, жас кадр­ларды техникумдар мен жоғары оқу орындарында сырттай оқыт­ты. Олардың жұмысқа ынтасын арттыру және тұрақтандыру мақ­сатында Ұлттық банктен қаражат алып, тұрғын үймен қамтамасыз етті, үй мүліктерін сатып алу үшін несие беруге көңіл бөлді. Осылайша, өзі басшылық еткен жылдардың алғашқы кезеңінде Ұлттық банктің облыстық бас­қармасында 52 қызметкер болса, 1996 жылы олардың саны 352 адамға дейін жетті. Сол кезде осы салаға қызметке келген жастар қазір белгілі, білікті қаржыгер атанды. Олар бүгінде Ниязбек ағаны ұстазымыз деп қадір тұтады, осы бір қамқор адамға өздерін қарыздар санайды. Ниязбек аға зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Ұлттық Банкі Қызылорда филиалының ардагерлер ұйымы төрағасы болып, ұжым жастарына ақыл-кеңесін айтып, оларды адал, кіршіксіз қызмет етуге бау­лып жүрген бағбанға айналды.

Қазір теңге – ұлттық мақта­нышымыз. Ол валюта рыногында еркін айырбас құқығына ие болды. Қазақстан экономикасы қарыштап даму үстінде. Тәуелсіз еліміздің осындай келбетін көр­генде Ниязбек ағаның көңілі тоғайып, жүрегін қуаныш кер­нейді. Осынау бейбіт, береке мен бақытты өмірде өзінің де табанының табы, маңдайының тері бар екенін бағамдайды.

Ниязбек ағаны қаржыгер есе­бінде ғана білетін жұрт оның өнер тіні үзілмеген жан жүйе­сіндегі иірімдерге бойлай бермейді. Кейде оңаша қалып, Нұртуған әкесінің жыр-жау­һа­рын жүрегінен өткізіп отыратыны бар.

... Ағайынның ішінде,

Бұзылмаған бірлігі.

Өлең айтып, жыр жаттап,

Өнер қуған серілігі.

Батырлығын көрсетсем,

Құрғамаған терлігі.

Қол ұшын берген жетімге,

Жалпы адамдық елдігі.

Сардаладай қонаққа,

Пейілінің кеңдігі...

Осы асыл қасиеттерді өзі де бойтұмардай сақтап келеді. Өйткені ол оның санасына бала кезінен сіңген. Сондықтан болар, шайыр әкесінің рухы үнемі екі қолтығынан көтеріп тұрғандай сезіледі.

Ертеректе, қызметте жүрген кезінде-ақ Нұртуған шайыр шығармаларын жинауға кіріскен. Содан 1986 жылы жыраулардың қоржынынан, елдің аузынан жинағандарын алып, Алматыға барды. «Жазушы» баспасының фольклор бөлімінде отырған бір қызметкер қолжазбаны оқып шығып, «Құдайды көп айтады екен» деп ысырып қоя салған. Бірақ, алмас кездік қап түбінде жата ма? Қазір шайыр әкесінің шығармалары күн сайын орындалып, халық жадына берік орнықты. Осы бақытқа жеткізген – тәуелсіздік таңы.

***

Екеуміздің әңгімемізден соң абзал аға біз қызыға қарай­тын бекзаттықты қарапайым­ды­лықпен көмкерген қалпында ұзай берді. Сырттай қараған кісі оның оқшау тұлғасынан басқа жұрттан даралайтын бір нәрсе таба қояр ма екен, бәлкім өн-бойын еңкіш тартқызған өт­кен өмірдің салмағын сезер. Ол менмұндалайтын босалқы бай­лық қумады, жиғанын жан дү­ниесінің тереңіне қаттады. Бұл адамның ішкі әлеміне көкірек көзін салғанымыз сол...

ТАҒЫЛЫМ 02 шілде 2019 г. 195 0