Ол әрқашан өлеңге құштар еді

Әдебиетке өз үнімен келіп, жырсүйер қауымды жалт қаратқан Зордан Салықбаевтың да өмірден өткеніне  30 жыл болыпты-ау. Зордан өзінің ақындық жолға қалай келгені жайлы: ... «Баяғыда бір қазақ: «Өлеңнің бес-алты ауыз арқасында, қыздардың болдым таныс бәріменен» деген екен. Сол айтпақшы, бес-алты ауыз өлеңнің арқасында мен де әдебиеттегі адамдармен таныс болдым-ау. Олар ұстаздарым Ә.Қоңыратбаев, А.Тұрбеков, Г.Смағұлова, Р.Сәрсенбаев, О.Байжолов және ақын-жазушылар А.Тоқмағамбетов, З.Шүкіров, Д.Тасекеев, Н.Сералиев, Қ.Сүйенішов, Қ.Дәрібаев, т.б. Адамды осы орта өсіреді ғой. Егер мен оқымай ауылда қалып қойғанда жазбас па едім, кім біледі? Ондайлар аз ба?» деп жазған екен 1965 жылдың күзінде.

Зордан Салықбаев өлең жазуға кездейсоқ келген жан емес. Арғы бабасы Балқы Базар,  одан кейінгі өзі аралас-құралас болған ағалары: Мырзағали Ақ­жолов, Байнияз Желдербаевтар жырау болатын. Ал өз әкесі Са­лықбай Күзеров те қаражаяу емес еді.  Жасынан өлең-жырдың ортасында өскен Зорданды Қы­зылордадағы педагогикалық инс­титут қабырғасы ақындыққа бау­лыды десе болғандай.

Жоғарыда өзі атап өткен ға­лымдардың кеңесімен әдеби үйірмеге, облыстағы Асқар Тоқ­мағамбетов басқарған кештерге қатысып, өлең айдынына еркін құлаш ұрды. Сөйтіп 1963 жылдан З.Салықбаевтың есімі институтта ғана емес, облыс жұртшылығына таныла бастады. Серік Сейітмағанбетов, Базарбай Исаев, Тыныштықбай Мұрынбаев, Балашбек Шағы­ров, Темірше Сарыбаев, Мах­мұтбай Әміреев, Балтабай Тә­­жімбетов, Әскербек Рахымбеков, тағы да басқа замандас­тарымен бірге жыр додасына қатар келіп, қатар өсті.

Асқар Тоқмағамбетовтің ай­туынша, ХХ ғасырдың 60-70-ші жылдарында қатар шыққан 30-ға жуық жас ақынның ішінде Зордан Са­лықбаев ерекше танылған.

Зордан Салықбаев 1944 жы­лы Қызылорда облысы Жалағаш ау­данының «Жаңаталап» колхозында туып, осында алғаш мек­теп табалдырығын аттаған. Ол 1-сыныпты апалары Жұма­күлден сабақ алып үйренсе де, қа­тарластарынан  көп білетін ба­­ла болды. Сөйтіп, 1960 жы­лы онжылдықты бітіргеннен кейін 1-2 жыл колхозда радист болып жұмыс істеді. Осы жылдарда колхоз радио торабынан жаңалық таратып, жұрт­шы­лықты жергілікті радио хабарын тыңдауға бағыттады. 1967 жылы алғашқы мұғалімдік қыз­­метін №188 орта мектептен бастап, кейін мектеп ди­рек­­то­рының тәрбие жұмысы жө­ніндегі орынбасары болды. 1968 жылы «Аққыр» сов­хо­зының «Ленин» орденді шопаны Майтан Ахметовтің 60 жыл­дық мерейтойы өтіп, сонда Зордан «Дала перзенті» ат­ты толғауын оқыды. Осы сал­та­натқа қатысып отырған Жала­ғаш аудандық партия коми­те­тінің 1-ші хатшысы Исатай Әбдікәрімов оның талантына тәнті болып, аудандық газетке қызметке шақырады. Сөйтіп, «Жаңадария» атты аудандық га­зетте бөлім меңгерушісі, редак­тор болып 10 жылдан астам қыз­мет етті. Мұнда да абыройсыз болған емес.

Өлең, саған мен әрқашан

құштармын,

Егер сені жаза алмасам,

жасыман.

Бірте-бірте қаламымды

ұштармын.

Жыр жазармын

әлі талай тасыған,

– деген ақын өлеңге адал болды.

Зордан қандай бала болды, балалық шағы қалай өтті дегенге келетін болсам, әкесі Салықбай, анасы Ақши колхозшы болды. Олардың үйімен қыста да, жаз­да да жақын тұрдық. Қыста арықтардың ішімен коньки теу­іп, жазда асық, доп таяқ ой­нау­мен қатар қой айдап, қо­зыны байлап дегендей ата-ана­мызға көмектесетін едік. Жай­лауда болғанда «Мәдениет» кана­лы­ның аяғымен «Басар» ары­ғына суға түсіп, жалақ ойнап, бір-бірімізді суға тұншықтырып та ойнайтынбыз. Бірде осылай ойнап жүргенімізде канал басында тұрған Зорданның анасының маған арнап айтқан сөзі күні бүгінге дейін есімде қалыпты. «...Әй,  Тиішжан, Зорданды суға тұншықтыра берме, ол зарығып көрген ұлымыз ғой» деп қайта-қайта тапсыратын.

Шынында да Зорданның есі­мінде үлкен мән жатыр. Ата-анасы зарығып күткендіктен, Зордан қойған десе, екіншісінде баласы зор болсын. Зордан деп атаған болар дейтін.

1967 жылы жоғары оқу орнын үздік дипломмен бітіріген З.Салықбаевты аспирантураға қалдырса да, отбасы жағдайы­мен ата-анасы тұратын «Ақ­қыр» сов­хозындағы мектепте  ұс­таздық жолын бастады.

Шамасы 1979 жылдың іші болса керек, бірде Аққыр мек­те­біне телефон шалған едім, тұтқаны мұғалім Шахмұхтар Жаңабаев алды. Мен ол кісіге Қызылорда облыстық «Білім» қо­­ғамының жауапты хатшысы М.Жанысбаев болып танысып, З.Салықбаевтың «Білім» қоғамының облыстық жина­лы­сында баяндама жасау ке­рек­тігін тәптіштеп айтып,  та­қырыбын жаздырып, мерзімін де айттым.

Біршама мерзім өткеннен кейін тағы да телефон шалдым. Бұл жолы абырой болғанда телефонды Зорданның өзі алды.  Мен амандық-саулықтан кейін, баяндаманың жай-жапсарын сұ­рай бастағанда-ақ, «Әй, Тынышбек, сенің осы әзілің мені біраз ізденуге, оқуға  жұмылдырды» деп күліп жіберді. Мен де мы­на жақтан күліп, біраз әңгі­ме­лескен едім.

Қатар өстік, қатар қызмет атқардық. Өзінің редакторлық жауапты қызметіне қарамастан, шығармашылықтан қол үзбей,  өлең мен прозаны қатар ұстады.  Көзі тірісінде қолына «Үміт тол­қыны»  атты  жинаққа бірнеше әң­гімелері енгенін көріп кетті.

«Ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» деген. Алайда Зордан ақын ауылда туып, ауылда дүниеден озды.

Зордан Салықбаев газет­тер­дегі мақалаларынан басқа: «Үміт толқыны» (1988), «Жазылып қалған жан сырым» (1996), «Армандап өткен ғұмыр» (2006), Зордан Салықбаев шығар­ма­лары (2009) баспадан  шығып, оқыр­ман­дар қолында.

Зордан доссыз 30 жыл ішінде өмір өзгерді. Ел тәу­ел­сіздікке қол жеткізді. Егер, З.Са­лықбаев тірі болса, ер­кін­дікті ерекше жырлаған болар еді. Амал қанша, бәрі де бір Алланың құзыретіндегі іс қой. Халқымызда «орнында бар, оңалар» демекші, артында Динарадай жоқтаушы жары, Жанар, Гүлнар, Асан, Үсен атты балалары мен олардан туған немерелер бар. 

Тынышбек ДАЙРАБАЙ, 

этногроф, жазушы.

ТАҒЫЛЫМ 06 шілде 2019 г. 248 0