Ертеңін ойлаған азамат еді

Қиындықтарға мойынсұнбай, өмірден тек жақсылық күтіп, әрдайым жадырап жү­ретін ағамыз Мәдияр Әбсұлтанұлының дүниеден озғанына жиырма жылдың жүзі болып қалыпты. Замандастарының айтуынша, ол қайда жүрсе де, қай салада қызмет етсе де, қарапа­йымдылығы, шыншылдығы және әділдігімен ерекшеленетін.

Мәкеңнің өзінен үлкен апасы, анам Қаншагүл Әбсұлтанқызы: «Ол заманда бүкіл бір ауылдағы дүниеге келген балалардың құжаттарын жинап бір-ақ беретін еді», – деп айтып отырушы еді көзі тірісінде. Сол кісі айтқандай, 1933 жылы Шиелі ауданы Ақтөбе колхозының жұмысшысы Әбсұлтан Ахметовтың отбасында дүниеге келген Мәдиярдың құжаттарында туған жылы 1932 деп көрсетіліп кетіпті.

Кеңес дәуірінің енді ғана қалыптасып келе жатқан шағы. Ол кезде қарапайым шаруаның бәрі балаларын жаста­йынан еңбекке баулып өсіретін. Әбсұлтан атай мен Бибайша әжей де тұңғыш ұлдарын ерте бастан үй шаруасына жұмсайтын. Ал 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталғанда ер азамат түгел майданға аттанды. Тылда кемпір-шал, әйел, бала-шаға қалды. Буыны қатаймаған балалар еңбекке араласуға мәжбүр болды. Мәдияр да үлкендерден қалыспай егін даласынан масақ теріп, мал бағып еңбек етті.

Көпбалалы шаруаның отбасында басты мақсат – оларды тамақ, киім-кешектен тарықтырмау. Ал баланы оқуға жіберу ол заманда арман еді. Алайда ешқандай кедергілерге қарамастан бала күнінен оқуға құмар болған М.Әбсұлтанов Шиелідегі №45 мектеп-интернатта білім алып, 1951 жылы Ташкентке барып, бағын сынау­ға бел буды. Бағы жанып, сол жылы-ақ Ташкент қаржы-экономика инс­титутына оқуға қабылданды.

Студенттік өмір көзді ашып-жұмғанша өте шықты. 1954 жылы қолына диплом алған жас маман Жаңақорған ауданындағы машина-есептеу станциясына жұмысқа қабылданды. Бірер жыл өткен соң комсомолдық жұмысқа ауысып, аудандық комсомол комитетінің II хатшысы лауазымына дейін көтерілді. Көп ұзамай аудандық партия комитетіне қызметке ауысты. Осы жылдары жаңақорғандық Шәрипамен танысып, жақын араласып, үйленді. Тату-тәтті ғұмыр кешіп, төрт ұл, екі қыздың әкесі атанды.

1961-1969 жылдары М.Әбсұлтанов облыстық партия комитетінің әкімшілік бөлі­мінде қызмет атқарды. 1969 жылы партия комитеті бюросының шешімімен Шиелі аудандық тұтынушылар одағының төрағасы қызметіне кірісіп, оны 1974 жылға дейін абыроймен атқарды. Сол жылдары Шиелі ауданында жаңадан ашылған №31 жылжымалы механикаландырылған колон­на жұмысына серпін беру мақсатында Мәкеңді осы мекеменің экономикалық жоспарлау бөліміне басшы етіп тағайындайды. 1974 жылы Шиелі ауданындағы өндірістік комбинат директоры қызметіне кірісіп, осы жерден 1980 жылы зейнетке шықты. Сонда да ақсақал үнемі жас әріптес­терімен кездесіп, көрген-білгенімен бөлісіп отыратын. Оны байқаған сол кездегі аудан әкімі Жарылқасын Тұрабаев Мәкеңді ресми түрде жұмысқа шақырып, аудан әкімдігінің жоспарлау бөліміне қабылдайды.

Мен білетін Мәдияр ағай қолында қанша билік пен мүмкіншілік болғанына қарамастан қара­пайымдылығын сақтап қал­ған азаматтардың бірі еді. Ұл-қыз­дары өз күштерімен оқуға түсті, бүгінде бір-бір мамандық иесі. Әкелерінің есімін сол деңгейде ұстауға тырысып келеді. Ең бастысы, ағамыз өзіне зәулім үй де салған жоқ. Қарашаңырақтың егесі болып отыр­ған екінші ұлы Сәкен бүгінде сол баяғы тұтынушылар одағының төрағасы қызметіне тағайындалғанда әкесіне жергілікті үкімет берген үйде тұрып келеді. 

«Мәкең нағыз азамат еді ғой, – дейді Ақмая ауылының тұрғыны, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Баянбай Ыбыраев. – Біз ол кісінің кө­зінше темекі де шекпейтінбіз. Өйт­кені ағамыз жат қылықтарды жақтырмайтын адам болды, бірден бетке айтып салатын. Бір жағынан елдің сыйлы азаматы болғандықтан, ешкім оның алдын кесіп өтпегені былай тұрсын, айтқанын екі етпейтін еді».

Өмір өзені қашанда ағымын тоқтатқан емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келетіні хақ. Бүгінде Мәдияр ақсақалдың ұл-қыздарының өзі немере сү­йіп отыр. «Әке көрген оқ жонар» демекші, олар үнемі аталарының қандай адам болғанын кейінгі ұрпаққа айтумен келеді. Ұрпақ тәрбиесі немесе рухани байлығымыздың өзі осыдан басталса керек.

Қазыбек КАМАЛҰЛЫ.

 

ТАҒЫЛЫМ 30 шілде 2019 г. 234 0