Серік

 Қазіргі студенттерге қайран қаласың. Енжар-ау, енжар. Аттап баспайды. Міне, қанша жылдан бері университетте «Журналистикаға кіріспе», «Журналистиканың талдамалы жанрлары» деген пәндерден дәріс оқумен келемін. Соның ішінде 2016 жылға дейін, Парламент депутаттығына сайланғанша, «Егемен Қазақстан» газетінің басшысы, яғни акционерлік қоғамның президенті ретінде сабақ берумен болдым. Әңгіменің ара-арасында: «Айналайындар,  жазуды жас кезден меңгеру керек. Студенттік жылдардан-ақ жариялана берген жөн. Жақсы дүниелеріңіз болса, маған әкеліп беріңіздер немесе электронды поштамның адресіне жолдаңыздар. Ыңғайға келетінін шығарамыз. Бірте-бірте ысыласыздар. Тәжірибе жинақтайсыздар» дейсің. Қозғала қоймайды. Тіпті, «Басқасын атамағанда, алыстағы ата-аналарыңызды бір қуантып қою үшін де газетке ауық-ауық шығып тұрған жақсы» деп те айтасың. Сонда да қозғала қоймайды. Ілуде біреуі болмаса.
Біздің кезімізде басқаша еді. Бірінші курстан-ақ балағының биті бардың бәрі газет редакцияларын төңіректеп жүретін. Әрине, алдымен баратыны жастардың сүйікті газеті «Лениншіл жас» қой. Кішкентай хабарымен аты көрінсе де қуанып жататын. Таралымы сол тұста үш жүз елу мыңның о жақ, бұ жағына баратын бұл басылымның танымалдылығы бө­лекше еді. Көлемді дүниені, үлкен ма­қаланы, очеркті, өлең топтамасын газетке шығарғандарды былай қойғанда, шағын кескіндеме, орта кө­лемді мақала жариялағандардың аты-жөнін де  әп-сәтте бүкіл республика біліп үлгеретін. Солардың бірі біздің Шәкизада болды.
Арамызда жүрсе осы күндері жетпіс деген жастың жотасына жаңа ғана жететін қазақтың тамаша жур­налисі Шәкизада Құттаяқов – ерте танылған қаламгер. Бірінші курстың бірінші семестрінен-ақ газетте көріне бастады. Айналасы бірер жылда-ақ кәдімгі ақмылтыққа айналды. Жазады да жатады. Жазғаны жазғандай шығады да жатады. Тақырып таңдау, оң жамбас, сол жамбас деген жоқ. Газетке не керек болса, соны сарт еткізеді. Ол жылдарда қазақ журналистикасын «литературщина» меңдеп тұрған  еді. Әдебиет пен газеттің әбден қойындасып кеткен кезі. Көркем әңгімеге жақындатып жазылмаса очерк сәтсіз шыққан деп саналатын. Газетте біраз жыл істеген журналист бірте-бірте прозаға құлаш ұрмаса, көпке дейін әңгіме-повестер жинағын жариялай алмаса, онда «газетчик» күйінде қалғаны, бар шамасы келері «қара мақала» болғаны деп қаралады. Сондай көңіл-күйдің әсерінен тамаша журналист шығатындардың талайы жылдар өте келе ортақол жазушы дәрежесінде қалып қойғаны да рас.
Шәкизада олай етпеді. Өзінің әлеуетін дәл есептеді. Аспандағы айға ұмтылып, босқа шаршап-шал­дыққан да жоқ, текке төгіліп-шашыл­ған да жоқ. Жақсы журналист болудан асқан абырой бар деп білмеді. Журфактың соңғы курсында жүргенінде-ақ өзі бала күнінен армандаған «Лениншіл жасқа» жұмысқа шақырылып, оншақты жыл бойы жастар басылымының белді журналисі ретінде қызмет етті, сол кезеңде Қазақстанның қиыр-қиырын оңды-солды аралады. Қаншама проблема қозғап, олардың оңды шешім табуына септесті, қаншама мәселе көтеріп, мың-мыңдаған жандардың ойына ой қосты. Қаншама жасты елге танытып, талай таланттың жолын ашып берді. Солардың бірі – Мақпал Жүнісова. Музыкалық училищеде  жүргенінде сабаққа уақытылы қатыспай қала беретініне байланыс­ты  оқудан шығарылғалы жатқан жерінен Шәкизада жазған мақаланың арқасында аман қалған сол Мақпал кейін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының біріне айналды.
Досымыз мақаланы мөлдіретіп жаза­тын. Очеркті қалайда қызықты шығару үшін оқиғаларды қиялмен қиыс­тыра салу, кейіпкерлердің аузына бойына, ойына сыймайтын сөзді тықпалау деген болмайтын онда. «Сәлиманың көктемі» атты тұң­­ғыш кітабындағы қарапайым әң­гі­­мелеу мәнері, нақпа-нақтылық, жан­ға жайлы жылылық разы етеді. Ал  Жоғарғы Соттың баспасөз қыз­ме­тінің жетекшісі болып жүр­геніндегі  мақалаларынан құрастырылған «Қазаннан қақпақ кет­­се» де­ген кітабында заңсыздықтың жол­сыздыққа бастайтынын қанын шығара отырып жазған.  Шәкең қай тақырыпқа қалам тартса да түбін ұңғып зерттеуге тырысатын, қандай күрделі мәселенің де мәніне қанықпай қоймайтын. Мысалы, «От кодекса хана Тауке до судебной реформы» атты мақаласында қазақ даласындағы сот билігінің түп-тамыры ғасырлар қойнауына тереңдейтінін нақты деректермен дәлелдей келіп, сонау Майқы биден тартып, «Қасым ханның қасқа жолындағы», «Есім ханның ескі жолындағы», «Жеті жарғыдағы» қасиетті қағидаттарды қолмен қойғандай тарқатады да, қазақ даласындағы билер соты туралы орыстың көптеген шығыстанушылары мен ғалымдарының бөлекше жоғары баға бергенін орынды мақтаныш сезімімен жеткізеді. «Российская империя в  основном сохраняла систему казахского обычного права. Примером этого служит документ 1784 года, когда оренбургским генерал-губернатором А.И.Алпухтиным были внесены изменения в судебные законы по новому управлению Младшим жузом» деп жазады автор. Бұл арада Шәкизада Құттаяқов мақаласындағы «Ради справедливости скажем: хотя царская администрация держала в своих руках государственную систему суда, в работу суда биев она не вмешивалась» деген сөйлемнің салмағын атап айту жөн. Мұның өзі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптастырған сот жүйесі өзін мойындатпай қоймағанын анық көрсетеді. Патша өкіметі билер сотының жұмысына араласқан емес дегенді тарихшылар, заңгерлер дәл бұлайша нақтылап айта қоймайтын. Мұның өзі де журналистке тән әділдіктің бір дәлелі.
Шәкизаданың қаламгер ретінде де, азамат ретінде де ерекше шыңдалған кезеңі – Президенттің баспасөз қыз­метінде жұмыс істеген жылдары. Достығымның, жолдастығымның ар­қасында соған септескеніме шү­кір­шілік етемін. Оның жайы былай болған еді. Бір күні Мырзекең – Мырзатай Жолдасбеков мені өзіне шақырды. «Жаңа маған Ғаділбек кіріп шықты. Баспасөз қызметіне қазақтілді журналист ұсынуды сұрайды. Жақсы жігіт болсын» дейді.  «Көрейік. Жі­гіттер бар ғой». «Бар болғанда былай. Коммунист болмауы керек...». Бұл Ком­партияның бағы тайыңқырап, бе­делі түсіңкіреп тұрған кез. Баспасөз бетіндегі пікірталастарда биліктің проблемалары партиялық монополизмге жол бергендіктен, қоғамның барлық буындары басшылыққа аралас тартылмағандықтан деген сыңайда сын айтылып қалатын. Содан жаңадан құрылатын Президент Әкімшілігінің аппараты бұрынғыдай бірыңғай коммунисттерден тұрмасын деген талап қойылған көрінеді. Тарихтың тәлкегі деген осы. Бір кезде партияда болмасаң есігінен сығалатпайтын билік енді келіп партияда жоқ адамды қажет етіп жатыр екен. Амалсыз күліп жібердім. «Мырзеке, әрі партия­да жоқ, әрі жақсы адам деген... табыла қоя ма? Жақсы адамның бәрін жалғыз партияға жинап алған жоқ па едік?» деп әзілдеп жатырмын. Деуін дегеніммен, кабинетке келісімен алдымен ойыма Шәкең сарт ете қалды. Шәкизада ол кезде Шерағаң басқаратын «Қазақ әдебиетіндегі» беделді журналистердің бірі еді. Жасы қырықтың қырқасында. Қылпып тұр. Ең басты артықшылығы – коммунист еместігі!.. Компартияның күйі кетіңкіреп, қатары  партияға  өтуге тілек білдірушілердің азаюынан да, партбилетін тапсырушылардың көбеюінен де селдірей бастағанын бетке басып, Орталық Комитет аппаратында отырған маған: «Бұл партияның аяғы осындай болатынын мен ерте бастан сезгенмін» деп әзілдеп жүретін. Ал дұрысында өзінің КПСС қатарына өту үшін  сүйікті «Лениншіл жасын» тастап, сірескен  «Қазақстан коммунисіне» ауысса да соның ретін келтіре алмай, ол журналды қойып, ақыры әдебиет газетіне барған кезі болатын. Дереу телефон соқтым. «Шәке, партияға өте алмаған адамнан партияға өтпеген адамға айнала аласың ба?». Қысқасы, Шәкизада айналасы бір аптаның ішінде Президенттің баспасөз қызметінен бір-ақ шықты. Көңілі көтеріліп, айдынданып, айбынданып кетті. Жақсы жұмыс істеді. Жарқылдап жүрді. Жедеғабылдығын, қай тапсырманы да тап-тұйнақтай атқаратынын көрсетті. Елбасының сапарларына ілесіп, әлемнің сан қиырын аралады. Әр сапардан келгеннен кейін дерлік үйінде дастарқан жайып, көрген-білгенінің бәрін ақтарып айтатын. Нұрсұлтан Әбішұлына құрметі бөлекше болатын. Елінің ертеңіне кәміл сенетін. Келер күндерден көп-көп жақсылық күтетін.
Шәкизада жан-жағына сәуле шашып тұратындай  ерекше адам еді. Сабазың сонша жыл бірге жүргенде бір жерде, бір жағдаймен көңіл қалдырып көрген емес. Жасының бірер жас үлкендігіне қарамай, ініңдей елпілдеп тұратындығына қайран қалумен өттім өзім. Жақсы дүниең жариялана қалса, өзі жазғандай қуанатын, айналасына ақтарыла айтып жүретін. Эмоциясы тасып-төгіліп жататын. Мақаланы сызып тұрып оқитын. «Құран және Пушкин» деген мақаламның қиындысын үйге келгенінде біздің Мәрияға көрсетіпті. Жиектеріне жазып қойған сөздеріне көзі түспей ме? Көзі түседі де, аң-таң қалады. Сөйтсе, мақаланың бұрыш-бұрышы «Жарайсың!», «Дұрыс!» дегендермен бірге «Таппайтыны жоқ!» «Ничего себе!», «Надо же!», «Во дает!» дегендерге де толып тұр екен. Бір жерінде тіпті «Сволочь!» деп те қойыпты... Онысы – разы болғандағы сөзі. Қалжыңмен қажай берген дос­тарына қайтаратын жауабының түрі  – «Ой, сволыштар-ай».  Табан асты тауып жауап қайтаруы сирек. Қандай әзіл айтсаң да ыржиып күлетін де қоятын. Аңқаулығы көп еді. Оның талай әпенділігі әзіл сөздің арқауына айналып кеткен. Бойдақтың бүйірі бұлтиған ба, сенбіде не жексенбіде Заманбек, Ағайдар үшеуіміз бізден ертерек үйленген Шәкеңнің үйіне барамыз топтасып. Әуежай жақта, Тоқай көшесіндегі 99-шы үйде пәтерде тұрды. Телефондасып, «Тоқай тоқсан тоғызда тоқайласайық» дейміз де тартып кетеміз. Алдын ала айтпай да бара береміз. Ондайда кейде қысылып та қалады. Солай айтпай барған бір күні бұйырған дәмді алып, ортаға қойылған жалғыз бөтелкені төртеулеп тез-ақ тауысып, аулаға шығып тұрсақ, Шәкең: «Жігіттер, бағыт қай жақ?» дегені... «Ау, бағыт қай жағың не? Жаңа келдік қой» деп жанын қинап жатырмыз. Содан Шәкизадамен көшеде кездесе қалсақ, «Бағыт қай жақ?» дегенді шығарғанбыз.
Адал, ашық, таза еді. Достыққа берік, көңілі кең еді. Студенттік кезде төрт жыл бойы бір бөлмеде  қара нанды бөліп жеп, төртінші курстағы қысқы каникул кезінде бір-біріміздің үйімізге барып, аналарымыздың қо­лынан дәм татып, жылдар бойы жұ­бымыз жазылмай, көп-көп жақсы күн­дерді бірге өткізген аяулы досты қатты сағынып кетесің кейде. Сондайда Шәкеңнің сұңғақ бойы, тіп-тік тұлғасы, мейірлене күлетін көзі көз алдыңа келе қалады. Екеуміздің соңғы кездесуіміз тіпті бөлекше болып еді. Үйлеріміздің арасы әрі кетсе 500-600 метрдей еді-ау деймін. Арқаның ақ бораны азынап тұрған қарлы кеште қонаққа барғанбыз. Ол бізді  шығарып салды. Үйге дейін. Әңгімеміз таусыла қой­мады ма, енді мен оны шығарып салдым. Үйіне дейін. Тұрып-тұрып, кері жүрдік. Белортаға келгенде тоқ­таттым, «Сенің ойыңды түсіндім, біз­дің үйге барып жалғастырмақсың ғой, тегі» деп әзілдеп жатырмын. Қайта-қай­­та құшақтасып, қоштасып едік сонда.
Ана бір жылы елордадағы Жастар сарайында «Ұлы дала қырандары» республикалық қоғамдық мәдени-әлеуметтік қозғалысы «Біз журналистермен біргеміз» атты өте сауапты шара өткізді. Арқа төсіндегі жаңа астанамыздың рухани ортасын қалыптастыруға үлкен үлес қосқан дарынды журналистер – Ақселеу Сейдiмбеков, Дүкеш Бәйiмбетов, Мад­рид Рысбеков, Рафаэль Жұма­баев, Жомарт Әбдiхалық, Талғат Iлiмжан, Октябрь Әлiбек, Шәкизада Құттаяқов, Жұматай Сабыржанов, Владимир Коченев,  Бiржан Белғара, Алмас Жол­таев­ты еске алу кешінде Қазақстан Рес­­публикасы Жоғарғы Сотының бұ­қарамен байланыс және баспасөз бөлі­мінің бастығы Оксана Петерс сөз сөйлеп:  «Бүгінгі шараның маңызы ерек­ше деп бағалаймын. Бұрын-соң­ды мұндай кештің өткенін естіген жоқ­пын. Сондықтан Жоғарғы Соттың атынан ұйымдастырушыларға үлкен ал­ғыс айтамын. Бізде баспасөз қыз­метінің жетекшісі болған Шәкизада Құттаяқов ағамыз жайлы көп айтуға болады. Ол кісі тазалығымен, іскерлік қасиетімен ерекшеленді» деген еді. Иә, қазақтың тамаша журналисі, тамаша азамат, жарқылдаған жолдас, аяулы дос Шәкизада Құттаяқовты екі-ақ ауыз сөзбен сыпаттауға тырыссақ, алдымен осы тазалық пен іскерлікті айтар едік.
Есімін Серік дейтінбіз студент кезде. Дейтінбіз емес-ау, өзі де  алғашқы жылдарда мақалаларын  «Серік Құттаяқов» деп жариялайтын. Бала күнінде де, мектепте де ауыл-аймақтың бәрі Серік деген көрінеді. Азан шақырып қойған аты Шәкизада екенін алғаш рет сабаққа кімнің келіп, кімнің келмегенін  студенттерді түгел аты-жөнімен адақтап шығып барып тексеретін, өткен жолы не себеппен келмегенін ақыр түбіне дейін анықтап алып барып көңілі бір-ақ тыншитын бір  оқытушымыздың аузынан  ес­тіге­німіз бар. Қазір ойлап отырсақ, Шәкизада досымыз бізге мына өмір сапарында  серік болуға жіберілген екен ғой. Тек сол бірге жүрген са­па­ры­мыздың қысқа, тым қысқа қа­йы­рылғаны ғана жаныңды жейді, кө­кірегіңе күрсін кернетеді... Әйтсе де, Шәкизада жа­йында ойласам негізінен тәубе де айтамын. Өмірде осындай да жаны аппақ қардай адамдар болатындығына, олардың кейбірімен тағдыр сені тоғыстыратынына тәубе айтқаннан басқа енді не амал бар бізде?

Сауытбек АБДРАХМАНОВ.

ТАҒЫЛЫМ 13 тамыз 2019 г. 50 0