Туымы туған жермен егіз еді

Мен өз өмір жолымда 30-жылдардың ұрпақтарымен, Ұлы Отан соғысына қатысқандармен, сол жылдардағы қиындықтарды басынан өткізген тәжірибелі тәлімгерлермен тізе қосып, қатар қызмет еттім.

Олар өмірлік даналығымен, өздерінің құнды тәжірибесімен, үйреншікті машығымен біз сияқты жас әріптестерге ағалық қамқорлығын көрсетті, жұмыс бабында тапсырмалар беріп, шыңдай түсті.

Сондай азаматтардың бірегейі, еңбек шыңын бағындырған еңселі ер Дәуірхан Жәлиұлы Айдаров жөнінде айту, жазу біздей шәкірттері үшін парыз. Ол – Сыр елінің әлеуметтік-рухани саласында өзінің ерекше қолтаңбасын қалдырған азамат. Біздің әрқайсымыз ол кісінің шәкірті бола жүріп, оның Арал өңірі халқының рухани әлеуетін жетілдіру және толықтырудың қайырымдылық миссия­сын жоспарлау мен іске асыру бойынша қажырлы еңбектері мен іргелі жұмыс­тарын өз көзімізбен көрдік.

Дәуірхан аға шыншыл, адал, сауатты және жоғары зияткерлік мінез-құлқымен ерекше болатын. Еңбекке деген қабілеттілігі, жауапкершілікті өзіне алу, бір орнында тұрмай, жаңа идеялар мен шешімдердің негізінде алға қарай жылжу оның қызметіндегі басты ұстанымы еді. Біз үшін ол тәлімгер мен ағартушы ғана емес, рухани көшбасшы болды. Ол өзінің соңғы тынысына дейін Алланың заңымен адал өмір сүрді. Қазақта ондай адамдарды  «көңілі ақ, ниеті түзу» дейді.

Үлкен өмір жолынан өтті. Жас­тық шағында аштыққа тап болды, сталиндік режим мен хрущевтік еру, брежневтік тоқтап қалу мен горбачевтік қайта құру оған етене таныс болды. Тағдыр талқысына түскен туған атасы Айдар мен ағасы  Жансұлтан 1930 жылы Қызылқұмдағы көтеріліске қатысқаны үшін саяси қуғынға ұшырады. Айдар жараланып, «үштік» кесімімен үш жылға сотталса, Жансұлтан қуғыннан құтыламын деп, туған жерінен тыс кетуге мәжбүр болды.

Дәуірхан Айдаров өмірдің қиындығы мен қатыгездігіне қарамастан, 16 жасында мектепті, ал, 1950 жылы Қызылорда педагогика институтын бітіреді. Сонан соң бір жыл Қазалы ауданында мектепте оқу бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Ақылды және болашағынан үміт күттірген бозбала жігіт ағасы жаста­йынан көзге түсіп, 1951 жылдан бастап ауданның, облыстың, респуб­ликаның комсомол және партия органдарында қызмет етеді. Арғынғазы Қайсақановтан бастап Еркін Әуелбековке дейін обкомның 12 бірінші хатшысымен қызметтес болады.

Қандай қызметте жұмыс істесе де, өзінің ынтасымен, жауапкерші­лі­гімен, адалдығымен, білімімен, шын­шылдығымен көзге түседі.

Облыстық радио комитетінің төрағасы қызметінде жүргенінде атақты «Қызылорда вальсі» әнін халық құлағына сіңірген де осы кісі. Ақын Махмұтбай Әміреұлы вальстің 1962 жылдың күзінде Тәңірберген Қалауовпен бірге дүниеге келгенін айтады. Осы әннің тұңғыш орындау­шысы студент Зина Рысбаева болатын және оны Дәуірхан Айдаровтың тапсырмасы бойынша облыстық радио үнемі эфирге шығарып отырған.

1953 жылғы маусымда Алматы қаласында республикалық фестивальда «Қызылорда вальсі» сол кездегі радио комитетінің дикторы Сәбит Жаңабаевтың қоңыр даусымен орындалып, жаңа көрініске ие болды. Облыстық радионың әрбір таңғы бағдарламасы «Қызылорда вальсі» әнімен және жаңалықтармен басталатын. Осылайша, радио комитетінің басшысы Дәуірхан ағамыз әннің халық арасында кеңінен таралып халықтық ән аталуына себеп болды.

1963-1972 жылдары Қызылорда облыстық партия комитетінің насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары, бөлім меңгерушісі, 1972-1978 жылдары Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің  насихат және үгіт бөлімі менгерушісінің орынбасары, 1978-1987 жылдары Кызылорда облыстық партия комитетінің хатшысы бола отырып, ұлттық мәдениеттің құрылуы мен насихатына көп күш-жігерін жұмсады.

1964 жылғы 2-желтоқсанда Ленин сыйлығының иегері, Кеңес Одағының Жоғарғы Кеңесінің депутаты Шыңғыс Айтматов Қалтай Мұхамеджановтың шақыруымен Мәскеуден келе жатып, Қызылорданың құрметті қонағы болады. Барлық ұйымдастырушылық жүктеме (облыстық газеттердің редакциялық ұжымымен, өңірдің оқырмандарымен кездесу, жоғары тұрғыдағы қонақтардың демалуын ұйымдастыру) жас Дәуірханның иығына түседі. Сол кезде Шыңғыс Айтматов: «Мұхтар Әуезов – Қазақстан мен Қырғыз­стан халықтары арасындағы жоғары тұрған әскери туымыз, ол біздің тұғырымыз» деп айтқан. Бұл осы күнге дейін құнын жоймаған қанатты сөзге айналды.

Дәуірхан Айдаровтың «Сыр сұлуы» әнінің пайда болуына да қатысы бар. 1963 жылы Сырдария ауданының Бесарық ауылында Баян Құттыбаеваның бастауымен 7 қыз­дан тұратын комсомол бригадасы құрылады, олар негізінен күріш өсірумен айналысты. Осы бригада социалистік жарыста көрсеткен ерен еңбектерінің арқасында 1964 жылы жас жақаевшылар слетіне қатысып, жалпақ жұртқа аты мәлім екі мәрте Социалистік Еңбек ері Ыбырай Жақаев пен жер кіндігі – Байқоңырдан адамзат тарихында екінші болып айға ұшқан ғарышкер Герман Титовтың алғысы мен батасын алады.

Бригада «Сыр сұлуы» атты романтикалық атауға ие болды және жылдан жылға оның қатары жергілікті мектептің өнерпаз түлектерімен толықтырылып отырды, олардың кейбіреулері кейіннен үкіметтік сыйлықтарға ие болды.

1965 жылы обком хатшысы Қаржау­бек Жарқынбеков облысқа біздің өңір туралы бірегей музыкалық шығарма жасау үшін халық арасында «ән патшасы» атанған Шәмші Қалдая­қовты шақыруға тапсырма береді. Сазгермен бірге облыс бо­йынша Д.Айдаров, партия обкомының қыз­меткері А.Айдосов және  бірінші хатшысы жүрді. Олармен бірге жергілікті ақындар Зейнолла Шүкіров, Сақтаған Есмаханов және басқалары болды. Жаздың бір күнінде олар Бесарық тұрғындарымен кездесіп, осы бригаданың мүшелерімен әңгімелес­ті.

Кешке клубта сазгер мен ақындардың шығармашылық есебі болды. Сазгердің атақты әндері орындалды, З.Шүкіровтің өлеңдері және «Сыр сұлуы» өлеңі алғаш рет оқылды. Барлық көрермендердің алдында Шәмшінің осы өлеңге әні туындайды. Сол кездер осы ауыл тұрғындарының көбісінің есінде және бірінші кезекте  қазіргі уақытта әже болған айтулы бригаданың қыздары өздері туралы әнді жүректері елжіреп тыңдайды. Біздің жерлесіміз, әнші Жеңіс Ысқақова осы күндері өз концерттерін туған жеріне және осы топты құрған адамдарға құрмет көрсетіп, «Сыр сұлуымен» бастайды.

1968 жылы Қазалыда Ғ.Мұрат­баев атындағы мемориалдық музей ашылды. Осы музейдің негізін қалау­шылар ретінде бұрынғы комсомол қызметкерлері Дәуірхан Айдаровты,  Әбжәми Байшуақовты және сол кездегі облыс комсомол жетекшісі Абылай Айдосовты атауға болады.

Идеология бойынша обкомның хатшысы болып жұмыс істеп жүргенде Дәуірхан Айдаров өз қызметінің барлық бастамасын қазақ халқының салт дәстүрін,  еңбек адамын насихаттауға бағыттады.

Бірақ обкомның хатшы лауазымындағы алғашқы қадамын ол  өңірдегі моральдық-психологиялық жағ­­дайды жақсартуға, облыстың бас­қа­рушы кадрларына сенімділікті оятуға, «Правда» газетінде жарияланған «Обкомның көз алдында» деген жария­ланымынан кейін тұрғындар арасындағы наразылықты өзгертуге бағытталған идеологиялық іс-шаралардың кешенді жоспарын әзірлеуден бастады.

Обкомның бюросы мақұлдаған осы іс-шаралар, ең алдымен, адамдардың позитивтік көңіл-күйін көтеруге,  оларға патриотизм мен туған жеріне деген махаббатын оятуға бағытталған болатын.

Сол жылдары айтыс өте танымал болды, Дәуірхан Айдаров олардың туындауына елеулі үлес қосты. Манап Көкенов, Махамбетқали Тұрсанов, Замаддин Ибадуллаев, Бекұзақ Тәңірбергенов, Серік Өтеуов, Ния­толла Раманқұлов сияқты ақындар республикалық деңгейге көтерілді.

Сол кезеңде тер төгіліп жасалған жұмыс  Сыр бойына тән жыраулық өнерді дамытуға қатты әсерін тигізді. Шәмшат Төлепова, Әбіләш Әбуов, Көшеней мен Бидас Рүстембековтер, Алмас Алматов  осы өнердің белсенді насихаттаушылары болды. Олар – біздің елден басқа шет елдерде де танымал болған өнер майталмандары.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алмас Алматов  былай дейді: «1985 жылдың қаңтарында обком хатшысы Д.Айдаровтан шақыру алдым. Ол мені өте жылы қабылдады, шығармашылық жоспарларымды және пединституттағы жұмысым туралы сұрады. Содан кейін ол менің Парижге этнографиялық фестивальға жіберілетінім туралы шешім қабылданғанын айтты. Қазақстаннан шыққан жалғыз орындаушы ретінде маған түсетін жауапкершілікті еске салды. Сол жылы ақпанның соңында, наурыздың басында мен сол фес­тивальға барып, париждіктердің алдында ән салдым. Мен айтқан жыр француз, ағылшын және итальян тіліне аударылды, үнтаспаға шығарылды. Еуропа алғаш рет қазақтардың жырлап айту өнері туралы білді.

Парижден келген соң Дәуірхан Айдаровтың қабылдауында болып, осы іссапардың қорытындысы туралы айттым. Ол өзінің қол астындағыларға осының бәрін БАҚ-та жариялау туралы тапсырма берді. Мен республикалық және жергілікті БАҚ-қа сұхбат бердім».

Дәукең өнер адамдарын моральдық тұрғыдан да қолдауды  ұмытпаған. 1980 жылы театр әртістері Жібек Бағысова мен Серік Шотықов «Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі», ал, Манап Көкенов «Қазақстанның халық ақыны» атағын иеленді, ол біздің театрдың шығармашылық өрлеуіне,  айтыстың өріс алуына себеп болды.

1980 жылдары Манап, Жиенбай, Нартай, Нұртуған, Шәмшат өнер мектептері ашылды. Қазіргі Н.Бекежанов атындағы драма театрының ғимараты пайдалануға берілді.

Облыстың барлық жерлерінде клуб мекемелері мен кітапханалардың, стадиондар мен ипподромдардың құрылысы жүріп жатты, жастарды спортқа баулуға үлкен назар аударылды. Сол жылдары әлем Марат Сатыбалдиев, Сергей Капустин, Светлана Шалғынбаева сияқты Сырдың велоспортшыларын таныды.

Еңбек адамдарын марапаттауға  үлкен көңіл бөліне бастады. Барлық жерлерде   мерекелер мен астық жәрмеңкесі өткізілді, онда үздік диқандар мен  малшылар мадақталып, олардың халық алдындағы мәртебесі көтерілді.

1981 жылы Шиелі ауданында Екі мәрте Социалистік  Еңбек Ері Ыбырай Жақаевтың 90 жылдығы атап өтілді. Ауылдастары мен оқушылары оны «Диқан ата» деп атайтын. Осы мерейтойға Жамбыл облысынан халық «Шопан ата» деп атап кеткен,  Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев шақырылған болатын. Жергілікті фототілші С.Хутаев­тың екі батыр құшақтасып отыр­ған  «Екі жұлдыз» фотосуреті бүкіл елге тарады.

Дәуірхан Айдаров еңбек адамын  дәріптеу бойынша үлкен жұмыс атқарды, ол оған іс-әрекеттердің идео­логиялық құралдарының бәрін енгізе білді. Одақтық, республикалық және жергілікті БАҚ-тарда  Ыбырай ата туралы арнайы теле және радиоочерктер ұйымдастырды. Жергілікті суретшілер екі батырдың портреттерін салды, олар Қызылордадағы Сая­си ағарту үйінде, Шиелінің Орталық алаңында және «Қызылту» колхозында орналастырылды.

Ы.Жақаев қайтыс болғаннан кейін колхозға оның есімі беріліп,  сол жерде мемориалдық музей ұйымдас­тырылған. Мұндағы зор еңбекті облыстың бірінші басшылары атқарды, бірақ, негізгі ауыртпашылық  Д.Айдаровтың үлесіне тиді. Ол Ыбыкеңнің өз егістігін күннің ыстығы мен қатты желінен уақытқа қарамастан қор­ғаған нағыз еңбек адамы екенін қайталауды ұмытпаған. 

Мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевтың дала академигі туралы «Қазақтағы сөз патшасы – ұлы Абай, Сыр бойында дән патшасы – Ыбырай» деген қанатты сөзі бар.

Ал, атақты сазгер Нұрғиса Тілендиев: «Біз симфонияны музыка тілімен жазып жүрсек, Ыбыкең оны еңбегімен жазып жүр. Ондай симфонияның әр жүрекке жол табатыны ақиқат» деген.

Дәуірхан Айдаровтың жұмысқа деген ынтасы мен  зияткерлік әлеуеті,  жоспарланған идеологиялық іс-шараны одан да жақсы және жоғары кәсіби деңгейде жасау ниеті мен ықыласы әрқашанда таңғалдыратын. Өңірдің тарихына байланысты материалдарды даярлауға жауапкершілікпен қарайтын. Мен ол кісінің басшылығымен осындай көптеген материал даярладым (Қазақстанның 60 жылдығы мерекесінде «Қызылорда облысының өндірістік күштерінің кешенді дамуының проблемалары мен перспективалары» тақырыбына, Қазақстанның Ғылым академиясының көшпелі отырысында, Жеңістің 40 жылдығы қарсаңында және т.б.). Дәуірхан Айдаровтың алдында орындаған жұмысың бойынша бірден есеп беру қиынға түсетін, талабы өте жоғары болатын. Аймақтың әрбір тұрғынының жүрегіне жететіндей, сапасын жақсарту үшін соңғы минутқа дейін материалдарға түзетулерін енгізетін. Адам тез қабылдай алатындай, оң әрекеттерге баулитын сөздер, сөз тіркестері мен нақты ойларды іздеуден жалықпайтын.

Дәуірхан Айдаров көптеген шәкірт тәрбиеледі, олар осы күнге дейін  Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып келе жатыр. Олардың арасында мемлекет қайраткерлері, ғалымдар мен жазушылар да бар.

Өмірінің соңына дейін өзінің бірге оқыған курстастарымен, жұмыстағы әріптестерімен достық, отбасылық қарым-қатынасын үзген жоқ. Олардың ішінде – Үмбетов Жарылқасын, Мұхамеджанов Қалтай, Әбдікәрімов Исатай, Көшербаев Елеу, Уәлиев Нұрділда, Еспанов Ұзақ, Матаев Мұстафа, Боранбаев Сейіл, Айдосов Абылай секілді тұлғалар бар.

1980 жылы Дәуірхан Айдаров өзінің қызы Розаға былай деп жазған: «Біріншіден, еңбек туралы. Өз бақытын қалаушы – адам.  Өмірде бақытқа тек еңбекпен ғана қол жеткізуге болады. Тек қажырлы және саналы  еңбек – жеке бақыттың, отбасылық игіліктің және қоғамдық беделдің негізі. Адал еңбекке бағдар, оның жемісін көру – өмірдің барлық қызығы мен мәні. Саған, жай қазақ қызына, тағылымгер, содан кейін ғылым ордасы -  Мәскеу  мемлекеттік университетінің аспиранты болуға ерекше жауапкершілік артылады, ерінбей еңбек етіп, мақсаттарға жетуге  итермелейді».

«Абыроймен өмір сүру» деп әкесі айтқандай, Роза өзінің жары әлемнің бірқатар елдерінде Қазақстан Республикасының  Төтенше және Өкілетті елшісі болған Қайрат Әбусейітовке өз мемлекетінің мүддесін шет елде білдіруге көмектесті.

Дәуірхан Айдаровты мен соңғы рет 2007 жылғы 6 ақпанда Алматы қаласында, үйінде көрген болатынмын. Ол менің ағам, өзінің бұрынғы әріптестері туралы естеліктерін айтып, жақында шыққан кітабын сыйлады. Егемен мемлекетіміздің жетістіктеріне қуанып, дамудың, өрлеудің өзегін сөз етті. Екінші жағынан қоғамдағы кейбір теріс құбылыстарға мазасы кетіп отырды. Қаңғыбастар, жұмыссыздар, тонау мен қудалаудың таралуы, тапсырыспен кісі өлтіру, жастарды  дәстүрлі емес діни қозғалыстарға, қыздарды жезөкшелікке тарту туралы «қоғамның аутсайдерлері»  деген терминдердің пайда болуы ол кісінің жанына батты.

Дәукең сөз бен істің бірлігі қамтамасыз етілмейтініне қынжылатын. Жекелеген партиялар, қозғалыстар, депутаттыққа кандидаттар жария лозунгтар мен бос уәде берулерге үйреніп алғанын, сөздің құнын білмейтінін, осының бәрі жай халықтың оларға деген сенімсіздік білдіретінін ерекше айтатын.

Оның ойлары баспа басылымдары мен республикалық БАҚ-та өз көрінісін таба білді. Туған жерге деген махаббат пен тәрбие мәселелері бойынша бірнеше кітабы жарық көрді. Елдің бірқатар жоғары мемлекеттік наградаларымен марапатталды. Қазалы ауданының құрметті азаматы атанды. Әйтеке би кентінің бір көшесіне  Дәуірхан Айдаровтың есімі берілген.

Халқым деп соққан жүрегі кең азамат Дәукең ағымдағы жылғы 15 шілдеде тірі болғанда, 90 жасқа толатын. Бұл күндері зайыбы Рәш апай мен балалары оның туған жерінде еске алу асын береді. Ол кісінің көптеген қыз­меттестері мен шәкірттері ұстанымы «абыроймен өмір сүру» болған біздің тәлімгерімізді жылы лебіздермен есіне алады деп пайымдаймын.

Кеңес МАХАМБЕТОВ.

Нұр-Сұлтан қаласы.

ТАҒЫЛЫМ 13 тамыз 2019 г. 167 0