Елмен бірге, еңбекпен егіз еді

Сыр еліне аты мәлім, ел-жұртына жаны жақын азамат, Аралдың біртуар перзенті Ахмедулла Сматұлы туған елі үшін Толағайдай терін төгіп, бойына біткен тектілік қасиетімен қадірін арттырған азамат еді. Сондықтан оның ел жүрегіндегі екінші өмірі басталып, ұрпақ жадына жол тартты. Себебі диірмен тасындай дөңгеленген уақыт дарабоздарды іріктеп, тарих парақтарына жазып қалдырады.

Тек енді біздің атпал азамат, кеңпейіл, жайсаң жан, Ахмедулладай аяулы дос туралы өткен шақта ғана сөйлейтініміз өкінішті.

Ақаң өзі қызмет атқарған білім жүйесінде, партия, әкімшілік органдары мен шар­уашылық саласында біліктілігімен, алғырлығымен, албырт мінезімен, ұйымдас­тырушылық қабілетімен ерекше көзге түсті. Ол өзінің қыз­меттік міндетін уақытымен тынығу, демалу дегенді ұмытып, ақ тер көк тер болып, бар ынты-шынтымен беріле орындайтын.

А.Үмбетовтің аудан әкі­мінің бірінші орынбасары болып қызмет атқарған жылдары ел өмірінде нарықтың қыр-сыры әлі толық меңгеріле қоймаған, таршылығы мен тапшылығы иықтан басып, етектен тартқан ел экономикасының қиын да күрделі кезеңімен тұспа-тұс келді. Сол жылдары оны жұмыс кабинетінен табу қиынның қиыны еді. Бұрын кеңшар басқарып, еңбек көрігінде әбден ысылған ол жайлы кабинетте ұзақ отыруды қаламайтын. Шешілмеген түйінді мәселелері көп шалғайдағы елді мекендерге сапарлап, аудан әкіміне нақты ұсыныстармен келетін. Жүрегіне ота жасатып, сырқаты жанына батқан Ақаңа сан салалы тірлігі, инфрақұрылымдары бар қаланы басқару да оңайға соққан жоқ. Ебіл-себіл, ертелі-кеш қаланы аралап жүруші еді.

Ол қала басшысы болып қызмет атқарған 2004-2012 жылдары Аралдың ажары айшықталып, көркейіп-көгеріп, абаттанып, тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы біршама жақсара түсті. Осы кезге дейін жері құнарсыз, сортаң, су тапшы деген желеумен бау-бақша, тал-терек, гүл егуге енжар қала тұрғындарына қозғау салып, өнегелі істің бастамашысы бола білді. Сол кездері аудан әкімі болып қызмет атқарған Нәжмадин Мұсабаев­тың басшылығымен шөлге шыдамды сексеуіл көшеттерін қала, аула, қорым айналасына көптеп егуге басшылық жасады. Мекеме, кәсіпорын басшыларына әртүрлі гүлдер егу мәселесін міндет етіп қойды. Қала орталығында ондаған ескерткіш, барельеф, стелла бой көтерді. Балаларға арналған спорт алаңдары мен шағын гүлзарлар пайдалануға берілді.

Білім, медицина, мәдени-ағарту, ауыл шаруа­шылығы, құрылыс, шағын және орта бизнесті дамыту салалары бойынша экономикалық тұрақты өсу динамикасы байқалды. Жұмыссыздық едәуір төмендеді.

А.Үмбетов сондай-ақ, аймақ пен өңірдің экономикалық, әлеу­меттік рухани өміріне белсене араласып, халық қазынасының мақсатты әрі әділ жұмсалуына бір адамдай үлес қосты, ел аманатының  биігінен көріне білген халық қалаулысы атанды. Оның бойында қайрат-жігер мен бұла күш те бар болатын.

Бірде облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыс бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі қаралды. Сол кездегі аймақ басшысы бюджет жобасында көрсетілген Арал ауданына бөлінген қомақты қаржыны Қызылордада салынып жатқан үлкен бір құрылыс объектісіне аудару туралы ұсыныс жасады. Ақаң бұл ұсыныспен келіспейтінін білдірді. Нәтижесінде бөлінгелі тұрған қаражаттың экологияның нақ кіндігінде орналасқан Арал ауданына өте-мөте қажет екеніне жиналғандардың көзін жеткізді. Облыстық мәслихат сессияларына тұрақты түрде қатысып жүрген депутат А.Үмбетовтің осылайша бірнеше рет батыл сөйлеп, өз ұсыныс­тарының сессияда қабылдануына қол жеткізгенінің куәсі  болғанмын.

Үлкенге ізетінен жаңылмаған, кішіге абзал аға атана білген, пейілі кең, жолдастары мен достарына сыйлы болған аяулы жанды біз ендігі жерде сағынышпен еске алатын боламыз.

Өзімнің пайымдауымша, Ахмедулла Сматұлы туған жерінде қызмет еткен 27 жылда аз шар­уа тындырған жоқ. Ауданның өсіп-өркендеуіне тынымсыз қалпымен аянбай атсалысты. 

Бүгінгі күні Ахаңның перзенттері өмірден өз орындарын тауып, сан салада қызмет атқарып жүр.

Бақұл бол, аяулы дос Ахмедулла. Мәңгі тыныстаған мекенің жұмақтың төрінде болсын.

Әнес ӘУЕЗОВ,

Арал ауданының 

Құрметті азаматы. 

ТАҒЫЛЫМ 15 тамыз 2019 г. 730 0