Өмір өрісі – мәңгілік тақырып

Қазақстан Журналистер Одағы қызылордалық қаламгер Қасым Иманбердиевті «Қазақстанның Құрметті журналисі» атағымен марапаттады.

Қ.Иманбердиев Шиеліде орта мектепті және Алматыдағы қазақтың маң­дайалд­ы жоғары оқу ордасы – ҚазМУ-дің журналистика факультетін орысша оқып тәмамдады. Бойына біткен дара талантымен қалың оқыр­ман аудиториясын жау­лап, орыс тілді журналис­тиканың шыңына шықты. Қазіргі «Кызылординс­кие вес­ти» газетінде еңбек жолын бастап, әдеттегі әдеби қызметкерден бас редакторлық лауазымға дейін көтерілді. ҚазТАГ-тан бастап белді рес­публикалық және одақтық «Сельская жизнь» мерзімдік басылым­дарының меншікті, штаттан тыс тілшісі, белсенді авторы болып ұзақ жылдар бойы қыз­мет атқарды. Бірнеше кітап жазып, баспадан шығарды. Ел мен халықтың тағдырына, тарихына қатыс­ты оқиғалар, тақырыптар оның қырағы назарынан қағыс қалған емес.

Журналист өзінің 70 жасқа толған мерейтойы қарсаңында «Пульс фамильного рода» («Текті әулеттің тынысы») атты жаңа кітабын жергілікті «Полиграфия» баспа үйінен басып шығарып, оқырманына ақ пейілден тарту етіп отыр. Елеулі еңбекте түп-тұқия­нынан тамыр тартқан Иманбердиев­тер әулетінің шежірелі тарихнамасы, ғазиз ата-ананың ғұмырлық ғибраты һәм тағылымды тәрбиесі, өзінің өсіп-өнген ортасы, «махаббат, қызық мол жылдары», төл кәсіби қызметінің қыр­лары мен сырлары, қиындықтары, қоғамның дамуына деген жеке көзқарасы, азаматтық ұстанымы кең көлемде көрініс тапқан. Ол қай тақырыпты қаузаса да қызуқандылықпен, нақты дерек, цифр, мезгіл мөлшерімен дәйектеп жазады. Әсіресе, оның оң жамбасына келетін ауыл шаруашылығы, мұнай өндірісінің жағдайы  және өзі федерацияның президенті ретінде көп күш-жігер жұмсаған, тұсауын кес­кен «Қайсар» футбол клубы жайлы қызғылықты жазбаларына еріксіз ден қоясыз.

Қуаныш МАХАНБЕТ,

Қазақстан Журналистер одағының лауреаты.

ТАҒЫЛЫМ 15 тамыз 2019 г. 477 0