Жаратылыс сырын жан бесігіне бөлеген

 Көрнекті қазақ  жазушысы, Мемле­кеттік сыйлықтың иегері Оразбек Сәрсенбайдың халқымыздың әдебиеті мен руханиятына сіңірген еңбегі мол.  Ол кісі тірі болғанда үстіміздегі жылдың 20 тамызында 81 жасқа келер еді.

Фәлсафалық, мағыналы оймен пайымдалып, көркем сөзбен зерделенген рисаларында Оразбек Сәрсенбай данышпан Абайдың «Ғақлия сөз­дерін» әрі қарай жалғастыра отырып, жаратылыстанудың көптеген ғылыми зерттеулерінің, физика заңды­лық­тарының, адамзаттық рухани, діни қазыналарының үлгілерін арқау етіп, өз дүниетанымын айшықтаған екен. Осы шағын әңгімелердегі көркем ой иірімдері мен салиқалы көзқарас Шығыс ойшылдарының біртұтас қарай­тын өлшемдері: Сана, Жан, Рух атты тылсым жаратылыстың ға­жа­йыптары мен үндестіктерінің сыр­шыл әлеміне деген оқырманның құш­тарлығын арттыра түседі. Он сегіз мың ғаламды жаратқан Құдіреттің құпиясын ешбір жұмырбасты жан иесі аша алмайтыны белгілі. Ұлы Абай айтқандай: «Алла тағала өл­шеу­сіз, біздің санамыз өлшеулі. Өлшеу­лімен өлшеусізді білуге бола ма?» Адам баласының маңдайына Жара­тушының міндеттерін орындап, ақ жолынан ауытқымай жүру ғана жазылған екен. Бірақ Алла Та­ғала ерекше ықыласы түскен, сүйген құлдарына жаратылыстың құпия­ларының кейбір сырынан хабардар ететін сияқты. Олар кімдер, қан­дай қасиеттерімен, іс-әрекетімен  Құ­ді­реттің назарына  ілікті екен? Адам­заттың руханият саласындағы із­деністеріне сүйене отырып, жазушы Оразбек Сәрсенбай бұл сауалдарға да өзіндік  көзқараспен орамды пі­кірлерін  өрбіткен. «Адамның құны қанша?», «Әл-Фараби формуласы», «Сопылар салты», «Керемет пен си­­қыр немесе Алланың жүзінші есі­мі», «Баракат иелері», «Табыну мен тағұттың арасында», «Әулиелер  әуле­ті», «Махаббат пен ғадауат», «Қанағат қағидалары», «Қандастар», т.б. атты бұл рисалар санасының сәу­­лесі бар жанды тылсым әлемнің бір бөлшегі – адамның жаратылыс сырын пайымдауға құлшындыра түсері хақ.

Кітаптың бас кейіпкері – жазу­­шының әкесі Сәрсенбай, қара­пайым дала адамы, біздің қазіргі ақса­қалдарымыз сияқты жоғары білімі жоқ, бірақ  халықтың даналығымен сусындап, өзінің әкесі Байкенже сопыдан тәлім  алған. Байкенже ескі заманда Бұхарай Шәріптің оқуын тәмамдаған, таза тақуалық мұсыл­мандық ілімді бойында ұштастырған зор дамулла, пірәдар кісі болған екен. Кейін Кеңес үкіметі қудалап қоймаған соң бала-шағасымен Сырдарияның арғы бетіне өтіп, Қызылқұмға кетеді, сол жақта пайғамбар жасына келгенде көз жұмыпты. Ал оның ұлы Сәрсенбай да Сталин заманында сотталып, түрмеде жүріп те, қарауыл кезеген мылтықтың астында тұрып-ақ бес мезгіл намазын қаза етпепті. Түрмеден шыққан соң біржола тақуалық жолды таңдаған әкесінің ислам ғұламалары мен ақындарының әрқилы рауаят, ғибратты мысалдар мен аңыз-әфсаналарын, фәлсафалық ойларын тыңдап отырып, әкесімен көп әңгіме-сұхбат құрып, өз ой-пікірін дамытқан жазушының бұл кітабының  бас кейіпкері – Тақуа әке. Әке мен баласының дүниетаным кеңістігіне, астарлы да қатпар-қатпар сана, жан әлеміне ой салып, ұғынуға деген құштарлықтан туған бұл әңгімелердің салмағы небір фәлсафалық трактаттардан кем түспейді. «Көке, адамның құны қалай анықталады?» – деген баласының сұрағына, тақуа әке:  «Құдай жаратқан пенденің үлкен-кішісі жоқ, ол тек амалына қарай бөлінеді де, адамның құны бұл дүниеде істеген жақсы, жаман амалдарымен өлшенеді ғой, балам!» – дейді. Бұл аксиома-ойдың астарында тұңғиық ғұмырнама жатқаны саналы жанды ойлантары сөзсіз. «Амал – ниет пен әрекеттің бірлігі. Адам не істесе де, әуелі ниет қылады, содан соң әрекетке барады. Ең зор күнә – кісі ақысын жеу және біреуге қиянат жасау!  Біреуге ақың кетсе кетсін, өзгенің ақысын жеме, ешкімге қиянат жасама!» - деген Сәрсенбай ақсақал сияқты халқымыздың ұлағатты ата-әкелерінің ықылым заманнан бері айтылып келе жатқан  қатаң ескертпесі бала кезден әрбір түйсікте сақталып қалуға тиіс адамгершіліктің кодексі болуы керек қой, бірақ өкінішке орай, бұл тағылым барлық баста сақтала бермейді-ау. «Кісі көз жасы жібермейді» деген қазақтың мақалының астарында, әрбір адам – саналы жан, ал, Жаратушы – шексіз сана иесі, адам оның бір бөлшегі, «адамға жасалған қиянат, Алланы ренжіткенмен бірдей»  деген қағида жатқан болуы керек.     

Жазушы Оразбек Сәрсенбай тағы да кемеңгер Абайға жүгінеді: «Ұлықтар алып берем деп – даугерді жеп, құтқарам деп ұрыны жеп жүр... Мен сені бүйтіп сүйеймін деп, мынаны да ананы да жеп жүр». (Он бірінші сөз). «Сондағы бәрінің жеп жүргендері – сол  бәз баяғы  кісі ақысы, еңбексіз табылған арам пайда, тегін табыс, Карл Марксше айтсақ, «қосымша құн», астары - «төленбеген өтемақы» немесе, жекеменшік қожа­йын­ның тарапынан қарауындағы жұ­мыс­кер қауымның еңбегі үшін төленбей қалған ақысы. Кісі ақысы ғой. Ауыр күнәға бату деген  міне, осы!» деп қаламгер ағамыз сөзін Абайдың мына ойымен қорытады: «Білместіктен қылдым дегеннің көбіне нанбаймын. Жаманшылыққа бір елігіп кеткен соң, бойын жиып алып кетерлік қайрат қазақта кем болады». Қай заманда болмасын адамның жаратылысы өзгермейтінінің дәлеліндей емес пе Абай атамыздың бұл жанайқайы?! «Адамның құны қанша?» атты рисаладағы кемеңгер Абай, Сәрсенбай тақуа, Оразбек жазушының ой үйлесімдеріне қарап, санасының сәулесі, жүрегінің оты бар, жаны нұрлы, ізгі ой иелерінің  бұл өмірге адамзаттың көкірек көзін ашып, жақсылықтың дәнін себу үшін келетіндігіне тағы да көзің же­теді. Ал парасаты биік, жаны жомарт жандардың, көбінесе, қара ниет­тілерден азап шегетіні жайлы ға­сырлар бойы бүкіл өмірнамаларда  ай­ты­лып, небір тұжырымдар жасалып та келеді. Мұның ұғылмайтын қан­дай сыры бар? Сонда аларын алып тынбайтын алаяқ, арам пейіл несімен күшті, оларды ауздықтайтын кім? Ал,  ешкімнің ала жібін аттамай, шү­кір­шілікпен өмір сүріп жүргендер неге әрекетсіз, қамсыз, сондайлардан опық жей береді? Бұл мәңгі сұ­рақ­қа жазушы ағамыз да жауап із­­деп, көптеген философ, діни ғұла­ма­­лардың, психо­лог-ғалым­дардың, эзо­­терик­тердің еңбектеріне үңілген екен.    

«Атам заманғы ақылмандардан бастап бүгінгі білімпаздарымызға шейін адам табиғатындағы қарама-қайшылықтарды зерттеуге, түсінуге тырысса, небір заңғар жазушылар мен даңғайыр ақындар бәрінен асып-түсіп ғалам көлеміндегі ең күрделі, ең ғажайып жаратындыға жататын осы құбылыстың нелер қыртыстары мен тереңдерін ашып-ақтарып, өшпес, көнермес бейнелерін жасады. Бірақ бәрібір осы уақытқа шейін адам өзін-өзі толық танып үлгірген жоқ. Оның себебі түсінікті де: қанша мадақтағанмен, адам – бәрібір жаратынды, демек, өзге де жаратынды сияқты ғаламның бір бөлшегі, бәлкім, бірден-бір жаны бар, тірі санасы да бар тіршілік иесі. Жаратынды болғандықтан, біздің ұлық Жаратушымыз бар екені хақ. Ендеше біздің толық сыр-сипатымызды білетін  Сол  ғана», – деп келе, қаламгер бағзы заманда өмір сүрген Ислам ғұламасы  әл-Ғазалидің  «Амал өлшемдері» атты кітабындағы «кәміл адам» деген ұғымға тоқталады: – Бұл ғұламаның кәміл адамды тануда оның амал-әрекеттерімен қатар, ақыл-парасат пен білімділігіне айрықша назар аударғанын аңғару қиын емес. Сонымен  қатар әл-Ғазали діл, жүрек, рух тазалығын айрықша бағалап, солардың әрқайсысына жеке-жеке талдаулар жасайды, тазарудың жолдарын көрсетеді. «Адам ұрпағының қандай болуы керек екенін түсіну – оның бұл өмірдегі жүрер жолын анықтау деген сөз», – деген Оразбек Сәрсенбай әрі қарай адам танудағы батыстық-шығыстық ұғымдардың ой тізгінін  жинақтап: «Ең жоғарғы дәреже иелері үш топқа бөлінеді екен, олар мыналар: кәміл адам (әл-Ғазали), пассионарлар (Л.Гумилев), үстем адам (сверхчеловек) Ф.Ницше», – деп енді осы үш топқа жататын адамдардың болмыс-бітіміне, психологиялық, саналық, рухани ерекшеліктеріне, қоғамдағы алатын орындарына тоқталып, тарих сахнасындағы, біздің қазақ жеріндегі адамзаттың айтулы тұлғаларының  жер бетіне, еліне, әлеуметтің дамуына жасаған ықпалы, өзгерістері жайлы салыстырмалы түрде зерттеп, өзінше жауап іздеген.

Енді  жазушының «Шындықтың шырайы қандай?» атты рисаладағы мына  дәйекке сүйенсек: «Қасиетті Құ­ранда «жақсылық» («хайр») деген сөз жеке мағынасында 176 мәрте, ал «жамандық» («шарр») деген сөз жеке мағынасында 31 мәрте қайталанады екен. Ал Құранның әрбір аятында, оның әрбір харпінде, харіптер тізбегінде, математикалық жүйесінде әсте бір кездейсоқтық жоқ – бәрі-бәрі ерекше мағынаға лайық. Сонда Құдіреттің кітабында неге жақсылық жамандықтан артық көрсетілген деген сұрақ туады. Адам өміріндегі жақсылықтың алатын орнын, мағы­насын ерекше үстемелеп көрсету үшін бе?  Әлде жамандыққа қарағанда жақсылық шыныменен көп болғаны ма? Мүмкін жақсылық бірден көзге түсе бермейтін шығар, шындық неге  жалғандықтың тасасында қалып қоя береді?» деген сауалдарға баласы жауап іздеп, тағы да тақуа әкені әңгімеге тартып, пікірталасқа жетелейді: «Өмірде ауызша айтылатын шындық бар, ауызша айтылып қана қоймай, әрекет-амалға ұласатын шындық бар. Мұның екеуі де маңызды», деп тақуа әке ойын салмақтай түседі, -  «өйткені, мұның екеуі де екінің бірінің қолынан келмейтін құбылыс. «Ауызы күйген үрлеп ішеді» емес пе, балам?  Біз әне бір үндемес мекеменің індегіштері билеп-төстеген заманда, дым білмегендей, дыбысымызды шығармауға үйрендік. Кейде сол үндемей қоюдың өзі де әжептәуір әрекетке жататын күндер болған. «Көргем жоқ, білгем жоқ, естігем жоқ», – деп талайларды қиянаттан құтқарғандар бар.Әр нәрсенің аңысын аңдып, ақырын күтіп жататын да уақыттары болады. Ондай тәсіл, кейде, көңілің сенген нәрсені алдын ала отқа апарып түсіріп, күйдіріп алмас үшін, піспегенді шикілей солдырмас үшін қажет», - деп әдетте өз пікірін ашық айта бермейтін әке, бұл жолы өз ойын бүкпелемейді.

Осы көзқараста Кеңес заманында небір зұлматтарды бастан кешірген, ешкімнің обалына қалмауды, ұрпағына кесірін тигізбеуді ойлаған саналы азаматтарымыздың психологиясы жатыр. Іште қайнап жатқан аласапыран сезім тасқындарын сана қуатына бағындыра білу, көкіректі кернеп тұрған ашу-ызаны сабырмен ауыздықтау, сөйтіп, алды-артын ойлап, салиқалы шешім қабылдау, бұл – жан сақтау тәсілі де шығар, бірақ қорқақтық емес, ақылдылық, көрегенділік, обал-сауапты білгендік.

Алла тағаланың: «Мені сүйсең, ең алдымен менің пендемді сүй» деген ескертуін мүлтіксіз орындап, ешкімге де титтей қиянат жасамай, адамзаттың, халықтың, елдің тілеуқоры, жанашыры болып, Жаратушы сілтеген ізгі жолдан таймай, пәктіктің, зор сенімнің, биік саналық өлшемдердің қуатынан нәр алып, Шығыс діни руханиятын жан азығы етіп, тақуалық жолдан айнымай ғұмыр кешкен Сәрсенбай қарияның да ғұмыры – биік Сана  жолы. Әр пендеге өзі көтере алатын жүк  артылады.  Адамзатқа Жаратушы әр ғасырда қажетті рухани ұстаздарды, бағыт-бағдар сілтеп тұратын тұлғаларды жіберіп тұратын болуы керек. Осы жерде Оразбек ағамыздың пассионар тұлғалар жайлы және бір риссаласына тоқталайық. Әйгілі орыс евразияшыл тарихшы-ғалымы Лев Гумилевтің «пассионарлар теориясын» көзі ашық жұртшылықтың бәрі біледі.

Пассионар тұлғалар елдің тарихын жасайтынын, әрбір дәуірді өзіндік ерекше сипатқа бөлейтінін, олардың адамзатқа үлгі болып қала беретінін Л.Гумилев өзінің «Этногенез» атты  еңбегінде жалғастырып, дамыта түседі: «Мұндай  «сәуле жарқылына» тап  болғандар өз пайдасы мен жер бетіндегі рахаттан бас тартады, олар үшін қорқыныш пен тыныштық деген мүлдем жат ұғым» деген бұл ғалымның зерттеуін зерделеп келе,  Оразбек ағамыз «Қазақта пассионар тұлғалар бар ма?» атты рисаласында Л.Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романындағы мына ойын келтіреді: «Все это могло быть интересно, если бы мы признавали божественную власть, основанную на самой себе и всегда одинаковую, управляющую своими народами через Наполеонов, Людо­виков и писателей». «Кемеңгер Л.Толстой жер бетінде Құдайдың қалауын жүзеге асырушы тұлғалар қатарына жазу­шыларды текке қосып отырған жоқ шығар. Лев Гумилев те пассионарлар тізімінде ерте дүниедегі атақты шешендерді атап кетеді. Сол шешендерің біздің қазақтың орақ ауыз, от тілді ескі билерін еске түсірмей ме? Демек, саяси-әлеуметтік пассонаризммен қоса қабат рухани пассионаризм де өмір сүретіні шындық. Әрбір өзгерістермен құбы­лыстар әуелде рухани пассионаризмде көрініс табады емес пе?- деп келе ол, араб халифатының құрылуы мен мұсылман әлемінің пайда болу негізі – Мұхаммед (с.ғ.с.) бастаған діни, рухани пассионаризм екенін айтады. Сондай-ақ, қазақ тарихындағы жасампаз тұлғалардың жанынан табылған атақты жырауларымыздың көпшілікке ықпал еткен көсемдері нағыз пассионарлар болғанын, ал Кеңес дәуірінде саяси пассионаризмге жол берілмегенін жазған екен қаламгер ағамыз. Бірақ сол рух пен сана қыспаққа түскен кездің өзінде Бауыржан Момышұлы сияқты «Отан үшін отқа түс, күймейсің!» деп халқына рух берген, елінің, жұртының бақыты жолында өздерінің жанын құрбан еткен, осы жолдан таймай, қаншама өр тұлғаларымыз өтті дүниеден! Оның ішінде «Алаш» зиялыларының алар орны ерекше. 

Сопылық ілімнің құпияға толы ғажайыптарынан сыр шертетін «Сопылар салты немесе тақуалықтың тура жолы» атты рисалада Оразбек ағамыз осы ерекше ілімнің қай жақтан бас­тау алатынын, оның қағидалары мен ішкі сыр-құпиялары, ағымдары мен салалары, тақуалық жайлы ауқымды да терең ой-тұжырымдарын кеңінен қозғаған.   

«1960 жылдары Қызылорда облысы Шиелі ауданында ұзын саны жиырмаға жуықтап қалған тақуалық жолға түскендер бар болатын. Олардың негізгі ұйытқысы, ұстазы болған кісі Әбдіқайым ишан еді. Бұл кісі де Сталин заманында талай қуғын-сүргінді бастан өткізіп, Өзбекстанда бой тасалап, елуінші жылдарда шиелі жеріне келіп, тұрақтап қалған екен. Ол біздің атамыздың көзін көріп, талай мәрте табақтас болған. Мен ел ішіндегі қарапайым сопы-тақуалардың өмірімен осылай ертерек таныстым» дей келе, қалам­гер аға тұтастай қарағанда со­пы­лық ілімнің Шығыстағы эзо­тери­­­калық дүниетаным ретінде қа­рас­­тырылатынын, сопы-тақуалар әле­­мінің руханият саласында ең күр­делі, қызық құбылыстардың бірі екенін,  қасиетті Құраннан бас­тау алған сопылар ілімі келе-келе әр­түрлі ағымдарға бөлініп кеткенін, олардың арасынан адамзаттың руханиятын байытқан ойшыл ақындар да ғұламалар да шыққанын айта келе, Омар Хаямның, Хафиздің шынайы сопылық болмысын ашады. Жалпы, сопылық тілдің ерекше күрделілігіне, құпиялылығына тоқталады. «Бұл ілім жолында жүргендер адам бойындағы Алла дарытқан ең үздік қасиет-қабілетті әрі қарай жетілдіруге болады деп есептейді, осы жолда әркім қоршаған ортаны, жанды-жансыз жаратылысты танып, игеру арқылы ерекше күш-қуатқа ие бола алады, мұның бәріне шын таза ниет пен кіршіксіз сүйіспеншілік сезімдері – махаббат жеткізеді деп біледі. Осы қа­ғидалар негізінде сопылардың діни, адамгершілік, космологиялық ұғымдары қалыптасқан. Екі дүниелік болмыстың тылсым  сырларын түсіну үшін олар философияның (поэзияны олар философиядан бөліп қарамаған) сан саласын, адамның ішкі жан дүниесін, психологиясын зерттеп, ко­с­мо­логия, астрономия, математика, химия, медицина ғылымдарының дамуына өлшеусіз үлес қосқандары бүгіндері белгілі болып отыр. Дінді, дүниетанымды, адамгершілік қағи­даларды тұтас бірлікте қарау – сопылар ілімінің түпқазығы болса керек. Мұның ең айқын мысалы, түркілерге ең түсінікті өнегесі – біздің туған топырағымыздың түлегі Қожа Ахмет Йассауи бабамыздың «Хикмет» атты кітабы екені белгілі», - деп қаламгер аға өзінің сопылық ілім жайлы көп зерттеп, білгенін танытады.

Сопылар арасынан әр заманда шыққан әулие-әмбиелер мен қасиетті кісілердің кейбір жағдайларда көр­сеткен таңғажайып кереметтері жайлы да жазушының бұл рисаласын таңғалып оқисыз. Бізге аңыз сияқты болып келген бұл кереметтерді сопылар уақыт пен кеңістікті игеру арқылы емін-еркін қозғалу, әуеде ұшып жүру, дария суларын жаяу кешіп өту, аяқ астынан ғайып болып кету, т.б. әрекеттерді игергенін, бірақ олар бұл жайында жар салмайтынын, ондай тылсым құпияларды игерген сопыларға қарақан басының пайдасы үшін мүмкіндіктерін пайда­лануға қатаң тыйым салынатынын айта келе, автор бұл ілімнің ішкі құры­лымын айшықтайды: – Сопылар керемет көрсетуді екі тарапқа бөліп қарайды. Біріншісі – қарама; ол Алланың көмегімен, жаратылыс заңдылықтарына сүйене отырып жасалатындары. Екіншісі – сиқыр; ол жын-шайтанның көмегімен жасалатындары. Нағыз шын әулие сопылар бірінші жолды таңдап алады. Олардың екінші жолмен жүрушілерге (бақсы, балгерлерге) жұлдызы қарсы. Сопылар әдетте кереметтерін құпия ұстайды. кереметтердің өздігінен тумайтынын, бұл жолда талай тер төгіліп, қыруар еңбек жұмсалатынын, сопылық ілім жолын қуушылардың астрология, алхимия, математика, космология, магия саласындағы ежелгі еңбектерді мұқият пайдаланатынын аңғару қиын еместігін жазған. «Шын сопылар таза тақуа болып қана қоймай, екі дүниедегі ақиқатқа қызмет етеді. Махаббат – сопылық философиясының негізгі ұстыны, қазығы. Алланы сүю, махаббат арқылы құлшылық ету ләзім саналады» деген қаламгер, сопылық ілім жайлы толғауында  күрделі жара­тылыстың сырынан шертіп, көкірегі мен санасы ояу жандарға ой салады.

Ал, енді халқымыздың дүние­танымына жақын «әулиелік» – киелі ұғым жайлы Оразбек Сәрсенбайдың кеңінен зерделеген «Әулиелер әулеті» атты рисаласына тоқталайық. Мұнда әулиелік қасиет негізінен адамның ішкі рухани бітіміне қатысты екенін, діни таным бойынша рух пен жан – екі түрлі құбылыстар болып табылатынын, рух – адам дүниеге келмей тұрып, әлденеше мыңдаған жылдар бұрын жаратылса, жан – адам жарық дүниеге келген соң барып денеге кіретіні жайлы оқығанын айта келе Оразбек аға: «Еуропалық сәуегейлердің кейбіреуі жалпы адам атаулы алдымен астраль­дық (эфирлік) әлемде пайда болады, кейін ана құрсағынан шыққан соң сол астральдық өмірде өткенін жер бетінде қайталап шығады екен» деп жазатынын, мұндай болжамның ислам­дық дүниетаныммен үндестік табатынын алға тартады. «Егер адам­ның рухы алдын ала жаратылатын болса, ол әрі ондаған, жүздеген мың жылдар бойы әлемнің тұңғиық бір түкпірінде нұрдай жарқырап жанып тұрары рас болса, онда ұлық жаратылыстың өзі адам бойындағы күш-қуат көзін, қазіргі тілмен айтсақ, космостық энергияны әуел бастан өлшеп-пішіп қойғаны ма? Бұл, әрине, физикалық дене қуат жайлы емес, рух пен жанға  жазмыштан дарыған, оның генетикалық кодына кірген ерек­ше қасиеттер туралы. Әйтеуір, әр адамның бойында болмысына шақ­талып берілген «космостық» көзі бар екені анық. Бәлкім, әулие атан­ған бабаларымыз осы космостық (немесе ноосфералық) қуат-күшін өмір-тірлікте емін-еркін пайдалана білген бе екен деген ой туады. Мұның анық-қанығын біз білмейміз. Біздің қарапайым түсінігімізше, көзге көрінетін болмыстардың барлығы қандай анық болса, көзге көрінбейтін болмыстардың бар екеніне күмән жоқ. Әулиелік қасиеттер, сірә, көзге көрінбейтін болмыспен қоректеніп, көзге көрінетін тіршілік аясында өмір сүрмек болар» деп Оразбек ағамыз адам жаратылысы ішіндегі осы әулиелік қасиеттің болмысы туралы ежелден қазіргі күнге дейін зерттелген әртүрлі ғылыми, діни дәйекті тә­жірибелерге сүйене отырып, көп­те­ген өмірден алынған мысалдар келтіреді.

Ислам дүниетанымы бойынша адам бойында үш түрлі көз бола­­ты­нын, олар: 1. Кәдімгі көз, 2. Заһир көз, 3. Батин көз – бұл шын әу­лие­лерге тән қасиет екенін, бұл көз әулие­лер­дің қолтығының астында болаты­нын айтады. Мұндай керемет иесі өткен-кет­кенді, алыс-жақынды түгел көріп отыратындығын, бірақ Ислам дәстүрі бойынша, олар, әдетте, келешекке бол­жам жасамайтынын, біле тұрса да, осы қағиданы бұлжытпай сақтауы керек екендігін, өйткені, болашақ – әуелден Алланың өз ықтиярында, ал Алланың еркіне араласу – зор күнәға жататынын айта келе Оразбек ағамыз, - әулиелер өз кереметтерін көзінің тірісінде ғана жасай алатынын, өл­ген соң – ол да Құдайдың құлына, әруаққа айналып, артынан оқылатын дұ­ғаға мұқтаж болып Алланың рахы­мын күтушілер қатарына кіретінін ескертеді.

«Біздің қазақтың әулиелік туралы ұғымында қияли қоспалар көп. Көш бастаған көсем де, топ жарған ше­шен де, ел қорғаған батыр да – бұл дүниеден өтіп, уақыт ұзаған сайын бірте-бірте киелі әруақтарға, әулие­лерге айналып кете барады. Ал шын мәнісінде, әулиелік пен әруақ  сыйлау – екі басқа ұғым. Әруақ – жанның жоғалып кетпейтіндігін, өлмейтіндігін білдіретін ұғым. Оның басқадай сипаты жоқ. Әруақ тірілерге көмекке келе алмайды, кедергі де жасай алмайды. Әруақтарды кие тұту, әулиелерге сыйынып, жалбарыну – шынында ша­ман­дық сенімнің қалдықтары», - деп, Оразбек ағамыз бұл әңгімесін қорытындылайды.  

«Керемет пен сиқыр немесе Алланың жүзінші есімі» атты рисаласын автор: «Базбір Шығыс ғұла­ма­ларының пікірінше, Адам Ата мен Хауа Ана заманынан ақырет кү­ніне дейін адам баласы төрт түрлі дәуірді басынан өткермекші екен. Осы уақытқа шейін соның екеуі артта қалса керек, олар жер апаты мен су апатымен аяқталыпты. Осы екі дәуірде де адамзат қоғамы айрықша өркениет жайып, көктегі және жер­дегі дүние құпияларын игере бас­таған, ғылым-білімнің дамығаны соншалық, адамдар табиғатты аттай ерттеп мініп, қажетіне жаратқан, ойына келгенін істеген. Сол кездің өзінде-ақ олар айнала жаратылыста кездесетін энергия қуаттың барлық түрлеріне (физикалық, биологиялық, психологиялық, космостық, т.б.) құ­рық салып игерген болса керек-ті. Бірақ жаратылысты еркін тұтына бастаған Адам Ата ұрпақтары бірте-бірте сол жаратылыстың шын иесі кім екенін де естен шығаруға айналады. Жер бетін имансыздық пен зұлымдық жайлайды. Содан мүлдем шектен шыққан тұстарда Құдіреттің қаһарына ұшырап жер бетіндегі саналы тірлік иелері екі мәрте харап болған екен. Бұдан бұлай адамзатты от апаты, жел апаты күтіп тұрса керек. Бірақ ол сұмдықтардың алыстауы мен жақындауы – бүгінгі пенделердің құлқы-пейіліне тәуелді көрінеді»,-деген ой-болжамдары арқылы жазушы адамзатқа ой салады. Әрмен қарай қаламгер адамның мүмкіндіктерін, пайғамбарлардың көрсеткен ға­жайыптары – мұғжизаларынан, өзге де ерекше жаратылған пенделердің аңыз сияқты көрінетін кереметтерінен небір көріністерді мысалға келтіреді. «ХХ ғасырда ашылған А.Эйнштейннің салыстырмалы теориясына жүгінсек, космостағы уақыт пен күн жүйесінде қалыптасқан уақыттың арасы ақыл жетпестей алшақ өлшемде жатады. Ендеше қас-қағым мезгіл ішінде әлемдік кеңістіктің бір бұрышын аралап қайту – астрономиялық өлшем жағынан қарағанда әбден мүмкін оқиға. Бүгінгі дүниетану ғылымы «уақыт, кеңістік, материя» атты үш құрамнан тұратын физикалық-фило­софиялық ғылыми категориялар ара­қатынасын түгел ашпақ  түгіл, әл-әзір маңына маңайлап барып жүр емес пе? Космостық кеңістіктің галактикалар арасындағы бос қуыс емес, тұтылған жібек перде секілді, әрлі-берлі жылжытуға келетін, әлемдік тартылыс заңына бағынатын «материалдық» өлшем екенін енді-енді ғана түсіне бастаған жоқпыз ба?» – дейді жазушы аға  Оразбек Сәрсенбай. Мұндай қорытынды ойды айту үшін наным-сенім ғана емес, салыстырмалы жүйелі ғылыми білім керек екенінің дәлелі ретінде автордың ой ағымынан осы үзінділер келтірілді. Бұл рисалада өткен-кеткен ғана емес, қазіргі заманымыздың өзінде болып жатқан адам таңғаларлық оқиғалар да жеткілікті, соның бірінде Ауған соғысына қатысқан алматылық Олег Рубецтің айтуы бойынша, қолына Құран ұстап шыққан ауғандық жауынгер кеңес солдаттарының қарсы алдына, бір шоқының басына шығып алып, тұра береді, оған әскерлер жан-жақтан оқ жаудырады, анау сонда да «мыңқ» етпей, біраздан кейін аман-есен кейін бұрылып кете барады. Тура осыған ұқсас жайт Грозный қаласында да орыстардың оғының астында тапжылмай тұрған шешен терроршысы жайында Мәскеудің НТВ арнасында емханада жатқан бір орыс офицерінің сұхбатында айтылған екен. «Мұны зерттеушілердің айтуы бойынша, – дейді  автор, – бұл екеуі де  қазіргі ғылымның әзірше толық қолы жетпей тұрған голографиялық бейне әдістерін меңгерген деген болжамға саяды. Осы теорияны шындыққа жақын деп есептесек, жаңағы ауған да, шешен де – екеуі де адамның өзі емес, голографиялық сурет көшірмесі болып шығады. Ал сонда олар голографиялық көшірме суретті қалай жасайды, оны қандай әдіспен қозғалысқа келтіреді, қандай энергия, қуат-көздерін пайдаланады? Мұндай сұрақтың ешқайсысына әзір тиянақты жауап жоқ», - деп түйіндейді ізденіске толы ой-болжамдарын іңкәр жүректі ғұлама - жазушы Оразбек Сәрсенбай.

Шығармашылық еңбегімен қатар жұр­тымыздың  діни-имани сауатын ашуды өзінің парызы деп білген, жас­тайынан тақуа әкенің жанында жүріп, имандылықтың мөлдір бас­та­уынан сусындаған парасатты дарын иесі Оразбек Сәрсенбайдың адам болмысындағы  ғаламдық  тылсым сырлары жайлы ізденіс пен тол­ға­ныс­тарға толы жүректен шыққан риса­­ларының оқырманның жүрегіне жетері сөзсіз.  Кейбір имам мен діни қайраткерлер халықтың сана-сезіміне бойлата алмай жүрген құбылыстар мен жаратылыс  ілімінің қырлары мен бағыт-бағдарын  қалам иесі  өзіне Жаратушы сыйлаған көркем сөз, сәулелі ой мен көкірек көзінің көрегенділігі арқылы жеткізетінінің айғағындай бұл рисалалар – кемелді қаламгер Оразбек Сәрсенбайдың адамгершілік философиясына қосқан қазынасы  деп білеміз.        

Жадыра Дәрібаева,

 ҚР еңбек сіңірген қайраткері.
ТАҒЫЛЫМ 17 тамыз 2019 г. 173 0