Ол елдің іргесін көтерді, ел оның бейнесін көтерді

Немістің оғына аяғын алдырып, орыстың орманында досын қалдырып елге оралған жеңіс жауынгері Ғафурдин Жанұзақов сол кезде жиырма бір-ақ жаста екен.Табаны туған топыраққа тиісімен жүдеп-жадаған ауылдың ауыр жұмысына жегілді. Сымдай тартылған кеуделі жігіт жалындап тұрған бойындағы жастық жылуын тірлік тауқыметінен жаураған жандардың бойына тарата келді. Жұрт жан жылуына мұқтаж еді. Өзі де осы балауса жасына қарамай-ақ басынан ауыр тағдыр кешіп үлгерген. Сірә, екі мүшелге әлі толмаса да ұзақ бір ғұмыр жасағандай.

1937 жылы «Ақарық» кол­хозының төрағасы болып жүрген әкесі Жанұзақты «үн­деместер» апақ-сапақта үн-түнсіз келіп ұстап әкет­ті. Кінәсі не, қандай ай­ып тақты, ол жайында тіс жар­ған тірі жан жоқ. Жен­­деттер қауашағын бе­резент­пен жапқан қара ма­шинаға әр жерден тұт­қын­даған бірнеше адамды мін­гізіп, Қызылорданың шы­ғыс бетіндегі Қошқар ата қорымына апарып атқан. Жан­ұзақпен бірге Қызыл­орда қалалық комсомол ко­митетінің бірін­ші хатшысы Қамаш Байғонов, «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қайып­назар Қауымбаев та ажал оғына байланды.

Қызыл өкімет қожа-мол­даны түре қуып, мешіттерді атқораға айналдырды. Ау­қат­тының малын тартып ал­ды, соттады, ел асырды. Момын жұрттың дінін, ділін, дәстүрін жоя бастады. Ал, ислам діні тарихында аты қалған Есабыз әулие ұрпағы Жанұзақ секілді тектінің тұ­қымдары ата қанымен сіңген қасиетті жүрек түкпірінде бүршік аттырып, батаны үнсіз қайырып, құранды ішінен оқып, оразаны ты­ғы­лып тұтты. «Бісмиллә» деген сөзді айтуға болмайтын бір күн туды. Осыған қатысты мына бір оқиға ойға орала береді.

...Тұрмағамбет шайырды түрмеге салып, қызыл бас­тықтар оның әр айтқан сөзін аңдуды бұйырады. Егер ол ешқандай дінге қатысты сөз айтпаса қамаудан босатпақ болады. Бір күні түрме қыз­меткері темір есіктің те­сігінен тамақ беріп, тың­дап тұрса Тұрекеңнің «біс­­­миллә» дегенін естіп қа­ла­­ды да, жалма-жан есікті ашып:

– Қане, не дедің, қайтадан айтшы! – дейді түсін суытып.

– Мен не деппін?

– Жаңа тамақты алдыңа ала бере бісмиллә дедің!

– Қағыс естіпсің, ыссы ма әлі дедім, – депті сонда Тұрекең, жарықтық.

 Беу, дүние, осындай қи­лы-қилы заман болды, «қарағай басын шортан шалды». Бұл қоғамнан келе-келе арақшыл әке, араз ұл шықты. Иілмейтін келін, киінбейтін қыз пайда болды. Солқылдап кете  беретін бұл соқпақ ұзақ...

Қиын-қыстаудың бәрін көріп, көңілінен өткізген Ға­фурдин 1942 жылы соғысқа аттанып, Қырым майданына келіп кірді. Украинаның Кантимовка, Миллеровка деген деревнялары маңында Харьковты азат етуге ұм­тылған совет әскерлері не­міс фашис­терімен жеті күн тоқтаусыз соғысты. К.Под­лас, А.Али­сов секілді тамаша қол­бас­шылар қаза тапты. Шығын­ның көп болғаны сонша, әр ротадан он-он бес солдаттан ғана қалды.

Тарихтан белгілі болған­дай, Харьков үшін шайқас Н.Хрущевтің соғыс кеңесін басқарып тұрған кезіндегі сәтсіз ұйымдастырылған жұ­­мыстарының бірі болып шықты. Сол Хрущев кейін қаншама құрбандықпен, қи­ындықпен іргесін сақ­тап қалған Кеңестер Ода­ғын басқарды. Харьков майда­нын­дағыдай сәтсіздік­тер­ге жаңа жол ашты. Халық жағ­дайы түзелмеді. Сондық­тан бір жылы Ташкентке қарай пойызбен өтіп бара жатып Қызылордаға аялдаған бас хатшыны жергілікті ха­лық ашу-ызамен күтіп алып, вагонға аяқ киімдерін лақ­тырып, перронға түсірмеген.

Бұл өз алдына бір оқи­ға, Ғафурдин бұл кезде ең­бек майданының бел орта­сын­да жүрді. Жоғарғы бас­шы­лар оны алпысыншы жыл­дардың ішінде ферма мең­герушілігіне сайлады. Мең­герушінің міндетіне сол кездегі 17 мың басқа жуық мал жайы мен ферманың ша­руашылығы жататын. Ға­фекең алдымен малшылар мен жұмысшылардың жағ­дайын жасады. Төбе-тө­бенің қалқасына тығылған үйлерді күрекпен аршыған көше-көшеге сап түзетті. Қолдап арық қазылып, ағаш егілді. Күш-көлік бөліп, әр отбасының отын-су, қора-қопсысын ферма тірлігімен қатар атқарды. Осылайша бір ауылдың бет-бейнесін жасады. Тіпті мектеп бітір­ген ауыл балаларының жоға­ры оқуға түсуін өзі қада­ғалап, оларға әке орнына әке болып қол созды.

Жасынан бейнет кешіп өскен ол мал жайы мен жер жайына жетік болатын. Сон­дықтан Қызылқұмды мал ша­руашылығына бай­ланыс­ты игеру бастамасын көтерді. Қай құдықтың суы, қай өрістің оты қан­шаға жетеді, ауа райы қа­лай құбылады, Ғафекең мұны көріпкел секілді алдын ала айтатын. Аудан басшы­ларының өзі ферма меңге­рушісімен санасатын. Сол кездегі облыс басшысы Исатай Әбдікәрімов «Ға­фекең дала кемесі ғой» дейтін. Облыста алтынсұр қаракөл қой шаруашылығын ұйым­дастырушылардың бі­рі Жанұзақов басқаратын қой фермасы мал тұқымын асыл­дандыру мен қаракөл өн­дірудің кіші фабрикасы атанды. Малшылардың ең­бегі жанды, мал басы отыз мыңға жетті.

Ферма меңгерушісі Ға­фе­кең бірде отар аралап жү­ріп келіншегі толғатып жат­қан малшының үйіне тү­сіпті. Дереу әлгі әйелді күйеуімен қоса астындағы көлігіне отырғызып, өзі атқа мініп қой бағып кетіп­ті. Ол кісінің осындай қара­пайымдылығын ауылдастары жыр қылып айтады.

Бір күні Қызылдың құ­ды­ғына су тартатын мотор құру үшін тракторшымен бір­ге құмға қарай жолға шы­ғады. «Бұл кісі қасына бір жұмысшы алса қайтеді. Қазір телешкадан моторды түсіру керек, оны құдықтың үстіне орнату керек...» деп тракторшы іштей уайым жейді. Себебі әрі бастық, әрі бір аяғы протез адамға ауырды көтер деп айта алмаймын ғой деп ойлайды. Сөйтіп құдық басына барғанда Ғафекең трактордан ырғып түсіп, тіркемеге тіреп жол ғып салған қос тақтайдың үстімен моторды сырғытып, оны құдықтың үс­тіне қондыру жұмысын әп-сәтте атқарып тастайды. Тракторшы болса, оны бір жағынан демеп жүруге ғана септеседі. Мотор құры­лып, оны от алдырып, лақыл­да­тып шыңыраудан су сорып жатқанын көрген соң көңілі көтерілген тракторшы:

– Қапеке, бір жұмысшы ертіп алғаныңызда, моторды өзіңіз көтеріп әуреге түспес едіңіз, – дейді.

– Әй, бір моторды телеш­кеден түсіру үшін бақандай бір жұмысшының бір күндік уақытын босқа өткізіп осында әкелеміз бе? Ал, фермада қанша жұмыс қарап тұр, – депті Ғафекең сонда ашуланып.

Ол қарапайымдылығы­мен қоса тәртіпке де қатал бо­латын, сондықтан «ел ішін­дегі бір тентекті» жолға салып отырды. Былайша айт­қанда ауыл биі болды. Оның айтқанын ешкім екі ет­пейтін. Сонымен бірге, ауыл­дың рухани-мәдени өмі­ріне деген көзқарасы ерек­ше болатын. Ауыл клубы­на қазақтың ақын-жазу­шы­лары мен өнер адам­дарын үнемі шақырып, халық­ты жан байлығымен су­сын­датты.

Міне, алтын сақадай біті­мін бейнетпен мүжіп, туған жерінің бақытын іздеген Ға­фурдин Жанұзақов осын­дай жан еді. Ол Отан қорғау ісінде көрсеткен ерлік­те­рі үшін «Отан соғысы», «Қы­­зыл Жұлдыз», «Ер­лігі үшін» медалімен, бей­біт күндері «Еңбек Қы­зыл Ту» орденімен, 4 рет бү­кіл­одақтық халық шаруашы­лығы көрмесінің алтын ме­далімен марапатталған.

Әке жолын жалғаған бел баласы, Қызылорда қа­ла­­сының құрметті азаматы Әбдіқабыл Жанұзақов ел мүддесі үшін нар жү­гін арқалап еңбек етті. Кә­сіп­керлікпен айналысып, қар­жысын ел мұқтаж­дығынан аямай жұмсады. Әсіресе ол спортшылар мен өнер адамдарына демеушілік жасауды бірінші орынға қойды. Қаншама бұлақтың көзін аш­ты. Әкесі болса да солай етер еді.

Ел мүддесінен жаны екі елі ажырамай, өз пеше­несі­нің жазуын туған жерінің тағ­дырымен таразылаған тар­лан әкелеріміздің өмір өне­гесін бүгінгі ұрпақ­қа үл­гілеу – рухани жаңғы­руы­мыздың бір белесі.

Отыз жыл бойы Сырдария ауданының «Айдарлы», «Амангелді», «Тартоғай» ша­руашылықтарында ферма меңгерушісі болып, аудан экономикасын көтеруге қызмет еткен, халықтың әлеуметтік жағдайын жақ­сартуға айрықша атсалысқан Отан соғысының ардагері, еңбек майталманы Ғафурдин Жанұзақовтың есімін есте қалдыру мақсатында «Айдарлы» ауылындағы мә­дениет үйіне оның есімін беру туралы ҚР Үкіметінің қаулысы шыққан (№759 қаулы, 18 қараша 2018 жыл. Астана қаласы, Үкімет үйі). Сол қау­лы күшімен бү­гінде ауыл­дық мәдениет үйі Ғ.Жан­ұза­қовтың атына беріліп, ауыл ортасынан ес­керткіш мүсіні орнатылды.

Өткеннен тағылым болар ұнағанға,

Жазу керек... дастан ба, роман ба?

Бұл – айып, Ғафаңдардың даңқын білмеу,

Лайық мүсін соқсаң бұл адамға! – Бір кезде мен осылай деп «Айдарлы» жұртының аузындағы сөзді өлеңге айналдырғанмын. Ел­дің сол тілегі орындалды.

Баяғыда Ғафекең әкеміз талай мәдениет майталмандарын ешкімнің тапсырмасынсыз ат беріп алдыратын клубтың бір кезде өз есімімен аталатынын әрине, ойлаған да, сезген жоқ.

Бұл – ұрпағының рухани жаңғыруы.

ТАҒЫЛЫМ 28 тамыз 2019 г. 435 0