Еңбегімен елге сыйлы

Республикаға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығының маманы, «Құрмет белгісі» және «Октябрь революциясы» ордендерінің, облыс әкімінің Құрмет Грамотасы мен бірнеше медальдардың иегері, Қазалы ауданының құрметті азаматы, отыз үш жыл кеңес шаруашылығын абыроймен басқарған Құлмырза Тілеуов бұл күнде 90 жасқа келіп отыр.

Балалық шағы ашаршылық жылдарына, жастық шағы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарына тура келген. Бір жасында әкесі қайтыс болып жетім қалған Құлмырза ағаны еңбек ерте есейтті. Қоғаның дәнінен жасалған нанды, судағы қоғажайдың түбіндегі борығын жеп, қорек еткен күндері де болды.

Өмірінің алғашқы баспалдағы мектеп есігін ашқан 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталды. Аштықтың, жалаңаштықтың небір ауыр зардаптарынан өтті. Жалаң аяқ қар кешсе де, сабақтан қалуды білмеді, білімге деген құштарлық болды.

Қиындықпен күресе жүріп 1951 жылы Әйтеке би кентіндегі (Қазалы станциясы) № 67 қазақ орта мектебін бітірді. Сол жылы арман қуып, Алматы зоо­ветеринарлық институтына түсіп, 1956 жылы зоотехник мамандығы бойынша диплом алды. Институтты бітірген соң, жолдамамен Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы, «Жабасақ» МТС-да бас зоотехник болып еңбек жолын бастады. Ал 1957 жылы жаңадан құрылған «Басқұдық» совхозына осы мамандықпен қызметке ауысады.

Көп ұзамай 1960 жылы сол ауданда жаңадан құрылған «Нұра» совхозының алғашқы директоры болып тағайындалды. Айдалада суы жоқ, жер шалғай, аудан орталығынан 90 шақырым, облыстан 620 шақырым жерде совхоз құру оңай болған жоқ. Ауыл ақсақалдарымен ақылдаса келе, совхоз орталығын «Штаб» елді мекеніне көшіруге тура келді.

Құлмырза аға: «Осындай қиын-қыстау кезде менің шаруашылықты тез меңгеріп кетуіме, сол жердің қарттары көп көмек көрсетті. Олардан ақыл-кеңес сұрап алуға мен де ерінбедім» дейді өткен өмірін еске алып.

1960-1967 жылдары совхоздың іргетасын қалап аяғына тұрғызған соң, Ақтөбе облысы, Ленин аудандық ауыл шаруа­шылығы бөлімі басшысының бірінші орынбасары қызметіне таға­йындалды. Алайда, отбасылық жағдайына байланыс­ты, облыс басшыларының келісімімен, 1968 жылы өзінің туған жері – Қазалы аудандық ауыл шар­уашылығы бөлімі басшысының орынбасары қызметіне ауысады. 1970 жылы сол кездегі облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғановтың ұсынысымен Құлмырза ағаны Сырдария ауданы, «1 Май» сов­хозына директорлыққа ауыс­тырады.

«1 Май» (қазіргі М.Шоқай ауылы) ол кезде облыс көлемінде ірі шаруашылықтың бірі еді. Совхозда 50 мың қой, 3000 ірі қара, 2000 жылқы, 500 түйе болатын. Бұл совхозды ең бірінші ұйымдастырған Орынбасар Бәйімбетов 5 жылдай басқарып, совхозды үлгілі, табысты, шар­уашылық ете білді. Өзі осы совхоздың өндірісін өркендетіп, мал басын, оның өнімін арттыр­ғаны үшін Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.

Құлекең совхозды мал шығыны болып, жоспарды орындай алмай, күйзеліске ұшыраған кезде қабылдады. Алайда, ауыл ақсақалдарымен, мамандармен ақылдасып, өзінің мол тәжірибесінің арқасында 1-2 жылда шаруа­шылықты аяғынан тұрғыз­ды. Аянбай еткен еңбегінің арқасында 1973 жылы «Октя­брь революциясы» орденімен марапатталады.

Құлмырза аға аталған совхозды 1980 жылға дейін басқарып, мал басын көбейтіп, облыс­тағы алдыңғы қатарлы шаруа­шылықтар қатарына қос­ты. Совхоз орталығынан мектеп, балабақша құрылыстарын салып, ауыз су мәселесін шешті. Малшыларға типтік жобадағы үйлер салып, жер кепеден шығарды, оларға газ жеткізіп тұрды.

Ол Қазақстан Орталық партия комитетінің «Қазақстанда қой басын 50 миллионға жеткіземіз» деп ұрандатып жатқан кезі болатын. Осыған байланысты облыстық ауыл шар­уашылығы басқармасында қой шаруашылығымен айналысатын бөлім ашылды. Оған басшы етіп, 1980-1984 жылдар аралығында Құлекеңді жіберді.

1982 жылы Үкіметтің артта қалған шаруашылықтарды көтеру мақсатында тәжірибелі мамандарды іріктеп, сол шаруа­шылықтарға жіберу керек деген қаулысы шықты. Соның бірі Қазалы ауданы, Жаңақұрылыс совхозы болатын. Міне, осы артта қалған шаруашылықты басқаруға 1984 жылы Құлмырза ағаны жіберді.

Бұл совхозды да 1993 жылға дейін абыроймен басқарып, зейнеткерлікке шықты. Қазір облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер. Ерен еңбегі ескеріліп, жоғарыда айтқан 2 орденмен, бірнеше медальмен марапатталды. 25 жыл аудандық кеңес депутаты, 2 рет облыстық кеңеске депутат болып сайланды.

Құлмырза ағаның зайыбы Нұрбике – Батыр ана, ұлағатты ұстаз еді. Дүниеден ертерек озды. Екеуі 10 бала тәрбиелеп, 37 немере, 8 шөбере сүйді. Құлекең тәрбиелік мәні бар «Достарым, менің достарым», «Өмірім – тағдырым», «Көргенім, білгенім, түйгенім» атты кітаптар жазды. Көп дос жинады, олар 18 жұп болатын, өмірлерінің соңғы күндеріне дейін шынайы дос­тықтың үлгісін көрсетті.

Міне, мен білетін ­Құлмыр­за аға осындай жан. Біздің ал­ғашқы таныстығымыз 1968 жылы Қазалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінде бірге қызмет істеген кездерде басталып, кейін облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында жалғас­ты, әлі жалғасып келе жатыр.

Бүгінде абыз ақсақал облыс­тық ауыл шаруашылығы бас­қармасы ардагерлер кеңесінің мүшесі, ақылшысы.

Нұрлыбай ҰЛЫҚБАНҰЛЫ,

облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы

ардагерлер кеңесінің төрағасы.

ТАҒЫЛЫМ 05 қазан 2019 г. 172 0