Ерлік даңқы өшпейді

 Адамзат баласының арғы-бергі тарихына зер салар болсаңыз, мынау жұмыр жер ықылым заманнан бері небір қантөгістер мен қақтығыстардың ошағы болып келгенін аңғарар едіңіз. Алайда бұл нәубеттердің кешегі екінші дүниежүзілік соғыспен иық тірес­тіре алмайтыны ақиқат. Күллі Еуропаны от-жалынға орап, сан миллиондаған жанды қынадай қырған, қисапсыз шығынға ұшыратқан осынау ғаламат шайқас өзінің ауқымдылығымен де, ақылға сыйыспайтын қатыгездігімен де, аза бойыңды қаза қыларлық қайғы-қасіретімен де халық жадында мәңгілікке сақталып қалған сыңайлы. Содан бері арада 75 жылға жуық уақыт өте шықса да ел жадынан өшірілер емес. Өшірілмейді де! 

Соғыс тақсіреті ұрыс шебінен мыңдаған шақырым шалғайдағы өз қандастарымызды да айналып өткен жоқ. Ел-халық түгелдей Отан қорғау жорығына жұмылдырылып, қару ұстауға жарарлық ер-азаматтардың барлығы да ұрыс шебіне суыт аттанып жатты. Бұл қанды жорықтан тіптен нәзік жандылар да шет қалған жоқ. Елдегі бүкіл шаруа адам түгілі нар белін қайыстырарлық зіл батпан жүк енді өлмелі қарттардың, әйел, бала-шағаның иығына келіп түсті. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін ауыр жұмысқа жегілсе де сыр бермей шыдап, тастүйін табандылық танытып бақты.

Міне, сондай бейнеткеш жандардың қатарында Жалағаш ауданы, Мәдениет ауылының тумалары ерлі-зайыпты Үмітай мен Сәт қариялар да болатын. Бұл отбасы, яғни Сәркеевтер әулеті ауылдастары арасында аса беделді, адал, еңбекшіл жандар-тын. Шаруашылықтың әу бастан шаңырағын көтерісіп, көсегесін көгерткен де осы кісілер еді. Құдайға шүкір, Шернияз бен Ернияз есімді ұлдары тіл-көзден аман жүрсе, ауыл абыройын асқақтатар азамат атанғалы тұр. «Осыларды ел қатарына қоссақ, үйлендірсек, қызықшылығын көрсек, бұдан артық қандай бақыт болмақ» деп қиялдайтын ата-аналары. Сөйтіп жүргенде 1939 жылдың күзі де келіп жетті. Егіз қозыдай қатар өскен, жас шамалары да бір-бірімен қарайлас ағалы-інілі жігіттер міндетті әскери борышын өтеуге шақырылды. Ит арқасы қияндағы жат жерді айтасыз-ау, ауыл маңынан ұзап шықпаған құлындарын алыс сапарға амалсыз қимас көңілмен шығарып салды. «Көппен көрген ұлы той» демекші, Жаратушы иелерің жар болсын, амандықпен қауышалық – деп ағынан жарылып, ақ батасын берді ағайын-тумалары. Екеуі де батыстағы шекаралық аймақтың тыныштығын қырағылықпен күзетті. Әрқашан да жақсы қырынан көрініп, абырой-беделге кенелді. Осылайша жылдар жылжып өте берді.

«1941 жылдың күзінде елге қайтамыз» деп жүрген сәтте тұтқиылдан соғыс өрті тұтанып, батыстағы шекара шебін күзетіп тұрған ағайынды екеуі де алғы шепке асығыс кете барды.

Жер қайысқан фашистердің Брест қамалы маңындағы алғашқы жойқын шабуылы мен ауыр соққысына бір ай бойы жанкештілікпен төтеп беріп, өшпес ерліктің нағыз өнегесін көрсеткен Кеңес жауынгерлерінің қатарында жерлесіміз Шернияз Сәтов те болатын. Құрамында бірнеше жүз ғана жауынгері бар біздің азаматтар сол кезде тұтас бір армияның жүгін көтеріп, тарихта қалды. Қамалды қорғағандардың сапында 30-дан астам ұлт өкілдерінің едәуір бөлігін қандастарымыз құрайтын. Мұны Шернияздар мақтаныш ететін. Алайда жау күші бізден әлдеқайда басым-тұғын. Осы кес­кілескен шайқаста Шернияз да ажал құшты. Бірақ, оның өлімінен ата-анасы бейхабар болып өтті өмірден.

Ал енді қан майданның екінші бір қиырында жан алысып, жан берісіп жүрген Ерниязға келер болсақ, неміс жеріне аман-есен жетіп, табан тіреді. Енді мынау Одерден өтіп алса, Рейхстагтың да төбесі көрініп тұрғандай.

Міне, ұрыстың сәл саябыр тапқан сәтін пайдаланып, анасына хат жазуға кірісті. «Асыл анашым, бауырларым! «Өлмеген құлға болды жаз» демекші, Наурыз мейрамына да жеттік-ау. Ұлыс­тың ұлы күні құтты болсын! Ел аман, жұртымыз тыныш болғай! Соңғы хаттарыңызды алып, амандықтарыңызға қанығып, төбем көкке жеткендей қуанып қалдым. Біздегі жаңалық – Одерден өткелі жатырмыз. Алла жазса, Жеңіс сағаты да қашық емес сияқты. Кезінде Қарасай есімді батыр бабамыз:

Жауымды жеңбей басылман,

Қиянатын бастан асырман.

Бір шыбындай жан үшін,

Тілеуімізді тілеп отырған

Ата-ана, сүйген жар үшін,

Жұмсайды ұлың бар күшін
– деп өсиет қалдырған екен. Біз де қазір осындай мақсат жолында жүрміз. Көріскенше күн жақсы. Амандықпен қауышалық, жан ана! 1 наурыз 1945 жыл».

Өкінішке орай, Ернияздың бұл ең соңғы хаты болатын. Бұлай деп ешкім де ойлаған жоқ-тын. Алайда тағдырға не шара?! Ғазиз ана бүгін-ертең келеді деп отырған боздағын уайымдап, тағы да ауыр мұңға бататын болды-ау. Әттеген-ай десеңізші!

Бірақ, ата-аналары, бауырлары үкілі үмітін үзбей, сабырлық танытып, әліптің артын бағумен болды. Қатты сағынған сәтте Үмітай әжеміз жүрек сыздатарлық мұңлы әуенімен былайша сызылтып отыратын деседі ауылдастары.

Қос ұлым кетті қос нардай,

Не нәубет алдан тосқандай,

Аққусыз қалған көлге ұқсап,

Отбасы қаңырап бос қалды-ай.

Өздеріңді ойлап бұл анаң,

Қалың бір ойға батады-ай.

Осылайша көз ілмей,

Ұйқысыз таңым атады-ай.

Құс болсам әттең жетер ем,

Қанатыма отырғызып кетер ем,

Түгесілгенше тұз-дәмім,

Амандықтарыңды тілеп өтер ем...

Өкінішке орай Үмітай әже қан майданда ерлікпен қаза тапқан қос құлынымен қайта қауышуды айтасыз-ау, тым болмаса олардың өлі-тірісін де біле алмай, өмірден өтті. Бұл 1977 жыл болатын. 90 жыл жасап, бақилық сапарға аттанғалы жатқан кейуана жастығының астынан уақыт бояуымен сарғыш тарта бастаған бір бума хатты туған қайнысы Тәжібай ақсақалға ұсынып жатып:

– Мынау хаттарды енді өзіңе аманаттағалы отырмын. Ендігі жерде бұларға өзің иелік еткейсің. Бұл дүниелерді боздақтарымның жүрек лүпілі, ақырғы демі, соңына қалдыр­ған аманаты десең де қателеспейсің. Ықтият болғайсың, – деп жан тапсыр­ған көрінеді.

Енді 46 жыл бойы Кеңес Одағы Қорғаныс министрлігінің архивінде жатқан, ұзақ жылдар ел-жұртқа беймәлім, баспасөз өкілдерінің назарынан тыс қалған дерек көздері қалай табылды десек, оқиға былайша өрбіген еді. 1991 жылғы наурыз айының 15 жұлдызы болатын. Ол кезде мен Қазақ радиосының Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып қыз­мет атқаратынмын. Кешегі сұрапыл соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен боздақтарды іздестіру, анықтау сияқ­ты шаруалар біздің құзырымызға кірмейтін. Десе де, мұндай сауапты істерді назарымыздан  тыс қалдыр­май шамамыз келгенше зер салып жүретінбіз. 30 жылдық тілшілік қызметімде көптеген жауынгерлердің дерегін тауып, қатарға қосқан екенмін. Бұлардың көпшілігі Мырқы Исаев, Хамит Ембергенов сынды ағаларымыз құрас­тырған кітаптарға енгізіліп, көптеген отбасы өз боздақтарымен қайта қауышқан-ды.

Сол күні үйреншікті әдетіммен орталық алаңдағы дүңгіршекке соғып, Мәскеуден басылып шығатын «Ветеран» атты Бүкілодақтық етжеңді газетті сатып алып, жұмыс орныма келген бойда парақтай бастадым. Шынымды айтсам, сол сәт өзімді беймәлім бір қуанышты жағдай күтіп тұрғандай сезімде болдым. Айтқанымдай-ақ әлгі басылымның он бірінші бетінде «Награды ждут своих героев» деген айдармен берілген көлемді материал көзіме оттай басылды. Мұнда ұрыс кезінде ерекше көзге түскен, жоғары наградаға ұсынылған, бірақ әртүрлі себептерге орай марапаттарын алуға үлгермей мерт болған Кеңес жауынгерлерінің тізімі жарияланған екен. Осы тізімнің орта тұсынан «Сатов Ернияз, 1918 жылы туған. Аға сержант. Артиллерия бөлімшесінің командирі, 1945 жылдың наурыз айында Одер операциясы кезінде ерлікпен қаза тапқан соң жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Мекен-жайы: Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы КазССР» деген айшықты жазуларды оқыған бойда қуанышым қойныма сыймай дереу телефонға жармастым. Ең алдымен Жалағаш аудандық әскери комиссариатына қоңырау шалып едім, басшысын орнынан таба алмадым. Ата-тегі Сәтов­тен басталатын өзім білетін бірсыпыра отбасыларымен де хабарласып шықтым. Бірақ, көңіл тоят­тарлық деректі кезіктіре алмадым. Сол сәт жұмыс кабинетіме облыстық радионың бас редакторы Есенкелді Шілдебаев інім кіріп келіп, «аға, абыржып отырғанға ұқсайсыз, жайшылық па?» – деді жұмсақ жымиып.

– Оның рас. «Ветеран» деген мәскеулік басылым жерлесіміз Сәтов Ернияз жайлы жағымды жаңалық жариялаған екен, сол жауынгердің дерегін таба алмай отырмын. Жаңалықтарың әзір ме еді, сол арқылы жалпақ жұртты құлағдар етсек қайтеді? Қарсы емессің бе? – дедім.

– Жоқ, аға, сөйтелік, – деп келісе кетті. Араға жарты сағаттай уақыт салып, кешкі жаңалықтар эфирге шықты. Күллі облыс көлеміне қазақ, орыс тілдерінде таралатын шығарылымды жалағаштықтар да тыңдапты. Ернияз Сәтов ағамыздың Мәдениет, Аққыр, Таң ауылдары мен Жалағаш кентінде тұратын бауырлары да бір-бірінен сүйінші сұрап, мәре-сәре болса керек. Сонда да болса көңілім байыз таппай өзіммен көрші тұратын аталас інім Мұқашев Сейітжан мен Айжан келінімнің пәтеріне көтеріліп, әлгі жаңалықты айта бастауым мұң екен келініміз қатты толқып:

– Ағатай-ай, Сәтов Ернияз деген жауынгер менің әкемнің туған інісі еді ғой. Осы күнге дейін ол кісі жайлы ешқандай дерек болмай келген-ді. Қалай таптыңыз? – деп дереу Жалағаш кентінде тұратын туған апасы Нәбираға қоңырау шалып еді, олар да жаңа ғана радио арқылы естіп, Мәдениет ауылына жол жүргелі жатқанын жеткізді. Осындайда жол қашықтығын білмейтін қағазсыз газет-радионың құдіретіне қалай тәнті болмассыз?!

Ұзын сөздің қысқасы, уақыт оздырмай, Мәдениет ауылынан ­Тәжібай ағаны алдыртып, облыстық әскери комиссариаттың басшыларымен жолықтырып, «награданы 1 ай ішінде өздеріңізге табыс етеміз» деген уәдесін алып, тарқастық. Уәде орындалды. Әскери награда араға 46 жыл салып, Ернияз ағамыздың бауырларына салтанатты жағдайда табыс етілді. Кейін мәлім болғандай, ­Ернияз Сәтов бұдан өзге «Қызыл Жұлдыз» ордені және бірнеше медальдармен де марапатталған екен.

Тағы бір жүрек тебірентерлік жағымды жаңалық – Ернияз ағамыз сол 1945 жылдың наурыз айында ерекше қаһармандық ерлігі үшін ең  жоғары әскери награда – Кеңес Одағының Батыры атағына да ұсынылғаны белгілі болып отыр. Мұны біз Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің жауапты қызметкерлерінен естіп білдік. Бұл күндері  сол департамент басшыларының шұғыл тапсырмасымен жергілікті әскерилер Ернияз Сәтов жайлы дерек жинастырумен айналысып жатыр. Соңғы деректер бойынша айтарымыз – Одер операциясы кезінде ерлікпен қаза тапқан жерлесіміздің денесі Бранденбург қаласының маңындағы әскери қорымға жерленген сыңайлы. Егер сәтін салып, Батыр атағы беріліп жатса, бұл тақырыпқа міндетті  түрде қайтып айналып соғарымыз ақиқат. Лайым, сондай күн туса кәнеки!


Ахат ЖАНАЕВ,

Қазақстанның 

Құрметті журналисі.

ТАҒЫЛЫМ 05 қараша 2019 г. 106 0