Алтынның сырын, уранның тілін білген

 БҰҰ-ның эксперті, профессор

Гаухар Сейтханқызы туралы бір үзік сыр


Алтын сияқты уран да таңғаларлық қасиетке ие металл. Ол атом энергетикасында ғана емес, медицинада, ауыл шаруашылығында және өнеркәсіпте пайдаланылады.
1 келі уранның әлеуеті 3 миллион келі көмірдің қуатына тең. Ол ешқашан таза күйінде кездеспейді, кеннен қышқыл ерітіндісі арқылы ажыратады. Бұл – ұзақ әрі күрделі үдеріс. Ал арнайы жетілдірілген биомасса бұл үдерісті анағұрлым тездетеді. Экологиялық таза, экономикалық тиімді инновациялық технология полиметалдық кендердің гидрометаллургиялық мәселелерін шешуде жаңа мүмкіндіктер туғызып отыр. Бұл Қазақстан үшін ерекше маңызды.


Гаухар Сейтханқызы – ұзақ жылғы ғылыми ізденісі мен сол жолда төгілген маңдай терін металлургия өнеркәсібіне арнап жүрген еңбегі жемісті, мақсаты келісті ғалым. Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті жанынан ашқан «Алтын, уран және полиметалл кендерінің биогеотехнологиясы» деп аталатын ғылыми-зерттеу зертханасы бар. Көп жылғы ізденісі мен тәжірибесі нәтижесінде металды (алтын, уран) сілтіден айы­ру тәсілін ашып, өндіріске енгізді.

Бұл ғылымдағы ерекше жаңалық, сәл әсірелеп айтсақ, ғылыми құбылыс болды. Осы жетістігі Гау­хар Сейтханқызы Тұрысбекованың есімін әлемдік биометаллургияның тарихына өшпестей етіп жазды. Мұны әріптестері Гаухардың «сиқырлы эликсирі» деп атаса, Мәскеудің Болат және қорытпа институтының ғылыми хатшысы Л.Н.Лобова «Гау­хар Сейтханқызы қазіргі әлемдік биометаллургияның анасы» деп орынды мақтан етті.

Бала кезінен елгезектікке, еңбекқорлыққа, талапшылдыққа баулыған қазір жасы сексеннің үшеуіне табан тіреген Сейтхан ақсақалдың саналы ғұмыры педагогтік салаға арналған десе де болады. Алдымен мектепте мұғалім, оқу ісінің меңгерушісі, сосын аудандық партия комитетінде түрлі жауапты қызметтер атқарды. Ұзақ жыл орта мектептің директоры болды. «Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі» төсбелгісінің иегері. Гаухардың анасы Үміт Қалиқызы да өмірін ұстаздыққа арнаған ұлағатты жан. Бастауыш клас­тардың білікті маманы-тұғын. Қос ұстаздың қолынан тәрбие алған Гау­хардың білімге деген зейіні ерекше еді.

Ол Шиелі кентіндегі №45 қазақ орта мектебін бітірісімен Алматыдағы политехникалық институтқа түсті. Оны өте жақсы тәмамдады, қайсарлығы, сүйкімділігі, адамды өзіне тарта білетіндігі, бәрі-бәрі Гаухардың мерейін асырып, жолын аша түсті.

Осының бәрі жас ғалымға минералдық шикізатпен зерттеу жүргізген кезінде елеулі пайдасын тигізді. Ол инновациялық пікір айтып, ой тастап қана қойған жоқ, іс жүзіне асырумен де айналысты.

Ғылымның келесі баспалдағы оны көп күттірген жоқ. Мәскеудің Болат және қорытпа институтының сирек ұшырасатын және асыл металдарды байыту кафедрасының аспиранты болды. Бұл бұрынғы Одақ тұсында металлургтардың ең таңдау­лы институты саналған. Мұнда да шыңға көтерілудің сәті түсті. Көрнекті ғалымдар Гаухар Тұрысбекованың бірегей алғырлық қабілетіне орынды мақтау айтты. Оның металлургияға арнап әзірлеген бірегей технологиясы бойынша жазылған диссертация­лық жұмысы ғылыми кеңес тарапынан жоғары бағаға ие болды. Әлі күнге дейін институт қыз­меткерлері Гаухар Сейтханқызының бірегей технологиясымен жұмыс атқарып келеді, аспиранттар болса диссертациясына материалдарын пайдаланып, ғылыми жұмыстарын жалғас­тырап жүр.

Гаухар Сейтханқызы Мәскеудің алмас зертханасында әбден қырланып, өңделіп шықты. Алтынды айырып алу технологиясымен айналысу және жыл сайын жұмыс көлемін арттыру арқылы бойындағы барлық сапалы, жақсы қасиеттерін Қазақстанда көрсете білді. Иә, мәскеулік ғалымдар мұндай мамандардың алтынмен пара-пар екенін үнемі айтып жүр. Дегенмен, әлем таныған Гаухар Сейтханқызының қайраткерлігі биотехнологиялық тәсілмен шектелмейді. «Гиналмаззолото» директорының орынбасары, «Алтыналмас» АҚ-ның жетекші маманы қызметінде жүргенде жер қойнауын пайдалануда өз қабілеті мен талантын таныта білді. «Барлық істе ең маңыздысы – нәтиже» деген қағидатты берік ұстанған Гау­хар өзінің көп қырлы ұйымдастырушылық қабілетін толық деңгейде көрсетіп жүр.

Өткен ғасырдың 90-жылдары Гаухар Қазақстандағы жалғыз биометаллург болатын. Оның бірнеше оқулығы, авторлармен бірігіп жазған монографиялары осы саланы игеруге талпынып жүрген студенттер мен ізденушілердің қолынан түспейтін білім құралына айналғаны қашан. «Алтын: жаңа шикізат көздері, қайталап металлургиялық өңдеу және тазарту», «Алтын: Химия мен металлургиядағы жаңартпалар», «Табиғи нанобөлшектер мен наноқұрылымдар», «Бактериялық сілтілеу технологиясы», «Алтын және уран биометаллургиясы», т.б. монографиялары (бірлесіп жазған авторлары: М.А.Меретуков, Е.К.Бектай) еліміздің ғана емес, алыс-жақын шет елдердің металлургия өнеркәсібіне мамандар дайын­дайтын жоғары оқу орындарына да кеңінен таныс.

Гаухар Сейтханқызы биотехнологияны дамыту мен минералдық ресурстарды саралауға байланыс­ты Женева, Пекин, Дубай, Мәскеу, Прага, Бішкек, Ташкент, т.б. әлем қалаларында өткен конгрестерге, конференцияларға, түрлі ғылыми басқосуларға қатысып, баяндамалар жасауды өз дағдысына айналдырған. Соңғы 5 жылда 11 ғылыми мақаласы мен баяндамасы осындай үлкен форумдарда оқылды. Осы мерзім ішінде 3 монографиясы жарық көрді. Еліміздің, сонымен қатар шет елдердің кен орындарында болып, теория мен тәжірибенің қалай ұштасып жатқанын бақылап жүреді.

БҰҰ-ның Минералдық қор сыныптамасы жөніндегі эксперт тобының мүшесі, «Алтын, уран және полиметалл кендері биогео­технологиясы» ғылыми-зерттеу зертханасының меңгерушісі Гаухар Сейтханқызы қазіргі уақытта 4 жоба бойынша ғылыми жұмыстар жүргізуде. Солардың бірі – оның жетекшілігімен Қазақстанның уран кені орындарының бірінде жерасты ұңғымасы арқылы биосілтісіздендіруді қолданудың қарқындылығын арттыру бірегей жобасы жүзеге асырылуда. Жуырда «Сәтбаев» алтын медалінің иегері, профессор Гау­хар Сейтханқызы Тұрысбекова Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті металлургия және өнеркәсіптік инженерия институтының директоры болып тағайындалды.

Жерлес ғалымды жаңа лауа­зымымен шын жүректен құттықтай отырып, ғылымның асқарына шыққан Гаухар Сейтханқызы Тұрысбекованың дүниежүзілік техника ғылымының дамуына қосқан үлесі де, қосар үлесі де қомақты екеніне сенеміз.

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

Қазақстанның Құрметті

журналисі.

ТАҒЫЛЫМ 07 қараша 2019 г. 243 0