«Қуғын-сүргінге ұшыраған аталардың ұрпағымын...»

Маусым айының соңғы күн­дері жүдә ысып кетті. Ал  мына майор шенді жігіт ағасына ол мүлде әсер етпейтін сияқты. Өзі шырттай форма киініп алған.

– Іскендір Жәкеновпін, – деді өзін таныстырып.

– Орынбасарұлы дегенді қосыңыз, – дедім күліп.

– Е-е, айтпақшы, сіз менің Орынбасар папамды біледі екенсіз-ау...

***

– Иә... иә, білетінім рас-ты. Кез­дескенмін, сөйлескенмін. Екі жасқа толар-толмаста әке­сі Жәкен отыз жеті жасында дү­ниеден озды. Бұл 1918 жыл­дың күз еді. Жетім бала атасы Сабанбайдың қолында тәр­бие­ленді. Сабанбай үш рет бо­лыстыққа сайланған аса ау­қатты, елге сыйлы кісі-тұғын. Орынбасар жастайынан тай-құ­нан баптап, келе-келе шабандоз атанды.

1921 жылы Сабанбай да мәң­гілікке көз жұмды. Елде аласа­пыран, ақтар мен қызылдар ай­қасы, ашаршылық, байларды тәр­кілеу, қуғын-сүргін – осы­ның бәрі оның көз алдында өтті. Орынбасар Жәкенов 1938 жылы әскери борышын өтеуге шақырту алды. 1939 жылдың 30 қарашасынан 104 күнге созылған кеңес-фин соғысынан аман шығып, 1941-дің сәуірінде елге оралады. Алайда, сол 1941-дің маусымында герман-кеңес соғысы басталып, 1941 жылдың шілдесінде алғашқы лекпен Ақ­төбеде жасақталған 101-дербес атқыштар бригадасына қабыл­данды.

Жан алып, жан беріскен со­ғыс. Жеке атқыштар бригада­сы командирінің №79/н 25 қыр­күйек 1943 жылғы құпия бұй­рығында КСРО Жоғарғы Ке­ңесі Президиумының атынан бұйырамын: «Командованиенің жауынгерлік тапсырмасын не­міс басқыншыларымен шай­қас­та асқан ерлікпен орында­ғаны үшін кіші сержант Орынбасар Жәкенов «Қызыл Жұлдыз» ор­денімен наградталсын» деп ті­зім әрі қарай жалғаса береді.

1943 жылдың желтоқсанын­да Смоленск облысының бір қыстағы маңындағы қанды қыр­ғында байланыс желісі үзіл­ді. Кіші сержант О.Жәкенов бас­қарған байланысшылар қарша бо­раған миномет пен пулемет оғынан тайсалмай, жаумен атыса жүріп, үзілген телефон желісін 67 рет жалғайды. 67 рет!.. Ал 1944 жылдың қаңта­рында үскірік аяз бен түтеген боранда жандарын шүберекке түйіп, Жәкеновтің жайсаңдары полк командирі мен дивизия басшысын байланыстыру мақ­сатында 42 рет үзілген өз же­лісінен қайыр болмағасын, ре­тін келтіріп жаудың байланыс желісін пайдалана алған қаһар­мандығы ескеріліп, «Ерлігі үшін» медалін омырауына тақ­ты.

Орекең Ұлы Жеңістен кей­ін Украина мен Белоруссия же­рінде қираған қалаларды қал­пына келтіруге де үлес қосып, 1946 жылдың соңында елге табаны тиді. Зарыға күт­кен баяғы Сабанбай атасы атастырып кеткен Айзада Өтейқызымен отыз жасқа толғанда  барып бас қосты да, үйреншікті желден жүйрік жыл­қыны бағуға шықты. Мұнда да абыройлы болып «Еңбек Қызыл ту» орденімен марапатталды.

***

Осы мән-жайларды ой еле­гінен өткізіп барып, қызыл шапкалы офицер Іскендірге:

– Қалай, әке өмірінен қалыс қалған тұсы бар ма? – деп сұрадым.

– Жо-жоқ, бәрі дұрыс. Әйтсе де, менің ата-бабамның қолдан жасалған ашаршылық пен қу­ғын-сүргінге ұшырағанынан ха­ба­рыңыз бар ма, жоқ па мен сол сормаңдайлардың ұрпағымын ғой...

– Әй, әй, Іскендір, басыңды көтер, не дедің?

– Әлгіде болыс та, ауқатты да болған деп Сабанбай атамның есімін атадыңыз ғой. Менің әкем – Орынбасар, Орынбасардың әкесі – Жәкен, Жәкеннің әкесі – сол бай Сабанбай. Ол атамыз 1846-1921 жылдар аралығын­да өмір сүрген. 75-де қайтыс болған. Арғы бабамыз Қалмақ­шы баласы Ақбайдан қыруар мал қалған. Әуелі ешкі жинапты. Ешкілері егіздейді. Соны ірі қараға айналдырған. Таза маң­дай тері ғой. Сол көп мал Сабанбайға қалады. Сабанбайдан үш бала тарайды. Үлкені – Жәкен 1918 жылы 37 жасында өмірден өтті. Бұл – менің атам. Одан кейін 1894 жылы туған Сыдық пен 1897 жылы туған Сахи бар. Мал-мүлік осы екеуі­не қалады. Ағайын-туыс пен же­тім-жесірлеріне қамқор болып, барды бөлісіп, тату-тәтті өмір сүреді. Қазіргі «Көнту» стансасы мен Торғай аймағына дейін малдары жайылады екен. Кемтарға көмегін аямаған. Енді қызылдар келіп, бай-манапқа бүйедей тимей ме? Не жазығы барын қайдам, маңдай терін сыпырып мал өсіріп, ел-жұртты асы­рағаны үшін бе? Мал-мүл­кін тәркілейді. Мал кеткесін қазақтан күй кетеді. Бір деректерде Қазақстанда 1929 жылға дейін 44,7 млн мал болса, сонша қалың малдан 1934 жылы 4,5 млн бас мал қалады. Сұмдық қой!.. 40 млн жоқ болды. Донбасқа, Кузбасқа, Магнитогорскіге, Дне­­прогорскіге ет болып тоғы­тылды. Өзіміздің Арал ауданында да 1930 жылы 890 бас ірі қара мен 9000 бас майда мал сыртқа айдалса, 1931-де оның саны 14 мың бас ірі қара мен 73,5 мың жандыққа жетеді. Сосын да ашар­шылық болмай қай­теді? Осы жылдары жұрт Арал теңізі пор­тындағы үлкенді-кішілі кемелермен Мойнақ пен Нөкіске ағылды. Ашыққан халық бас көтерді. Тек 1930 жылы Қа­зақстандағы Біріккен Саяси Бас басқармасы (ОГПУ) 4970 қыл­мыстық іс қозғап, 17839 шаруа адамын жауапқа тартты. Қы­зылорда ай­мағының өзінде отызыншы жылдардың ба­сында оннан астам қа­рулы көтеріліс болға­нын оқығанмын.

– ОГПУ құжаттарында «Қа­ра­құм көтерілісі» деген атаумен қалған ұлт-азаттық көтерілісінің орталығы «Сарман қожа» ме­шітінде орналасқан екен...

– Иә, иә... осы «Қарақұм кө­терілісіне» жоғарыда есімі атал­ған Сыдық пен Сахи көкелерім де белсене араласты. Осы дүмпуге байланысты Қазақстан ОАК жанынан халықпен келіссөз жүр­гізуге құрылған, төрағасы Ә.Жангелдин, мүшелері С.Сей­фуллин, И.Юсупов, Ғ.Мүсіре­п­овтер келіп, бірнеше бөлімнен тұратын халық талабын хат­тамаға түсіреді... Бірақ уәде орындалмайды. Мал-мүліктен ада болып, мұның арты қуғын-сүргінге ұласатынын сезген Сыдық пен Сахи бала-шағасын шұбыртып, Қарақалпақстанға қашады. 4-5 жылдай со жақты паналайды. Сөйтсе де НКВД ізіне түскенін қоймайды. Екеу­інің де отбасын қайырып әкеліп, Сабанбаев Сыдық пен Сабанбаев Сахиды Ақтөбе облысы УНКВД үштігі отырысының қаулысымен 1937 жылдың 25 қарашасында 10 жылға бас бостандығынан айы­руға соттап, жазасын еңбек түзеу лагерінде өтеуге үкім етеді де, қиырдағы Алтай округіне айдалып кете барады. Улап-шулап жетім-жесір қалды.

– Сондағы тағатын айыбы не?

– Міне, міне, – деді Іскендір «Аса құпия» деген Ақтөбе облысы УНКВД үштігі мәжілісінің көшірмесін қолына алып – №6-шы ауылдың тұрғыны Сабанбаев Сыдық Кеңес үкіметіне қарсы белсенді түрде үгіт жүр­гізіп, «Бізге еркіндік береді деген Сталин конституциясы шылғи өтірік, бұл үкімет ұзақ өмір сүрмейді, жақында жапондар басып алады» деп жазылған. Сабанбаев Сахиға да осындай айып тағылған.

– Сол айдаудан оралмады ма?

– Қырық үш жасында кеткен Сыдық көкем елу үш жасында қу сүйек болып келеді. Ал Сахи көкеден еш дерек жоқ.

– Іздестірген шығарсыздар?

– Бұл сауалға жауап қайыр­мастан бұрын өзім жөнінде айтайын...

 – Иә, айтыңыз.

– 1960 жылғымын ғой. Әкем жылқышы болғандықтан қа­ладағы №2 мектеп-интернатқа оқуға келдім. Оныншы сыныпты №13 мектептен бітірдім. Бір жылдай «Приарал» кеңшарында қатардағы жұмысшы болдым. 1978 жылы әскери борышымды өтеуге шақырылып, КСРО-ның әскери-теңіз флотында үш жыл қызмет еттім. 1981 жылы босап, баяғы «Приарал» кеңшарындағы шаруаға қайта кірістім. 1982 жылы Қарағандыдағы заңгерлер дайындайтын институтқа түс­тім.

– 22 жасыңда ма?

– Иә, жан-жағымды көріп, есейіп барып түстім. Институтты 1987 жылы бітіріп, Тор­ғай облысының Аманкелді Иманов атындағы ауданына тер­геу­ші­лікке жолдама алдым. Торғай об­лысы 1988 жылы жабылды да, ауысу тәртібімен Арал ау­да­нының ішкі істер бөліміне тер­геуші болып келдім. Кейін ірі мекемелерде заңгер, адвокат қыз­метін де атқардым. Қазір зей­неткермін.

– Қашан үйлендің?

– Институтты бітіруіме, яғни 1987 жылы 27 жасымда Бағдагүл Әбдіхалыққызына үйлендім. Ол ұстаз еді. Бала-шағалымыз. Мырзажан – полицай, Жансая мен Жадыра – жоғары білімді құрылысшы-экономист. Дәу­лет­жаным Алматыда студент. Шүкір, жақсымыз. Сыдық пен Сахи аталардан да ұрпақ бар. Тәуелсіз ел болған соң, ата­ларды іздедім. Не болды? Жа­зықсыз жазаланғаны рас. Ақ­талуы керек. Жер-жерге хабар салдым. Сонымен Сабанбаев Сы­дықтың бұрынғы 10 жылға бас бостандығынан айыру жө­ніндегі қаулының күші жойылып, Қызылорда облыстық соты Президиумының 1988 жылғы 30 желтоқсандағы қаулысымен ақталды.

– Ал Сахи көкең ше?!

– Көп жерге сұрау салдым. Жерленген жері де беймәлім болып қалды. Дегенмен, ол кісі туралы да бұрынғы қаулының күші жойылып, жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын  ақтау туралы 1993 жылдың 14 сәуіріндегі ҚР Заңының 2-бабына сәйкес Сабанбаев Сахи қуғын-сүргін құрбаны деп танылып, ақталды.

– Әне, аға, күрмеуі көп, күр­делі мәселенің жайы осылай, – деп әң­гімесін тәмамдап барып тыныс­тады.

***

Кезінде дүркіреп дамып, кейін ыдырап құрдымға кеткен әр империяның түбіне жеткен бір-ақ нәрсе дейді даналар.

– Ол не?

– Әділетсіздік екен!

Кешегі мызғымас деген КСРО да сол әділетсіздіктен құр­дымға кетті емес пе? Әлгі зұлым, қазақ халқын қуғын-сүр­гінге айдаған Голощекин деген қақбас та өзі құрған жүйенің құр­банына айналып, 1941 жыл­дың қазан айында атылып кетті ғой. Үні өшкірдің үні солай өшті-ау!


Шәкірат  ДӘРМАҒАМБЕТҰЛЫ, 

дербес зейнеткер,

Арал қаласы.

ТАҒЫЛЫМ 10 қараша 2019 г. 103 0