Кубадағы Кеңес жауынгерлерінің зираты

1965 жылғы қазан айының соңғы күндері. Литва ССР-і Каунас қаласының Клайпеда тас жолы бойында орман арасындағы стратегиялық мақсаттағы ракета әскерінің қатарында үш жыл қызмет етіп, елге келдім. Қарт әке-шешем қуанғанынан барын шашып, құдды мені майданнан оралғандай, туған-туыс, көрші-қолаңымен қуанышты бөлісіп жатты. Менен бір ай бұрын әскерге шақырылып, ертерек елге келген құрдасым марқұм Отарбай хабарымды естіп, түнделетіп үйге келді. Екеуміз мәре-сәре болып, әскердегі өмірімізден әңгіме өрбіттік. 

Ол өзінің Кариб дағ­дарысы кезінде Кубаға барған әс­кердің қатарында болғанын, ол жаққа қалай жеткенін, қалай қызмет атқарғаны жайлы айтылмайтын құпия болса да, хабардар етті. Сөзінің арасында «сен ешкімге айтушы болма, бұл – әскери құпия», – деп ескертумен болды. «Кубадағы әскери қызметіміз жайлы ешкімге айт­пауға тілхат бергенбіз» деп өзін сақтандырып отырған еді ол. Сол жылдары Кеңестер Одағы Кубаға адам күші және қарумен көмек бергенін жұрттың бәрі білетін.

Мен де сыр алдырмай, стра­тегиялық мақсаттағы ракета әске­рінде ядролық тіктұм­сық­тарды арнайы автокөлікпен тасымалдаушы, оны 1949 жылдан ядролық сынақ алаңы болған «Капустин Яр» полигонында атушы, сынаушы болғанымды айтпай, антыма берік болып, тіс жармай, тек тыңдаумен бол­дым. Көңілденіп отырған құр­дасым «Гавананы әуеден және теңіз жақтан тосын шабуылдан қорғадық. Әсіресе, 1961 жылдың күзі Кубаға өте қауіпті болды. АҚШ-тың теңіз жаяу әскерлері жағаға жылдам жүретін катерлер мен десанттар түсіріп, шабуыл жасап, бейбіт халықты, Куба партизандарын шығынға ұшыратып отырды. Біздің бөлімдер де олардың бақылауында болды. Блокпостымызға тұтқиылдан ша­­буыл жасады,  шайқасқа тү­сіп жүрдік. Ұрыс ұзаққа созылмайтын, 20-30 минуттық автоматпен септірілген оқтар талай жауынгерді жалмап кетті. Солардың ішінде солтүстік жақ­тың жігіттері де бар екен. Мен аман қалып, елге келдім, арманым жоқ. Жат жерде қалған жауынгер достарым үшін» деп Өтекең ащы судан өшін алған еді.

Сөйткен Отарбай үйленіп, 5-6 бала сүйіп, кеңшардың ірі қарасын бағып, дүниеден өтті. Соғыстан әкесі оралмаған ол жамағайындарының үйінде жү­ріп, жетіжылдықты бітіріп, ең­бекке ерте араласты. Құрдасым­ның сол жылдардағы жағдайды саяси сауаттылықпен әңгімелеп, көп жағдайдан хабардар етке­ніне таңғалдым. Сондағы оның айтқаны: «Кубаға достық көмек деп ядролық ракетадан бас­тап азық-түлік, тұтыну заттарын кемелеп тасып жатқанда, сонда оққа ұшқан Кеңес жауын­герлерінің атын атап, елге, ту­ған-туыстарына мүрдесін тап­сыруға Кеңес Одағының батылы жет­педі. Олар Гаванадағы Кубаны азат ету жолындағы Фидель Кастро бастаған революция ке­зінде қаза тапқан бауырлас­тар бейітінде жерленді. Біздер Кубаның азаттығы үшін қаза болған Кеңес жауынгерлерін аза тұтып, аспанға автоматтан оқ жаудырған едік» деп Өтекең көзіне жас алған болатын.

Мен 1962 жылы Кариб дағ­дарысы асқынып тұр­ған кезде әскери борышымды бас­та­ған едім. Әдетте әскер­ге бар­ған жауынгерлер бір айлық курс­тан өтіп, негізгі бөлім­ге қосылатын. Мен түскен стра­те­гиялық мақсаттағы ракета әс­керлер бөлімінде Кубаға ядро­лық тіктұмсықтарымен барып оралған, әскердегі мерзімді қыз­­меттегі адамдар бар. Олар бізге сұсты, айбынды болып көрінді. Орындарын басатын жас жауынгерлердің кеші­гуіне байланысты коман­дирлерге сес көрсетіп, айтқан­дарын орында­май, өздерін­ше өмір сүруде екен. Оларды «кубалықтар» деп атайтын, әскерде жауынгер­лерге жарғылық талапқа сай са­қал қойдырмайтын. Ал «ку­ба­­лық­тардың» сақалдары қау­ғадай болып өсіп кеткен. Кейін сұрап білсек, сол жақтағы Ке­ңес жауынгерлеріне Куба парти­зан­­дарының киімін киіп, сақал­да­рын еркін жіберуге рұқсат берген.

Елде жүргізуші болып іс­те­ген екі жігіт, бірі – мен, ко­ман­ди­ріміз «сендердің тәжі­рибелерің бар» деп, жас жауын­герлер­дің курсынан өткізбей, «шалдар­дың» орнын басып, олардан ма­мандықты үйреніп, бір ай ішінде оларды елдеріне қайта­руға тапсырма берді. Ескі «ГАЗ-51» автокөлігін жүргізген маған «МАЗ-502» алып көлікті ракеташы мамандығымен мең­геру оңайға түскен жоқ. Мен ал­тайлық Н.Нестеренконың ор­нын басып, өзіме міндетті маман­дықты игеріп, Николай­дың са­қалын күзеп, еліне қайтардым. Ол Барнаул қала­сынан болатын, көпке дейін хат жазысып тұрдық. Куба сапарларын оңаша айтқан еді.

– Біз қызмет еткен 1959-1962 жылдар халықаралық жағдайдың ауыр кезеңі болды. Фидель Кас­тро бастаған Кубадағы азаттық революцияны Кеңестер Одағы қолдап, Кубаға біздің ядролық тіктұмсықтарды жеткізуі Америка Құрама Штаттарына үрей туғызды. Сол сәтте А.Микоян Кеңес үкіметі атынан Америкаға барып, АҚШ Президенті Джон Кеннедимен дипломатиялық тұр­ғыда келіссөз жүргізіп, бәрі де бейбіт жолмен шешілді. Біз көпке дейін Кубаның тро­пи­калық ауа райына үйрене алмай жүрдік. Карандаш тәрізді зымырандарымызды жасыру қи­ынға соқты. Ең сорақысы аме­рикандықтар ракеталарымыз бен бізді аспаннан ұшақтары ар­қылы суретке түсіріп, газет беттеріне жариялаумен болды. Күзетте тұрған үш жауынгерді түн ішінде атып кетіп, қайғылы жағдайды да бастан кешірдік. Ол жігіттердің мүрдесі сол жақта қалды, үкімет тарапынан елге алып келуге рұқсат болмады. Абырой болғанда қалғанымыз елге аман-есен жеттік, – деп Николай сөзін аяқтаған еді.

Осыдан үш жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне марқұм болып кеткен Теміртау қаласындағы қазақ азаматы 1963 жылы Кубада қақтығыс кезінде қайтыс болған баласының дене­сін елге әкелуге Мәскеуге, Қор­ғаныс министрлігіне арыз­дан­ғаны, ең соңында өзінің жәбір көргені жайлы мақала жария­ланған болатын. Көздегеніне же­те алмай кеткен әкенің арманын кенже ұлы Тәуелсіздік алғаннан кейін 2007 жылы Қазақстандағы Кубаның елшілігі арқылы туған жердің топырағын Гаванадағы бауырластар бейітіндегі ағасы жатқан жерге салғаны, онда 86 Кеңес жауынгері жерленгені жайлы айтылған. Осы мақаланы оқып, өзімнің Кубадан орал­ған қарулас достарымның есте­­лігін жазуды жөн көрдім. Мұ­ны кезінде ортақ Отанымызды көздің қарашығындай қорғай­мыз, интернационалдық боры­шы­мызға адал боламыз, деп кә­ріқұрлық Еуропада миллиондап, Азияда мыңдап, Африка мен Америка құрлығында жүздеп сүйектері шашылған Кеңес әс­керінің қарт солдаттары атынан жазып отырмын. Бұл күндері батыр бабаларының ерліктерін жалғастырған қазақ жігіттері антына адал, елін, жерін сүйген жүректі, жауынгерлік өнерді же­тік меңгерген, ұлтымыздың адал перзенттері болып өсіп келеді. Олар ата-бабаларымыз аңсаған егемен еліміздің туын берік ұстауда. Біз – аға буын, қарт жауынгерлер, олардың іс­теріне сенімдіміз.

Рысбай КӘРІМОВ,

ҰОС қатысқандарға теңестірілген еңбек ардагері, 

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

ТАҒЫЛЫМ 10 қараша 2019 г. 52 0