Азамат бейнесі аласармайды

Жетпіс жасқа жақындаған ғұмырымда тағдыр мені талай тұлғалармен дидарластырды. Солардың бірі – өсіп, өркен жайған, өзі сыйлы, сөзі уәлі, түр-тұлғасы көз алдымнан кетпейтін замандасым, осы жазбамның кейіпкері Абзал Тайманов еді. Онымен сонау 1969-1973 жылдары кезіндегі Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетінде бірге дәріс алып, сыйлас та сырлас болғанбыз. Құдай қосқан қосағы Марашпен бір топта оқығандықтан да онымен тонның ішкі бауындай жақындаса жүрдім. 

«Адам бір көшкен керуен» дегендей, Абзалдың мәңгілік сапарға мезгілсіз кеткеніне 40 күн өте шығыпты. Мен білерде Абзал дәреже, мақтау мен марапат іздеген жан емес. Кезі келсе сөздің сарасын айтатын, көзі жетпейтін іске көлденең килікпейтін қалпымен өмірден өтті. Абзал десе, абзал азамат еді...

Абзалдың атасы Жүсіп мол­да ескіше оқыған, көзі ашық кісі болыпты. Оның атын­дағы мешіт сонау 1960 жыл­дарға дейін «Шеңгел кө­пір» деген жерде тұрған. Әкесі Тайман қари бала кү­нінде осы мешіттен ескіше сауатын ашқан. Ол жігіт ағасы болып, ат арқасына мінгеннен бас­тап Қырғыз, Өзбек, Тәжік елін аралап, діни білімін же­тілдіре түседі. Бар-жо­ғы 14 жасында Бұхарадағы «Көкілташ» медресесінде бі­лім алуы тек­тен-тек болмаса керек. Елге оралғаннан кейін мешіт ұстап, талай шәкірт тәр­бие­леген ұла­ғатты ұстаз атанады. Ол әрбір шариғат сүресін өмірмен, сая­сатпен байланыстыра отырып жеткізе білген көрінеді. Ха­лық арасында бүгінгі күнге дейін «Тайман қаридың құран оқығандағы дау­сы мен маз­мұнын айтсайшы» деп тамсанатындар әлі де бар.

Көнекөздердің айтуынша, Тайман қари үш нәрсені ұрпақ­тарға ұлағат етіп қалды­рыпты. Біріншісі – адамның ар-ождан бостандығы, екіншісі – діннің тәрбиелік мәнін адамдарға жеткізе білу, үшіншісі – мұ­сылман халықтарының, оның ішінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрін сақтау.

– Менің әкем адалдық, адам­гершілік, біреулерге қия­нат жасамау, қолдан келсе жа­манға да жақсылық жасауды үнемі айтатын. Біз әкеміз бен Бибісара анамыздан алты ер бала, бір қыз өмірге келіп, өркен жайдық. Бала кезімізден «Кісінің ала жібін аттама. Алдыңа біреу басын иіп келсе, кешіре біл. Барға қанағат, жоққа салауат қыл. Қолыңнан келсе, ел-халқыңа қамқор бол» деп айта-айта отыратын, – дейтін Әбекең.

Тайман қари 1981 жылдың желтоқсан айында өзінің ту­ған топырағы – «Аққұм» ауыл­­ында өмірден озды. Аб­зал­дың бастамасымен осы ауыл­дың азаматтары Тайман қари атындағы мешіт салды. Ол кісінің мазарына барып тәуәп етуді, құрмет-қошемет көрсетуді ел-халқы ұмытқан жоқ, ұмытпақ та емес.

Абзал Тайманұлы 1953 жыл­дың сәуір айында кезіндегі Тереңөзек ауданына қарасты Сталин атындағы колхозда (қазіргі Жалағаш ауданына қарасты «Аққұм» ауылы) өмір есігін ашты. «Шымбөгет» орта мектебін бітірген ол 1970 жылы Н.Гоголь атындағы пе­дагогика институтының фи­лология факультетінен дәріс алып, 1974 жылы туған топы­рағына оралып, осындағы мек­тепте мұғалім, бертін келе ауылдық клуб меңгерушісі қыз­­метін атқарды.

– Әлі есімде, 1975 жылы маған аудандық комсомол ко­митетінен нұсқаушылық қыз­метке шақырту келді. Әкеммен ақылдасқанмын. Сонда ол: «Ба­лам өз жолыңды өзің таңда. Маған тек қана бәленшенің баласы жаман екен деген әң­гіме жетпесе болды» деген-ді. Содан ол кісінің атына кір кел­тірген емеспін, – дейтін ол.

Абзал аудандық комсомол комитетінде қызмет етіп жүргенде Кеңес армиясы қа­та­рына шақыру келіп, Батыс Ук­раина жерінде әскери борышын өтеп қайтты. Әскерде жүріп коммунистік партия мү­шелігіне кандидат болып қа­былдануы да тектен-тек емес.

Әскерден оралған Абзал аудандық комсомол коми­те­тінің бөлім меңгеру­шісі қыз­­метін қайта жалғас­ты­рып, 1978 жылы аудан­дық пар­тия ко­­митетінің келісі­мімен ха­лық депутаттары аудан­дық Ке­­ңес атқару комите­тінің ұй­­ым­дастыру-нұсқау бөлі­мі­нің меңгерушісі қызметіне та­ғай­ын­далды. Үш жыл бойы Кеңес қызметтерінің күре­та­мыры болып саналатын бө­лімді басқарып, тәжірибе жи­нақтаған соң, атқару коми­тетінің секретарьлығына жоға­рылатылады. Осы кезең­де ха­лық депутаттары Жала­ғаш аудандық Кеңестің депутатты­ғына үш рет сайланып, халық аманатын арқалайды.

1987 жылы Абзал «Ақ­су» совхозында агроном, кейін­нен бас агроном қызмет­те­рін атқарды. Өйткені ол өн­ді­­рістен қол үзбей жүріп, Қа­зақ ауыл шаруашылығы инс­­титу­тынан білім алып, ға­лым-агроном мамандығын ие­ленген болатын. «Ақсу» ша­руа­шылығының аймақта күріш өсіруде алдыңғы қатарда бо­луына Абзал да өзіндік қол­таң­басын қалдырған. Ал, 1990 жылы ауыл шаруашылығы да­­қылдарының, әсіресе, кү­ріш да­қылдарының сапасын жақ­­сарту мақсатында ау­дан­­дық мемлекеттік тұқым инс­пек­циясының бастығы болып тағайындалды. Араға ба­р-жоғы бір жарым жыл сал­ғанда Халық депутаттары аудан­дық Кеңес төрағасының орын­басары қыз­метіне жо­ға­рылады. Бұл кезеңде де ол ауданның әлеу­мет­тік-эко­но­ми­калық дамуына тә­жі­ри­бесі мол білікті маман ретінде атсалысты.

1994 жылы Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институтынан білім ал­ған Абзал аудандық экономика жөніндегі комитет төрағасы болып тағайындалды. Эконо­мика саласын талдау, болжау, бағдарламалар дайындау тә­жірибесіне сүйеніп, оны 1996 жылы облыстық экономика басқармасының бөлім бастығы қызметіне шақырды. Кейін осы комитет төрағасының орын­­­басары болды. Ал, 1998 жы­­лы облыс әкімі аппараты жа­нындағы өндірістік пайда­лану бірлестігі бас дирек­то­­рының орынбасары, іс бас­­қар­масы бас­шысының орын­басары қыз­­меттерін ат­қар­ды. Осында жү­ріп басшы­лық қызметтің қыр-сырын же­тік меңгеріп, мол тә­жірибе жи­нақтады.

Абзал Таймановты облыс бас­шылығы сол кезде өн­­ді­рістік көрсеткіші ең тө­мен кәсіпорындардың бірі – «Қазпочта» АҚ облыстық фи­­лиалы директорлығын ат­қа­руға ұсынды. Он екі жыл бойы бас­шылық жасап, тұралаған меке­мені ай­мақтағы алдыңғы қатар­да­­ғылар сапына қосты. Байла­ныс саласында еңбек ете жү­ріп үш рет облыстық мәс­ли­­хатқа депутат болды. «Қа­зақ­стан Республикасының Тә­у­елсіздігіне 10 жыл», «Қа­зақстан Республикасының Конс­­титуциясына 10 жыл», «Ас­тана қаласына 10 жыл» ме­рекелік медальдарымен марапатталып, «Құрметті бай­ланысшы» атағын иеленді. Ал, 2012 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталуы өл­шеусіз еңбегінің өтеуі бо­латын. Орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің директоры қызметін атқарғанда аймақ табиғатын қорғау ісіне өзіндік қолтаңбасын қал­дыр­ды.

Ендігі айтпағым, Абзалдың ұрпағына ұлағат еткен қол­жаз­балары жайлы болмақ. Маған Мараш ұсынған парақтардағы Абзалдың жазғандарын  ақта­рып отырмын. «Біз кімнен та­раймыз?», «Балалық шаққа сая­хат», «Ата-анам жайлы мөл­тек сыр», «Махаббат қы­зық мол жылдар», «Еңбек ет­сең ерінбей...» деп жалғасып барып, «Өмірге өзіндік көзқара­сым», «Жанұяма өсиет» деген тақырыптар төңірегінде ойларын жазған.

Соңына «Келешекте бала­ла­рым­ның өз өмірлеріне пайдалануларына септігі тиер деген ниетпен өсиет етіп отырмын» делінген.

Өмір бар жерде, өлім – хақ. Бұл – заңдылық. Абзалдың бітім-болмысы, адамгершілік бейнесі мен азаматтық ісі ала­сармайды, қайта жылдар жыл­жыған сайын биіктей түседі.

Еркін ӘБІЛ,

журналист.

ТАҒЫЛЫМ 10 қараша 2019 г. 339 0