Фариза апа

Қазақтың даңқты қыз­да­­рының бірі ақын Фариза Оң­ғарсынованың өмірден өткеніне бес жылдан асты. Тірі болса, биыл желтоқсан айында 80 жасқа толар еді...


Мерейтойлық датаға орай әр жерлерде Фариза апама ар­налған һәм бағышталған кеш­тер, еске алулар, дұғалы ас­тар өткізіліп жатыр. Жұрт­тан апамды сағынған көңіл­дер­дің лебізі мен аңсаған жү­ректердің лүпілі аңқиды. Фа­риза ақын туралы қаншама жан тебірентерлік пікірлер ес­тимін, көлдей мақалаларды оқимын. Түсінгенім, «Фариза кетті, талантты кісі еді, маған мынадай жақсылығы өтіп еді, бәленшеге бүйтіп еді, түгеншеге сүйтіп еді» деп, соншалықты таланттың – поэзия падишасының өмірден өткеніне «иланған» һәм өлімін «мойындаған» ниеттердің көп­тігі... Бірақ менің жүрегімде апам әлі менімен бірге, қа­сымда, күнде дастарқанымда, сөремде, төрімде. Осы уақытқа дейін солай.
...Есімде ғой апамның қайт­қан күні... қаңтардың 23-і, ақ­түтек боран.... «Жазылып ке­теді»… «осы ем курсын алған соң бұрынғысынан жақсарады да, ауруханадан шығып, апам қайтадан қасымызда жүреді» деп ең соңғы күнге дейін ойлаппын. Олай ойламауға се­беп те жоқ емес. Ауруханаға бар­ған сайын әдебиет пен өнердің жай-жапсарын әңгіме ететін апам соңғы бір күнде­рінде ғана «Осыдан аман-есен тұрсам, Астананың төрінде Мең­декешке (Сатыбалдиев) ар­нап қатырып тұрып кеш өткізем» деді. Сөзі нық, даусы ширақ. Айтса жасайтынына, ой­ға алса, іске асыратынына мүлде күмән келтірмеймін. Оған себеп сонау жылдары – Ас­танада әлі жастар жиналатын оқу орындары мен мәдени ошақтар тапшы уағында, рухани ұйымдар мен қаракөздердің тап бүгінгідей көбейе қоймаған ша­ғында Фариза апай өзі ұйыт­қы болып, Сұлтанмахмұт То­­рай­ғыровқа арнап кеш өткіз­ген­де маңайында болдым. Бір­неше ай бойы Сұлтан­мах­мұттың кітабын қолына алып, қайта «сүзіп» шықты. Бірде үйіне барсам, диванда кітап оқып отыр, мен кіргенде көзілдірігінің астынан «келдің бе?» деп, бір қарады да, «Ал, не жаңалығың бар?» деп ықыласын маған аударды. Амандық-саулық сұрасып, әртүрлі әң­гімелерден соң, апамның көңіл күйінің «орнында» екенін түсіндім. Тіпті, апамның ақын көңілінің қанаттанып тұрғанын бай­қадым. Оған Сұлтанмахмұт өлеңдерінің қатты әсер еткенін де ұқтым. Шай бөлмеге өтіп бара жатып кенет апам: «…Кесені қолыма алып қарай бердім. Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп»… Сұмдық қой!» деді. Сұлтанмахмұттың «Бір адамғасын» айтып, там­санып, риза болып келе жатыр. Сол шайдың үстінде Сұлтан­махмұтқа арнал­ған кештің сценарийі, сөйле­нетін сөз, ай­тылатын ой, оқы­латын өлең… барлығы тал­қыланды. Апамның сіңлісі Элео­нора екеумізге дас­тарқан мәзірін тапсырды. Сонда Элеонора екеуміз 4-5 астау апамның соғымынан арнайы сыбаға-жіліктерімен асып апар­ғанымыз, оны тарту ретінен ша­тасып, апамнан «сөгіс» ал­ғанымыз бар-ды. Торайғыров ке­шін Фариза апам өзі жүргізді. Сол кеште Астанадағы «мен – зиялының» тайлы-таяғы қалмай қатысып, Сұлтанмахмұттың ру­хы бір шалқыған күн болды. Сол кештен кейін осы елордада Сұлтанмахмұттың есімін айт­қан бір мұсылман көргенім жоқ…
Елорда демекші, астаналық болғанымызға да жиырма жыл­дай уақыт өтті. Сол уақы­тымның 11 жылдан астамын Фариза апаммен бірге өткі­зіппін. Апам дүниеден озғалы қаншама жұрт ықыласы естілді. Бірі сағынған, бірі күрсінген, бірі жоқтаған… Арнайы «ес­телік» кітабы да жарыққа шықты. Жұртшылық «соңғы кезде қасында көп жүрген Елена еді, не дер екен, не жазар екен?» деп күткені де рас. Апам қайтқан сәттен бастап менің телефоныма дамыл жоқ, телеарналар: «Фариза апайдың қайтқанына орай жедел хабар түсіріп жатырмыз, келіп сөй­леңізші» дейді. «Фариза апам менің анамдай ғой, анам оң жақта жатқанда, бетімді бояп алып, теледидарда «олай еді, бұлай еді» деп сөйлеп тұр­ғаным қалай?» деймін. Олай етуге дәтім де бармады. Күн­де өзіммен бірге жүретін Фа­риза апам туралы «естелік» жа­зуға да санам мен жүрегімді көндіре алмадым. Тек апам қайтқалы өткізген кештерім мен концерттерімде сахнадан рухымен сырласып келемін. Кон­церт демекші, Фариза апам менің елордадағы ең ал­ғашқы кешімнен бастап, өмі­рінің соңғы күніне дейін қол­дап, демеп өтті. 2002 жылы Қы­зылордаға «сыймай», анығы «сыйдырмай», Астанаға келген кезімнен бастап, анамдай қам­қорлады. Алғаш келгенінде «ті­келей бастығың кім?» деп сұ­рады. «Меңжамал Әлсейітова деген кісі» деймін. Апам: «А, кәдімгі Меңжамал ма? Ол өзім­нің Меңжамалым ғой, дұрыс адам» деді. Меңжамалмен де апамның арқасында туыстай араласып, әлі күнге іргеміз алыстаған жоқ. Енді құрылған елордаға келгенімде есігін ашып күтіп отырған көкеміз жоқ, төрт жыл бір оқу орнының жатақханасында тұрдым. Оны да сол кездегі Білім және ғы­лым вице-министрі Күләш Шәм­­шидинова алып берген. Жа­тақхананың жағдайы белгілі, ыстық су, асханасы жоқ, тым ескі. Фариза апам Парламентте депутат. Күн сайын жұмыс аяғына қарай қоңырау шалып: «Есіктің алдында көлік күтіп тұр, шық» дейді де, қоя салады. Апам айтқан соң, апыл-ғұпыл жүгіре түссем, қызметтік көлі­гімен шопыры Құрман аға кү­тіп тұрады. Кейде көліктің ар­­тында апам өзі отырады да, мен мінер-мінбестен кет­тік дейді. Көлік қайқаң ете қалып, заулай жөнеледі. Апам «Тыныш­тық па, не жаңалық?» дейді, оған менің жауабымнан соң үнсіздік орнайды. Қайда, неге бара жатқанымызды мен сұрамаймын, ол кісі айтпайды. Діттеген жерге жеткеннен соң, бір мейрамханаға, болмаса бір сарайға кіреміз. Фариза апайды қауқылдай қоршап, жапырлай амандасқан жұрттан сәл ығысып, кейін шегінемін. Апам артына жалт қарайды да, «Қайда қалдың? Бері жүр» деп қасына тартады. Қаумалаған жұртқа «Сендер мына Ленаны танисыңдар ма?» дейді. Олар болса маған қарап, танымаса да «А, танимыз! Әрине!» деп шуласады. «Жоқ, танымаймыз» десе, апамнан «Осы сендер неге талантты жастарды біл­мей­сіңдер?» деген «таяқты жей­тін­дерін» біледі. Апамның тұтқиылдан ілетін мінезі мен жұрттың «шарасыздықтан» ту­ған өтіріктеріне менің әбден айызым қанады. Көп болса 2-3 тост отырамыз, кімнің тойы екенін енді түсініп келе жат­қанымда, «мен қайттым, сен неғыласың?» дейді апам, «мен де» деймін.
Кейде апамның үйіне қо­нып, таңертең жұмысқа депу­таттың көлігімен жетемін. Әдетте, көліктердің барлығы басқы кіреберіске жақындай алмайды, тек депутаттар мен министрлердің көліктеріне ға­­на рұқсат етілген. Фариза апам­ның айрықша нөмірлі көлігі қайқайып министрлік алдына келіп, мені мінгізіп, не түсіріп кетіп бара жатқаны әріптестерімнің біразының көзіне «күйік» болып, сыпсың әңгіме тарағаны бар. Бірде жатақханамнан жаяулатып, бо­­рандатып жетем дегенше жұ­мысқа кешігіп қалдым. Ен­тіге беттеп, лифтінің теті­гін басып, ішке енсем, лифтіде министрім Шәмшә Көпбайқызы Беркімбаева тұр екен (ол кезде министрлер, әкімдер жұртпен аз да болса тең өмір сүретін). Мені тани кетіп, амандасып, хал-жағдайымды сұрап жатыр. Басқан нүктеме жеткен соң, жылы қоштасып түсе бастағаным сол еді, тап алдымнан өзімнің қызмет ететін департамент басшысы шыға келмесі бар ма? Көп уақыт өтпей, бастығым шақырып алып, сөге бастады: «Вы кто такая? С опозданием приходите на работу, еще с министром в одном лифте. Как Вам не стыдно? Понимаете! Где субординация?..». Боран­ның салдарынан кешіккенімді, министрдің лифтіде тұрғанын білмей қалғанымды, тіпті министрмен бірге жай қыз­меткер лифтіге қатар отырмасын деген заң жоқ екенін айтып түсіндіріп жатырмын, бастығым түсінгісі келмейді. Сөз ләмінен байқағаным, менің кеңселік тәртіпке бағына бермейтінім, бастық көрсе, құйрығын бұтына қыса жылмаңдап кететін ұры ит секілді өзгере қоймайтыным, депутаттың көлігімен «шал­қайып» жүретінім ол кісіге «ауыр» тиіп жүрген сияқты. Менің де шыдамым таусылды. «Мынадай жерде жұмыс іс­те­меймін» деп есігін тарс жауып шығып кеттім. Каби­неттен сөмкемді алып, шы­ға бергенім сол еді, ұялы теле­фоным шыр етті. Фариза апам! Күннің суықтығын айтып, тоңып қалмадым ба, не жа­ңалығым барын сұрап жатыр. «Жаңалығым – жұмыс­тан кеттім» дедім. Апам «Не болды?» деп аң-таң. Болған жағдайды айтып едім, зілді мырс етті. Сол күні жұмысқа бармадым. Ертесіне де бармай, Астананы аралап жүрсем, кеше мені иттей етіп жіберген департамент басшысы теле­фон соғады: дауыс ырғағы өзгерген, пұшайман болып тұр. «Пожалуйста, приходите» деп жалынады. Не де болса, Фариза апамнан дүмпудің жеткенін және осал тимегенін сездім. Шынында солай болып шығыпты. Менің жағдайымды айтып министр Шәмшә Кө­байқызы Беркімбаеваға теле­фон соғыпты. «Анау, дирек­торсымағың сенімен бірге лиф­тіге неге мінесің деп ұрсатын көрінеді? Бұл не деген ақымақтық? Баяғыда Мұқағалиді да өстіп өлтіріп еді қазақ, ол сендердің ондай кеңселік «тәртіптеріңе» көне алмайды» депті. Фариза апам өмірінде қатты құрметтеген, «Қыз ғұмыр» атты өлеңін арнап аялаған еліміздің қайраткер қыздарының бірегейі Шәмшә Көпбайқызы апама: «Министрмен бірге лифтіге мінбесін деген тәртіп жоқ, адамның бәрі бірдей ғой, апай. Кеңсе қызметкерлерінің кейде осындайы бар…» деп ақталған көрінеді. Айтса айтқандай, бірнеше рет қоңыраудан кейін бастығыма барып, түсінісіп, қайта жұмысқа кірісіп кеттім.
Осылай күнде жұмыстан шығып, не тойға, не кеш­ке, болмаса, апам: «Жатақха­на­дасың ғой, етті сағынған шы­ғарсың, үйге жүр» деп алып кетеді. Екеуден-екеу бір табақ етті алып, ән-жырымызды ай­тып, сырласып отырамыз…. Сондай сырласудың бірінде Ас­танада кеш өткізгім келе­тінін айттым. Апам: «Дұрыс, ел-жұртқа Ас­танаға кел­геніңді білдіруің керек» деп қолдау көрсетіп, ертесіне жұмыс кабинетінде отырып, Рес­­публикалық Ке­ден коми­тетінің басшысы Бер­дібек Са­парбаевқа телефон шалды. «Бер­дібекжан, сен өзің Қы­зылордада әкім болғаныңда облысыңның өнерпаздарын Ал­маты мен Астанаға алып келіп, жарқыратып көрсетіп едің, Еленаны білесің ғой» деді. Бердібек аға ар жағынан мақұлдап жатқан болуы ке­рек, «Сол қарындасың қазір Астанада, ел-жұртқа елордаға келгенін білдіріп, бір кеш жасағысы келеді» деді. Тұт­қаның ар жағы көп сөйлеген жоқ, апам тұтқаны қойып жатып: «Шешілді, ертең ағаңа бар» деді. Ертесіне Бердібек аға: «Елена, Фариза апай айтқасын ғана деп ойлап қалма, сенің өнеріңді құрметтейтін екі адам болса бірі – мен, жалғыз адам болса, сол – менмін» деп одан сайын марқайтты. Астананың алғашқы қалыптаспаған қиын­дау жағдайына, мәдени мүм­кіндіктеріне қарамастан, кеш Конгресс-Холлда сол кездегі өлшеммен жоғары деңгейде өтті. Оны кеш соңында жарты сағат сөз сөйлеген Әбіш ағаның «Мынау Астананың ақтүтек боранындай Фаризаның міне­зінен саңылау тауып, осындай іске мұрындық болдырған сен мықтысың» деп қағыта сөй­леп, жұртты күлдіріп, атап көрсеткені әлі есімде. Бұл 2004 жыл болатын…
Араға оншақты жыл салып 2011 жылы анам өмірден озып, өмірімде үлкен өзгеріс болды. Фариза апамның қамқорлығы мен адамгершілігін сол кезде сезіндім. Анаммен бірнеше рет дастарқандас болғаны бар, сонау 1992 жылы Қызылордаға келген сапарында үйде болып, папамның да көзін көргені бар, арнайы «көңіл асын» беріп, Құран бағыштады. Сол уақытта Фариза апамның да ауырып, Германиядан алғашқы отасын жасатып келген уақыты еді. Жаман ауру күннен-күнге дендеп бара жатқанын түсінсем де, Фариза апамның болмысына қарап дәм-тұзы таусылып бара жатыр деп ойлай алмадым. Ауруханада жатып та, химиясын алғаннан кейін бірауық шақырған шараларға қатысып, сөз сөйлеп, жастарға қолдау көрсетуді бір сәт те тоқтатқан жоқ. Менің анам қайтқаннан кейін, көңілімнің түсіп жүргенін көріп: «Көптен бері үндемей қалдың, сенің де анау Роза, Мақпалдар секілді өз үніңді көрсететін уақытың келген жоқ па?» деп, кежегеміз кейін тартып, үмітіміз үзіле бастағанда алға қарай сілтеген сөзі әлі жадымда. Өзі жаман аурудың 4-стадиясында жүріп, өкпесін сүйретіп «Алтын қыран» қорының Президенті, белгілі өнер мен әдебиеттің жанашыры Исламбек Салжановқа мені өз қолымен апарып таныстырып, алдағы концертіме демеуші болуды тапсыру үшін тек Фариза болып туу керек шы­ғар! Қазіргі замандағы билік­тегілердің он екі мүшесі сау, бәленбай шетелдің дардай оқуының дипломын егеленіп, 5-6 тілді игергенімен, біреудің таланты түгілі, қалталарына пайда түспесе, ештеңеге селт етпейтінін көргенде ызадан жарыла жаздайсың!
Фариза апам әрбір араласқан адамымен тұрақты болуға тырысатын. Қайсыбір өнерге келген жастың қайдан шыққаны, ата-анасының кім екені, жағ­дайы қалай екені апамның наза­рынан тыс қалмайды. Ең алдымен сол адамның бүтін­делмей тұрған жері болса, бүтіндеуге, құралмай тұрғанын құрасуға, болмай жатқанын болдыруға ұмтылады. Барлық жан жүрегімен еліміздің түкпір-түкпірінде жүрген талант көрсе, соны бауырына тартады. Іздейді, сұрайды, тапсырады. Қазір әлем мейірімді ананың символы деп мать Терезаны әулие тұтады. Соңғы кезде ол кісінің де (қара жер хабар бермесін) әртүрлі даулы әрекеттері баспасөз беттерінде жариялана бастады. Тіпті, мать Терезаны айтпай-ақ, туған балаларынан безініп, тастап кетіп жүрген көкек әке мен аналардың көбейіп кеткені біздің қоғамды алаңдатып отырғанда, ағасының тоғыз ба­ласын өз баласындай тәрбиелеп, асырап-баққан Фариза апамның кеңдігі мен адамгершілігіне тең келетін тұлғаны көргенім жоқ. Бұл биіктік пен парасат біздің қазақ қыздарына ғана тән болса керек! Ұлы адамның тәрбиесін алған балаларының да апам қайтқалы жарғақ құлақтары жастыққа тимей, апамның барлық шаруаларына бас-көз болып, Фариза апамның қалдырған өнегесін лайықты жалғап келе жатқанына сүйсінемін.
Сонау жылы Иманғали Нұр­ғалиұлы Тасмағамбетов Атырау облысының әкімі болып тұр­ғанда Фариза апамның 60 жыл­дық мерейтойы өтті. Шераға – Шерхан Мұртаза бастаған жиында Алтынбек Сәрсенбаев, Нұрлан Балғымбаев, Заманбек Нұрқаділовтердің қатысқаны қандай сәнді-салтанатты еді?! Облыс әкімі апама көлік мін­гізді. Той соңында Фариза апам барлық атсалысқан аза­маттардың басын қосып, дас­тарқан жайып, қызметтеріне рахметін айтып, құрмет көр­сетті, мінген көлігін «Соңымнан еріп келе жатқан талантты қыз, аулыңа жаяу қайтпа» деп маған мінгізді. Жұрт разы болды. Иманғали Нұрғалиұлы «Жігіттер, мына көлікке жоғары білімі бар шопыр табыңдар, көлігіміз Атырауға қайтып келсін» деп қалжыңдады. Апам­ның ер-азаматтардан ар­тық осындай кеңдігі мен биік парасатын көре алмайтындар да көп болды. Біреулер «Фа­риза облыс мінгізген көлігін менсінбей, Еленаға бере са­лыпты» десе, біздің қызыл­ордалықтар, «Елена барып, Фа­­ризаның көлігін сатып алып, «мінгізді» деп айтып жүр» деп күңкілдеді. Фариза апам адамдардың бойындағы көреалмаушылықты, талантты бағаламаушылықты, әйелдерді, қыздарды төмендетуді, аз қазақтың руға, жүзге, жерге бөлінгенін қатты жек көрді. Менің алғаш кешімді бастан-аяқ өткізген Бердібек ағаның ісіне разы болып, «Жалпы, анау руласым, мынау туысым деп бөліну – сандырақ. Азаматтық, адамдық деген ешқашан руға, жерге бөлінбейді» дейтін.
Жалпы, өмірде Фариза апам­ның сырлас ең жақын екі құрбысы болды. Оның бірі – Өскеменде тұратын білім саласының қайраткері Жә­зира Ақатайқызы, екіншісі – мемлекет және қоғам қайраткері Ғайникен Айдарханқызы Биба­тырова. Фариза апам «Ертең мен өлгесін, менің дұшпандарым менен ала алмаған ақысын сенен алады. Сені тірідей жейді» деп ескертіп кетіп еді, осы күні сол сөздің дөп айтылғаны күнде дәлелденіп жүр.
Депутаттық мерзімі аяқтал­ған соң да, апам қарап отырған жоқ. Әрбір өсіп келе жатқан талантты жасқа мейірімін төге алды. Менің және Азамат Есалы, Бауыржан Қарағыз сияқты жас ақындардың Ас­танадан пәтер алуына тікелей септігі тиді. Апама көптеген шағым айта келген қарапайым жұрттың баласын бақшаға ор­наластыру, оқуға түсіру, жұмысқа тұрғызу, тіпті ауыр қылмыс жасап істі болған жастардың түрмеден шығуына да ықпал еткеніне өзім куәмін. Фариза апам барда Астанада шығармашылық жастардың «Шабыт» фестивалі өтетін еді де, әр аймақтағы талантты жастардың басы қосылып, мәре-сәре болатын. Соңғы кезде аталған фестивальдан «Әдебиет» номинациясын алып тастағанынан-ақ апамның орны ойсырап тұрғанын көремін.
Ақмола астана болғалы әр қиырдан талантты көптеген жастың солай қарай ағылған кезі. Жаңа астанада әдеби орта қалыптасып үлгермеген шақ. Жастардың барлығы апайды айналшықтайды. Талай жақсы, жас қыз-жігіттердің ішінде Фариза апам мені, жұртқа сүйкімді көрінетін анау айтқан «жібектей» мінезім мен «жіптіктей» құлқым болмаса да, айрықша жақын тұтты. Менің азғантай талантымды бағалағаны болар. Кейде сөй­лесіп отырғанда менен «Осы сен бәленшені танисың ба?» деп жоғарыда отырған бір лауа­зымды кісі туралы сұрай­ды. «Соны қандай адам деп ойлайсың?» дейді. Мен өз пайымымды айтсам, кейде шегі қатып күледі, бірде үндемей ойланып қалады. Апам неге менен біреулер туралы пікірімді сұрайды деп ойлайтынмын. Қазір сол кезде апамның әрбір ел басқарған адамдардың сапасына, деңгейіне өзінше баға беретінін, оны тануға, түсінуге ұмтылатынын түсініп жүрмін. Сонда менің пікірім арқылы – деңгейімді танығысы келіп және өзінің пайымына нақтылық іздейтінін осы күні сезінемін. Фариза апамдай адамды танып, бағалай білетін көрегендікті ешкімнен көргенім жоқ. Бүгінде ел басқарып жүрген есті деген ағаларымыздың өзі сыртымыздан айтылған өсек сөзге еріп, қарадай қыйтиып, сәлемге жарамай қалғанын көргенде, ешкімнің сөзіне ермейтін, әділдікті қақ жарып, құдайшылығын айтатын Фариза апамды жоқтаған кеудем ұли жөнеледі…
Бірде дастарқан басында халқымыздың әйгілі әншісі Ро­за Бағланова туралы әңгі­ме болды. Фариза апай онша мән бере қойған жоқ. Кейбір заман­дастары Роза Тәжібай­қызының сахнадағы еркелігін, болмысын келеке ететінін естіп жүретін едік. Әдеттегідей, «Бағланова туралы не ойлайсың?» деді. Мен жастайымнан Роза Тә­жібайқызын пір тұтып, әнші­лігіне тамсанып келе жатқа­ным­нан бұрын, оның кешегі Желтоқсан оқиғасында билік мінберінде емес, алаңдағы жас­тардың ортасына барып, әрбір қыз-жігіттің қолынан ұстап, жылап тұрып: «Айналайын, үйіңе қайт. Қазір сендерді мыналар қырып тастайды ғой, аналарың аңырап қалады ғой» деп шап-шағын бойымен жан­ұшыра жалынып, еңіреп жүргенін көзімен көргендерден естігенімді айтып, Роза апай­ды Үлкен адам деп бағалай­тынымды жеткіздім. Апам: «Әбіш те осыны айтып еді» деді де, үндемей қалды. Арада бір-екі ай өткен соң, бір күні Фариза апам: «Мен жалпы, кісіге көз­қарасымды өзгертпейтін едім, бі­рақ сен менің Роза Бағ­лановаға көзқарасым мен пікірімді 180 градусқа өзгерт­тің. Өткендегіден бері сенің сөздеріңді ойланып жүрдім. Роза апай шынында Ұлы адам екен» деді. Бұл апамның әбден көзі жетпей, көңілі иланбайтын, нақты дәлел болмаса, «қашқанға да, қуғанға да серік» күнде көріп жүрген аумалы-төкпелі бисымақтардай емес, адам құнын ақылмен пайымдайтын салиқалы жан екендігінің бір белгісі еді...
Фариза апамның «Аяғыңа жыртық туфли киіп жүрсең де, халықтың сөзін сөйлеп жүріңдер» деген сөзі санам­да жатталып қалды. Өз хал­қын осылай сүйген ақынның болмысы мен шығарма­шылы­ғына халықтың да махаббаты артпаса, кеміген емес және Фариза апа алыстаған сайын ол махаббат ғасырлардан ғасыр­­ларға жалғасып, күшейе түсе­тініне сенемін.
Фариза апаммен әрбір өт­кізген уақытым қалған өмірімнің компасына айналғандай. Кейде бір шаруаларды «қалай етсем екен?» деп ойлай қалсам, көз алдыма Фариза апамның бейнесі орнай кетеді. Онымен іштей ақылдасам, мақұлдасам… Соңғы күндерінде қоғамдағы келеңсіздіктерге қатты алаң­дады. «Біздің осы уақытқа дейін айтып, жазып жүргеніміздің бәрі «теріс» болып шықты ғой, еңбегіміздің бәрі зая кетті» деп, қоғамда арсыздықтың көбейіп, адамшылықтың төмендеп кет­­кеніне күйінетін. Әсіресе таланты жоқ, бір өлермендердің шын таланттарды басып-жаншып төрге ұмтылғанын қабылдай алмады. Кейде мен: «Апа, қайтесіз, өмір деген қып-қысқа дүние, оларды да Құдай жаратты ғой» десем, «Сен «кешіру» керек дейсің, өмірде кешірілмейтін дүниелер болады» деп бір-ақ кесетін. Апам қайтқанда белгілі жур­налист Серік Аббас-Шах «Фа­ризалардың дәуірі бітіп, Гогалардың дәурені бас­тал­ды» деп жазып еді, әлеумет­тік желіде. Осы күні «кеші­рілмейтін жағдайларды» жиі көріп, күнде «жеңіліп», сәт сайын «өліп» жүрміз.
…21 қаңтар. Түс әлетінде ауруханаға соқтым. Төсегінде түрлі газет-журналдар. Көзіл­ді­рігін киіп алып, әдеттегідей кроссворд шешіп, қағазға тел­міріп жатыр. Ұзақ отырмадым. Түнде апамды түсімде көрге­німді айттым. Апам бір жылы жымиып қарады да, үнсіз қалды. Әшейінде өзі «бүгін не түс көрдің?» деп сұрайтын. Мен кейде түс көріп, оны бол­жап, соларым дұрыс келіп оты­ратынын білетін. Бір-екі күнде шығатынын айтты. Есіктен шығып бара жатып, артыма қайта бұрылып қарадым. Апам­ның ауру әбден шаршатқан кө­зімен қиыла да  қимай қа­рағанын көрдім. Жүрегім солқ етті… Сол қараған жанары әлі көз алдымнан кетер емес…

Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
ӘДЕБИЕТ 16 қаңтар 2020 г. 359 0