Тілек

Ей, Алла, өрлет енді ықпалымды!
Асқарға көрсін алаш шыққанымды!
Дос күліп, дұшпандарым тітіренсін,
Алысқан көріп жауды жыққанымды!
Түсірме енді ойыма өткен уақты,
Қояндай қорғалақтап бұққанымды!
Күлкі-ойын, кеңшілікте күнім кешір,
Кетіріп кеулімдегі дықтарымды.
Қайылмын қалайда да бірлігіңе,
Дос тұтып Сайд Ахмет Мұхтарынды.
Өлгенде иманымды жолдас қылып,
Сыйлау қыл соңыра ұжмақ ықтарыңды.
Мен емес, мақұлық біткен марқаяды,
Түсірсең рахмет атлы шықтарыңды.
Болмаңдар бәрің де әуре асылында,
Біле алмай кімге жылап - сықтарыңды.
"Екен, - деп ешкім, - теріс", - айта алмайды,
Күтсеңдер ойдағы иман — нықтарыңды.
Қауіп, үміт ортасында өле қойсаң,
Кешірер ол-пұл ұрлап тыққаныңды.
1936


Алтын басы шаталып, асыл ойы маталып жүргендегі жаратушыға жалбарынып, "Үмітсіз шайтан ғана" дегендей, алдағы күннен күдер үзбестің қамын жасап, айтып жатқаны. Ойлаудың өзі қорқынышты. Алаштың арда туған арыстарын оққа байлап, құл~құтанның құзіреті артып тұрған кез ғой. "Құл жиналып бас болмайды, құм жиналып тас болмайдыны" айтқан қазақ, көресіні сол құлдардан көрген. Аллаға жалбарынып, басына келген қауіпті сезе тұра, ел үшін дұға жасайды. Естінің басы есікте, есердің басы төрге өткен қырсық заманның әлі де салқыны бар. Қанша жерден қайғы ойлап, қам жасағанмен қоғам бірді~екілі ойшылдардың айтқанына пысқырып қарамайды. Бұрында солай, әлі де өзгерген жоқ. Кеулемнен шыбыным ұша қалса, шығынымды кеміт деп, ұлықтан жәрдем тілейді. Алла, кемшілігіңді жасырып, кеңшілігіне душар етсін!

Берік Саймағанбетов,

жыршы.

ТАҒЫЛЫМ 24 ақпан 2020 г. 70 0