Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген ұстаз

Дәленовтер отбасының мәртебесі қашанда жоғары, бәсі биік. Ардақты ауыл мұғалімінің перзенттерінің барлығы да жоғары оқу орындарын бітіріп, түрлі салаларда абыройлы еңбек етті. Айтулы ғылым ордаларында қызмет атқарды. Осылайша отбасылық өркеннің кеңінен қанат жаюының бастауында бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған Дербісалы Дәленов ағай тұр.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдарында Аранды аулындағы №25 орта мектепте Дербісалы Дәленов бастауыш класс оқушыларына сабақ берді. Ол шалт қимылды, ширақ, іскер, баланы оқыту мен тәрбиелеуге шын берілген, еңбекқор ұстаз болатын. Оқушысының сабақтан тыс кезде немен айналысатына дейін зерделеп, бақылап отыратын. Оқушыларының үйге берілген тапсырманы орындамай келетіні некен саяқ еді. Оның өзі де ағайынан «жазасын» алып, екінші  рет қайталамауға ант су ішетін. Талапшыл ұстаз тентек оқушының өзінде жібектей есілдіріп жіберетінін көз көрді. Дербісалы ағай сабақ берген бастауыш класс оқушыларының сабақ үлгерімі үнемі ортадан жоғары болатыны дағдылы дәстүрге айналған. Бұған әріптестерінің ғана емес ата-аналардың да көздері әбден жеткен. Ол кездегі ата-аналар ағаймен сөйлескенде балаларының кемшілігі үшін өздерінің жауаптылығын сезініп, бас шұлғып мақұлдаудан әріге аса алмайтын. Ардақты ұстаздың мысы басып тұратыны  тағы бар.

Өзіміз де Дербісалы ағайдан дәріс алдық. Тәлім-тәрбиесін бойға сіңірдік қой. Ұстазымыздың қаталдығымен, талапшылдығының пайдасын біздер шәкірттері көрдік. Бастауышта қаланған білім негізі жоғары кластардағы тапсырмаларды орындауымызға көмегін тигізді.

Кейін есейгенде білдік қой, аяулы ұстазымыз өмір жолында ылғи да қиындықпен белдесіп, шарболаттай шыңдалып ержетіпті. Ұстаздық қызметке де ерте араласқан. Шалымдылығы мен алымдылығының арқасында мектеп директоры қызметіне жоғарылаған. Аудандық білім бөлімінің инспекторы қызметін де атқарған. Соғыстан жараланып оралған кезде елдегі шаруаның щатқаяқтап тұрған шағында колхоз бастығы, ауылдық кеңестің хатшысы, мектеп директоры қызметін қосарлана атқарып, ел арқасына түскен ауырлықты жеңілдетуге шама-шарқынша үлес қосқан. Жауапты жұмыста адалдық пен іскерлік танытып ауылдастарының ықыласы мен алғысына бөленген. Зерделі, замана ығытын аңдағыш ағамыз соғыс аяқталып, ел еңсесі тіктеліп, жоғары білімді мамандар көбейе бастағанда өз еркімен директорлық қызметтен босап, бастауыш класс мұғалімдігін өз қалауымен таңдаған және бұл міндетін абыроймен атқарып ұжымның айтулы ұстазы, ақылшы ағасы атанды. Жас ұстаздар оның сабақ берудегі бай тәжірибесінен үлгі алды.

Ерекше атап айтар жағдай Дербісалы Дәленов өз перзенттеріне де ұлағатты тәрбие беруімен ерекшеленіп, ауылдастарының мақтанышына айналды. Құрметіне бөленді. Нақтысын айтсақ, Жәмила ана мен ұстаз ағаның перзенттерінің барлығының  да жоғары білім алуы ауылдастарын таңдандырды. Білім асуына алғашқы болып түрен салған тұңғыш перзенті – Дәрігүл. Ол Ақтөбе педагогикалық институтын бітіріп, Қазалы ауданындағы «Бірлік», «Өркендеу» аулындағы мектептерде ұстаздық қызмет атқарды. Жұбайы Іният Мұртташев мектепте директор, кеңшарда парторг болған аяулы азамат еді, ерте өмірден озды.

Ұлдарының үлкені Алып мектепті алтын медальмен бітіріп, Ташкент темір жол институтын бітіріп, Қызылорда теміржол депосында шебер, инженер, Қызылорда қалалық комсомол комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Кейін Семей теміржол депосына бас инженер қызметіне ауысты. Іскер де қабілетті жігіт 1965 жылдан бастап 12 жыл бойы Семей теміржол депосын басқарды. Кейін Ақтөбе теміржол басқармасында, Семей теміржол бөлімшесінде лауазымды қызметтер тұтқасын ұстады. Зайыбы Зейнеш Иманжанова да 15 жылдан астам уақыт вокзал бастығы қызметін атқарды. Балалары да түрлі компанияларда басшылық қызметте.

Дәленовтердің үшіншісі Шымболат Қазалы ауылшаруашылығы техникумын үздік бітіріп, еңбекке араласты. Ақмола облысының «Образцовый» кеңшарында бас мал дәрігері болып жүріп, Омбы малдәрігерлік институтына түсті. Кейін Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына ауысты.

Жүрегінің оты бар жігерлі жігіт студент кезінен қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Курс старостасы, факультет, институт комсомол комитетінің хатшылығына сайланды. Ғылыми кеңестің шешімімен Лениндік стипендиат атанды. Институтты үздік бітіріп, аспирантурада оқыды.

Тынымсыз ғылыми ізденіс басталды. Талантты жігіт профессор Т.Тавилдарованың жетекшілігімен ауылшаруашылығы ғылымының кандидаты диссертациясын қорғап, ғылым кандидаты атанды. Одан кейінде ғылыми ізденіс өсу баспалдақтарына жетеледі. Доцент, профессор атағын иеленді. 18 жыл факультет деканы болғаны, кафедра меңгергені оның тынымсыз ғылыми ізденісінің жемісі. Осы жылдар ішінде 100-ден астам ғылыми еңбек, 4 оқулық жазды. «Ірі қара мал шаруашылығы»,  тағы басқа кітабы республика жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы ретінде лайықты бағаланды.

Шәкеңнің зайыбы Мереке республикаға танымал педагог, ғалым ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент. Бүгінде бақилық болған қос ғалымның балалары Ерлан мен Данат елімізде, шетелде білім алып, компания мен департаментте басшылық қызмет атқарады.

Дәленовтердің ортаншысы Ерболат білім бастауын №25 орта мектептен алып, Қызылорда қаласындағы орта мектепті күміс медальмен бітірді. Алматы медициналық институтына оқуға түскенімен табиғаты жайлы оңтүстік астананы тастап, Ақмолада жаңадан ашылып жатқан медицина институтына ауысады. Білімге деген құштарлығы сол 2 курстан ғылыми жұмысқа ден қойып, 3 курстан институт студенттерінің ғылыми қоғамын басқарды.

1969 жылы аталған оқу орнын үздік бітіріп, сол жылы Ресейдің Дондағы Ростов қаласындағы медицина институтының аспирантурасына қабылданды. Қабілетті, зерек болашақ ғалым 26 жасында кандидаттық диссертациясын орыс білімпаздарының алдында сәтті қорғап шықты. Одан кейінгі ғылым жолындағы ізденістер өзі білім алған оқу орнында жалғасты. Ассисент, аға оқытушы, доцент, кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметтегі өсу баспалдақтары.

Осы жерде атап айтар жағдай Ерболат докторлық диссертациясын Ресейдің Томск қаласында қорғап, туысқан халық білгірлеріне өзінің мықтылығын мойындатты. Ерболаттың 1976 жылы Америкаға барған сапарынан Нью-Йорк ғылым академиясының академигі болып оралғанын оның мықтылығына балаңыз.

Ғалымның 10 монографиясы, 20 оқу құралы, шетелдік және отандық ғылыми басылымдарда 500-ден астам ғылыми мақалалары жарияланғанын, 19 ғылыми жаңалық пен рационализациялық ұсыныстардың авторы екенін, ғылыми жетекшілігімен 60-тан астам ғылым докторлары мен ғылым кандидаттары, медицина магистрлері, РНД докторлары дисертация  қорғағанын айтсақ, Ерекеңдей жерлесіміздің ғылымдағы салмағы мен бәсі айқындала түседі. Осы жерде айта кетейік Ерболаттың зайыбы да республикаға танымал хирург-стамотолог, емхана басқарады. Үлкен ұлы Нұрлан – ата-ана жолын қуған дәрігер-ғалым.

Бүкіл Дәленовтер әулетінің қолы жетпеген биікке көтерілген Ерболаттың кенже ұлы Руслан болып отыр. Нұр-Сұлтан қаласындағы №10 мектепті алтын медальмен бітірген зерек жас Түрік Республикасының Стамбул қаласындағы Мармара университетінің халықаралық экономика және бизнес факультетін үздік дипломмен тәмамдаған. 1999 жылы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Кіріс министрлігінде бас маман болып еңбек жолын бастаған.   Руслан халықаралық деңгейдегі білімінің, алымдылығының арқасында өзгелерді мойындатып, қызмет сатысымен жоғарылады. Бөлім бастығы, басқарма бастығы, департамент директоры қызметін атқарған жерлесіміз 2018-2019 жылы Қазақстан Республикасы Қаржы вице-министрі, Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі болып абыроймен қызмет атқарды. Қазалының байырғы ұстазы Дербісәлі ағайымыздың немересі 2019 жылдың ақпанынан Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі болып қызмет атқарып келеді. Жерлес мемлекет қайраткеріне қызметінде толымды табыстар тілейміз.

Ерболаттан кейінгі Дәмегүлде сабақты «өте жақсы» бағаға үлгірді. Семей педагогикалық институтын бітіріп, математика пәнінен оқушыларға сабақ беріп, үлгілі ұстаз мәртебесіне жетті. Жұбайы Шарафадин Алтынбаев «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атанған ауданға белгілі тұлға. Мамандығы педагог. Мектепте ұстаздық етті. Директор, одан соң аудандық білім бөлімін басқарды. Қазалы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Ізденімпаз азамат қай кезде де өзіне міндеттелген қызметті абыройлы атқарып, ел алдындағы еңсесін әркез тік ұстады.

Қыздардың кенжесі Ақжарқын күйеуі Шарханмен бірге ұлағатты үш ұл өсіріп, немерелерінің қызығына кенелді. Қазір Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары.

Әулеттің кенжесі Бекболат мектепті алтын медальмен, Ақмола инженерлік-құрылыс институтын үздік бітірді. Институтта қалып ғылым жолын қууға бар мүмкіндігі болып тұрса да ата-ана алдындағы парызды өтеу мақсатымен туған ауылға оралды. Әртүрлі қызмет атқарды. Совхоздың кәсіподақ комитетін басқарды. Қартайған ата-анасы алдындағы перзенттік парызын өтеп, қас қабағына қарап, ауырғанда жанына демеу болып, арулап, бақилық орындарына қондырып, әулет шаңырағының иесі міндетін мүлтіксіз атқарды. Кейін Байқоңыр қаласына қоныс аударды. Бүгінде өзі жоғары білім алған Нұр-Сұлтан қаласында қызметте.

Аранды аулының дарабоз ұстазы Дербісалы Дәленов ағайымыз көңіл зердесінің ұшқырлығының арқасында балаларының болашағын көріпкелдей тап басып болжады. Олар жоғары білім алғанда ғана қоғамға пайда келтіретінін аңдап, перзенттерін оң жолға бағыттады. Ұрпақтарының жетістігі көзі тірісінде-ақ аяулы ұстазымызды, ауыл ақсақалын шаттандырып, мерейін тасытқанды. Бүгінде Дәленовтер әулеті жайлы жылы лебіздер тасқыны толастар емес. Жерлестері атақты Дәленовтерді аса құрмет тұтады.

Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеген майдангер-ұстаз есімін қайталап айтудың да еш сөкеттігі болмас.

Раушанбек СЕЙТЕНОВ,

журналист.

Қазалы ауданы.

ТАҒЫЛЫМ 09 наурыз 2020 г. 449 0