Тіл - ұлттың асыл құндылығы

Алыста қалған балалықтың өзі арманға айналады. Сонау қияндағы Аралда өткен балалық пен бойжеткен шағы уақыттың еншісіне неше естелік қалдырды десеңші. Ол енді екінші қайталанбайды, түбінде келмеске кеткенмен түбірі санада тұр. Алтынгүл үшін сол асқақ арман Аралмен бірге қайта түлегендей көрінеді. Сағымға айналған сағыныш туған жердің құдіретін қанықтыра түседі. Әсіресе, есейіп, ел таныған, елеулі белеске көтерілген кезеңі кеше мен бүгінді безбендей бастады. 

Ол қызметтің адамы, ертелі-кеш ел қамында жүреді. Отбасы мәселесін де қызметтен қолы қалт еткенде қаперге алады. Тіпті ұлы Нұрмағамбеттің маңдайынан бір иіскеп, мауқын басуға уақыт тарлық етеді. Себебі, әлгіндей, Алтынгүл ұлт тілі – ана тілдің айбары үшін айрықша атсалысушы азаматша. Оның ойы да төмендегідей пікірмен ұштала түседі.

«Тіл барлық кезеңде де ұлттық идеяның басты діңгегі мен мемлекеттік идеологияның негізгі іргетасы болып саналады. Тіл арқылы тілдесе де, бірлесе де аламыз.

Кеңестік кезең мен қазіргі уақыттың айырмасы жер мен көктей. Бұрын қазақша сөйлеу деген мәселені қозғай алмайтындай болсақ, қазір «неге қазақша сөйлемейсің?» дейтіндей дәрежеге жеттік. Уақыт өткен сайын мемлекеттік тілге деген бетбұрыс өзгеріп, жаңаша көзқарас қалыптасуда.

Тілге деген жанашырлық өз Отанын, жерін, ұлтын құрметтейтін әрбір адамның бойында бар және болуға тиісті қасиет. Себебі, өз елінің мемлекеттік тілін білуі, құрметтеуі – әр азаматтың асыл борышы.

Ата-бабаларымыздың аңсаған арманы, сарғайып күткен сағынышы – Тәуелсіздік туы желбіреген тұста біздің Сыр халқы қазақтың тіліне алғашқылардың бірі болып басымдық берді. 2001 жылы облыс республикада басқа өңірлерге үлгі болып, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге көшкен болатын.

Бүгінгі таңда облыс аумағында мемлекеттік тілді үйренуге ықылас білдірген азаматтардың көбеюіне байланысты қазақ тілін оқытып-үйрету курстары жүргізіліп келеді. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл саясатын насихаттау, оның ішінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, мәртебесін жоғарылату мақсатында өткізіліп келе жатқан іс-шаралардың да ықпалы зор» дейді ол.

Осындай игі істер мен жаңашыл идеялардың басы-қасында болып, өзінің еңбекқорлығымен және адал қызметімен бағаланған білікті әріптесіміз, облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және әдістемелік жұмыстар бөлімінің басшысы  Алтынгүл Нағыметқызы Әбжәлиева мерейлі 50 жасқа толып отыр.

Орда бұзар отыздың отында ширап, қамал алар қырықта қырға шыққан, ал, жарты ғасырдың жігерімен елдің елеулісіне айналған Алтынгүлдің өнегелі өмірі өзгеге үлгі, өзіне өмірлік сабақ. Уақыт та емші, бірде пісіреді, бірде демеп, бірде тежеп алады. Әрбір соқпақтың қатал да қызық естелігі ұзақ әңгіме.

Ол  1970 жылдың наурыз айында айдыны шалқыған Арал ауданында дүниеге келген. Жасынан білімге құштар қыз 1992 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірген.

Алғашқы еңбек жолын Қызылорда қаласындағы №235 орта мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастады. Он жылдан аса уақыт ұстаздық еткен  тәжірибелі Алтынгүл 2005 жылдың қазан айында Қызылорда облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының мемлекеттік тілді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы қызметіне келді. Тіл жанашыры, мемлекеттік саясатты сауатты жүргізу барысында ол 2015 жылдың ақпан айынан ономастика және көрнекі ақпаратты бақылау бөлімінің басшысы лауазымына өсті. Осылай аймақта ономастика заңдылықтарын қорғау мен сақтау, көрнекі ақпараттың тазалығына, дәлдігіне, дәйектілігіне ден қойып, тіл білімінің төрелігін төрге оздырды. Бұл – алаш арысы Жүсіпбек Аймауытовтың  «Ана тілі – жүректің терең сырларын, басынан кешкен дәуірлерін, қысқасы, жанның барлық толқындарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп сақтап отыратын қазына…» деген қанатты сөзін қастерлеген қасиеті еді.

Әрине, тіл маманы мемлекеттік қызметтің де таптырмас кадры, оған себеп 2018 жылдан облыстық ішкі саясат басқармасының тілдерді дамыту және әдістемелік жұмыстар бөлімінің басшысы қызметіне тағайындалуы болатын. Өріс пен өсу, өмірмен күресу, жақсылыққа ұмтылу – оның негізгі идеалы. Осы ұстанымы өмірлік қағидасы секілді. Бұл жолда Алтынгүл Нағыметқызы мол тәжірибесі мен күш-жігерін аянып қалған емес. Ел игілігі үшін білек түріп, белсене еңбек еткен 15 жыл ішінде Сыр өңірінде мемлекеттік тіл саясатының өркендеуіне елеулі үлес қосылды. Тіл тұғыры асқақтай түсті.  Оның өлшеусіз қызметі зор құрметке ие. Мемлекеттік тіл саясаты бағытындағы осындай табысты еңбегі үшін әр жылдары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің, Тіл комитетінің және облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталған.

Ең бастысы, әріптесіміз адами қалыбына кір жуытпай, ел алдында халықтың ықыласына бөленіп, абыройлы қызмет етуде!

Облыстық ішкі саясат

басқармасының ұжымы

 

 

ТАҒЫЛЫМ 13 наурыз 2020 г. 291 0