Сыр саңлақтарын самғатқан

Табиғаттанушы деген бар. Әдебиеттанушы деген де бар. Арыдағы Мұхамеджан Қаратаев сынды Сыр тумаларын айтпағанда, қазір де олар ортамызда жүр. Қызылорданың өзіндегі Қорқыт ата университетінде филология ғылымдарының докторы Бағдат Кәрібозұлы, Рақымжан Тұрысбек сияқты белгілі әдебиеттанушылар қызмет етеді.

Қызылордада тағы бір «танушы» бар. Таланттанушы. Бұл – жаңа бағыт. Әлі де сирек құбылыс. Аз ғана адамдардың бойында бар қабілет. Өзі мамандық, сала ретінде енді қалыптасып жатыр. Соны қалыптастырғанның бірі – біздің ежелден досымыз, әріп­тесіміз, сырласымыз – Жағыппар Қарабала. Сырдың тумасы. Бүгінде тұлғасы.

Жалпы аймақта өмір сүр­геніне қарамастан, орта­лықты, астананы мойын­дату – Сыр өңірінің қарымды қай­раткерлері мен қалам­гер­леріне тән. Исатай Әбдікәрімов 1978 жылы талайларды, оның ішінде саясатқа қатысты мақалалар жазуға талпынып жүрген студент бізді де таңғалдырып,  сол тұста республика бойынша екінші қызмет – Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Төр­ағасы болып шыға келген. Немесе Асқар Тоқмағамбетовті алайық. Қазақ сатирасының қолбасшысына айналу үшін ол кісіге Алматыны жағалап, Алатауды сағалаудың еш қажеті болмады. Сырдарияның жағасына оңаша үй тігіп алып, сонда жазған сықақтары бүкіл қазақ даласын күлкіге қарық қылды. Міне, осындай ерекшелік бүгінде Жағыппар Аманжолұлы Қарабалаға тән.

Таланттанушы дегеніміздің әлемдегі атауы – продюсер. Қазақстанға ХХІ ғасырда жете бастаған кәсіп. Оның көшін бастағанның бірі де бірегейі Жағыппар Аманжолұлы өзін өзі даярлады, жетілдірді. Өйткені, ол журналистік мамандықты таңдаған өткен ғасырдың жет­пісінші жылдарының ор­тасы тұрмақ, қазіргі заман­ның өзінде продюсер болудың арнайы оқуы жоқ.

Иә, әзірге біздің телевизия мен өнер салаларында бағыт­талған факультеттерде жур­налист, режиссер, теле­жүр­гізуші, оператор, дизайнер сынды мамандықтар оқы­тылады. Ал продюсер болуды өмірдің өзі үйретеді. Осылай үйреніп, өзі кемінде отыз жылдық тәжірибе жинақтаған Жағыппар Аманжолұлын қа­зіргі қазақ ортасындағы ең үздік продюсер, яғни талант­танушы деп санаймыз.

Еліміз енді тәуелсіздік алып жатқан тұста Қазақ теле­ви­зиясында танымал болған «Әнші балапан» бағдар­ламасына Қызылорда облы­сынан ұл-қыздарды тауып, анықтап, аудан, қала, одан облыстық електен, аны­ғында сайыстан өткізіп ел астанасындағы қорытынды бәсекеге аттандыру – Жағыппардың продюсерлік жолындағы алғашқы қадам еді. Сол қадамында-ақ ерекше табысқа жетті. Бұл бірінші рет алтын іздеп шыққан геологтың  сол алтынды бірден қолына ұстағанымен бірдей шығар.

Жағыппар Аманжолұлы сонау 1992 жылы респуб­ли­калық «Әнші балапан» телевизия конкурсы үшін Қызылордадан Мәдина Сәдуа­қасованы әкелді. Тап­сырма өзінің тікелей басшысы, сол кездегі облыстық телевизия және радио хабарлары коми­тетінің төрағасы Әбдіжәлел Бәкір ағасынан түседі. Қайткенде де Алматыға жас балалар атынан облыстың намысын қорғайтын әнші баруы керек. Мәдина болса бірден жарқ етіп, облысың не, республикаға танымал болып шықты. Оның талант бұлағының көзін ашқан Жағыппар ағасы екеніне ешкімнің таласы жоқ.

Алмас Кішкенбаев та солай табылған. Ол өзін тапқан, тәрбиелеген Жағыппар ағасының сенімін ақтап, «Әнші балапан» конкурсынан республикалық Гран-при алып оралды. Одан облыстық дең­гейге қайта түсіп қалмай, Париж бен Таллинге бірден қанат сермеді. Бірінде фестивальдағы айтулы әнші атанса, екіншісінде «Super Star»-дың жеңімпазы болып, шынында ән көгіндегі жаңа жұлдыз болып жарқырады.

Егер таза табыс, пайда іздеген продюсер болса екі талантты тізгіндеп ұстаса жетер еді. Солардың концерттен, жарнамадан, клиптен және басқасынан түсіретін табыс­тарынан шөміштеп емес, шелектеп көсіп алып отыра берсе де жарасады. Тапқан, ашқан өзі. Ешкімнің дауы жоқ. Енді заңды түрде шарт жасап, қарамағына алып, әрі қарай жеке жетегінде ұстауына болар еді. Ресейде талай продюсер талай әншіге осылай істеген. Бірақ бәрі күндердің күнінде ақпарат құралдарындағы ашық даумен, тіпті жабық соттармен аяқталып жатты.

Ондайды білсе де, білмесе де Жағыппар талантты жасты заң жолымен меншіктеу әрі сол арқылы пайда табу дегенге жоламады. Қайта олар­дың жолдарын ашып беріп, өнер аспанына өз қо­лы­мен аттандырып жатты. «Қиналсаңдар айтыңдар, кө­мек беруге дайынмын» деді. Қолынан ұшқан таланттың бәріне аға болып, әке болып Қызылордасында қала берді. Бұл кезде Парламентке депутат болып кеткен Әбдіжәлел аға­сының орнында өзі отырды.

Бірақ, болдым, толдым демеді. Қызылорда телеви­зия­сында ақыл айтылатын алқалы жиынның, шашу шашылған тойдың қандайы өтпесін төрінде отыруға, бірінші сөзді беруге Әбдіжәлел Бәкірді ша­қы­ратынын өзіміз талай рет көзімізбен көрдік. Мұның аты – аға сыйлау. Бүгінгілер арасында жоғала бастаған қасиеттің бірі. Соны сақтап, ұстанып отырған Жағыппар Қарабаланы қалай құрметтемеске!

Әбдіжәлел Бәкір сынды көзі тірі ағалардан қаймықты, сөз естіп қалармын деп қорықты, сол үшін шақыратын шығар деп ойларсыз. Онда өзіміз бірнеше рет куәгер болған Жақсылық Бекқожаев, Есенгелді Шілдебаев сынды өмірден өткен телевизияның тарландарының құрметіне өткізілетін спорт турнирлеріне не дейсіз?! Демек, өткенді құр­меттеу, өзіне дейінгі тұл­ғалардың тірі болса батасын алу, өлі болса аруағын риза ету – «Қазақстан» Республикалық телерадио корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық фи­лиалының директоры Жа­ғып­пар Қарабаланың қанында бар қасиет.

Енді өзіміздің сорабымызды тауып, таланттанушының одан арғы табыстарын тізбелейік. Гүлнұр Оразымбетова. Сыр­дария жағасынан шыққан жас толқынның тағы бір өкілі. Оны біздің филиалдың директоры Жағыппар Қарабала 13 пен 18 жас аралығындағылар үшін ұйымдастырған «Таңшолпан» конкурсында тапты. Қатысқан жылы-ақ Гүлнұр жеңімпаз атанды. Кейін осы облыстық «Таңшолпан» байқауының бес жылдығы құрметіне барлық жеңімпаздарын жарыстырады. Бұл да ойы озық, санасы тұнық, яғни ақшамен тұман­данбаған продюсердің тап­қыр­лығы шығар. Сонда Гүлнұр үздіктердің ішіндегі үздігі атанып, Гран-приді иеленді.  Кейінгі республикалық «Жас қанат» және басқа байқау­лардың жеңімпазы болып жүрген әнші қызға өзін қанат­тандырған облыстық теле­визияның жүлдесі бәрінен қымбат шығар деп ойлаймыз. Сол Гүлнұр жылдар жыл­жығанда өзі алғаш жеңімпаз атанған «Таңшолпан» байқауы аттас, тек енді республикалық арнадан шығатын бағдарламада жүргізуші болып отыр. Бойында Жағыппар ағасының тәрбиесі болғандықтан, оған  таңғалудың реті жоқ.

Өмірқұл Айниязов. Бұл – таланттанушы Жағыппар ашқан келесі қазына. Әлгі «Әнші балапан» байқауына тағы бір жылы ауыл аралап жүріп тауып келген жас өнерпазы. Телевизиядағы жа­рыққа қарауды да, залда отыр­ған халыққа қарауды да оған жалықпай үйретті. «Әнші балапаннан» соң Сара Назарбаеваның қорының қам­қорлығымен өткен «Ай­на­лайын» халықаралық фес­тиваліне апарды. Сөйтіп Сырдан кезекті өнер сұңқары қанат қақты.

Бұл жолы да Жағыппар алдымен таланттанушы бол­са, одан әрі дағдысымен ұстаздық, тәлімгерлік қабілетін байқатты. Өмірқұлға «сен жалаң эстрадаға жүгенбе» деді. Сыр бойы толған жыраулар. Сол құтты өлкенің дәстүрін жалғастырып этнографияны, яғни толғауларды жаңаша орындауды тапсырды. Осы­лайша Өмірқұл Айниязов этнорок жанрындағы орын­даушы болып қалыптасты. Оның концерттерін телевизия арқылы насихаттады. Өйткені, Алматы мен ел астанасындағы көптеген концерттер таза эстрадалық сипатта өтіп, этнорок ескерілмей жатады. Ендеше халық Өмірқұлды тануы мен өнеріне тамсануы үшін телевизия төрінен көбірек орын берілсін. Бұл орайда Жағыппардың қатесіз, тура саясат ұстанғаны даусыз.

Телевизия директоры тұ­сауын кесіп, өнер сапарына аттандырғандардың ішінде Би­бігүл Жанұзақтың жөні тіпті, бөлек. Қазалы ауда­нын­дағы Үрмаш Түктібаев ауылынан тауып еді. Облыстық телевизия ұйымдастыратын түрлі конкурстар туралы әр ауданның білім және мәдениет бөлімдеріне хат жолдайтын. Ондағылар «анда анау бар», «мында мынау бар» шама-шарықтары келгенше ауылда жүрген жастардың, көбінесе оқушылардың аттарын атап жауап беріп жатады. Ондай жауап келген соң Жағыппардың өзі ерінбей барып талантты баланы көреді. Бибігүл де тура осылай табылды.

Оның алғаш «Қазақстан» республикалық телерадио кор­порациясының Қызылорда облыстық филиалындағы бай­қаудан басталған жолы «Астана Операның» соли­сіне дейін жалғасты. Ортада Италияның Йези мен Болон қалаларындағы опера театрларында шеберлік сыныптарынан өтті. Одан да зоры Миланда Ла Скалада әлемді мойындатқан Мирелла Френнидің шеберлік сыны­бында шыңдалды. Өнердің ақ көгершінін Жағыппар ағасы ұшырып, Мирелла қа­был­дады. Қазірдің өзінде Бибігүл алған жүлделер оннан асады.  Ғ.Жұбанова атын­дағы, Н.Сабитов атындағы, Ф.Шаляпин атындағы, Б.Тө­ле­генова атындағы, М.Биешу атындағы, Ш.Қалдыаяқов атын­дағы қаншама фестиваль, байқауларда лауреат атанып жүр. Опера сахнасында қазақ арулары Қыз Жібектің, Сараның, Қамардың, әлемнің опералық кейіпкерлері Татья­наның,  Барбаринаның, Ми­мидің, Манонның арияларын асқақтата айтып, рольдерін ерекше шабытпен орындауда. Өз басымыз Шәмшінің көп шырқала бермейтін «Ғашық күндер» әнін осы Бибігүл қызымыздың орындауында Астана концерт залында сүйсіне тыңдап едік. Сөзі мәнді, әуені дәмді әндерді таңдап, талғап орындауды әу-баста Жағыппар ағасы санасына сіңірген. Міне, содан Бибігүл әлі ауытқыған емес.

Тағы бір опера және балет театрында Қызылорда облыстық филиалының дирек­торы тапқан кезекті талант ария шырқап жүр. Тахауи Рахметов. Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театры. Жетекші солист.

Осы Тахауиді алып келгенінде бұған дейін Жа­ғып­пардың алдынан шы­ғып көрмегендер «мына қап-қара бала қалай ән айтып, жұл­дыз болады, дәл осы тұста қателескен шығарсың» деген. О құдірет, біздің Жағыппар Қарабала қателеспепті. «Мұ­ның дауысы тура Нұрғали Нүсіпжановтың жас кезіндегі дауысындай» деп өзінің байламын айтқан. Сөйтіп қап-қара баланың алдынан әппақ жарық жол ашқан. Облыстағы «Таңшолпан», рес­публикалық «Әнші ба­ла­пан» байқауларында қара бала өзін танытты. Оған атын берген Тахауи Ахтанов қазақ әдебиетінде қандай дарабоз жазушы болса, ән өнерінде жас Тахауи солай танылып жүр.

Ербол Шәріповті тауып шыққаны одан да қызық. Тура Майкл Джексонның сахнадағы «Айкезбе жүрісін» қайталай алатын бала туралы естиді. Әнін тыңдайды. Сосын оны да кезекті байқау мен фестивальдарда жарқ еткізген. Қазір Ербол – «Азия» тобында әнші.

Түгендеп біттік пе, өзі? Жоқ. Гүлхан Сіргебаева қалып барады екен. Жағыппардың аялы алақанынан шығып, «Гүлдер» ансамблінде әнші болған Гүлхан бұл. Онда Роза Рымбаев да, Мақпал Жүнісова да, Сенбек Жұмағалиев те штаттағы әнші екенін ескергенде Сырдан ұшқан жас қарлығаштың қандай биікке бірден жеткенін байқауға болады. Гүлхан – Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. Біз оның курстасы Дәулет Болатбаевпен қосылып орындаған «Асыл анам» әнін сүйсіне тыңдап едік.

Бір қызығы, Гүлханның әкесі мектепте Жағыппардың өзіне музыка пәнінен сабақ беріпті. Ол кісі баянда өте керемет ойнаған. Қызын қолынан жетектеп, Қызылорда облыстық телевизиясына әкелгенде Жағыппарда Гүл­ханды бірден байқауға қос­қаннан басқа амал қалмаған. Біріншіден, ұстазының өзі сеніп тапсырып тұр. Екіншіден, мынадай жас таланттың жолын байлау күнә болмақ. Әр-беріден қазақтың «іздегенге – сұрағаны» дәл келіп тұр емес пе!

Осымен санақты тоқ­татайық. Сыр таланттан кенде болмаса, біздің шаршау мен шалдығуды білмейтін досымыз олардың үлкен өнер жолына аттандырудан еш танбақ емес. Өйткені, екінің бірінің басына бұйырмаған «таланттанушы» деген бақ Жағыппар Аманжолұлы Қарабаланың басында тұр.

Қайнар Олжай,

«Qazaqstan» Ұлттық арнасының бас редакторы

Нұр-Сұлтан қаласы.

ТАҒЫЛЫМ 14 наурыз 2020 г. 284 0