Тұғыры биік тұлға

Кісі болмысы – ғажайып жұмбақ. Кейде өмір бойы араласып, қасыңда бар ізгілік шуағын төгіп жүрген адамның өзі жоқ жерде сыр алдырып қоятынын байқап жүрмін. 
Абдулла ағаммен көптен араласамын, егер осы уақыт аралығында ағайындығымыздың, достығымыздың нәзік сезіміне титімдей де қылау түспеген болса, оның сырын өзімнен бұрын ол кісінің азаматтық болмысының ерекше жаратылысымен байланыстырған болар едім.  Менің пайымдауымда нәзік сезімді Әбекең өзі дұрыс санаған адамды жылы шырай танытып баурап алады. Иә, ол құрметке мұқтаж болған жоқ. Елі оны біліктілігі, азаматтығы үшін құрметтеді. Байсалды жүріс-тұрысымен, таза, адал еңбегімен есімі дүйім жұртқа мәлім болды. Бірақ Әбекең мастанбады, шаттанбады, орынсыз жерде сөйлеп, көлгірсуді азаматтық арына қолайсыз, жағымсыз нәрсе деп ұқты.  
Біз оның есімімен мақтандық. Әлбетте, ағайындығы, достығы болғаны үшін көңілімізді мақтаныш сезімі кернеді. Кейде ойға батып, оның сырына үңілгендей боламын. Сөйтсем, негізі тым тереңде жатқан сияқты. Бәлкім, тектілігінен, әлде барлығына қарапайым өмір заңдылығы ережесімен қарайтын өзіне тән ақылды болмысынан шығар деп ойлаймын. Қазақта: «Бидай­дың кеудесін көтергені дақылының жоқтығы, жігіттің кеудесін көтергені ақылының жоқтығы» деген бейнелі сөз тіркесі бар. Бүгінде өмір бойы тірнектеп жинаған абыройын кеудесін көтермей-ақ жоғары ұстап, өзгені өзін амалсыз сыйлатуға мәжбүр еткен Әбекеңнің бүгін 70-тің асуын бағындырып, республика, облыс жұртшылығы алдында есеп беру сәті туғанда мақаламды шынайы сезімнен шыққан осындай шуақты сөздерден бастауымды өзімнің іні ретіндегі алғаусыз парызым деп ұқтым.
Әбекеңнің өзімен сырластым. Әріптестерімен ой бөлістім. Өмірбаянына үңілдім. Сонау 70 жылдардың алғашқы кезеңінде Алматы мемлекеттік медицина институтын, емдеу ісі факультетін бітіргеннен еңбек жолын облыстық аурухананың хирург дәрігері қызметінен бастапты. 1982 жылдан сол бөлімшенің меңгерушісі. Абырой оңайлықпен келмейді. Ол ізденіс, табанды еңбектің жемісі. Алғыр жас алдымен ұстаздарынан тәлім-тәрбие алды. Тізе берсеңіз қаламның ұшы мұқалады. Шәдібай Абдуллаев, Ернияз Омаров, Тұрғанбай Маханов, Сағымбай Құлсартов, Бекей Жақыпов, Кенжебек Елжанов, тағы басқалары бұл тұрғыда оған адами тұрғыдан да, мамандықтың қыр-сырын меңгеруде де алғаусыз көмек, қолдау көрсеткен облыстың белгілі азаматтары еді.  
Әбекең білімін тереңдетті. Жалықпады, ерінбеді, Мәскеу, Киев, Алматы қалаларындағы белгілі клиникаларда оқыды, атақты профессорлардан дәріс алып, тәжірибе алмасты. Талапты жігіт көпке бармай жақсы маман-оташы ретінде елдің көзіне түсті. Ел оны таныды. Арнайы іздеп еміне жүгінетіндер көбейді.
Жаңашылдыққа жаны жақын ол талмай ізденді. Лазерлік қандауырды және эндовидео­лапараскопиялық оталарды, ас­қынған перитонитте озонды қолдануды, клиникалық тәжі­рибеде лимфажолдары арқылы дәрі-дәрмекті енгізу тәсілдерін елімізде алғашқылардың қатарында енгізді. Қысқасы, жай ұғымға салғанда хирургияның қыры мен сырын игерді. Әріп­тестерінің алдынғы шебінен көрінді.
Осының барлығы, әлбетте, мамандардан басқаларға түсініксіздеу болып көрінеді, ал шындығында хирург болу – күрделі міндет. Ота үстінде күтпеген қиындықтар кездеседі. Адамның қан тамырынан шапқылап аққан қанды, тынымсыз соғып тұрған жұдырықтай жүректі көріп тұрып, осының барлығына аса бір салқынқандылықпен қарап қана қоймай, ота жасап, оны сәтті аяқтау кез келген маманның қолынан келе бермейді. Бұл, біле білсеңіз, адамның өмірі үшін жауапкершілік. Хирург кез келген уақытта тез шешім қабылдай білетін қасиетке ие болуы шарт. Ең бастысы, адамның өмірі бірінші критерийге айналғанда оташының біліктілігімен бірге психологиялық дайындығы алғашқы кезекке шығады. Қиын отаны мінезі салмақты, білімі терең, түйсігі мол білікті маман ғана жасай алады. Мамандар Абдулла Сыздықұлының бұл орайда еліміздегі белгілі хи­рургтардың бірі екенін мақ­танышпен айтады.
Мамандар бағалады. Оған академиялық медицина профессоры атағы берілді. Мұндай жоғары ғылыми атақ практикалық жұмыспен айналысатын хирургтар арасында өте сирек. Әбекең бірнеше жыл облыстық медицина орталығының директоры қызметін атқарып жүрсе де, хирургиядан қол үзбеді. Талай күрделі оталар жасады. Оған уақыт тапты. Таңмен таласа тұрып негізгі жұмысы басталғанға дейін ота жасап үлгіретін. Жоғары біліктілік санаттағы хирург бүгінгі таңда 12 мыңнан астам хирургиялық ота жасапты. Қазақстанда алғашқылардың бірі болып лазер сәулесін хирургияда пайдаланып, облыста алғашқы болып аорто-бифе­моралдық шунтирование отасын жасады.
Әбекеңнің   ғылыми   еңбектері бірнеше кітаптарды қамтиды. Қазақстанның, ТМД елдерінің бірқатар хирургтарының бас қосуларына, ғылыми форумдарға белсене қатысты. Медицина ғылымдарының докторы, профессор  Сағындық  Ордабеков «Мен Абдулла Сыздықұлын 40 жылдан астам уақыт білемін. Көз алдымда білгір хирург-маман, шебер ұйымдастырушы ре­тінде сатылап өсті. Табиғат берген еңбексүйгіштігінің, ізденімпаздығының арқасында хирургиялық шеберлігі жыл санап өсіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ортамызда осын­дай азаматтың өсіп шыңдалғанына ерекше мақтанамыз. Іні­міздің үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, иіліп тұратын мінезі оған деген ризашылық сезімін туғызады», – деген еді бір әңгімесінде. Ол кісінің айтуынша, бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан білімді хирургтар жоқ емес. Бірақ олардың ішінде жаңа технологиямен жұмыс істеуге қолдарының икемі келе бермейтіндер көп. Сондай-ақ отаны керемет жасағанымен ізденісі төмендеу дәрігерлер де бар. Бұл орайда біз сан-қырлы қабілетімен әріптестерін таңдандарып, сүйсіндіріп, несін жа­сырайық, олардың пендешілік қызғанышын тудыратын Абдуллаға деген сүйіспеншілігіміз ерекше. «Денсаулық сақтау саласындағы әрбір маман өз ісіне жауапкершілікпен қарап, еліне осылай адал қызмет етсе, халықтың медицина қызметкерлеріне деген сенімі күшейе түсер еді», – дейді бұл орайда белгілі дәрігер Тұр­ғанбай Маханов.
Халқымызда «Ниеті тәуір жігіттің жүрісінде мін болмас, айтқанында зіл болмас, көңілінде кір болмас» деген сөз бар. Әбекеңнің болмысы тап осындай болған соң оның қасына игі жақсылар жиналатын әрдайым. Ондайларды, әдетте, өзі жақындатты, өзгелер оған, әлгі айтқандай, көңілінде кірі болмаған соң өздері жақындады. Күншіліктен, қызғаныштан ада болған соң, ішінде бөтен пікір сақтамайтын ар тазалығы үшін жақындады. Біз білетін Әбекең ешкімнің алдында есеппен бас имепті. Бұны азаматтың өзін қадірлегені, құрмет тұтқаны деп түсінген абзал. Әркім сыйласқанының құлы дейді. Ол кісінің бұл орайда өзінің қызметіне титімдей де «пайдасы жоқтармен» араласып, кез келген уақытта ақылын беріп, жөн сілтейтін азамат екенін де білеміз.    
Осы орайда, реті келген соң айта кетейік, аға буын әріптестерінің пікірінше, Абдулла Сыздықұлы – бәзбіреулер секілді жас мамандарға іштарлық жасамайтын, білгенін жайып салып, ой-пікірмен бөлісіп, ота жасаудың қыр-сырын үйретуден жалықпайтын өр тұлғалы азамат. Қол астында еңбек еткен талапты хирургтардың бірқатары кейін бөлім меңгерушісі, клиникаларды, республикалық ғылыми медициналық орталықтарды басқарды. Олардың қатарында ғылыммен айналысып, кандидаттық, докторлық диссертация қорғағандары да баршылық. Сыр өңіріне, елімізге танымал тұлғалар – Болат Баймаханов, Марат Абдуллаев, Нариман Табынбаев, Сәбит Әбдірайымов, Дамир Дәулетбаев, т.б. әріп­тестері «Біз Абдулла Шүленбаевтың шекпенінен шыққан шәкірттеріміз» деп мақтанышпен айтып отырады.
Өмірде ізденіс, ұдайы талап үдесінен көрінгенде ғана биік асуларды бағындырасың. Әбекеңді аудандық және қалалық ауруханалардағы әріптестерінің шақыруымен ота жасап жатқанын көрсеңіз бұ­ған ешқандай таңырқауға болмайды. Соңғы жылдары ғана ол санитарлық авиацияның тапсырысымен аудандық ауруханаларда болып, көптеген оталар жасады. Жасаған оталардың күрделілігіне, ауырлығына қарамастан оның сәтті аяқталатынына жұртшылық сенімді. Сол үшін шақырады, азаматтығына, біліктілігіне сенген соң шақырады.
Білетін әріптестері А.Шүленбаевты жаңа формацияның дәрігері деп атайды. Себебі ол республикалық, халықаралық медициналық басқосуларға, съездер мен симпозиумдарға қатысып, әлемнің белгілі хи­рургтарымен тәжірибе алмасады, қысқасы, ұдайы ізденіс үстінде жүреді.
– Өмірде барлығы жіптіктей бола бермейді, – дейді Әбекең бізбен әңгімесінде. – Бүгінде өмірдің мың сан түйіткілдерінен әбден жүйкесі жұқарған пациенттер мен олардың жақындары кейде бар ашуын дәрігерлерден алғысы келеді. Әрине, ондайлар көп емес. Дегенмен, тәжірибелі дәрігер олардың көңіл күйін дұрыс түсініп сабырлылыққа, ізеттілікке шақырғаны абзал. «Жақсы дәрігер болу үшін біріншіден жақсы адам болу керек» деген ертеден қалыптасқан пікір бар. Егер сенің орынды сөзіңнен кейін науқас сабыр таппаса, онда сенің қателігің. Сондықтан өзін сыйлайтын дәрігер сырқатпен, оның жақындарымен тіл табыса білу керек.
Әбекеңнің осынау қысқа тұжырымды пікірінен оның азаматтық болмысының тағы бір қырын танығандай боласың. Оған деген сүйіспеншілігің, құрметің бұрынғыдан да арта түседі. Әбекең әрдайым жас әріптестеріне «Сен дәрігер мамандығын таңдапсың, ендеше оған адал бол. Бірден көп айлық табамын деген ойды санаңнан шығар. Еңбегіңді ел-жұрт атқарған ісіңе, тазалығыңа, пейіліңе, білімділігің мен біліктілігіне қарап бағалайды. Сонда ғана елге сыйлы дәрігер бола аласың. Егер олай болмасаң, сен өмірде қателік жібердің, мамандықты дұрыс таңдамадың. Осыны әрдайым есіңде сақта» дейтін көрінеді.
Түсінген адамға бұдан артық қандай жанашырлық пен қамқорлық керек. Айтатыны жоқ, қазір дәрігерлерге сұраныс көп. Осыған сәйкес міндетті орындау үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсету де керек шығар. Әңгіме барысында Әбекеңнен осындай ой тұжырымын да естіп білдік.
Дәрігер А.Шүленбаевтың отандық медицина саласына сіңірген еңбегі орасан зор. Ол лайықты бағаланып келеді. Өткен жылы Президент Жарлығымен «Құрмет» орденімен, одан бұрын Елбасының «Алғыс хатымен», «Шапа­ғат», бірнеше мерекелік медальдармен, республикалық медицина саласының, облыс­тың денсаулық сақтау басқарма­сының көптеген құрметті атақтарымен марапатталды. Мамандардың пікірінше, А.Сызғанов атындағы хирургия ғылыми орталығының «Хирургияның дамуына қосқан үлесі үшін» медалінің мерейі барлығынан үстем тұрады.
Марапат жөнінде Әбекеңнің өз ұстанымы, өз көзқарасы да ешкімге ұқсамайды. Ең бастысы, халықтың сый құрметіне бө­лену, ортаңда абыройлы болғаннан артық марапат жоқ деп түсінеді.
– Қазір көпшілік сол марапаттарға селқос, енжар қарайды. Кейде құндылықтың қасиетін кетіріп жатқан өзіміз емеспіз бе, дегенде сауал мазалайды сананы. Бұл орайда санамызды ойланып түзейтін мезгіл жеткен сияқты. Адамға өмір сыйлаудан асқан бақыт бар ма? Осы уақытқа дейін көңіліме бірнәрсені тоқыдым. Өмірдегі көп қызықтардан шет қалмай жақсы дәрігер бола алмайсың. Тәуліктің кез келген уақытында төсектен тұрғызып, ота жасауға шақырғанының өзі бір ғанибет. Сенің көмегіңе біреу мұқтаж. Өзіңді тежей алмайсың мұндайда, – дейді Абдулла Сыздықұлы ағынан жарылып.
Иә, Әбекең бүгінгі мерейтойына ақылымен парасаттылығы бір арнаға тоғысқан шағында жақсы келді. Абыроймен келді. Менің пайымдауымда, ол кісі – бақытты адам. Елге белгілі тұлға. Кемел жасқа келу дегеніміз – мәуелі жемісіңді жеу, депті ертеде бір есті кісі. Ал Әбекеңнің өсірген жемісі – шынында да мәуелі. Сүйікті жары дәрігер физиотерапевт Сәбира жеңгемізбен екі қыз, бір ұл өсіріп өмірге қанат қақтырды. Қызы Айнұр – экономист, Шолпаны – дәрігер кардиолог, ұлы Тимур – заңгер, транспорт прокуроры. Оған желкілдеп өсіп келе жатқан немере-шөберелерді қосыңыз.
Әбекең өз бақытын өзі жа­саған азамат...
Әріп Қожбанов,
Сырдария ауданының құрметті азаматы.

ТАҒЫЛЫМ 21 наурыз 2020 г. 297 0