Адами болмысты өнер арқылы таныған Сейсен

Адами болмысты өнер арқылы таныған СейсенАта-бабаларымыз айтып кеткен қазақ халқының сан-салалы пәлсафасының жібек жіпке түйген түйіндей  болған асыл ақиқаттарының бірі «бейкүнә сәби шыр етіп осы дүние есігін ашқанда, бір жердің шаңы бұрқ етеді» дейді, «топырағың менен бұйыратын болды деп». Ес кіріп, есейген шақта осы ақиқаттың шынайылығын көрсететін жайларды басымыздан өткере бастадық.
Шынында да, Жаңақорған топырағында, қарт Қаратау баурайында дүниеге келген, Қызылорда қаласындағы орта мектеп-интернатты қатар құрбыларымен иықтаса жүріп бітіріп, өлеңмен қанаттанған Сейсен Мұқтарұлы Қазақ мемлекеттік универ¬ситетінің журналистика факультетін бітір¬геннен кейін Ресейдің атақты Байкал көлінің маңында әскери борышын атқарып, елге аман-сау олжалы оралғанында әсем Алматының «ақ нанын» ғұмыры бойына татып, дүлдүл ақын-жазушыларымыздың ту тіккен ордасында өмірінің ақырына дейін жүре беретініне сенімді еді. Өйткені, жөргегінен ақындыққа оралып туып, жылап жүре өскен Сейсен «Алматыда өлетін ақындардың» көшіне ілігетінін мектеп қабырғасында-ақ дәлелдеген еді. Оның сұңғыла саңлақ келбеті 10-класта жазған, өз өмірінен алынған «Ана туралы баллада» атты өлеңінде жарқ ете қалған болатын, тыңдаушыларының таңдайын қақтырып, көздеріне жас үйірген. 
Бірақ, бәріміз куә болғандай, алдына қойған творчестволық биік мақсаттары мен Алланың бұйыртқан дәм-тұзы Сейсендей пендесін «көмбеге шығар соңғы айналымдарында», адуын жырдың дүлдүлі Мағжан ерекше қасиетін мадақтап кеткен қазақтың қасиетті жері Түркістанына келтіріп қана қоймай, сол жерде тынымсыз да ізденімпаз жанына мәңгі тыныштық тапқызды. Сөйтіп, қаншама тындырғанынан гөрі алдына жоспарлаған тірліктері әлдеқайда көп, «инемен құдық қазған Сейсен аға» (Шәкизадаша) бүкіл қазақтың бетке ұстар атпал азаматтары – ханы мен сұлтаны, биі мен батыры тыныстап, бақилықта бастарын қосып жатқан «Ұлы қауымға»  келіп қосылды. 
Қайран, бал татыған балалық шақ, «бүгіннің қызығынан» бас көтертпеген жігіттік дәурен, дер кезінде қадіріңді кім білген дейсің?! Ақыл тоқтатқанда ғана «өмірдің бес күндік екендігіне» көзің жетіп, көңілің тоқайрап, алды-артыңа көз тастайсың. Ал жас уақытта ғұмырымыз өзімізге мәңгілік тұратындай боп көрінетін, өлімді де ешбір ойламайсың, жастықтың жалыны басылмайынша. 
Жаңақорған ауданындағы Кейден ауылында дүниеге келіп, балалық шағын сол өңірде өткізген Сейсен өзінің есею жылдарын біздермен бірге Қызылорда қаласындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатта кеңес халқы ұрандап өмір сүрген сонау 1960 жылдары өткерді. Сол жылдары облыстың барлық аудан-ауылдарынан білім мен өнер іздеген талапты жастар бастарын қосқан болатын. Таланттыларға жол ашқан осы білім ордасынан елімізге танымал ондаған ақын-жазушы, ғалым мен қайраткер, білікті мамандар түлеп ұшты. Көркем сөзге қабілеті ерте оянған Сейсен мектепте жас әдебиетшілер үйірмесін жүр¬гізіп, өзіндей арман қуған Көбей, Ибрагим, Иранбек сынды жастардың басын қоса білді. Тырнақалды шығармалары «Қазақстан пионері» газетінде 1963 жылы жариялана бастады, ал студенттік жылдарда алғашқы өлеңдер жинағы «Бүлдіршін» деген атпен 1967 жылы жарыққа шықты.
Атамыз қазақ айтқанындай, «өлетінін білетін бала дана болары» да рас-ау, өйткені осынау ақиқатты қуаттайтындай өмір сүрген қазақтың асқақ тұлғалы ұл-қыздары арғы-бергі тарихымызда баршылық. Менің өз пайымдауымда Сейсен Мұқтарұлы сондай ұлдардың бірі. Өйткені, бұл фәнидегі адам өмірінің қысқа боларын, мүмкін, өз өмірінің де ұзақ болмасын болжай алған Сейсен, бұл жарық дүниедегі әрбір күніне әлдебір кісілердің айлық өмірінің мазмұнын сыйдыра білді. Сондықтан да оның артында бай рухани мұра – бірнеше жүздеген ғылы¬ми-танымдық сипаттағы мақалалары, жиыр¬мадан аса кітап жинақтары қалды.
 Мен оның 25 жасында шыққан «Құм кешкен керуен» жинағында айтқан мына бір өлең жолдарына еріксіз қайта орала беремін:
«... Көзім тіріде кемістігіме күліңдер,
Еңіреп тұрып мадақтау үшін өлгенде».
Студенттік жылдарда «Жазушы» баспа¬сында корректор болып қосымша қызмет атқарған Сейсен әскер қатарынан қайтып оралған 1971 жылдан бастап Мемлекеттік баспа комитетінде, одан Қазақ Совет энци¬клопедиясының Бас редакциясында, «Өнер» және «Жалын» мемлекеттік баспаларында 1994 жылға дейін аға ғылыми қызметкер, редактор және редакция меңгерушісі болды. 1994 жылдың аяғында ол мемлекеттік тапсырыс бойынша «Жеті жарғы» және «Жалын» баспаларында қызмет етті. Мем¬ле¬кеттік архив құжаттары негізінде «Ресей империясының далалық облыстар қырғыз¬дары туралы заңдары» атты көптомдықты құрастыруға қатысты және орындаушы автор ретінде «Кәмпеске» төрт томдығын даярлауға кіріседі.
Сейсеннің сәулет пен кескіндеу өнеріне, жалпы өнер тарихына ден қоюы Алматы көркемсурет училищесінің студенттерімен достық қатынасқа түскен кезеңнен бастау алады. Қызығы сол, журналистика факультетін 1969 жылы бітірерде өз бетімен жазған «Қазақстан мен Орта Азияның тарихи архитектуралық ескерткіштері» атты диплом жұмысына сын-пікір беретін мұғалімді ҚазМУ-дан таба алмай қиналғаны бар. Одан әрі энциклопедияның Бас редакциясында өнер бөлімінің жетекші маманы ретінде 1000-ға жуық тақырыптық мақалалар жазуымен ол танымал өнер зерттеушісі болып қалыптасып, ғылыми көпшілікке танылды. Осыншама абыройдың айғағы ғой, 1984 жылы Шоқан Уәлихановтың 150 жылдық мерейтойына арнап лайықты зерттеу еңбегін шығаруды ғұлама Әлкей Марғұланға беру жоспарланғанда, ақсақалдың «Шоқан және өнерді» дүниеге келтіру салтанатын Сейсенге өз еркімен бергені ерекше жайт. Сенімді ақтаған Сейсен ұлы ғалымның кескін-келбетін айбындата ашатын сом дүниені, өте құнды және көркемдігі ерекше ғылыми зерттеу еңбегін дүниеге әкелді. Бұған қоса ол сол жылы  заманымыздың атақты суретшілерінің бірі Қанапия Телжанов туралы «Ата мекен» атты тарихи ғұмырнамалық кітабын да «Өнер» баспасынан жарыққа шығарды.
«Өзгелер Абай мен Махамбеттен ұзап шыға алмай жүргенде, Сейсен «Күн желкен немесе Қорқыт ата дастаны» (1990) атты эпикалық тынысты дастан жазды», – деп жазады Серік Байхонов. Ол қазақ ақындарының арасында алғашқылардың бірі болып зиялы қауымзға Батыс Еуропа бейнелеу өнері тарихындағы атақты суретшілер Рембрант ван Рейн (1981), Винсент Ван Гог (1982), Гойя сынды үздіктерді таныстырған өнердің  жанашыр насихатшы-зерттеушісі. Сейсен ақынның тағы бір ерлігі – ол бүкіл кеңестік кеңістікте Максим Горькийден кейін «Мың бір түнге» алғысөз жазған екінші, ал қазақтан бірінші кісі. 1993 жылы «Жалын» баспасында Қалмақан Әбдіқадыров аударған «Мың бір түннің» төрт томдығы С.Мұқтарұлының алғысөзімен жаңадан  басылып шыққаны ерекше құбылыс болғанын біріміз білсек, басқамыз білмейміз де.
Жоғарыда аталған танымдық мақала¬лары, көркем туындылары мен зерттеу еңбектері бүгінгі күннің жас ізденушілері үшін таптырмас ғылыми-зерттеу объектісі болуға тұратын ерекше дүниелер. Әрине, олар¬ды дүниеге келтіру автордан ерекше қажыр-қабілет көрсетіп, жан күйзелтер, талай мәрте қайталап тер төккізер қиналыс¬тарымен қабат жүретін ерен еңбек етуін талап етіп отырды. Ұлылардың өмірімен етене танысу барысында ол ұлттық болмыс пен сана деңгейіне көтерілді, мүлдем әлемдік сана салтанатын сезіну бақытына да ие болған сыңайлы. Осындай сәттерінде оның қаламынан «Қорқыт Ата дастаны» ғарыштан құйылған ақпарат нөпірі іспет¬тес 18 күнде жазылып біткенін өзі қинала мойындайтын. Бұл шығарманың да көр¬кемдігі мен пәлсафасын зерттеу бүгінгі күннің үлесінде. Осы дастаннан кейінгі уақыттарында Сейсен Тәңірлік таным бастауларын өз бетінше зерделеуге ден қойып, біршама құнды нәтижелер алды. 
Өз басының қамын еш ойламастан өткен, ұлттық болмыс пен тарихымыздың, бірегей өнеріміздің терезесін басқалардыкінен қайт¬сем биіктетем деп бар өмірін сарп еткен абзал жүректі ақынның, өнер зерттеушісінің алдында патшалық Ресей мен кеңестік өкімет құпияларының адам баласы аша алмас мөрі басылған мұрағаттарынан халқымызға қа¬тысты мыңдаған тарихи деректерді алып зерделеудің зіл батпан жауапкершілігі күтіп тұрды. Сейсен әр жолы да абырой биігінен көріне білді, нәтижесінде оқырман қауымға 1985 жылы «Шоқан және өнер» еңбегі, 1997 жылы «Кәмпескенің» көлемді бірінші томы ұсынылды. Шоқан туралы кітапты өте қысқа мерзімде даяр ету жөнінде мемлекеттік тапсырыс алған Сейсен Ресейдің 7-8 архи¬він ақтарған-ды. Сонда қазақтың біртуар ұлы, Самарқанның 30 жыл бойына әмірі болған Жалаңтөс баһадүр жөнінде архивтік деректердің жиі кездескенін айтқан болатын. Міне, бұл мәселе де өзінің толық зерттелуін әлі күнге күтуде.
Көне Грекия заманының ғұламасы Пифагордың «Болмыстың кілті – сан» (все есть число) деген бір ауыз сөзге сыйғызған ақиқатын осы кезге дейін біріміз қабыл алсақ, басқаларымыз күлкіге айналдырып жүрдік. Ал Сейсен болса, «7 саны – Ғарыштың кілті» және «бұл ақиқат маған Қорқыт Ата дастанын жазу үстінде аян боп түсіп еді» деп айтып жүрді.
Өзінің «Күн желкен» (1990 ж) кітабында Қорқыт Атаның дүниеге келуін ғана суреттеп үлгерген Сейсен ақын, ендігі жерде осы дастанын аяқтамақ оймен және Ұлы бабаның тарихи тұлғасын ресми түрде өзінің ғылыми ізденістеріне тақырып етіп зерттеулер жүргізу үшін, аңыздарда бабаның туылған қасиетті қара орны саналатын Қараспан тауының іргесіндегі шежірелі Түркістан қаласына келіп орын тепті. Мұнда Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің «тарих және этнофилология ҒЗ орталығында» жетекші ғылыми қызметкер болып, академик Рахманқұл Бердібаевпен, профессорлар Мекемтас Мырзахметов және Шәкір Ибраевпен бірлесе Қорқыттану саласында құнды зерттеулер жүргізді. Сейсен 1998 жылы «Қорқыт Ата» (Қорқыттануға баспал¬дақ) атты кітабын ғылыми қауымға ұсынды. 
Алланың бір балама аты Ғылым болса керек және оның бар екендігіне пендесі ақыл-парасаты арқылы жеткені абзал көрінеді. Міне, осындай адамзат баласына лайықты жоғары парасат деңгейіне Сейсен өмірінің соңғы жылдарында шыққан секілді. Мыңдаған жылдар бойына қазіргі Қазақстан жерінде, одан да кең туған өлке төрінде өмір сүрген, тіршілік еткен, кейінгі ұрпақтарына осыншама ұланғайыр тер¬ритория мен өшпес рухани мұра қал¬дырған ата-бабаларымыздың қасиет-қаді¬рін, ерекше болмысын, діни таным эволюциясын барынша толығымен өзінің ақыл-парасатымен тани бастаған, толысқан шағында Сейсен досымыз, өкінішке орай, бұл фәниден мезгілсіз көшіп, 1999 жылы бақилық боп кете барды.
«Сейсен Мұқтарұлының дарындылығын университетке түскен сәттен байқағам. Оқуға түскенде шығарманы өлеңмен жазған» деп естелік айтқан Алма Қыраубаева да, ол шығарманың тыныс белгілерін қойып беріп Сейсенді құтқарған Үміт Тоқмағамбетова да, артында қалған мұрасына шынайы жанашырлық етіп шырылдайтын інісі Ораз¬бек Мақсұтов та өмірден озып кетті.
Сейсен Мұқтарұлының баспагерлік еңбегі кезінде Қазақ КСР мен КСРО мемкомбаспасының грамотасымен, Құрмет грамотасымен марапатталды. «Шоқан және өнер» ғылыми еңбегі жоғары бағаланып, 1986 жылы творчестволық одақтар мен ғылыми ұйымдар атынан Қазақ КСР-ның Мемлекеттік сыйлығын алуға ұсынылды. Артында өмірінің жалғасындай ұл мен екі қызы қалды. Үлкен қызы Мұқтарова Ғайни Сейсенқызы философия ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін мәдениеттің  теориясы мен тарихы бойынша қорғаған. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ҰӨУ-де доцент болып қызмет атқаруда, бірнеше рет авторлық көрмелерін өткізген қылқалам шебері.
Сөз соңында айтарымыз Қазақстанның үш бірдей творчестволық одағына (жазушылар, журналистер, суретшілер) мүше болған талантты да ізденімпаз ақын, өнер зерттеушісі Сейсен Мұқтарұлының атын қастерлеп, ізденуші  жастарымызға үлгі болуы үшін, оның туған ауылы Кейдендегі орта мектепке есімін берсе деген ұсынысты достары атынан қайталап жеткізгіміз келеді.
Қалқазбек ӘЖІБЕКОВ,
Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері,
Арыстанбек ҚОНЫСҰЛЫ,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ профессоры.
ТАҒЫЛЫМ 08 желтоксан 2016 г. 833 0