Абай рухын Берлинде асқақтатқан

1083

2

Ел мен жердің, халықтың байлығы да, атақ-даңқы да ел қадірлейтін парасатты аза­маттарымен өлшенетіні ақи­қат. Сондай азаматтың бірі – Байтұрған Байкен­жеев. Ол 1911 жылы Сырдария ауданы, Жаңатұрмыс елді мекенінде (қазіргі Ж.Махамбетов ауылы) туған. 1939 жылы Қызылорда қаласындағы педагогикалық училищені бітіріп, Жаңатұрмыс колхозында бастауыш сыныпқа сабақ берген. 1941 жылы бір отбасынан ағасы Тоқбай екеуі бірге Кеңес әскері қатарына алынған.

1944 жылы Гер­ма­нияның жеңілетіні белгілі болғаннан кейін, ендігі жерде соғыс қимылдарын Кеңес Одағы бақылауға алды. Осы жылы Кеңес үкіметі «Берлин» операция­сын бастайды. Бұл опера­цияның мақсаты – неміс фашистерінен Еуропа мем­лекеттерін азат ету. Со­ғыстың шешуші Жеңіс нүк­тесін қойған операцияға қатысқан қазақстандықтар қатарында Байтұрған Байкенжеев те бар еді. Жаумен шайқаста ер­лік көрсетіп, жеңіс күнін жа­қын­датуға өз үлесін қосқаны үшін бірнеше медальдармен, «Қы­зыл жұл­дыз» орденімен марапатталды.

Майдангер туралы «Қы­зыл армия» газетінің 1945 жылдың 14 тамыздағы са­нында жарық көрген мына бір дерек ерекше назарымызды аударды. Сол жылы Берлинде, Шпрее өзенінің жағасында Абайдың 100 жылдығына арналған жиын ­өтіпті. Оны ұйымдастырған қос орденді аға сержант  Молдабай  Омаров пен старшина Байкен­жеев екен. Бірнеше бөлімшенің жа­уынгерлері жиналған жиын­да старшина Байкенжеев ақын Абайдың өмірі, қазақ әдебиетіндегі орны туралы түсінік беріп, бірнеше өлеңін оқыған. Газетте май­дангердің сөйлеген сөзі былай деп келтірілген екен:

«– Абай қазақ елінің дәл бүгінгідей ерікті, мәдениетті, бақытты ел болуын көкседі, – деді Байкенжеев. – Абай қазақтың барша ұл-қызының еркі, бостандығы үшін, ой-санасын жетілдіру үшін күресті. Оларды халқын сүюге, адам баласының игілігі үшін қызмет етуге шақырды. Адам­гер­ші­лік­ке баулыды. Абай – қазақ халқының ұлы классик ақыны, үлкен ойшылы, зор әлеуметтік қайраткері.

– Абай, – деді ол, – қа­зақтың жазба әдебиетінің ойшығы, қазақтың өлең-жырының үл­гісі, жаңа арнасы. Абай ар­қылы қазақ халқына батыс әде­биетінің есігі ашылды. Абай өлеңнің жаңа үлгісін көрсетіп қана қоймай, басқа тілден ау­дарудың да үлгісін көр­сетті.

Байкенжеев жолдас Абай­­­­дың шығармалары май­­­­данда жүрген қазақ жа­уын­­­­гер­ле­рінің аузынан түс­­пейтін жыры еке­нін, кей­бір қазақ жауынгерлер қыздарға хат жазғанда Абай­дың «Айттым сәлем, Қаламқас» деген өлеңін көшіріп жазатынын айтты…»

Жиында ақынның бір­неше өлеңі домбырамен шыр­қалып, өмірі туралы әңгімелер ай­тылған. Берлинде Абай рухын асқақтатқан осындай батыр аталарымыздың өмір жолы өскелең ұрпақты ұлт­жан­дылыққа, Отанды сүюге тәр­бие­леуге өнеге болары сөзсіз.

Старшина ­Байкенжеев 1945 жылы елге оралып, Жаңа­тұр­мыста ұстаздық қыз­мет атқарды. Өкінішке қарай, 1943 жылы Тоқбай ағасынан «қара қағаз» келген. Артында жары төрт қызымен қалған. Әйелі өте қажырлы кісі болатын. Ер азаматтың жоқтығын білдірмей, ел ішінде канал қазып, бір кісідей еңбек етіп балаларын жеткізді. Байтұрған соғыстан оралған соң отбасын құрып, екі отбасына бірдей қамқорлық жасады. Қандай қиыншылық болса да алдыңғы шептен көріне білді. Өмірде тек тазалықты, әділдікті ту еткен ол 1958 жылы өмірден өткен.

Байтұрған Байкенжеевтен төрт ұл, бес қыз тарайды. Балаларының барлығы жо­ғары оқу орнын бітіріп, әр салада қызмет жасады. Үл­кен ұлы Болат жауапты қыз­мет атқарса, екінші ұлы Бодық қарашаңырақта қалып, ауыл­дағы үлгілі аза­маттың бірі болған. Кейінгі ұлы Бодан жол бойының үздік маманы, Кенжебай жеке кәсіппен айналысуда. Қыздары да отбасы құрып, әр салада қызмет атқарды. Бүгінде Байтұрғаннан 30 немере тарап, олардың алды отбасын құрып, шөбере-шөпшектері өсіп жатыр.

Биболат СӘТЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<