АДАЛДЫҚТАН АЙНЫМАҒАН АРДАГЕР

75

1

Жапан түзде көкке қасқая біткен алып дарақ бар. Оған
шыжыған аптап, дүлей дауыл әсте қорқынышты емес. Қандай сынақтарға да төтеп
беріп, орны мызғымайды. Алыс сапардан титықтаған жолаушы тамырын тереңнен
тартқан бәйтеректен сая табады. Өмір аталатын керуенде осынау бәйтеректей
жандардың кездесетіні неткен ғанибет. Ондай адамдар тағдыр тезіне ешқашан
мойымай, шарболаттай ширыға түседі. Бүгінгі кейіпкеріміз Қазалы ауданының
құрметті азаматы, облыстық дәрежедегі дербес зейнеткер Құлмырза Тілеуов туралы
осылайша толғануға толық негіз бар.

Оның өмірдерегін шолып өтсеңіз, шытырман оқиғалы әдеби
шығарма оқығандай күй кешесіз. Кітап демекші, Құлмырза Тілеуұлының қаламгер
қауымына да жаттығы жоқ. Құлекеңнің ұшқыр ойынан өрілген Сырдың белгілі
азаматы, ғалым досы Мұстафа Матаевпен бірлесіп жазған «Достарым менің,
достарым» туындысына қоса «Өмірім-тағдырым», «Көргенім, білгенім, түйгенім»
атты кітаптарын оқырмандар жақсы бағалады.

Әдетте, «Өткен күнде белгі жоқты» жиі қайталаймыз. Неге
болмасын? Сонымен, Құлмырза атамыздың өмір жолынан үзінді келтірсек. Қазекеңнің
«Болатын баланың бетін қақпа, белін бу» деген нақылы көпке мәлім. Бұл балдай
тәтті балалық шақта сотқарлау өсіп, соңынан халық мойындаған тұлғаға айналған
кешегі «атамандарға» байланысты айтылғаны хақ.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі жылдар еді. Шыжыған шілде
күні. Вокзал ғимаратының алды. Қатарларына қарағанда әлеуетті
Құлмырза бірнеше досымен құқық қорғау орындарының қармағына ілінді. Бұларды
қызыл жағалылар тәулік бойы қамақта ұстады. Ертеңіне «кінәлі» деп тауып,
Қарағандыдағы ПЗО-ға балаларды алып бара жатқан составқа тиеп жіберсін.
Бір-біріне жалғасып тұрған вагондардың іші өздеріндей өрендерге толы екен.
Алуан ұлттың өкілдерін жолықтырасыз. Қаракөз қандастарымыз да баршылық. Эшелон
Қарағандыға тура бір апта жүрді. Оларды моншаға түсіріп, ПЗО-ның арнайы киімін
үлестірді де шахталарға бөлді. Сөйтіп, Құлмырзаның шахтадағы ауыр күндері
басталды. Құдды тозақ дерсің. Тамақ аштан өлмейтіндей қылып беріледі.
Көпшілігіне шалақұрсақ жүресің. Соның салдарынан асханада төбелес жиі болады.
Мықтылар әлсіздің асын тартып ішеді. Мұнда күштілер ғана үстемдік құрады.
Алайда Сырдың қайсар ұландары намысын таптатсын ба? Озбырларға топтасып қарсы
тұрды. Небір жанжалдарды бастан кешірді. Көп ұзамай бұлар ебін тауып шахтадан
қашып шықты. Жол-жөнекей көрген бейнет, тартқан азаптың шегі болмады. Көмір
тиеген жүк пойызына жасырынып елге беттеген бозбалалар вагонның төбесінде
отыруға дағдыланды. Бірде қорқынышты оқиғаны бастан кешірді. Келесі вагонның
үстіндегі екі баланың қасына ересек жігіттің жақындағанын жанарлары шалған еді.
Бейтаныс жан балалардың бірін бар пәрменімен теуіп кеп жіберсін. О, сұмдық.
Байғұс бала жүйткіп келе жатқан пойыздың үстінен жанұшыра бақырып, домалап
түсті. Пәрше-пәршесі шықты. Келесі сәтте бұлардың қасына жетіп келген жігіт
әй-шәйға қарамай Мұхтарды құлаштап салып өтті. Шалт қимылдаған досы қарсы соққы
бергенде бұзақы шыңғырған бойы составтың астына түсті. Екіге бөлінген дене
көпке дейін түстеріне кіріп жүрді. Ақыры ауылға жетті. Көрген қиындық естерінде
мәңгі сақталып қалды. Балалық шақтағы қателіктен қорытынды жасауға тырысты.
Сауатсыз адамның күні қараңғы екенін ұқты.
Қалайда білім алуды ұйғарды.

Табиғатынан
намысқой Құлмырзаға тұрғыластарынан кейін қалу өліммен тең еді. Сол жігері алға
сүйреді. Талмай ізденіп, Алматыдағы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтты
бітірді. Еңбек жолын Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында бас зоотехник болудан
бастады. Небәрі 27 жасында ірі кеңшарға директор болып тағайындалды. Мұнан
кейінгі қызмет сатылары жалғаса берді. Қазалы, Тереңөзек аудандарында
ауылшаруашылық басқармасы бастығының орынбасары, Мұстафа Шоқай, Жаңақұрылыс
кеңшарында директор лауазымын атқарды. Қандай қызметте жүрсе де, өзіне
көрсетілген сенімді ақтай білді. Еліміздің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген
қайраткер атанды. Ширек ғасыр аудандық, екі мәрте облыстық кеңеске депутат
болды. «Құрмет белгісі», «Октябрь революциясы» ордендері, көптеген медальдармен
марапатталды.

Тағдыр
оған Нұрбике сынды адал жар сыйлады. Екеуі жарты ғасырдан астам бір шаңы­рақтың
астында ғұмыр кешті. «Үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырамай тұрмайды» деген ұғым
бұларға жат еді. Осынау мерзімде ренжіскен кездері болған емес. Бауырынан
өрбіген ұл-қыздарынан екеуі 37 немере сүйді. Құлекең мен анамызды тек ажал ғана
айырды. Бұл күні сексеннің сеңгіріндегі Құлмырза ақсақал отбасы, елі-жұрты,
қала берді күллі адамзаттың бейбіт өмір сүруін шын ниетімен тілейді.

Біз
болсақ, көкеміз жайлы әңгімемізді Мұратбаев ауылдық округінің әкімі Берік
Бисембаевтың «Тәкеңнің ғибратты ғұмыры кейінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге» деген
лебізімен қорытындылауды жөн санадық.

Жұмабек
ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

Пікірлер:
  • Сыр еліне жұмыс сапарымен жол жүргенде Құлмырза Тілеуұлымен танысуға бұйырды. Алғашқы сөздерінен зиялылығы, терең ойы, ұшқыр әрі айқын санасы көзге түсіп, өмірлік әңгімелері көңілімізді баурап алды. «Сыр елінің тумалары, қазақ елінің ақсақалдары осындай! Көргені көп,түйгені мол, ақылы көл»,- деп ауыз толтырып мақтанып айтатын тұлғалардың бірі деп есептеймін.

Пікір жазыңыз